4 Ақпан 2018, 18:04 403 0 Аймақ Анар ЛЕПЕСОВА

Астанада жаңа туған әр сәбиге бір ағаштан отырғызылады

Елордада 2018 жылдың соңына дейін «Жаңа туған әр нәрестеге бір ағаштан» атты экологиялық акциясы өткізілмек. Астананың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Саналы Азамат» жобасы аясында жүзеге асырылатын шараның қала тынысы үшін септігі мол болары анық. 

2018 жылдың алғашқы күндерінен бастап елорданың денсаулық сақтау нысандарының перзентхана бөлімдері дүние есігін ашқан нәрестелерге ішінде отырғызылған ағаштардың сызбасы мен құттықтау буклеттері бар конверттерді табыстауда.

Астананың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу мен денсаулық сақтау басқармалары бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Жаңа туған әр нәрестеге бір ағаштан» акциясы қоғамды қоршаған ортаны қорғауға, тарихи дәстүрді сақтауға шақыруды, экологиялық білімді іс жүзінде насихаттауды, өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға, салауатты өмір салтына деген сүйіспеншілік сезімін оятуды, қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруды, жастарды ел игілігі үшін игі істер жасауға шақыруды көздейді.

Экологиялық акцияны ұйымдастырушылардың ақпаратына қарағанда, елордада туған нәрестелердің құрметіне отырғызылған көшеттер «Астана қаласының жасыл белдеуінің» аумағында орналасса керек.

«Экологиялық науқанға дайындық 2017 жылы басталды. Оның аясында құттықтау хаттарын, нөмірлері бар ағаштардың орналасу схемаларын әзірлеу, «Астана қаласының жасыл белдеуінің» аумағында 4-5 жыл бұрын отырғызылған биіктігі бір метрге жуық көшеттер бар учаскелерді анықтау сияқты қыруар жұмыс атқарылды.

1 ақпандағы жағдайға сәйкес жасыл белдеудің орындау сызбасы бойынша «Қарқаралы» тас жолы жағынан орналасқан «қарапайым шегіршін» көшеттері бар біріншіден жетіншіге дейінгі ықтырмалар анықталды. Экологиялық акцияға барлығы 35 ықтырма бөлінді», - деп мәлімдеді Астананың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасында.

Айта кетейік, «Жаңа туған әр нәрестеге бір ағаштан» акциясының басынан Астана қаласының №1, №2, №3 Перинаталды орталықтарында дүниеге келген сәбилердің ата-аналарына 1704 құттықтау хаты тапсырылды.

 

Соңғы жаңалықтар