Қоқыс жапқан даланы көр...

Қоқыс жапқан даланы көр...

Қоқыс жапқан даланы көр...
ашық дереккөзі
Елімізде тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды өңдеу ісі өрге баспай келеді. Неге екені белгісіз, қоқысты кәдеге жарату ісіне қанша назар аударылса да, нәтижесі көңіл көншітер емес. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде қалдықтың тек 7 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Ал қалған бөлігі полигондарға жөнелтіледі. Қысқаша айтқанда, қоқыс өңдеу саласында шешімін таппаған мәселе көп.

4 мыңнан астам қоқыс полигоны бар

Еліміз жасыл экономиканы дамытуды алдына мақсат етіп қойғаны баршаға мәлім. Алайда жұртшылық бұл сала қоқыс өңдеу саласымен тығыз байланысты екеніне назар аудармай отырған тәрізді. Бүгінде елімізде өндірістік қалдықтармен қоса есептегенде, 48 миллиард тоннаға жуық қоқыс бар. Ал тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемі 100 миллион тоннаға тең. Жыл сайын елімізде 5 миллион тоннаға жуық зат тұрмыста пайдаланылып, артынша полигондарға жіберіледі. Кей мамандардың пікірінше, 2050 жылға қарай қалдықтардың саны шамамен 1,5 есе артпақ. Тау-тау болып үйілген қалдықтардың экологияға кері әсер ететіні белгілі. Дәлірек айтқанда, бүлінген заттар топырақтың құнарын кемітіп, улы газдар арқылы ауаны ластайды. Бүгінде Қазақстанда 4 мыңнан астам қоқыс полигоны бар. Оның тек 14 пайызы ғана заңдастырылған. Қалғаны айдалада шашылып жатыр. Қазір кейбір жерлерде билік полигондарды оңтайландыруға кірісті. Яғни, шағын үйінділерді бір-біріне қосып, ірі қоқыс алаңын жасау қолға алынған. Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде 90 мың тоннаға жуық ескі шина қалдығы, 95 000 тонна май қалдығы, 33 000 тоннаға жуық аккумулятор қоқысқа тасталады екен. Осы орайда «ӨКМ Операторы» компаниясының көмегімен 2016 жылы тозығы жеткен шиналарды жинап, қайта өңдеуге 557 миллион теңге, май қалдықтарын жинап, өңдеуге 84 миллион теңге, әрі тозығы жеткен аккумуляторды жинап, қайта өңдеуге 1 миллиард 29 миллион теңге бөлінген. Жалпы, Қазақстанда қоқысты сұрыптайтын 4 кәсіпорын бар. Бұл орындар арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Олар қоқысты өңдемейді, тек сұрыптайды. Қажетті тұрмыстық қалдықтарды кәсіпорындарға жібереді. Мысалы, бізде шыны өңдейтін 3 кәсіпорын бар. Сондай-ақ, қағаз бен картонды өңдейтін 3 орын заңды түрде жұмысын жүргізуде. Алдағы уақытта 4-ші кәсіпорын ашылады. Ал пластиктен жасалған өнімдерді қайта кәдеге жаратып, пайдалану өте күрделі. Бірақ бұл салада 20-30 шағын кәсіпорын өз міндетін атқаруда. Қазір елімізде шикізатты қайта өңдеу бойынша Атырау өңірі көш бастап тұр. Ал ең соңында Қостанай, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары. Бүгінде Алматы қаласында қоқысты сұрыптайтын ірі зауыт бой көтеріп келеді. Өндіріс ошағы тәулігіне қатты тұрмыстық қалдықтардың 1,5 мың тоннасын қабылдамақ. Болашақта кәсіпорын қоқысты қайта өңдеуді де жоспарлап отыр. Қазір республикамызда 6325 елді мекеннің 4525-інде ғана тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыс төгілетін арнаулы бөлінген полигондар бар. Оның тек қана 6,8 пайызы немесе 307-сі ғана заңдастырылған. Қалған күл-қоқыс полигондары «теуіп-теуіп тезегі шықпаған жерге» қалай болса солай қалыптасқан. Ол ол ма, республикамыздағы 6325 елді мекеннің 25 пайызында немесе 1558 елді мекенде ғана тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқысты арнаулы полигондарға таситын кәсіпорындар бар. Ал қалған 75 пайызы немесе 4767 елді мекенде күл-қоқыс үй іргесінде немесе елді мекен маңында шашылып жатыр. Сыртқа шығарылған қоқыстарды өңдеу, оларды жинау мәселесі еліміз үшін өзекті мәселелердің бірі. Қалдықтарды қайта өңдеу мәселесіне баса назар аударылып, түрлі жобалардың қолға алынуы да сондықтан. Шымкент қаласында құны 25 миллион теңгені құрайтын қоқыс тастауға арналған жер асты контейнерлері орнатылған еді. Өкінішке қарай, бүгінгі күні контейнерлердің тиімсіз болып қалғандығы анықталды. Көбінесе тұрғындар контейнерлерге темекінің қалдықтарын тастап, оның өртенуіне себеп болады екен. Бұл елімізде әлі де болса қоқыстарды арнайы контейнерлерге бөліп тастау мәдениетінің қалыптаспағандығын көрсететін тәрізді.

Медициналық қалдықтарды жою қиын ба?

Соңғы кездері тұрмыстық қалдықтар, оның ішінде аса қауіпті медициналық қалдықтардың қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіріп отырғаны жиі айтылады. Шынында да, тәулігіне медициналық мекемелерде қаншама науқасқа ота жасалып, қаншама сырқатқа ем-дом көрсетілетінін ескерсек, күн сайын сыртқа шығарылып жатқан қауіпті қалдықтардың көлемін көз алдыңа әкелуге болады. Әр күні кез келген қала маңындағы аумақтарда қоршаған орта мен адам денсаулығына қауіпті медициналық қалдықтардың төгіліп, өртеліп жатпасына кім кепіл?! Өкінішке қарай, әзір мұндай заңсыз әрекеттің алдын алу мүмкін болмай тұрған секілді. Медициналық қалдықтардың ауыл-аймақтардың маңына төгілуі қоршаған ортаға да, адамзат баласына да аса қауіпті екенін қарапайым халық та жақсы түсінеді. Бірақ медициналық қалдықтарды адамдар тұрып жатқан аймақтарға төгетін мекемелер мұны ескермей жүргені өкінішті. Жалпы, медициналық мекемелерден шығарылатын қауіпті қалдықтарды зарарсыздандыру және жою істерімен арнайы орталықтар айналысады. Ондай компаниялар тендерге қатысып, өзіне бөлінген қаржыны пайдалана отырып, медициналық қалдықтарды утилизациялау жұмыстарын өздері атқаруы тиіс. Қалдықтарды шығаратын медициналық мекеме мен оларды зарарсыздандыратын компания арасындағы келісімшартта осылай көрсетіледі. Ал медициналық мекеме өздерінен шығарылатын қалдықтарды ары қарай, қалай зарарсыздандырылатынын бақылап отыруға міндетті емес. Ал мемлекет бұл іске тендер арқылы миллиондаған теңге қаржы бөледі. Ондағы мақсат – ел тұрғындары қауіпті медициналық қалдықтардың зардабын тартпасын деген тілек. Ал қазынадан бөлінген қомақты қаржыны қалтасына басатын жауаптылар бұл жағын назардан тыс қалдыруда. Медициналық қалдықтарды зарарсыздандыру және жою қомақты қаржыны талап ететін болғандықтан, кейбір медицина мекемелері қалдықтарды бей-берекет лақтырып кететін жағдайлар да жоқ емес. Қауіпті қалдықтарды қаладан алшақ жерге төгіп, өртей салуды төте жол деп тапқандардың жазасы да ауыр болуы тиіс. Олардың жауапсыздығынан қаншама адам зардап шегетіндігін есепке алу керек. Медициналық қалдықтардың басым бөлігі аса қауіпті заттар санатына жатқызылған. Инфекцияланған қалдықтарды қарапайым қоқыс жәшіктеріне тастауға мүлдем тыйым салынған. Алайда мұны ескеріп жатқан жауаптылар аз. 2014 жылы Қазақстанда медициналық қалдықтарды тиімді пайдалану және Өткір органикалық қалдықтар туралы Стокгольм конвенциясы міндеттемелерін орындау жөніндегі ұлттық жоспарды жаңарту жобасы іске қосылған болатын. Бұл жоба медициналық қалдықтар мен сынапты басқару саласындағы кедергілерді жойып, жағдайды бағамдауға, медициналық қалдықтарды қауіпсіз жолмен жоятын ең үздік технологияларды таңдап алуға мүмкіндік беретін бастама ретінде таныстырылған. Бірақ бастаманың нәтижесі шамалы болып тұр.

Дамыған елдерден үлгі алған жөн

Өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды жою мәселесі әрбір мемлекетте әртүрлі жүзеге асады. Мысалы, Италия астанасы – Римде 2003 жылдан бері тұрғын үйдегі текше метрдің көлеміне қоса, ондағы адам санына қарай қоқыс салығы алына бастады. Ал 2006 жылы мұнда қоқыс өңдейтін заманауи зауыт тұрғызылды. Оған алдымен тұрғындардың өзі сұрыптап жинаған, содан кейін зауыт маңындағы кешенде сұрыпталған қалдықтар жеткізіледі. Қоқысты сұрыптап өткізу қазір Еуропа елдерінің бәрінде дерлік мықтап қолға алынған. Еуроодаққа мүше елдер қоқысқа қарамағаны үшін айыппұл салудан көш бастайды. Әсіресе, қоқыстарды өңдеудің жаңа технологиясын жүзеге асыруда сылбырлық танытқандар айыптан арылмайды. Қазақстандық мамандар да еліміздегі қоқыс өңдеу саласының жағдайын оңалту үшін осындай қадамға барудың еш сөкеттігі жоқ екенін айтады. Германияда әрбір аулада төрт контейнер – қоңыр, көк, сары, сұр түстісі тұрады. Біріншіге биологиялық қалдықтар, екіншіге қағаз, ал арнаулы белгісі бар үшіншіге тез өңделетін қалдықтар тасталады. Ең соңғысына алдыңғы үшеуіне де жатпайтын барлық қалдықтар салынады. Осы соңғы сұр контейнерлердегі қалдықтар қоқыстарды өртейтін пештерге отын ретінде пайдаланылады. Жиһаз, ескі көлік, пайдаланылған иіссу құтылары арнаулы орындарда қабылданады. Шыны ыдыстар дүкендерге қайтарылады. Қоқыстарды арнайы контейнерлерге сұрыптап салу Еуропадағы дамыған елдердің көпшілігінде әлдеқашан қалыптасып үлгерген дәстүр. Бірақ біздің елде қоқысты бөліп тастау мәдениеті әлі күнге дейін қалыптаспады. Қазіргі уақытта еліміздің бірқатар аймақтарында шыны тастайтын контейнерлер орнатылған. Мәселен, Қызылжарда 2009 жылы, ал Алматыда 2012 жылы қоқыстың әрбір түріне арналған түрлі-түсті жәшіктер орнатылды. Алайда пилоттық жоба қос өңірде де жүзеге аспай қалды. Ал қоқысты қайта кәдеге жаратудан, сұрыптаудан жетекші орында – франциялықтар. Францияда қоқыс өртейтін кешенді зауыттар салынған. Мәселен, Париж түбіндегі Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқыс өртейді. Қоқыстарды парализ әдісімен өте жоғары температурада күйдіреді, сонда улы заттар жану кезінде толық ыдырап, күл болады, есесіне атмосфераға зиянды газдар бөлінбейді. Франция селекциялық жинау әдісімен қоқысты қайта өңдеу арқылы 30 пайыз алюминий, 50 пайыз әйнек, сонша газет қағазын өңдіреді. Көршілес Қытайда қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес саласына айналған. Аспан асты елінің Бейжің іспетті ірі қалаларында қоқысты түрлі әдіспен сұрыптайды, заманауи технологиялар мен адам күші қатар қолданылады. Қоқыс жинаушыларға төлемақы күнбе-күн төленгендіктен, қолма-қол ақшаға мұқтаж жұмысшылар бұл іске үйір. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді. Жалпы, әлемдегі дамыған мемлекеттердің барлығы қалдықтарды өңдеу мәселесін назардан тыс қалдырмайды. Қарт құрлықтағылар қоқыстан да пайда табудың тың жолдарын іздестіруден және оны қолданудан көш басында. Аталған мәселе біздің елде де тым ушығып тұр. Батыс елдерінің бұл саладағы тәжірибесі соңғы жылдары Қазақстанда да қолданысқа енгізілуде. Бірақ оның нәтижесі біз ойлағандай болмай тұрғаны жанға батады.