Ел мен жерге махаббат

Ел мен жерге махаббат

Ел мен жерге махаббат
ашық дереккөзі
Ұлтыңды, мемлекетіңді сүю, туған жерің мен сол жердің адамдарын құрметтеусаналы адамды қашанда ізігілікті іске талпындырып тұрады. «Талпынған жетер мұратқа» дейді халқымыз. Өйткені талпыныстың артында адамдық мінез тұрады. Ұлан байтақ қазақ жерінің әр өлкесі өзінше көрікті, өзінше қызық. Ал ел аузында «Сыр – Алаштың анасы» деп әспеттелетін қасиетті Сыр бойы аймағы ежелден жұмсақ табиғатымен, түрлі кәсіптің қатар дамығанымен ерекшеленеді. Бұл аймақта кезінде мемлекетке астана болған Жанкент, Сауран секілді қалалар бой түзеп, әлем саяхатшыларының назарына іліккен. Қазақстанның басқа өлкелеріне қарағанда ислам мәдениеті де осы аймақта гүлденіп, сол дүниетаным Сыр бойы әдебиеті атты алып әдеби мектептің темірқазығына айналды. Алайда осы бір ерекшелігі өзіне сор боп жабысып, бірнеше ғасыр бойы халқымыздың төбесіне төнген бодандық нәубетінен Сыр өлкесі тудырған әдеби-мәдени жәдігерліктер көбірек азап шекті. Содан болар, еліміз тәуелсіздігін алғанша, Сыр сүлейлері атанған талай ақын-жыраулардың сөзі жалпы халыққа беймәлім болып келді. Белгілі бір өлкенің рухани әлемі шеккен азабының салмағын сол өлкеде туып-өскендер өзгелерден артығырақ біледі. Демек, сонау 1945 жылы Сыр бойында, Тереңөзекте дүние есігін ашып, 1955-1960 жылдарда С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (бүгінгі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) оқып бітіріп, біраз жыл туып-өскен жерінде – әкімшілікте, баспасөз саласында қызмет етіп, соңынан аяулы Алматысына қайтып оралып, ұзақ жылдар бойы халықаралық «Түркістан» газетінде жұмыс істеген кезінде Сыр бойының би-шешендері, батырлары мен ақындары жайында талай-талай зерттеулерін жарыққа шығарған Тынышбек Майлыбайұлы Дайрабай шығармашылық ғұмырын түгелімен Сыр елінің жалпыға беймәлім қырларын ашуға арнауы – заңды құбылыс. Деректану мен тұлғатану – тарих ғылымының маңызды салалары. Ол жауырды жаба тоқуға көнбейді, қиялға ерік бере беруге қарсы, дерексіз сөзді мойындамайды. Сондықтан қандай бір тұлға туралы құжаттарға сүйеніп жазылмаса немесе қайсыбір деректің мән-маңызы дұрыс сарапталмаса – ниеті қанша ізгі болса да, онымен айналысқан адамға абырой әпермейтін қыңыр күш. Сол үшін оған баруға өзіңе деген сенім мен мұрағатта айлар бойы шаң жұтқызып, іздегеніңді тапқанша шыдамыңды сарқатын бейнетке деген көнбістік керек. Сондай төзім арқасында Тынышбек Дайрабайдың қаламынан туған «Т.Жүргенов туралы», «Түркістан альбомы», «Сырдың сырлы сыры», «Сыр перзенттері», «Жеті тараудағы – жеті анық», «Билер сөзі – киелі», «Сырым менің, сырласым» секілді кітаптары, сол секілді ол құрастырған ақын-жыраулардың ондаған жинақтары, 200 томдық «Сырдария кітапханасы» сериясымен шыққан бірталай Сыр бойы шайырларының туындылары – өнімді де өнегелі шығармашылық ғұмырбаянының қаншалықты бай екенінен хабар берсе керек. Әрине, кітаптың да кітабы бар. Белгілі этнограф-қаламгердің кітаптарына енген материалдардың басым көпшілігі жай ғана деректанушылық қасиетімен ерекшеленбейді, керісінше тарихи оқиғалар мен тарихи адамдарға қатысты жайттар жан-жақты сараланып, мән-маңызы ашылады. Мысалы, Т.Дайрабайдың «Сырым менің, сырласым» (Алматы, 2016 жыл) атты соңғы кітабына енген материалдардың ішінде ерекше туындылар аз емес: «Тұрсынбай датқа туралы сөз» атты мақаласында бір мезгілде орыстан заряд-хорунжи, Қоқан хандығынан датқа атағын алып, сол арқылы қарамағындағы елін екі жақты қысымнан қорғау жолында тер төккен Бүркітбаев Тұрсынбай бидің өмірі мен істеген істері мұрағат құжаттарының негізінде баяндалып, ұрпақтары туралы да мол мәлімет беріледі. Сол сияқты «Ханымның хан ордасына қайта оралуы» деген еңбегінде қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының бәйбішесі Күнімжан ханымның орыстар қолына қапияда тұтқынға түскені, оны босатып алу жолында ханның жасаған әрекеттері деректерге сүйене отырып, дәйекті берілген. Мақалада Күнімжан ханымды қосқанда, орыс әскерлерінің 9 әйел, 8 қызды тұтқындағаны айтылып, олардың әрбірі туралы толық мәліметтер келтірілген. Сондай-ақ, мұнда Кенесары ханның әйелі мен бірнеше адамды тұтқындаған орыстар жағының бұл жағдайды пайдаланып, ханды өздеріне тиімді келісімге келуге ынталандырғысы келгені де мұрағаттық құжаттардағы жазбалармен дәлелденген. Кітаптағы «Өзі уығын көтеріскен үкіметтің қиянатын көрген» мақаласында 1937 жылы 33 жасында репрессия құрығына ілінген қоғам және мемлекет қайраткері Ілияс Қабыловтың қиын кезеңдегі азаматтық бейнесі, сол тұстағы қазақ зиялыларымен қарым-қатынасы жайында қызықты жайттарды жеткізеді. «Ақ патшаның сарайында болған ақсақалдар» мақаласында автор сол тұста орыс империясын басқарған ІІ Александр патшаның қабылдауында кімдердің болғанын, олардың не мақсатпен шақырылғанын нақты дереккөздерге сілтеме жасай отырып түсіндірген. «Сыр бойындағы сансыз көтеріліс» атты деректі материалда өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында Кеңес өкіметіне қарсы Сыр бойындағы Қарақұм, Ақмырза ишан және «Асан» көтерілісі жайында ұлттық күрескерлік қасиетімізді танытатын тарих баяндалады. Аталған көтерілістердің қалай өрбігені, оларды қандай тұлғалардың басқарғаны, көтерілістің басталуы мен аяқталуы тұсындағы оқиғалар нақты деректермен ашып көрсетілген. Кітапта халқымызға белгілі өнер адамдарының тағдыры туралы да тосын әсерге толы мақалалар жетерлік. Мысалы, Т.Дайрабай «Коммунистерден қашқан жыршы» және «Малға жарлы болса да, айтар сөзге, тілге бай» деген жазбаларында кезінде қолдан жасалды делінетін Мәйімбет ақын және атақты Тәңірберген Молдабай атты әнші-композитор туралы бұрын айтылмай келген шындықтарды алдымызға жайып салады. Әсіресе, Мәйімбет ақынның өмірде болғаны жайындағы, ақындығы туралы пайымдары қызықты оқылады. Өйткені осы кезге дейін қазақ әдебиетінің белгілі тұлғаларының Мәйімбеттің өмірде болғанын жоққа шығарған пікірлерін ешкім терістей алмаған еді. Соған батыл түрде қарсы шығып, сенімді дерек пен дәйектер келтіре отырып, аталған жыршының өмірде болғанын, өлеңдер шығарғанын дәлелдеген Тынышбек Дайрабайдың сөзі дәлелді, ойы қисынды болуы – зерттеушінің ізденгіштігін танытады. Жалпы Т.Дайрабайдың зерттеушілік қабілеті мен жазғандарының маңызы мен мәні туралы әңгіме бүгін ғана қозғалып отырған жоқ. Бізден бұрын да талай жазылды. Әлі де жазыла берері хақ. Өйткені ол кісі бір кітапты жарыққа шығара сала, тағы бірін жоспарлап үлгеріп, қайтадан іске кірісіп кетеді. Ал ол кісіні жетпістен асқан шағында да ұлт тарихы үшін өте маңызды деректану ісіне талпындырып тұратын құдірет – ел мен жерге деген махаббат. Ізгі сезім әрдайым жүрекке сарқылмас шабыт, таусылмас қуат беретіні хақ.  Сара ЛӘТИЕВА, журналист-жазушы, Қазақстан Журналистер  одағы сыйлығының лауреаты: – Біз 1965 жылы ҚазҰУ-дің (қазіргі Қазақ ұлттық университетінің) журналистика факультетіне оқуға түстік. Курсымызда мектеп партасынан кеше ғана шыққаны бар, жұмыс істеп келгені бар, әскерден оралғаны бар – бір топ жастар арасынан сол жылы әскерден оралған, белсенділігімен ерекше көзге түскен бір жігіт топтың старостасы болып сайланды. Ол Тынышбек Дайрабай болатын. Жас та болса өмір көрген Тәкең өзі басқарған топтағы бүкіл жағдайды барлап, бақылап отыратын. Кімдер стипендия алып жатыр, кімдер алмай жатыр, кімнің мінез-құлқы оқытушыларға ұнамай, келіспеушілік болды – солардың бәрін қадағалап, қысылғанға қол ұшын беріп, қамқорлық танытып жүретін-ді. Болар бала белгілі ғой, Тынышбек досымыздың тарихи әділетке деген жанашырлығы, ұлт тарихының ақтаңдақтарына алаңдаушылығы сол университетте оқып жүрген кезінде-ақ байқалатын. Мәселен, 1969 жылы университетті бітіретін кезінде Тынышбек қазақ өнерінің дамуына мол үлес қосып, кейін отызыншы жылдардың қанды қақпанына түскен халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Темірбек Жүргеновті диплом жұмысының зерттеу нысаны етіп алды. Ол кезде Т.Жүргенов саяси жағынан ақталғанымен жұрт әлі ол туралы емін-еркін әңгіме айтудан үркектейтін. Ал Т.Дайрабай болса сол кездің өзінде мұрағаттарда отырып көптеген деректерді оқып, қорытып жүреді екен. Сол сияқты тұлғалар жайында айтылатын ел арасындағы әңгімелерді де хатқа түсіріп жүрген көрінеді. Демек, оның тұлғатанудағы көптеген еңбектерінің іргетасы сол кезде-ақ қаланғанын кейінірек білдік десек, артық болмас. Әлгі дипломдық жұмысы басқаларымыздан ерекше, қызықты болды. Жұмысын жақсы қорғап, оқуды бітіргесін еліне кетті. Әрине, Тынышбектің ғылым академиясына орналасып, тарихи зерттеулермен айналысуына мүмкіндігі болды, бірақ отбасылық жағдайлармен болса керек, кіндік қаны тамған Сыр еліне барып, біраз жыл мемлекеттік қызметте болды. Сонымен бірге ел арасындағы шежіре ақсақалдардың әңгімесіне үнемі құлағы түрік жүретін ол көптеген тұлғалар, оқиғалар туралы мол мәліметтер жинады. Оларын кейінірек Алматыға көшіп келіп, халықаралық «Түркістан» газетінде еңбек еткенде кәдеге жаратып, өзі істейтін газет бетінде Сыр бойы өлкесіне қатысты көптеген құнды деректерді, қызықты мәліметтерді жариялады. Сол елде өткен сөз бастаған би-шешендер, қол бастаған батырлар туралы көп жазды. Оны әлі күнге жалғастырып келеді. Бұның бәрі, кейбіреулер ойлайтындай – сенсация қуу емес, елін-жерін сүйген қаламгердің азаматтық парызын өтеуі ғана. Тынышбектің танымдық кейбір мақалаларын оқығанда риза боламын. Мысалы, оның «Түркістан» газетінде жарияланған қазақ даласында мөрдің пайда болуы туралы мақаласы мен үшін таң қаларлық дүние болды. Қарап отырсақ, мөрдің де өзіндік тарихы, мән-маңызы бар екен. Қазақта ғылым-білім дамымай жатқан кезде, адамдар қол қоюды білмей, құжатқа саусағын сияға малып басатын «сауатсыз» кезеңде кейбір тұлғалар мөр жасатып, сол арқылы құжатта айтылғанды растауы – шынында да саяси дамуымыздың бір белгісі еді. Соны Тынышбайдың жазғанынан танып-біліп отырмыз. Бұны өз басым зерттеушінің зерделілігін көрсететін дәйек дер едім. Бір қызығы, Т.Дайрабай әлі күнге мұрағаттан қол үзген емес, ылғи да тұлғаларға қатысты қызықты бір деректер тауып, сол жайында мақала жазып, кітап қылып бастырып жүреді. Сөзімнің басында айтып өткенімдей, Тынышбек досымыз студенттік шақта ғана емес, өмірде де бізге «староста» болған кезі көп. Елінде кеңес-партия қызметінде жүрген кезінде жұмыс бабымен ара-тұра Алматыға келгенінде осындағы курстастардың басын бір жерге қосып, думандатып кететін. «Сендер немене, қалада тұрамыз деп қазақшылықты ұмытып кеткенсіңдер ме?» деп қалжыңдап қоятын. Кейін ойланып қарасақ, онысының да жаны бар екен. Тынышбек Алматыға қоныс аударғаннан кейін де «старосталығын» ұмытқан жоқ. Әлі күнге дейін бірге оқыған достардың үйінде болып жататын той-мерекелерге баруға басымызды қосатын өзі. Осы бір мойнына алған «артықша міндетіне» өзі де риза сияқты. Қабақ шытқанын көрген емеспін. Оның бәрі ата-анасының бойына сіңірген тәрбиесінен болса керек. Нағыз азамат туған жерінен, өскен ортасынан қол үзбейді. Ол – азаматтың ел ішіндегі беделін өсіретін ізгі қасиет. Бұны айтқанда, марқұм курстас досымыз, ақын, жазушы Қаржаубай Омарұлына қатысты бір әңгіме есімізге түседі. Қызылордада дүниеге келіп, жастайынан оқу іздеп елден кетіп, өзі туған мекенмен байланысы үзіліңкіреп қалған Қаржаубайды 60-қа толған кезінде Тынышбек Сыр бойына алып барады. Барған жерлерінде кездесулер ұйымдастырып, қаламгерді жерлестеріне таныстырып, оның шығармашылығы жайында әңгіме айтады. Жерлестерінің Тынышбайға деген құрметін көрген Қаржаубай Алматыға оралған соң, досының ел арасындағы беделінің жоғары екенін тамсана әңгімелеген екен. Тынышбай досымыз – өнегелі әке. Зайыбы Айдархан екеуі тәрбиелеп өсірген қыздары әртүрлі салада жемісті еңбек етіп жүр. Өзі әлі де мұрағат ақтарып, халқының кәдесіне жарар деректер іздеп, талмай еңбектенуде. Дос-жаранға сыйлы, отбасына үлгілі, халқына қадірлі Тынышбек Дайрабай – өмірден бақыт тапқан адал азамат дер едім. Тәттігүл ҚАРТАЕВА, әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ профессоры: – Тынышбек Дайрабай еңбектерінің қазіргі қоғамның рухани ахуалына берері көп. Сыр елінің асыл мұрасын зерттеуге негізделген еңбектері оны «тұлғатанушы», «өлкетанушы», «этнограф», «ескерткіштану» ретінде танытты. Тынышбек Дайрабайдың «визитті еңбектерінің» мәні – визуалды тарихты ғылыми танымдық тұрғыда өңдеп, оны халыққа таныта білуінде. Тарихи тұлғалар мен ескерткіштерді фотоқұжаттары арқылы сөйлете алуында. Еліміздің иллюстрацияланған тарихын тануға, тарихты фотоқұжат арқылы нақтылауға мүмкіндік беретін тарихи деректер қатарын визуалды деректер құрайтыны анық. Тарихи кезеңдерде түсірілген кез келген фотосуреттер сол дәуірдің болмысын дәлме-дәл бере алады және ол мәңгілікке сақталады. Визуалдық фотодеректің маңызы – белгілі бір тарихи кезеңдердегі адамдардың тұрмысындағы этномәдени сипаттарды, дәстүрлі ауылды, дәстүрлі шаруашылықты, материалдық құндылықтарды, тарихи оқиғаларды нақты, боямасыз түрде шынайы таңбалай алуында. Бұл орайда Тынышбек ағамыздың ХІХ ғасырдағы қазақ даласының тыныс-тіршілігін, өлке тарихын сол кезеңдегі қалпын дəл көрсететін «Түркістан альбомының» этно­графиялық томын өңдеп, көшірмесін жасап, ғылыми айналымға енгізуі және «Сыр өңірінің ескерткіштері» иллюстрациялық кітабын жарыққа шығарып, шикі кірпіштен салынған, табиғат әсерінен бұзылу қаупіндегі ескерткіштер фотофиксациясын, анықтамалығын жасауы – атап айтуға тұрарлық еңбек. Бүгінде елімізде зор ренессанс тудырып отырған «Рухани жаңғыру», «Қасиетті Қазақстан» бағдарламалары аясында жүзеге асып отырған «Туған жерге туыңды тік» жобасының сұраныстарына Тынышбек Дайрабайдың өлкетануға арналған еңбектері толығымен жауап береді, әрі бұл кісі «өлкетануды» жүзеге асырудың өзіндік механизмін қалыптастырған. Мұрағат құжаттарын жинап, жүйелеп, ғылыми өңдеп, оны оқырман қауымға көпшілік танымдық тілмен жеткізуі арқылы еңбектері сұранысқа ие. Тарихи дәуірлерден келіп жеткен тарихи мәдени, рухани, табиғи мұраларын біртұтас қарастыратын Мемлекетіміздің «Мәңгілік Ел» саяси идеологиялық стратегиясының басым бағыттарына «өлкетанушы» ретінде өз үлесін қосып келеді. «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты», – деген әл-Фараби. Тынышбек ағамыздың тұрақты бақытты ұстап тұратын жайлы мінезі, жайлы отбасы, еңбегін тұрақты оқитын халқы бар!