8 Ақпан 2018, 09:18 782 0 Ішкі саясат Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Халал стандарттарды бекіту ҚМДБ-на жүктелді

 

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында техникалық реттеу жүйесін жетілдіру мәселесі, шағын және орта бизнесті дамыту жайы, сондай-ақ, медициналық ұйымдардағы корпоративтік басқару және менеджментті дамыту шаралары қаралды.

Қазақстанда техникалық реттеу инфра­құрылымының қолданыстағы жүйесі төрт негізгі бағыттан тұрады, бұлар – «техникалық реттеу және стандарттау», «метрология», «аккредиттеу және сәйкестікті бағалау», «мемлекеттік бақылау». Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жүйені жетілдіру екі кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі, яғни 2018 жылы «Стандарттау туралы» жаңа заңды және метрология мен аккредиттеу саласындағы жұмыстарды жандандыру және жетілдіру үшін басқа да заңнамалық түзетулерді енгізу шаралары қабылданады. Екіншісі, 2018-2020 жылдары сәйкестікті бағалау және мемлекеттік бақылау жүйесі жетілдіріледі. Бұл тұрғыда министр шектен тыс бюрократия жайлағанын, салдарынан стандарттау мәселелерінде бизнес көптеген құжаттарды қағаз түрінде ұсынып, стандарттау үдерістеріне қатысудан бас тартатынына екпін түсірді. Осыған байланысты «Стандарттау туралы» заң жобасы әзірленген болатын.

Қазіргі кезде елімізде шамамен 8 мың ұлттық стандарт жұмыс істейді. Олардың 9 мыңдайы – ұйымдардың өздері бекітетін төл стандарттар. Ал қалған 50 үкіметтік емес стандартты ҮЕҰ-дар бекітеді. «Заңның қабылдануы арқасында стандарттарды бастамашылық әзірлеуге жағдайлар жасалады, сондай-ақ, Қазақстан аумағында шетелдік стандарттарды қолдану жеңілдеп, бизнес ахуал жақсартылады», – деді Жеңіс Қасымбек. Мәселен, қазіргі кезде АSTM (машина жасау, мұнай-газ, құрылыс салаларымен байланысты материалдарды сынайтын америкалық стандарт), API (америкалық мұнай институтының стандарты) секілді танымал, озық халықаралық стандарттарды мұнай-газ секторындағы бизнес тек олар Қазақстанда тіркелу рәсімінен өткеннен кейін ғана қолдана алады. Жаңа заң қабылданған соң, бизнес аталған стандарттарды тікелей қолдана беретін болады.

Министр метрология саласында да жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті. «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» заңға өзгерістер енгізу аккредиттеу жүйесін жетілдіруге және аталған сала субъектілерінің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Техникалық реттеу жүйесін жетілдірудің екінші кезеңі сертификаттау сынақтарының нәтижелеріне өзара сенімді төмендету және импорттаушылардың «тауарларды шартты түрде шығару» кедендік рəсімі арқылы сертификаттаудан өтуін болдырмау сияқты түйткілді мəселелерді шешуге бағытталған. Атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми дерегі бойынша, 2017 жылы «шартты түрде шығарылған» барлық өнімдердің тек 77 пайызы соған сәйкестігін растай алған. Сол себепті, бұл Инвестициялар және даму министрлігінен Қаржы министрлігімен бірлескен жүйелі шараларды талап етеді. Бұл жұмыстар басталып та кетіпті. Бірлескен бұйрықтар мен заңдық актілер жобалары дайындалған.

Үкімет жиынынан кейін журналистерге арнап баспасөз конференциясын өткізген Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Ғалымжан Дұғалов Қазақстанда халықаралық тәжірибені ескере отырып, халал стандарттар енгізіліп жатқанын жеткізді. Бірақ бұл ведомство Дін істері министрлігімен ақылдаса келе, халал өнімдердің ұлттық стандарттарын түзуге қатыспауға шешім қабылдапты. Оның орнына елімізде халал стандарттарды бекітумен Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы айналысып жатыр. ҚМДБ жанында халал тауарларды куәландыру бойынша арнайы ұйым құрылған. Ол халал өнімдер мен процестердің бірқатар стандарттарын да бекітіпті. Бұл ретте ислам әлемі таныған малайзиялық тәжірибе негізге алынған. Малайзияның осындай стандарттарды бекітетін «Джаким» департаментімен бірлескен жұмысы белсенді жүргізіліп жатқаны мәлім болды.

Шағын және орта бизнес көлемі артты

Отырыста шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту бойынша қолға алынған шаралар туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жұмыс істеп тұрған бизнес саны 2017 жылдың қорытындысы бойынша 1 миллион 145 мың 994-ті құрады немесе 2016 жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға көбейген. Бұл жерде ШОБ шығаратын өнімдер өндірісі едәуір өсті. Өткен жылдың 9 айында орташа және шағын кәсіпкерлер 14,4 триллион теңгенің өнімін шығарған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 28,5 пайызға көп. Бағдарлама аясында 15 мың жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өз ісін ашуға оқытылған, оның ішінде 3 300 аса стартап қаржыландырылды.

Министрдің айтуынша, жұмыспен қамтудың, инвестициялар тартудың негізгі көзі, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастырудың іргетасы болып табылатын экономиканың аталған секторын дамыту – Ұлттық экономика министрлігі жұмысының негізгі басымдығы. Аталған бағыттағы жұмыс мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бизнес ахуалды жақсарту, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру және қолдау шараларын жетілдіру, салалық кедергілерді жою сияқты үш жүйелік блок бойынша жүзеге асырылады. Бүгінде «Мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бизнес ахуалды жақсарту» бағыты бойынша сәйкес заң жобасы әзірленген, онда 100 заң мен 13 кодекске өзгерісті қамтитын шамамен 1000 түзету бар. Келесі маңызды бағыт – кәсіпкерлік қызметті қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру бойынша қолдаудың басты құралдары «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының кредиттік желілері екені анық. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 2017 жылдың қорытындысы бойынша қолдау шараларымен 192 мыңнан астам кәсіпкер мен кәсіпкерлік бастамасы бар адамдар қамтылған, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Ал сыйақы және кредиттерге кепілдік беру мөлшерлемелерін субсидиялау арқылы қолдау көрсетілген кредит қоржыны 286,6 млрд теңгені құраған. Барлығы 3351 жобаға қолдау көрсетілген. Мұнымен қоса 490 млн теңге сомасына 276 жобаға мемлекеттік грант ұсынылған, 12,1 млрд теңге сомасына 25 жобаға жетіспейтін инфрақұрылым жүргізілген, оқыту бағдарламаларымен және сервистік қызметтермен 74,8 мың жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкер қамтылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысушылар 3,5 трлн теңге сомаға өнім өндірген.

Корпоративтік басқаруға көшеді

Отырыста қаралған үшінші мәселе – медициналық ұйымдардағы корпоративтік басқару және менеджментті дамыту шараларын іске асыру туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 81-қадамын, сондай-ақ Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарда корпоративтік басқаруды және менеджмент принциптерін енгізу жұмысын жүргізуде. 2017 жылы корпоративтік басқару принциптерін енгізу бойынша бақылау кеңестерінің құрылуы мен толық жұмысын ескере отырып, өңірлер рейтингі жасалды. Әзірге жоғары рейтингтің көш басында Астана, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары мен Алматы тұр. Денсаулық сақтау саласында 3 мыңға жуық топ-менеджер қызмет атқарады. Алайда медициналық ұйымдардың 60 пайызының басшысы тек жоғары медициналық білімі бар, арнайы менеджмент саласында жоғары білім алмаған азаматтар екен. Бірінші басшылардың тек 13,5 пайызы әртүрлі мамандық бойынша магистр дәрежесін алған.

 

 

Соңғы жаңалықтар