Қазақ тарихы және «Тарих-и Рашиди»

Қазақ тарихы және «Тарих-и Рашиди»

Қазақ тарихы және «Тарих-и Рашиди»
ашық дереккөзі
М. Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегі дүние жүзінің барлық елдерінің кітапханаларында, музейлерінде, институттарының қорларында сақталынып келе жатқаны оның құндылығының аса жоғары екендігінің айғағы болса, ал бұл еңбектің әлемнің ең ұлы тілдерінің барлығына дерлік аударылып, миллиардтаған халықтың әдеби һәм мәдени қазынасына айналып отыруы – қазақ халқы, әрісі түркі халықтары мен адамзат баласы үшін де зор мақтаныш сезімін ұялатады. Дүние жүзі халықтарының мәдени мұрасына айналған М.Х.Дулатидің ең басты еңбегінің аударылуы мен насихатталуы, таралу деңгейі турасында саралау жүргізу уақыт талабы болып отырғанына көз жеткізуге болады. М.Х.Дулати атақты еңбегін парсы тілінде жазды, себебі парсы тілі мемлекеттік басқаруда, сондай-ақ, іс-қағаздар, хат-хабарлар алуда Бабыр, Дулати өмір сүрген дәуірде мемлекеттік тіл болды. М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашидиін» алғаш зерттеп, ол туралы арнайы тоқталып, оның тарихи маңыздылығына ғалымдар мен зерттеушілердің алғаш назарын аударған Ш.Уәлиханов болатын. Ал жалпы Үндістанда Бабыр (1526 ж.), Кашмир өлкесінде М.X.Дулати билік басына келген (1540 ж.) жылдардан бастап бұл ел өркендеудің жаңа жолына түсіп, ғылым, білім, мәдениеттің орталығына айналды. Ұлы Моғол империясын (1526 ж.) құрған Захараддин Бабыр да, Кашмир өлкесін билеген М.Х.Дулати да ірі мемлекет қайраткері, атақты қолбасшы, екеуі де даңқты ақын, жазуы-мемуарист, шығармашыл интеллектуалды тұлғалар болды. Бабырдың «Бабырнамасы» мен М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашидиі» жазылған ғасырда бұл шығармалардың деңгейінде жазылған әдеби-мемуарлық шығарма Еуропа құрлығында әлі туа қоймаған болатын. Тіпті, мұндай дүниелердің дүниеге келуіне екі-үш ғасырдай уақыт керек болды. «Тарих-и Рашиди» кітабының авторын қазақ әдебиетіне қатысы жоқ деп санау оны терең түсінбеудің салдарынан. М.Х.Дулати парсы тілді қазақ жазушысы, ақыны, ғалымы, ойшылы.

Шоқан және «Тарих-и Рашиди»

Ш.Уәлихановтың 1858 жылы Қашқарияға жасаған құпия сапарында бірнеше қолжазбалар және басқа да сирек кездесетін заттарды алып өткені мәлім. М.Х.Дулатидің қолжазбасын Ш.Уәлиханов сол Қашқарияға жасаған сапарында білген. Ш.Уәлиханов «Из Тарих-и Рашиди» атты зерттеу мақаласын жазып, мұндай құнды еңбектің әзірше Еуропа ғалымдарына беймәлім болып отырғанын алғаш рет атап көрсетті. Ол М.Х.Дулатидің еңбегі бойынша ұлы ғұламаның генеалогиялық шежіре кестесін жазып көрсетті, сонымен қатар алғаш рет «Тарих-и Рашидиден» мақала мазмұнына қажетті бөліктерін орыс тіліне аударды. Сондықтан Ш.Уәлиханов «Тарих-и Рашидиді» алғаш аударушы ғалым, шығыстанушы, ол тұңғыш дулатитанушы жиһангер оқымысты. Ш.Уәлиханов сияқты аса зерек, талантты ғалым «Тарих-и Рашидиді» іздестіріп, қолжазбасын оқып, қажетті мәліметтерін парсы, түрік, қашқар тілінен аударып, зерттеу мақаласында алғаш пайдаланғаны тарихи оқиға болатын. Ш. Уәлиханов «Очерки Джунгарий» («Жоңғар очеркі») атты мақаласында Кіші Бұхара аталып, жазылып келген, бүгінде Шығыс Түркістанның тарихына байланысты Мұхаммед Хайдардың еңбегіне қайта оралып тоқталады да, бұл шығарма осы уақытқа дейін белгісіз болып келді деп атап көрсетеді. Ресейдің Ғылым академиясының музейінде (Азият музейі – қазіргі Ресей ҒА Шығыстану институтының Санкт-Петербург филиалында) бұл шығарманың түрік тіліндегі аудармасы, Санкт-Петербург университетінің кітапханасында – парсы тіліндегі түпнұсқасы сақтаулы тұр деп жазды. Ш. Уәлиханов академиялық данасының толық еместігін, ал парсы тіліндегі түпнұсқаның қатеге толы екенін айта келіп, шамасы қолжазбаны парсы тілін білмейтін адам көшірген болуы керек деп түйіндейді ойын. Ғалым «Тарих-и Рашиди» екі бөлімнен тұрады: оның бірінші бөлімінде Тоғылық Темірден бастап Рашидке дейінгі Қашқар хандарының тарихы баяндалады, ал екінші бөлімі мемуарлық сипатта жазылған деп атап өтеді. Демек Ш.Уәлиханов «Тарих-и Рашидидің» тарихилық және мемуарлық сипатын, қазіргі тілмен айтқанда, жанрлық табиғатын да дәл анықтап береді. Ш.Уәлиханов: «Сондай-ақ мынаны ескерте кеткім келеді, Еуропаға бұл еңбектің аты ғана (академиялық қолжазбасы әлі дайындала қойған жоқ) мәлім бірден-бір тарихи шығарма» (Ч.Валиханов. Собрание сочинении. Т.3., с.336). Осы жерде Ш.Уәлихановтың Қашқардан «Тарих-и Рашидиді» парсы тілінен қашқар тіліне аударған Мұхаммед Садық Қашқаридің «Тазкирияи Ходжакан» атты еңбегін, сонымен бірге «Тазкирияи султан Сутук-Бугра-хан- газы», «Тазкирияи Туглук Тимур-хан», «Ришахат», «Абу-Муслим Марузи» және нумизматикалық коллекциялар, тау жыныстары коллекциясын, нефрит, ақық тас, алтынның құм қиыршықтарын алып келгенін айтуға тиіспіз. Мұхаммед Садық «Тарих-и Рашидиді» парсы тілінен қашқар тіліне Қашқардың хакім-бегі Юнус Таджидің бұйыруымен тәржімалаған. Шамасы, 1760 жылдары аударған. Мұхаммед Садық, сонымен қатар, араб тілінен «Тарих Табари» атты кітапты да 1768-1769 жылдары аударыпты. Яғнин, М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашидиі» алғаш рет түрік, қашқар тіліне ХVІІІ ғасырда парсы тілінен аударылған еңбек болып табылады. Ш.Уәлиханов Мұхаммед Садықтың аудармасын, сондай-ақ, парсы тіліндегі «Тарих-и Рашидиді» пайдалана отырып, өзінің М.Х.Дулатиға арналған мақаласын жазған. Осы жерде бір нәрсені анықтап кету қажет: Ш.Уәлиханов Қашқариядан «Тарих-и Рашидидің» қолжазбасын алып келді ме, жоқ па? Ұлы ғалым өзінің еңбектерінде ол жөнінде нақты мәлімет айтпаған. Бірақ Санкт-Петербургке 1860 жылы барған сапарында Ғылым академиясының музейінде сақталған «Тарих-и Рашидидің» парсы тіліндегі қолжазбасын, түрік, қашқар тіліндегі Мұхаммед Садықтың аудармасын атап өтеді. Ш.Уәлиханов осы екі нұсқа негізінде ғылыми ортаның, Еуропа ғалымдарының назарын аудару мақсатында Дулати туралы мақаласын жазды, бірақ бұл еңбегін аяқтай алмаған. Себебі Ш.Уәлихановтың Қашқарияға сапары барысында жинаған материалдарын жазып аяқтауға мұршасы жетпей жатты. Шоқанның «Тарих-и Рашиди» туралы еңбегінің тарихи маңыздылығы мынада: ол «Тарих-и Рашидидің» қажетті деген бөліктерін, үзіктерін орыс тіліне еркін аударып, зиялы қауымды таныстырды. Ш.Уәлиханов «Тарих-и Рашидиден» Мұхаммед Хайдардың өз өмірбаянына қатысты жерлерін, Дулатидің генеалогиялық (ата-тек) шежіресін схемаға түсіріп баяндайды. Тоғылық Темір ханның генеалогиясын, Моғолстан ханы Жүніс ханға қатысты тұстарын, оның ұрпақтарының шежіресін келтіреді. Бұл материалдар «Тарих-и Рашидиден» еркін аударылып алынған. Ал Дулатидің өмірбаянына қатысты Моғол-станның бір кездері гүлденген жер болғаны, онда көптеген қалалардың өркендегенін, отырықшы тіршілік еткенін, сол кезде шежірелер мен кітаптар жазылғанын, ал бүгінде сол қалалар мен құрылыстардың қираған орындары, бұзылған мұнаралар мен үйлердің қылтиған қабырғалары ғана қалғанын, өткен мәдени ескерткіштердің бәрі тып-типыл болып қалғанын «Тарих-и Рашидиден» Ш.Уәлиханов еркін аударып жеткізеді. Шоқан түрік, қазақ халқының бақташы емес, талантты, қабілетті, аса зерек, ұқпа құлақты ұлт болғанын үнемі орыс аудиториясына мақтанышпен жазып отырған. Оның бұл ұстанымында - өз ұлтына деген терең сүйіспеншілік жатқанын сезінесіз. Ш.Уәлиханов қазақты орыстың алдында ешуақытта жамандап көрсеткен емес, оның еңбегінен қазаққа қатысты әбестік пікірді кездестірмейсіз. М.Х.Дулатидің еңбегіндегі Ақсақ Темірге байланысты, оның Моғолстанға, Қамараддинге қарсы жорықтарына «Зафарнамеден» үзінді келтіре отырып баяндалатын тарауларды Шоқан мұқият зерделей оқып, тиісті қажетті бөліктерін орыс тіліне аударып, орыс оқырманын хабардар етеді. Бұл Ақсақ Темірдің Жетеге, яғни Моғолстанға– Қамараддинге қарсы бесінші және соңғы жорығы болатын. Ауыр жараланып, дерті меңдеп, аттың үстіне отыра алмай қалған өжет Қамараддин бәрібір жауына ұстатпай кетеді. Шоқан Бабыр, Шахибек хан, Махмұд ханға қатысты деректерді келтіреді, сондай-ақ, Моғолстан ханы Жүніс ханға тоқталады. Бұл материалдарды «Тарих-и Рашидидің» парсы тіліндегі түпнұсқасы мен түрік, қашқар тіліне аударылған қолжазбадан қысқаша аударып алған. Ш.Уәлиханов «Тарих-и Рашидидің» шағын бөліктерін аударып, өз тарапынан түп-тұқияндық, сондай-ақ, ата-тек шежірелерді схема түрінде келтіріп, ойда нақты сақталып қалуына да мән берген. Ол «Тарих-и Рашидидің» қолжазба нұсқалары мен оның көшірілуі сапасы мен түрік, қашқар тіліне аударылуы деңгейіне дейін қамтыған өзінің мақаласында М.Х.Дулатидің еңбегін сирек, бірегей шығарма деп бағалап, Еуропа жұртшылығының назарын тағы аударды. Ш.Уәлиханов «Тарих-и Рашидиді» алғаш болып ғылыми айналымға енгізген ғалым. «Тарих-и Рашидиді» түрік, қашқар тіліне аударған Мұхаммед Садықтың аудармасына Шоқан арнайы тоқталып, баға бермеген, бірақ «Тарих-и Рашидиді» аударған еңбегін арнайы атап өтіп, қалай аударылғанын жазып көрсетуінің өзі ғалымдық парасатын айқын аңғартады. Ш.Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағының 4-томының комментарийінде: «Мұхаммед Садық Қащқариді «Тазкира-и Ходжаканды» 1768-1769 жылдары жазған. «Тарих-и Рашидидің» парсы тілінің нұсқасынан ұйғыр тіліне ең жақсы аудармасы Мұхаммед Садық Қашқаридің қаламынан туған деп көрсетілген» (с.393). Демек Мұхаммед Садық Қашқаридің «Тарих-и Рашидиді» сапалы етіп аударғанын аңғару қиын емес. Сонымен М.Х.Дулатиді шығыста ең алғаш 1760 жылдары М.С.Қашқари ұйғыр тіліне аударған болса, арада бір ғасыр өткенде бұл ұлы мұраның тарихи маңыздылығын көре білген Ш.Уәлиханов оның үзіктерін, кейбір бөлігін орыс тіліне еркін аударып, «Из Тарих-и Рашиди» атты ғылыми мақаласын жазды.

В.В. Вельяминов-Зерновтың талпынысы

Шоқанның тікелей ықпалымен В.В. Ве­ль­я­­­­минов-Зернов «Тарих-и Рашидидің» Санкт-Петербургтегі қолжазба нұсқаларын салыстырып, зерттеп, өз еңбегіне материал ретінде пайдаланды. Ш.Уәлиханов пен В.В.Вельяминов-Зерновтың еңбектері арқылы Әлкей Марғұлан М.Х.Дулатиді таныды, ол 1941 жылдың өзінде Мұхаммед Хайдар Дулати - «Қазақтың тұңғыш тарихшысы» деген тамаша зерттеу мақаласын жазды. (Әдебиет және искусство, 1941, №4. А., 78-87-бб.). Бұл М.Х.Дулати туралы алғашқы қазақ тілінде шыққан зерттеу еңбек болатын. В.В.Вельяминов-Зернов «Исследование о Касимовских царях и царевичах» атты төрт бөлімнен тұратын зерттеу еңбектерінің авторы, белгілі шығыстанушы ғалым, Ресей Ғылым академиясының академигі, Лейпцигтегі ориенталистердің Германия қоғамының мүшесі, Орыс Географиялық, Археологиялық қоғамдарының мүшесі. В.В.Вельяминов-Зерновтың зерттеуінің бірінші бөлімі Санкт-Петербургте 1863 жылы жарық көрген (шағын форматта, 558 бет), 2-бөлімі 1864 жылы шыққан, көлемі 498 бет, 3-бөлімі 1866 жылы басылған, көлемі 502 бет, 4-бөлімнің көлемі 478 бет, төрт бөлімнен тұратын бұл еңбектің көлемі 1736 бетті құрайды. Бөлім деп атағанымен, том деп көрсетсек те қате емес. В.В.Вельяминов-Зерновтың зерттеуінің біз үшін 2-бөлімі, яғни 2-томының маңызы ерекше, оның себебі бұл бөлім материалдары Қазақ хандығына да тікелей қатысы бар. Сонымен бірге осы бөлімде автор М.Х.Дулатидің атақты еңбегіне арнайы тоқталып, осы шығарманың өз қолына түскеніне қуанышын да жасырмайды. В.В.Вельяминов-Зерновтың назарын «Тарих-и Рашиди» бірден-ақ аударды, себебі ол парсы тілін, шығыстың басқа көп тілдерін білетін, қолжазбаларды түпнұсқасынан тікелей оқитын білгір де білікті, әрі ыждағатты, өте еңбекқор ғалым еді. Ол әрі археолог, әрі шығыстанушы ориенталист болатын. В.В.Вельяминов-Зернов кітабының 2-томының (бөлімі) ХІІ тарауы Ораз Мұхаммедке арналған. Ол – Сібірде Тобыл (Тобольск) салынғаннан кейін, 1888 жылы воевода Данил Чулковтың алдап түсіруімен тұтқынға алынған қазақ ханзадасы болатын. Шығыстанушы ғалым Тобыл маңында аң аулап жүріп қапыда қолға түскен. Ораз Мұхаммедтің шығу тегін де зерттеп, жеті атасына дейін анықтайды: Ораз Мұхаммед Ондан сұлтанның ұлы, ол Шағай ханның, ол Жәдік ханның, ол Жәнібек ханның, ол Барақ ханның, ол Құйыршық ханның, ол Орыс ханның ұрпағы. Ғалым И.Н.Березин 1854 жылы Қазанда бастырып шығарған «Шығыс тарихшыларының кітапханасының» екінші томында жариялаған Қадырғали Жалайридің еңбегімен де танысып шығады. Бұл XVII ғасырдың басында Ресейде жазылған моңғолдар (дұрысы - моғолдар - М.Қ.) мен түріктердің тарихы деп көрсетіп, жылнамалар жинағын жазған Жалайыридің Тарақ тамғалы тармағынан шыққан кісі деп көрсетеді. Жәнібек пен Жәдік ханға қатысты мәліметтерді іздестіріп тапқанын, көптеген қызық деректерге кезігіп, анықтағанын баяндайды, бірақ солардың ішінде ең сенімді дереккөзі «Тарих-и Рашиди» еді деп шығарманы аса жоғары бағалаған. М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашидиінде» жылдар хижра есебімен берілген. Оны миллади жыл санауына (христиан) күнтізбедегі айырмашылықтарды есептей отырып, көшіріп дәл беру оңай емес. Хижра жыл санау мерзімі 622 жылдан басталады. В.В.Вельяминов-Зернов «Тарих-и Рашидидің» 948 (1541,2) жылдан 953 (1546,7) жылдар аралығында жазылғанын миллади жыл санауы бойынша дәл анықтап алады. «Тарих-и Рашидидегі» миллади жылы осы шығыстанушының дәл есебінен алынған. Моғолстан ханы Саид хан 939 жылы, яғни 1533 зилхиджа айында өлген деп, ханның қайтыс болған мерзімін де қазіргі жыл санауымыз бойынша дәл келтірген. «Тарих-и Рашиди» шығыстанушы ғалымның бірден-ақ назарын өзіне аударған бірегей, сирек кездесетін шығарма болды. Бұған дейін талай дерек көздерін ақтарып, зерттеу жұмысына пайдаланған шығыстанушы ғалым үшін олар бір төбе болса, мына мұраның өзі бір төбе болатын. Ол бұл еңбекті Шағатай әулетінің соңғы кезеңіндегі тарихына қатысты бірегей жеке дереккөзі болып табылады деп жоғары бағалаған. «Это – источник единственный в своем роде для позднейшей истории Джагатайдов» (2-том, стр. 131). «Мұхаммед Хайдардың жазғандарының бәрі соны дерлік дүниелер, баяндалуы да соншама қызықты да тартымды. Оның әңгімелері барлық жерде шынайылықпен баяндалып, айқын етіп айшықталған. «Тарих-и Рашиди» авторынан мұндай артықшылық қасиетті күтуге болатындай да еді, себебі оның қоғамдық жағдайы болған оқиғаны көруге, оларды қаз-қалпында бейнелеуге мүмкіндік беретін. Мұхаммед Хайдар Дулат тайпасындағы атақты әулеттен шыққан. Бұл Шыңғыс ханның кезінде атағы шыққан әулет болатын, ал Шағатайлықтар кезінде атағы одан да жоғары өрлеген еді» – деп, жазуында үлкен мән бар еді. В.В.Вельяминов-Зернов М.Х.Дулатидің текті әулеттен, Дулат тайпасынан шыққанын баса көрсете отырып, оның шығармасының аса жоғары деңгейде шынайылықпен жазылғанына көзі жетіп, бағасын берді. Азиялық жазушылар Мұхаммед Хайдарды адам ретінде, жазушы қолбасшы ретінде мақтап жазады, ал қажетті жағдайда оның кітабына сілтеме береді (с.134). З.Бабыр өзінің «Бабырнама» атты кітабында Мұхаммед Хайдар туралы, оның жақсы қасиеті туралы жазады. В.В.Вельяминов-Зернов соны аударып береді: «После того как узбеки убили отца его Хайдар мирза явился ко мне, и был при мне года три или четыре. Затем он отпросился у меня и отъехал в Кашгар к хану (Султан-Саиду). – Каждая вещ воз-вращается к своей исходной точке. И золото чистое, и серебро, и свинец. – Говорят, что теперь он бросил свой прежний легкий образ жизни, и держить себя хорошо. Он отлично пишет, рисует и превосходно выделывает стрелы, острия на пихь, и кольца которые служат при натягивании лука, вообще он на всякую вещ ловок. Пишет стихи, мне он прислал письмо сочиненное очень недурно» (сс.134-135). Нені жазатын болса да, соған қатысты барлық материалдарды егжей-тегжейлі зерттейтін шығыстанушы ғалым Бабырдың бозбала М.Х.Дулати жөніндегі естелігінен үзіндіні шеберлікпен аударып, «Тарих-и Рашиди» авторының ерте көзге түсіп танылғанын, оның талантын ұлы императордың аса жоғары бағалағанына назар аудартады. Бабырдың Мұхаммед Хайдарға берген бағасын сөз жоқ өте шебер әрі түпнұсқаға барынша жақын етіп, төгілтіп аударғанын байқау қиын емес. Мұны шеберліктің, шынайы ізденістің үлгісі десе де болады. В.В.Вельяминов-Зернов өзінің аталмыш еңбегінде Мұхаммед Хайдарға қатысты шығыс ғалымдарының еңбектеріне де тоқталып, ізденісінің аясын барынша кеңейтіп, толықтыра түскені – қызығушылық туғызады. Соның ішінде ғалым, шығыс оқымыстысы Амин Ахмед Разиге тоқталады. Ол парсы географиясын жазган «Гефт иклимь» (Жеті климат) атты еңбектің авторы. А.Рази Қашқар туралы мақаласында осы өлкенің тарихы жөніндегі материалдардың бәрін «Тарих-и Рашидиден» алған, сондықтан Мұхаммед Хайдарды Бабырдан асыра мақтамаса да кем бағаламаған ғалым. Ал атақты Үнді тарихының авторы Мұхаммед Қасым Фиришта Кашмир уәлаятын сипаттаған кезде мәліметті Мұхаммед Хайдардан алған екен, себебі оған толық сенімді екенін жазады. Ал Мұхаммед Ағзам «Кашмир тарихы» жөніндегі шығармасында Кашмир өлкесіне қатысты баяндауларының көп жерінде мағлұматтарды «Тарих-и Рашидиден» алғанын жазады. Ол: «Мырза барлық дүниауи ғылымды да, діни ғылымды да терең білген, өлеңдерді тамаша шығарып, ерекше әдемі етіп төндіріп жазатын» – деп, бағалаған. Сонымен қатар кітап авторы Хафиз Таныштың «Абдолла намесін» де пайдаланған. «Тарих-и Рашидидің» авторына қатысты зерттеулерінің аясын мейлінше кеңейткен шығыстанушы ғалымның Бабырдың, В.Ерскиннің, Мұхаммед Қасым Фриштаның, Мұхаммед Ағзамның, Еллиодтың, Амин Ахмед Разидің, Х.Таныштың және т.б. авторлардың еңбегін оқып, зерттеу жұмысын тереңдете түскен. Бірнеше дереккөздерін білгірлікпен пайдаланған: ол дереккөздері парсы, ағылшын, француз тілдеріндегі еңбектер болатын. «Тарих-и Рашидидің» қолжазбасының Ресейге қалай келгені мәселесіне дейін назар аударған ғалым пікірін дамыта келе, «Тарих-и Рашидиді» Еуропаға әлі көп таныла қоймаған өте сирек мәдени мұра деп санады. Петербургтағы «Тарих-и Рашидидің» қолжазбасының парсы тіліндегі көшірмесі толық емес, оның үстіне көшіруші көптеген қате жіберген, шамасы қолжазба Қазанда 1843 жылдары көшірілген дейді. Оны кітаптар мен қолжазбалар каталогына енгізілген мерзіміне қарап анықтаса керек, бұл қолжазба Санкт-Петербург университетіне тиесілі дейді. Сонымен қатар Ресей Ғылым академиясында «Тарих-и Рашидидің» өте жақсы, бірақ толық емес қашқар тіліндегі аудармасы сақтаулы тұр, оны Мұхаммед Садық Қашқари аударған деп атап өтеді. Осы Мұхаммед Садық Қашқари 1768 жылы Қашқар өлкесінің жаңа тарихына арналған «Тазкерей – Ходжаган» деген өте қызықты кітап та жазған, бұл шығарманы Ш.Уәлиханов Қашқардан өзімен бірге ала келген деп атап көрсетеді. В.В.Вельяминов-Зернов «Тарих-и Рашиди» мен оның авторына қатысы бар деген материалдардың бәрін жинастырып, зор зерттеу жұмысын жүргізіп, «Тарих-и Рашидидің» өте сирек кездесетін құнды мұра екеніне көзін одан әрі жеткізеді. Мұхаммед Хайдардың жазғандарының бәрі дерлік тың әрі өте қызық нәрселер деп көрсетеді. Бұл Дулатиға деген шығыстанушының ризалық бағасы болатын. «Тарих-и Рашидидің» материалдарына сүйене отырып, В.В.Вельяминов-Зернов Дулати шыққан әулеттің Шағатай хан тұсында даңқының бұрынғыдан да асқанын, оның арғы атасы Қашқар, Жаркент, Ақсу және соның маңындағы елдерде ұзақ уақыт билік жүргізгеніне, хан тұқымымен жекжаттық қарым-қатынаста болғанын, яғни қыз алып-қыз берісіп, құдандалы болып келе жатқан қызметін атқарғанына тоқталады. Шынында, ұлы жазушының арғы ұлы атасы Байдаған Шыңғыс ханмен замандас болды, ұлы ханның алдында сіңірген зор еңбегі бағаланып, оған Маңлай сүбені мұралық билігіне берді. Шағатай хан тұсында Дулатидің Өртөбе бабасы әмір болды, Болатшы да әмірлік шенде болатын, Әмір Хұдайдад, Әмір Сейіт Ахмет, Әмір Сейіт Әлі, Мұхаммед Хайдар мырза, Мұхаммед Хұсейін мырза барлығы да әмір болды, бұлар Моғолстанда билік тізгінін қолдарында ұстады. Сондықтан да шығыстанушы ғалым Мұхаммед Хайдардың ата-бабасы шетінен мемлекет ісіне араласқан, ұлысты басқарған ықпалды тарихи тұлғалар болғанын, сондықтан оның шыққан ортасының мықты, билік басында болып келгенін «Тарих-и Рашиди» негізінде зерттеп анықтап білді. Ұлы бабасы Өртөбені Шыңғыс хан жоғары бағаласа, Моғол империясының падишаһы ұлы Бабыр бозбала шағында-ақ Мұхаммед Хайдардың аса талантты азамат болатынын танып көре білді. М.Х.Дулати Моғолстан мемлекетіндегі ұлы бабаларының ұлы істерін, олардың өнегелі дәстүрлерін, ел билеудегі қолданған іс-тәжірибелерін сабақтастық арнасында одан әрі жалғастырып, өрістетті. Бабаларынан жеткен шешендік, ділмәрлік өнерді бойына сіңірген Дулати ақындық, жазушылық, ғалымдық, суретшілік талантымен өз замандастары ортасында ерекшеленді. Ол бойына өнер, білім, ғылым қонған, тұлғасына тоқсан қасиет тоғысқан тарихи сирек, теңдесі жоқ қайталанбас шығармашыл мемлекет қайраткері болды.  

Мұхтар Қазыбек,

жазушы, дулатитанушы