14 Ақпан 2018, 13:40 544 0 Ішкі саясат Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Мұхтар Ерман – Мәжіліс комитетінің төрағасы

  Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жаңа төраға сайланды.

«Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақытта Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасының орны бос. Осыған байланысты заңнамаға сәйкес, бос орынға депутат Мұхтар Тілдәбекұлы Ерманның кандидатурасын ұсынамын. Мұхтар Тілдәбекұлын барлықтарыңыз жақсы білесіздер, осы комитеттің мүшесі. Шет тілдерін жақсы меңгерген білімді әрі тәжірибелі депутат. Көптеген маңызды заңдардың қабылдануына зор үлес қосқан», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін аталған комитетке Мәулен Әшімбаев төрағалық еткен болатын. Жақында ол «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қызметіне бекітілгеннен кейін, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы лауазымының орны бос болды. Ерман Мұхтар Тілдәбекұлы1963 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданы «Темір» кеңшарында туған.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (1986) бітірген. Тарихшы, шетел тілінде оқытатын тарих пәнінің оқытушысы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1998), заңгер. Еңбек қызметін 1986 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтының ассистенті, тәлімгері болып бастады. 1993-1999 «Яшар холдинг» компаниясының өңірлік менеджері, Алматы қ. 1999-2005 «Алматыжарнама» МК директоры, Алматы қ. 2005-2006 «Асар» республикалық партиясы» РҚБ Орталық аппараты хатшысының орынбасары, хатшысы, Алматы қ. 2006-2008 «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары, Астана қ. 03.2008-11.2008 «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының хатшысы, Астана қ. 2008-2013 «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары, Астана қ. 2013-2014 «Евразия» бірінші арнасы» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары, Астана қ. 2014-2016 ҚР Парламентінің Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы аппаратының басшысы, Астана қ. 2016 жылдан бастап - алтыншы сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламентінің Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі. «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «10 жыл Астана» медальдарымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар