Өзбекстан - Орталық Азияда айбары бар мемлекет

Өзбекстан - Орталық Азияда айбары бар мемлекет

Өзбекстан - Орталық Азияда айбары бар мемлекет
ашық дереккөзі
  Орталық Азия – дүниежүзі тарихында орны бар аймақ. Ежелден отырықшылық мәдениет орнығып, әлемге белгілі қалалар салынған өлке. Жалпыадамзаттық ғылымға үлес қосқан Әбу Райхан әл-Бируни, әл-Хорезми, Әбу Әли ибн Сина, Ұлықбек секілді ұлы ғалымдар отаны саналатын бұл өлкеде бүгінде Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді әлемдік қауымдастықтың тең мүшесі саналатын бес тәуелсіз мемлекет орналасқан. Осылардың ішінде экономикасының дамуы мен демографиялық қуаты жөнінен Қазақстан мен Өзбекстан алда тұр.

Ислам Каримовтың кісілік келбеті

1991 жылы 31 тамызда Өзбекстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан кейін И.А.Каримов елдің саяси жүйесін жетілдіру ісіне тікелей басшылық жасап, нақты шараларды жүзеге асырған еді. Сол жылы 29 желтоқсанда баламалы негізде өткен бүкілхалықтық сайлауда сайлаушылардың 86 пайыз дауысын жинаған И.А.Каримов Өзбекстан Республикасының президенті болып сайланды. 1995 жылы 26 наурызда өткен Бүкілхалықтық референдумның шешімімен оның президенттік уәкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. 2000 жылы баламалы негізде өткен сайлауда Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес И.А.Каримов Өзбекстан Республикасының президенті болып жеті жылға қайта сайланды. 2007 жылғы 23 желтоқсанда өткен кезекті баламалы сайлауда И.А.Каримов тағы да жеті жылға президент болды. 2015 жылғы 29 наурызда келесі баламалы сайлау өтіп, оның нәтижесінде Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес И.А.Каримов сайлаушылардың 90,39 пайыз дауысын жинап, тағы бес жылға президент болып сайланды. Ол тәуелсіз мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйелерін қалыптастыруға, халықаралық қарым-қатынастарын орнықтыруға, ішкі тыныштық пен татулық ахуалды сақтауға зор үлес қосты. Сыртқы саясатта Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Түркі халықтары мемлекеттері басшыларының саммиттері мен кездесулерін белсенді ұйымдастырушылардың бірі ретінде танылды. Посткеңестік кеңістігі кез келген мемлекеттің экономикасы мен саясаты сол елдің президентінің жеке қасиеттеріне тікелей байланысты болатын сияқты. Осы тұрғыдан алғанда И.А.Каримовтың ұстанымдары мен саяси көзқарастары айқын болды. Ширек ғасырдан астам уақыт билік жүргізген Өзбекстан президенті И.А.Каримов кеңестік кезеңнен бастап саяси билікті тұрақты атқарған қайраткер ретінде бағаланады. Оның кезеңі – Өзбекстанның тәуелсіз даму дәуірі болып есептеледі. Осы мерзімде егемен елдің ұлттық идеологиясы қалыптасып, дамуындағы басты ұстанымдар айқындалып, ішкі-сыртқы саясаты тұрақтанды. Сондықтан И.А.Каримовтың негізгі саясаты – мемлекеттің тұрақтылығын сақтау болғанын атап айтқан орынды. И.А.Каримов нарықтық қатынасқа өтудің «өзбектік үлгісін» қолданды. Былайша айтқанда, саясатқа қарағанда экономиканың басымдығы; өтпелі кезеңде мемлекеттің жетекші рөлінің сақталуы; әлеуметтік барлық саланы, көпбалалы отбасыларын, зейнеткерлерді, әйелдерді, студенттерді және білім, ғылым, денсаулық сақтау, спорт, туризм салаларын қолдауға бағытталған әлеуметтік саясатты белсенді жүзеге асыру; заңдардың орындалуы және олардың қоғамның тыныс-тіршілігі үшін тиімді болуы; нарықтық қатынастарға өту бағдарламасының кезең-кезеңімен және сатылы түрде жүйелі жүзеге асырылуы. Осылайша өзбек жұрты И.А.Каримовтың басшылығымен саясатта да, экономика мен әлеуметтік салаларда да өзгеге ұқсамайтын өзіндік даму жолымен алға қарай жылжыды. Экономист мамандар өткен 25 жылдың ішінде елдің ішкі жалпы өнімі 27 миллиард доллардан 93 миллиард долларға дейін, яғни 3,5 есеге жуық өскенін, соңғы уақытта оның жыл сайын сегіз-тоғыз пайызға өсіп отырғанын, өнеркәсіпте: мақта-мата шығару, мәшине жасау, газ өндірісі мен химия, энергетика, жол-құрылыс салаларына ерекше көңіл бөлетінін тілге тиек етеді. 1996 жылы оңтүстіккореялық «Daewoo» фирмасымен бірлесіп, өндірістік қуаты жылына 200 мың жеңіл автомобиль шығаруға жететін зауыт іске қосылды. Сонымен қатар автомобильдерді жабдықтауға арналған бұйымдар жасайтын кәсіпорындар құрылып, жүк автомобильдері мен автобустар шығаратын зауыттар салынды. Өзбекстан – Орталық Азиядағы экономикасы мықты индустриалды-аграрлық мемлекет. Ауыл шаруашылығы мақта, күріш, жүзім, жеміс-жидек, көкөніс өсіруге маманданған. Мұнда тамырлы өсімдіктердің 4800 түрі бар. Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығындағы жетекші сала болып саналады. Қаракөл қойын өсірумен айналысады. Елдің негізгі өнеркәсібі – мәшине жасау, қара металлургия, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі. Республика табиғи ресурстарға бай. Бүкіл Орталық Азиядағы газ конденсатының 74 пайызы Өзбекстанның үлесіне тиеді. Табиғи газды өндіру көлемі 56,5 миллиард текше метрді құрайды. Ел аумағынан жалпы ұзындығы 4000 шақырымды құрайтын тоғыз ірі газ құбыры өтеді. Соның аса маңыздылары: Орталық Азия – Орталық және Бұхара – Орал құбырлары. Алтын қоры жөнінен ол әлемде төртінші, уран қоры бойынша жетінші-сегізінші, жез қоры жөнінен 11-орынды иеленеді. Бұдан бөлек күміс, мұнай, көмір, сан түрлі металл рудалары, тағы басқа пайдалы қазбалардың мол қоры бар. «Ақ алтынға» баланатын мақта талшығын өндіру көрсеткіші бойынша әлемде төртінші, оны экспортқа шығару жөнінен екінші орында. Табиғи газ, алтын, тағы басқа түсті металдар, химия және мұнай-химия өнімдері, мақта талшығы, жібек шикізаты, жүн, қаракөл елтірісі, жеміс-жидек, көкөністерді экспортқа шығарады. Тек қана жеміс-жидек пен көкөністен жылына 1,5-2 миллиард доллар табыс табады. Өз кезегінде азық-түлік, шикізат секілді өнімдерді сырттан алады. Басты әріптестерінің арасында ТМД елдерімен қатар Германия, Түркия, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Жапония, Иран да бар. Тәуелсіздік жылдарында Өзбекстан Республикасының экономикасы алты есеге дейін өсті. Соның ішінде өнеркәсіп өнімдері 14 пайыздан 34 пайызға дейін көтерілді. Соңғы он жылда Өзбекстанда 20 000-нан астам нысан пайдалануға берілді. Соның ішінде: – 7440 жалпы білім беретін мектеп; – 1824 кәсіптік колледж бен академиялық лицей; – 1951 балалар спорт кешені; – 949 аурухана; – 3708 ауызсумен қамтамасыз ету нысаны бар. Ширек ғасырға жуық кезеңде елде Үстірт, Шортан газ-химия кешені, Бұхара мұнайды қайта өңдеу зауыты, Қоңырат сода зауыты, Диқанабад калий тыңайтқыштары зауыты, Әндіжан, Самарқан, Ташкент, Хорезм облыстарында автомобиль зауыттары салынды. Ангрен-Пап (Қамшык тау асуы арқылы өтетін тоннель), Ташгузар-Байсун-Құмқорған; Ташкент-Самарқан, Ташкент-Бұхара, Ташкент-Қарши бағыттары бойынша жоғары жылдамдықтағы теміржол желілері пайдалануға берілді. Халық­аралық әуежайлар қайта жаңғыртылды. Науаи әуежайының негізінде Халықаралық логистика орталығы және Өзбек Ұлттық автомагистралы құрылды. Жер иеленушілердің шынайы жаңа табы – фермерлік қозғалыс қалыптасты. Ауылды көркейту, көріктендіру жолында теңдессіз керемет тұрғын үйлер кешенін салудың негізі қаланды. Елде шағын және орта бизнес жақсы дамыды. Халқы кәсіпке барынша икемделіп алды. Бүгінде елдегі ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамын жекеменшік, шағын және орта бизнес өкілдері құрап отыр. Кадрлар даярлаудың кең көлемді Ұлттық бағдарламасы жүзеге асырылды. Заманауи өскелең Халық-аралық стандарттарға негізделген білім беру жүйесі түбегейлі реформаланды. Рухани құндылықтар, мәдени мұра, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлер лайықты түрде дәріптелді. Туристік әлеуеті үлкен елде 7,3 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар. Діни, экологиялық, ағартушылық, этнографиялық, гастрономиялық, тағы басқа туризм түрлерін дамытуға мүмкіндік мол. Ишан-қала, Бұхара қаласының тарихи орталығы, Шахрисабз қаласындағы тарихи орындар орталығы, Самарқан қаласындағы мәдени орындар орталығы, Батыс Тянь-Шаньдағы Шатқал қорығы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұраларының тізіміне енген. 2006 жылы Қарши қаласының 2700 жылдық, 2007 жылы Маргилан қаласының 2000 жылдық мерейтойлары атап өтілді. Азаматтық қоғам институттары қалыптасты. Махаллалардың мемлекет және қоғамды басқарудағы беделі барынша көтеріліп, олардың құқықтары мен өкілеттіктері кеңейді. Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті И.А.Каримов 2016 жылы 2 қыркүйекте ауыр науқастан кейін қайтыс болды. Самарқандағы Хазрет-Хзыр мемориалдық кешеніне жерленді.

Қазақ-өзбек қатынастары

Америкалық белгілі саясаттанушы Збигнев Бжезинский өзінің «Великая шахматная доска» атты еңбегінде Орталық Азия геосаяси болмысын сипаттай келе Қазақстанды «аймақтың қалқаны» десе, Өзбекстанды «аймақтың жаны» деген болатын. Шығыстың жұлдызы іспеттес Ташкенттің Шайхантаур деп аталатын шағын ауданында қазақтың Ұлы жүзден шыққан атақты биі – Төле би Әлібекұлы, ал Науаи облысының Нұрата ауданында Кіші жүздің беделді биі – Әйтеке Байбекұлы мәңгілік мекендерін тапқан. 1992 жылғы 23 қарашадан бастап екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. 2013 жылы 13-14 маусымда Ташкентте Қазақстан елшілігінің жаңа ғимараты ашылып, оның алдына қазақтың ұлы ақыны – Абай Құнанбаевтың ескерткіші қойылғанын айрықша атап өтер едік. 1991 жылдан Ташкентте қазақ тілінде республикалық «Достық туы», ал Шымкентте өзбек тілінде облыстық «Дустлик байроғи» газеттері шыға бастады. Кейіннен бұл басылымдар тиісінше, «Нұрлы жол» және «Жанубий Қозоғистон» деп аталды. Өзбекстан астанасындағы республикалық телевизияда қазақ тілінде «Дидар» деп аталатын хабар берілсе, Шымкенттегі «Оңтүстік» телеарнасында өзбек тілінде хабар таратылады. Сонымен қатар екі ел бір-бірімен радио хабарларын да алмасады. 1992 жылғы 24 маусымда Түркістан қаласында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы» келісімге; 1994 жылғы қаңтарда Ташкентте «Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы» келісімге; 1997 жылы 10 қаңтарда Бішкекте «Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттері арасындағы «Мәңгілік достық туралы» шартқа; 1998 жылы 30 қазанда Ташкентте екіжақты қатынастардың негізі болып саналатын «Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы» шартқа және «Экономикалық байланыстарды кеңейту туралы» келісімге; 2002 жылы 9 қыркүйекте Астанада «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекарасының кейбір учаскелерін делимитациялау туралы» келісімшартқа және 1998 жылғы 30 қазандағы астанада «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шарттың орындалу барысы туралы» декларацияға; 2013 жылы 13-14 маусымда Ташкентте «Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы» келісімге, тағы басқа да көптеген аса маңызды құжаттарға қол қойылды.

Күніне он турист келер ме екен?

Бауырлас өзбек елінде өркениетке өзгеше өрлеу нышандары айқын сезілуде. 2017 жылғы 22 желтоқсанда Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Миромонович Мирзияев тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет қос палаталы Парламент (Олий Мажлис) – Сенат (жоғары палата) және заңнамалық палата (төменгі палата) депутаттарының алдында өзбек халқына Жолдау арнады. Онда өткен жылы жүзеге асырылған негізгі жұмыстырдың қорытындысы шығарылып, жаңа жылға арналған экономикалық дамудың басты бағыттары айқындалды. Мемлекет басшысының ұсынысымен 2018 жыл – Кәсіпкерлік пен инновациялық идеяларды және технологияларды белсенді қолдау жылы болып жарияланып отыр. Көршілес әрі бауырлас елдің президенті «Халық мемлекеттік органдарға емес, мемлекеттік органдар халыққа қызмет етуі тиіс» деген принципті берік ұстанатынын мәлімдеді. Өткен жылы билік органдарына жолданған біржарым миллионнан астам адамның өтініш, тілек, ұсыныстары тіркелген. 1100-ден астам адам азаматтық алған. 161 ірі өнеркәсіп нысаны пайдалануға тапсырылған. Бұл біржарым триллион сумның өнімін өндіруге мүмкіндік береді. 336 мың жаңа жұмыс орындары ашылған. Жалпы көлемі 3,5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үйлер салынған. Салыстырмалы түрде айтқанда, бұл 2007 жылға қарағанда – 20; 2010 жылға қарағанда 3,5; 2014 жылға қарағанда екі есе көп деген сөз. Көлемі 800 мың шаршы метрден астам көпқабатты үйлер пайдалануға берілген. Тек Ташкенттің өзінде 420 мың шаршы метрден астам тұрғын үйлер салынған. Бұл – 2016 жылмен салыстырғанда дерлік үш есе көп деген сөз. Жалпы білім беретін 12 мектеп салынып, 320-сы қайта жарақтандырылып, 152-сі күрделі жөндеуден өткен. Мектепке дейінгі мекемелердің 107-сі қайта жарақтандырылып, 195-і күрделі жөндеуден өткен. Алдағы үш-төрт жылда мыңдаған жаңа балабақша салу көзделуде. 11 жылдық жалпы білім беру жүйесі қайтадан қалпына келтірілді. Шыршық қаласында Ташкент облыстық педагогикалық институты ашылып отыр. 15 жоғары оқу орнында сырттай оқу бөлімдері жұмыс істей бастады. Онда колледж бітірген бес мыңнан астам болашақ педагогтар білім алуда. 81 жоғары оқу орны, олардың 15 филиалы, шетелдік жеті университеттің филиалы жұмыс істейді. Бұдан бөлек Ташкентте Америка Құрама Штаттарының Вебстерск университетінің, ал Алмалықта Мәскеу болат және қорытпа институтының филиалдарын ашу көзделген. Өткен жылы әдебиет, мәдениет, өнер, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына қатысты аса маңызды 12 құжат қабылданды. Шығармашылық қайраткерлерін қолдау жөніндегі «Илхом» («Шабыт») қоғамдық қоры, «Достар» клубы құрылған. Ташкенттегі Ұлттық саябақта Әдебиетшілер аллеясын, Өзбекстан Жазушылар одағының жаңа ғимаратын, көрнекті қаламгерлер атындағы шығармашылық мектептерін салу жоспарланған. Хорезм, Жызақ облыстық, Қоқан қалалық драма театрлары қайта жарақтандырылып, Өзбек мемлекеттік мәдениет және өнер институтының Ферғана аумақтық филиалы құрылатын болады. Өзбекстанның кітап қорында 100 мыңнан астам көне қолжазбалар сақталуда. Елдің саңлақ спортшылары бокс, дзюдо, таэквондо, ауыр атлетика, еркін күрес, самбодан жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Түркіменстанда өткен Азия Олимпиада кеңесінің Бас ассамблеясында өзбек ұлттық күресі сары құрлық ойындарының бағдарламасына енгені жөнінде хабар таратылды Өзбекстанның президенті Ш.Мир­­­зиеявтің 21 жоғары дәрежелі сапары ұйымдастырылып, алпыстан астам мемлекет және Халық­аралық ұйым басшыларымен кездесулер өткізді. Олардың қорытындысы бойынша 400-ден астам Келісімшарт түзіліп, алпыс миллиард долларға жуық сауда және инвестициялық келісімге қол қойылған. Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту жөнінде бірқатар аса маңызды құжаттарға қол қойылып, екі миллиард долларға экономикалық келісімшарт түзілген. Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Ауғанстан, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ, Еуропалық Одақ елдерімен, мұсылман мемлекеттерімен тиімді Келісімшарттар жасалған. Әлемнің 33 мемлекетінде Өзбекстан Республикасының Елшіліктері жұмыс істейді. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев сырт елдердегі елшілерінің әрбіріне күніне он туристің елге келіп-кетуін ұтымды үйлестіре білу және қалайда елге инвестиция тартылуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берді. Түркіменстан, Иран, Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Грузия секілді транзиттік елдермен тығыз байланыс жасау жоспарланған. Туристік әлеуеті үлкен елде 7,3 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар. Олардың бірқатары ЮНЕСКО-ның тізіміне енген. Діни, экологиялық, ағартушылық, этнографиялық, гастрономиялық, тағы басқа бағыттардағы туризм түрлерін дамытуға мүмкіндік мол. Мәселен, «Кіші қажылық» бағдарламасы бойынша Самарқан – Бұхара – Ташкенттегі қасиетті де киелі орындармен және тарихи-мәдени ескерткіштермен етене танысуға болады. Елдегі 51 пайыз халық ауылдық жерлерде тұрады. Соған қарамастан, ауыл шаруашылығы өнімдері ішкі жалпы өнімнің 17 пайызынан аспайды. Аграрлық сектордағы өнімдерді қайта өңдеу көлемі он пайызға да жетпейді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50 пайыздан асады екен. Тоқыма өнеркәсібі бір миллион 400 мың тонна мақта талшығын қайта өңдейді. Орталық Азия елдері арасында өмір сүру ұзақтығы жөнінен Өзбекстан бірінші орынға шығып отыр. Орташа өмір сүру жасының ұзақтығы 73,8-ді құрайды. Бұл көрсеткіш Тәжікстанда 73,7, Қазақстанда 72, Қырғызстан мен Түркіменстанда 70-ке теңеліп тұр. Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынастың деңгейі жоғары әрі ол стратегиялық маңызға ие екені баршаға белгілі. Екі ел арасында тікелей қатынайтын халықаралық жолаушылар пойызы мен автобус қатынастарының тұрақты рейстері іске қосылды. Астана – Самарқан, Алматы – Ташкент теміржол бағыттары бойынша жүрдек пойыздар қатынай бастады. Таяуда Шымкент – Ташкент автобус бағыты ашылды. Қос бағыттың арақашықтығы – 145,2 шақырымды құрайды. Сапарға үш сағат уақыт кетеді. Жолақысы – 3300 теңге. Алдағы уақытта Қазақстанның өзге қалаларынан да Өзбекстанға тікелей қатынайтын автобус бағыттарын ашу көзделген. Азаматтардың емін-еркін жүріп-тұруы үшін шекаралық кеден бекеттерінің қызметі де жетілдіріле түсті. Жаңа жылдан бастап Өзбекстанның шекара бекеттерінде кедендік декларация толтыру міндеттелмейтін болды. Жолаушының қаржысы 2000 АҚШ долларынан аспаса, мұндай құжат толтырмайды. Көршілес елдің азаматтары Қазақстан аумағында бұрынғыдай бес күн емес, енді он күн бойы емін-еркін жүретін болады. Бұған қоса-қабат 2018 жыл – Қазақстандағы Өзбекстан жылы, ал 2019 жыл – Өзбекстандағы Қазақстан жылы деп жарияланып отыр. Осы орайда көптеген ізгілікті де игілікті іс-шаралар өткізу жоспарланған. Рухани жаңғыру бағытындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар да өскелең заман талабына сай жаңаша сипат алатын болады. Ендеше, бауырлас қос елдің арасындағы туысқандық қарым-қатынастар қазіргіден де нығая түседі деген ниеттеміз.  

Әбдісаттар ӘЛІП,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі