Сараптамасы олқы орталықтар

Сараптамасы олқы орталықтар

Сараптамасы олқы орталықтар
ашық дереккөзі
Астана қаласында ҚР Тұңғыш ПрезидентіЕлбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат алаңында «Why Think Tanks Matter 2018» атты жаһандық форум өтті. Дәл осындай шара бір мезетте әлемнің 100 қаласында ұйымдастырылды. Еліміздегі сараптамалық ұйымдар мен зерттеу институттары мұндай жаһандық форумға алғаш рет қатысып отыр. Аталмыш шара ақыл-ой орталықтарының халықаралық Бағдарламасы мен АҚШ-тағы Пенсильвания университеті жанындағы Азаматтық Қоғам аясында өткізілді. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің жанындағы Экономикалық зерттеулер институты аталған форум шеңберінде Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтымен бірігіп «Қазақстандағы талдамалық орталықтардың рөлі» тақырыбында конференция ұйымдастырған. Конференцияның басты мақсаты – сараптамалық орталықтардың құрылымдық диалог және ынтымақтастық жүргізу алаңын құру. Аталған алаңда олар өзекті мәселелерді шешуде идеялармен, әдістермен және стратегиялармен еркін бөлісуге мүмкіндік алады. Жиынның негізгі бөлігі Қазақстанда сараптамалық орталықтар қызметінің ең өзекті мәселелерін және дамуын қарастыруға арналған панельдік пікірталас болды. Панельдік сессияда «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Ю.Кучинская, Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының өкілдері Р.Изимов және С.Домнин, Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы Жобалық кеңсесінің вице-президенті Т.Балқияев, «Кипр» сараптамалық тобының жетекшісі және «Финтех» қазақстандық қауымдастығының атқарушы директоры Е.Смайлов, Стратегиялық бастамалар орталығының атқарушы директоры Е.Жаркешов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары М.Нұрғалиева, Қазақстандағы McKinsey & Company басқарушы әріптесі Йохен Бербнер, «Қоғамдық мәселелерді талдау орталығы» қоғамдық қорының директоры М. Махмутова сөз сөйледі. Жалпы, кез келген елде, қандай саяси режим, саяси жүйе және саяси мәдениет болмасын сараптамалық-талдау орталықтары бар. Оны батыста «think tanks» деп атайды. Мағынасы қазақшалағанда ақыл-ой орталықтары дегенге келеді. Олар негізінен мемлекеттік құрылымдар үшін түрлі мәселелерге қатысты талдау жасап, сараптама әзірлейді. Біздің елде осындай орталықтардың жұмысы қалай жүріп жатыр? Олардың мемлекет дамуындағы атқарар рөлі қандай? Конференцияға қатысқан мамандар осы сауалдарға жауап іздеді. Шараға қатысқан еліміздегі сараптамалық ұйымдар мен зерттеу институттарының өкілдері, саясаткерлер, экономистер, әлеуметтанушылар мен түрлі саладағы сарапшылар ақыл-ой орталықтарының жұмысы мен дамуына байланысты ой-пікірлерін ортаға салды. Мамандардың сөзінше, ақыл-ой орталықтары ішкі және сыртқы саясаттың қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан мұндай орталықтардың маңызын арттыру қажет. Жалпы, қазіргі уақытта елімізде отызға жуық ақыл-ой орталығы бар. Болашақта бұл орталықтар бірлесіп жұмыс жүргізбек. «Бүгінде әлемде аналитикалық құрылымдардың рөлін қайта бағалау жүргізілуде. Бұл әлемдегі оқиғалардың жиілігімен тікелей байланысты. Егер осыдан он жыл бұрын әлдебір трендтің қалыптасуы мен дамуы үшін 8-10 жыл қажет болса, қазір мұндай оқиғалар 2-3 жылдың жүзінде пайда болып, жоғалуы әбден мүмкін», – дейді Еуразиялық зерттеулер бағдарламасы жетекшісі Руслан Ізімов. Сондай-ақ, сарапшы маман оқиғаларды дер кезінде бағалап, қажетті шешімдерді қабылдау үшін сарапшы-аналитикалық құрылымдардың жұмысы өте маңызды екендігін айтады. Елордадағы жиында сараптама жасайтын орталықтардың ешкімге кіріптар болмауы керектігіне баса назар аударылды. Яғни, сараптамалық орталықтар тәуелсіз шешім шығарып, дербес саясат ұстануы шарт. Өйткені түрлі әлеуметтік зерттеуге тапсырысты тек мемлекет береді де, бизнес саласы көп жолай бермейді. Оның үстіне облыстарда сараптама орталықтары атымен жоқ. Көбісі Астана мен Алматыда шоғырланған. Сондықтан жергілікті мамандар американдық әріптестерімен байланыс орнатып, олардың озық тәжірибесін үйренбекші. Бүгінде сараптау орталықтары әлем елдері үшін өзекті болып отыр. Осы ретте Бүкіләлемдік сараптау орталықтары индекс-рейтингісінің 2016 жылғы қорытындысы бойынша ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) алғаш рет әлемдегі 6 мың сараптау институттары мен орталықтары арасында 150 ең үздік «ақыл-ой» орталықтарының қатарына енгенін еске салып өтейік. Сол кезде отандық зерттеу орталығы алғаш рет әлемдік сараптау орталықтарының арасында жетекші позицияны иеленген еді.