8 Ақпан 2018, 09:37 596 0 Бизнес Анар ЛЕПЕСОВА

Берері мардымсыз бизнес-тренингтер

Қазір қай әлеуметтік желіге бас сұқсаңыз датренингтерге шақырған жұрт. Біреу бай болудың құпиясын ашам деп еліктірсе, енді бірі сұлу әрі іскер әйел болудың жолын үйретем деп әуре. Үшінші біреу күйеудің көңілін тауып, бақытты отбасын құрудың айла-амалын көрсетем деп көсемсиді. Семинар-тренингтердің трендке айналғаны сондай, от ауызды, орақ тілді тренерлерден «тәлім» алуға асыққандардың арасында өмірден өз орнын іздеген жастар ғана емес, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған аналар да, абыройлы қызметте жүрген, кәсібінің нәсібін көріп отырған азаматтар да бар. Алайда олардың бәрі сол тренингтерден іздегенін таба ма? Әлде «озық ойлылардың» қалтасын қампайтып, өз уақытын текке өлтіріп жүр ме?

Бизнес-тренингтердің бастауы – Батыстан

Жұртты бизнеспен айналысуға шақыратын және оның жолдарын үйрететін бизнес-тренерлер алғаш АҚШ-та пайда болды. Тренингтерде ірі корпорация басшылары жұртпен өз құпияларын бөлісті. Кәсіп бастағанда неден қашық болып, неге жақын болу керек, соның ара-жігін ажыратып берді. Елді аузына қаратқан бизнес-тренерлер абыройға ие болып, көпшіліктің арасында сүйкімі артты. Мұндай тренингтерге барушылардың саны жылдан-жылға арта берді. Кейіннен бұл тенденция әлем елдеріне тарай бастады.

ТМД елдеріндегі бизнес-тренингтер тарихының бастауы Дейл Карнегидің есімімен байланыстырылады. 1990 жылдары алмағайып кезеңде жұрт жаппай қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалған уақытта ТМД елдерінде Дейл Карнегидің кітаптары жаппай сатылды. Кітаптарында бай болу, көшбасшы болу жолдарын жайып салған авторды екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыз жұрт жабыла оқыды. Себебі ол маркетингті мықтап меңгерген еді. Карнегидің кітабын сатып алған адам өзін жуық арада байып кететіндей сезінді. Дегенмен оны оқығанның көбі жұпыны тіршілігінен арыла қойған жоқ. Д.Карнеги де өз кітабының бір бөлімін ешқандай ақыл-кеңесті қажетсінбейтін кәсіпкер досына арнаған. Осының өзі-ақ көп нәрсенің бетін ашып тұрғандай. Кейіннен Дейл мырза ел ішінде манипуляция шебері деп айыпталып, қудалауға ұшырады. Бейресми деректерге сүйенсек, бірде ол өз-өзіне қол салған көрінеді...

2000 жылдары Қазақстан экономикасы дағдарыс кезеңін артта қалдырып, аяқтан тұра бастағанда шетелден бизнес-тренерлер ағыла бастады. Өз семинарына қатысқан атақты кәсіпкерлер, өнер жұлдыздары, спортшылардың есімі арқылы жарнамасын дөңгелеткен олар жұрттың санасына тренингке қатыссаң, өмірің өзгереді деген ойды мықтап сіңірді. «Адам өмірде 3-ақ жағдайда өзгереді: 7 жастан соң, өте қиын жағдайға тап болғанда және семинар, тренингтерге қатысқан соң» деп көсемсінгендер көп болды. Байып кететіндеріне қатты сенгендер өзін «бизнес-тренер» деп айдарлаған шешендердің сабағына қатысу үшін соңғы тиындарын санап беруден тайынбады.

Сұраныс болмаса, ұсыныс болмайды. Сұраныс мол болғасын, қазіргі таңда елімізде бизнес-тренинг ұйымдастырушылар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Жұмыс таппаған жандар немесе жалақысы аз, машақаты көп жұмысына көңілі толмайтындар оңай олжаға кенелгісі, мол байлыққа тез батқысы келеді. Іздегенге – сұраған. Алдарынан адам сеніміне кірудің тоқсан тоғыз айласын меңгерген пысықайлардың «1 айда миллион теңге табу жолдары», «40 күнде миллионерлер қатарына қосылыңыз» деген тақырыптағы семинарлары шығады. Кейбірі тегін. Өзі тегін болса, бай болудың құпиясын ашса, неге барып көрмеске деген ой келеді. Алайда көпшілік ойлағандай, бизнес-тренер тегін тренингті қатысушыларға шын көңілмен көмектескісі келгендіктен ұйымдастырмайды. Оның бар көздегені – жарнамасын айқайлату, көп адам жинау. Айталық, семинарға 100 адам қатысса, кем дегенде 10 пайызы әлгі бизнес-тренердің алдына қайта келеді. Себебі ол семинар барысында бай болудың барлық құпиясын жайып салмайды, сізге керек «кілтті» өзі өткізетін 1 апталық немесе 3 айлық курсы кезінде ұсынатынын айтады. «Егер менің курсыма қатыссаңыз, сізді 3 айда миллионер қылып шығарамын» дегенді қатысушылардың құлағына құяды. Әрине, оның курсы тегін емес, құны арзан деуге де келмейді. Бір айда 12 рет қатыссаңыз, 100-500 доллар ақшаңызды санап бересіз. Сонда 3 айда 36 рет қатыссаңыз, онда «ұстазыңыздың» қалтасына қанша теңге санап беретініңізді есептей беріңіз.

Мысалы, өткен жылы Брайан Трейси есімді америкалық ділмар Алматыда семинар өткізді. Билетінің ең арзаны 100 мың теңге болса, ең қымбат билеттер 1 миллион 400 мың теңгеден сатылды. Оның жұртты еліктірген семинарларының не ғажабы бар екен деп интернеттен іздеп көрдік. Жарнамасы ғажап демесеңіз, айтып жатқаны пәлендей жаңалық емес. Көбіне бизнесте жетістікке жеткендердің ұлағатты сөздерін тізбектеумен шектеледі. Кәсіп бастаудың, оны ілгерілетудің нақты технологиясын ұсынбайды. Кәсіпті ашу үшін білім жинау керек, ашқан соң оны әрі қарай дөңгелету үшін жарнама жасау керек деген секілді бизнестен хабары жоқтардың өзі де бес саусағындай білетін қарапайым дүниелерді қайталайды.

Өз елімізде де Трейсидің «тонын киген» әріптестері аз емес. Көпшіліктің психологиясын әбден меңгерген әккілер үшін бизнес-тренинг ақша табудың оңай әдісіне айналған. Олар сөзін өтімді етудің сан түрлі әдісін меңгерген. Сондай тренерлердің бірінен «дәріс» тыңдаған жас мұғалім Айнұрдың сөзінен ұққанымыз – осы.

«Бизнес-тренингтің бәрі шоу»

– Бір күні бастығымыз барлық қызметкерлерді жинап, «Бизнес семинарға қатысасыңдар», – деді. Қуанып қалдық. Алайда 5 мың теңгеден жинауымыз керек екенін естігенде әлгіндегі қуаныш су сепкендей басылды. Семинар ақылы екен. Бастық міндеттеген соң бармай қалуға болмайды. Айтылған жерге бардық. Семинарға ұзын-ырғасы 50-ге жуық адам жиналыпты. Қатысушылардың әрқайсысынан 5000 теңгеден (алдыңғы қатардағылар 10 мың теңге) қағып алса, онда мына бизнес-тренер кемі 250 мың теңге табатын болып тұрғаны ғой. Соншалықты не айтады екен деп сыни көзбен зейін қойып тыңдай бастадым. 3 сағатқа созылған семинарда іліп алар ештеңе айтылмады. Естігеніміздің бәрі – бұрыннан құлаққа сіңген дүниелер. Мысалы, әлгі бизнес-тренер былай деп әңгімесін бастады: «Бұрын коммуникация деп телефон, интернет секілді байланыс құралдары көз алдыма елестейтін. Сөйтсем, коммуникация дегенде қарым-қатынас екен. Екі адам бір-бірімен ақпарат алмаса ма, міне, бұл коммуникация! Мен бүгін сіздермен коммуникация орнатқалы тұрмын. Өйткені әрбіріңізде баға жетпес ақпарат кені жатыр. Соны бір-бірімізбен өзара бөліссек…».

Бір жаңалық айтар деп соңына дейін мұқият тыңдадым. 3 сағатта мен білетін, жалпы көпшілік білетін нәрселер айтылды: Бизнес бастау үшін кәсіпкер ештеңеден қорықпау керек. Қиыншылықтарға қарамай алған беттен таймау керек. Тек еңбек ету керек, т.б. Барғаныма өкіндім. Біреудің қалтасын қампайтқан 5 мың теңгеге 1 пайдалы кітап алып оқыр едім. Зая кеткен 3 сағатта үйіліп жатқан қағаздарымды реттеп, ертеңгі күннің сабағына дайындалар едім деп ойладым.

Мені таңдандыра алмағанымен, тренер өзгелердің көңілінен шыққан сияқты. Ауыздарын ашып, аһ ұрып отырғандарды көрдім. Әлгі демагог тренер манипуляция тәсілдерін жақсы меңгерген екен. Жаттанды ақыл-кеңестерін түрлі мысалдар арқылы жеткізіп, аудиториямен тығыз байланыс орнатуға тырысты. Тойдағы тамада іспеттес.

Ең қызығы, coffee break уақытында болды. Өте қымбат киінген, шаштарын жақпамаймен қайырған 30-дар шамасындағы екі жігіт қасымызға келіп, алған әсерлерімен бөлісе бастады. «Қанша тренингке барып жүрмін. Дегенмен, ешқайсысынан дәл бүгінгідей әсер алмаппын. Бұл кісі нағыз гуру екен», – деп өзара сөйлескен болып, әлгі тренерді бізге естіртіп мақтай бастады. Бірден сездім. Бұлар – бизнесмен рөлін сомдап жүрген әртістер. Бұрындары алик, малик, шарик секілді ойындарға клиент тарту үшін біреуді жалдап, оны ұтқызып, небір құйтырқы іс-әрекеттерге барушы еді ғой. Бұл жігіттер бизнес-тренерге деген сенімді ояту үшін, яғни жұртқа «бұл тренерге дәулетті, іскер азаматтар да барады екен ғой» деген ой қалыптастыру үшін жүрген жалдамалы жандар.

Жұртқа берері жоқ семинар өткізген сол бір қызыл сөз шеберінің кесірінен бизнес-тренерлерден мүлдем көңілім қалды. Бәрінікі де шоу. Енді бармаспын тренинг атаулыға, ‒ дейді Айнұр.

 

«Бай болудың кілті – қажырлы еңбекте»

Бизнес-тренингтердің түр-түріне қатысып, «бапкерлердің» неше алуанын көргендердің айтуынша, бизнес-тренерлер 4 топқа бөлінеді: теоретик-тренер, философ-тренер, шоумен-тренер және практик-тренер.

Теоретиктер – жоғары білімді азаматтар. Дегенмен, бизнес саласында ешқандай тәжірибесі жоқ. Олар да көпшілік секілді бизнес-тренингтерге қатысып, сондағы естіген нәрселерін ойларына түйіп, өз семинарына келгендерге қайталап айтып береді. Оларға тек ақпарат таратушы деп қараған жөн. Теоретиктердің айтқанын кітаптан-ақ оқып алуға болады.

Философтар – қарым-қатынасты жоғары деңгейде меңгерген психолог тренер. Олар «неге өзге ұлт өкілдері бай болуы керек? Неге қазақ жастары базарда арба айдауы керек?» деп өздерін ұлтқа, тілі мен діліне жаны ашитын патриот ретінде көрсетіп, көпшіліктің алдында жағымды имидж қалыптастыруға тырысады. Зейін салсаңыз, олар семинарда іліп алар ештеңе айтпауы мүмкін. Дегенмен сіз оған, оның сізге деген жылы ниетіне арбалып, келесі семинарына да қатысқыңыз келіп тұрады.

Шоумендер халықты семинарға түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастыру арқылы шақырады. Әлеуметтік желілерді, теледидар, газет-журналдар, баннерлерді тиімді пайдаланады. Әлемдік брендке айналған дүкендердің бірінен сатып алынған костюм киіп, қымбат көлікке отырып, әлдеқандай бір корпорацияның, компанияның президенті ретінде сұхбат беріп, өздерін жетістікке жеткен, дәулетті адам етіп көрсеткісі келеді.

Практиктер – бизнесте тәжірибесі бар жандар. Олар – табысы мол компанияның президенттері яки басшылары. Дегенмен мұндай практик-тренерлер өте сирек. Тіпті, жоқ деуге болады. Өйткені табысқа жеткен адам өзгелерге өз байлығының құпиясын аша қойсын ба? Олардың бизнес-тренинг өткізуге уақыты да болмауы мүмкін. Ірі кәсіпкерлер ел аралап, әркімді бизнес жолына баулығанша, өз бизнесін одан әрмен дамытқанды жөн көреді.

Белгілі PR-модератор, табысты кәсіпкер Әлішер Елікбаевтың айтуынша, кімнің тренингіне қатыссаңыз да, айналасы бір-екі сағаттың ішінде кәсіпкерліктің қыр-сырын игеремін деу – бос әурешілік. «Өсіп жатқан ел үшін бизнес-тренингтердің көбейгені қалыпты жайт. Бірақ оны ұйымдастырудың да әртүрлі схемалары бар. Мысалы, жай ғана адам келіп, ақшасын төлеп, менің тренингтеріме қатыса алмайды. Ол үшін арнаулы компания қомақты қаражатын төлеп, өзінің қызметкерлерін шақыра алады. Тренингтерге қатысамын деп жүргендерге кеңесім, алдымен сізге дейін сол бизнес сабақтарға қатысқан адамның пікірін біліп алыңыз. Қысқамерзімді тренингтердің мақсаты – оқыту емес. Өйткені қысқа мерзімде оқып-меңгеру мүмкін емес. Оның міндеті – адамға стимул беру, «мен де істей аламын» деген ойға жетелеу. Әрине, қызыл сөзге шебер алаяқтар мұны да өз пайдасына қолданып жүр. Олар үшін бұл тек – табыс көзі. Біздің мақсатымыз басқа. Тренингтен түсетін табысым қажеттіліктерімді толық қамтамасыз ете алатындай көлемді емес. Тек сервис саласында лайықты мамандар қалыптасса деймін», – дейді ол.

                 Бақытты әйел болуға баулитын «бапкерлер»

Бүгінде дәулетті болудың қыр-сырын үйрететін тренингтерден бөлек, қыз-келіншектерге бақытты, баянды отбасы құрудың жолын көрсетіп, жар көңілін аулаудың түрлі тәсілдерін үйрететін, тәуелсіз әйел болуға баулитын бапкерлердің де дәурені жүріп тұр. Олар жүздеген, тіпті мыңдаған қатысушыны қызықтыратын ауқымды семинар өткізу үшін әуелі әлеуметтік желіде оқырман жинап, танымалдығын арттырып алады. Өзі көп балалы ана, сүйікті жар, тату-тәтті отбасының отанасы екенін көрсетіп, одан бөлек он түрлі шаруаны дөңгелетіп жүргеніне жұртты сендіріп, мұның бәріне ерекше ілім-білімнің арқасында қол жеткізгенін айтады. Әйел атаулыны бақытқа бастайтын сол ілімді үйренгісі келетіндерді өзінің семинарына шақырады. Қыз-келіншектердің психологиясын әбден меңгерген мұндай «ұстаздардың» негізгі ордасы – «Инстаграм» желісі. Махаббатта жолы болмай жүрген бикештер, енемен сыйыспай жүрген келіншектер, отбасының берекесін кіргізе алмай жүрген әйелдер қауымы әлгілердің әлеуметтік желідегі жазбаларын қалт жібермей оқып, тренингтерінен қалып кетпеуге тырысады.

Өзін қазақша психологияның білгірі деп таныстырып жүрген сондай блогерлердің бірінің парақшасын ақтарып отырып, оның жазбаларын Құранның сөзінен кем көрмейтіндердің қатары көп екеніне көз жеткіздік. Жазбалардың астында «Сіздің ақыл-кеңестеріңізге құлақ асқалы бері өмірім түбегейлі өзгерді. Семинарыңызға тағы да қатысқым келеді», «Оралға келіңізші», «Семинарыңызды Семейде қашан өткізесіз?» деген сарындағы оқырман пікірлерінен көз тұнады. Отбасы бақытының кілтін тапқысы келетін келіншектердің бәрі әлгі «тәлімгердің» алдына барып, ақыл-кеңестерін тыңдау үшін 20 мың теңгесін қиюға дайын. Тіпті, күнін әрең көріп жүргендер де бала-шағаның аузынан жырымдап, күйеуінен тығып ақша жинаса да, сол семинардан қалмауға нық бекінгенін көрдік. Өзгелердің өмірін өзгертіп жүргеніне күмән келтірмейтін блогер семинарларының құнын қымбат деп есептемейді. Баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде: «Өмірін өзгерткісі келетін адам ақшаға қарамайды. Мен кезінде одан да қымбат семинарларға бардым. Менде талпыныс болды, еңбек еттім. 20 мыңды қымбат дейтін адамдарға айтарым: арзан тамақтың тұзы дәмсіз болады. Қазақ әйелдерінің 90 пайызы әлі ұйықтап жатыр. Көзі ашық, көкірегі ояу адамдар аз. Маған жақында бір адам «Сіз бір отбасын сақтап қалдыңыз» деп жазды. Сөйтсем, соны жазған адамның әйелі менің жазбаларымды ұдайы оқып, өзгере бастаған. Төрт айдың ішінде мүлдем басқа адамға айналыпты. Сол хатты оқып, бір жыл бойы жазып жүрген жазбаларым бекер емес екенін түсіндім. Бәрінің болмаса да, бір адамның өмірін өзгертсем, бұның өзі үлкен жетістік», – деген екен.

Қыз-келіншектерге арналған тренингтерге көпшіліктің көзқарасын білу үшін «Түркістан» газетінің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында сауалнама ұйымдастырдық. Пікірлер екіге жарылды. Қолданушылардың бір тобы тренингтің бәрі аңқау әйелдердің басын айналдырып, ақша табудың айласы десе, екінші топ болдым, толдым демей, үнемі ізденіп, тәжірибелі, білімді адамдарды тыңдаудан жалықпау керек деген пікірде. Мәселен, Гүлфайрус Уәлиахмет есімді желі қолданушысы: «Шетелдің псиxологиялық кітаптарынан, авторларынан бәрімізге белгілі, әлдеқашан оқыған нәрсені айтып жүр қай-қайсысы да. Былайша айтқанда, қазақша «пересказ». Өзгелерден айырмашылығы – пысықтықтарында», – дейді. Ал Гүләйым Қожантайқызы: «Фатиха» мен «Ықыласты» оқып жүріңдер деп кеңес беріпті. Бұрыннан жатталған, ата-бабамның аузынан түспеген сүрелер емес пе? Енеңмен тату бол, күйеуің келгенде қабағыңды ашып, асын дұрыстап бер дегенді әжелеріміз, аналарымыз онсыз да құлаққа құйып өсірді ғой. Мұндай ақылды тыңдау үшін ақша төлеу – ақымақтық», – деп өз ойын білдіріпті. Anarka Must деген атпен тіркелген ендігі бір қолданушының пікірі бұған кереғар. «Адамдар қызық. Біреу тренингке барса, оның ақшасын сіз төлеп беріп жүрсіз бе? Ақылды анасынан алу керек дейсіз, ал егер анасы жоқ болса ше? Жалпы адам толдым, бәрін білемін, ақыл үйретпе деген күні – өлген күні. «Кейбір адамдар 70 жыл ғұмыр кешеді, бірақ 20 жасында өмірі тоқтаған» деген сөз бар. Дәл солай», – дейді ол.

Қанша адам болса – сонша пікір, сонша ұстаным. Өмірді қалай сүреді, ілімді қалай жинайды, ақылды кімнен алады – әркімнің өз таңдауы. Тек жетістікке жетпей тұрып табысты болуды үйреткісі келетін, құрсақ көтермесе де, бала тәрбиесі жайлы айтуға асығатын, тұрмыс құрмай тұрып, бақытты отбасы болудың құпиясымен бөліскісі келетін «ұстаздардың» алдына барып, адаспаса болғаны.

Соңғы жаңалықтар