Батырхан Шүкеновке ескерткіш қойылады

Батырхан Шүкеновке ескерткіш қойылады

Батырхан Шүкеновке ескерткіш қойылады
ашық дереккөзі
Қызылордада әнші Батырхан Шүкеновтің бюсті қойылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов мәлімдеді. Руслан Рүстемов, сондай-ақ, биыл Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының артистері Ұлыбритания сахнасында өнер көрсететінін айтты. «Барлық өткізілетін мерекелік шаралар осы жылдың басты оқиғалары Елордамыз –Астана қаласының 20 жылдығына және Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналмақ. Мәселен, Астана қаласының 20 жылдығына арнап, Астана қаласында зымыран-ғарыштық техникасы музейінің ашық экспозициясы пайдалануға беріледі. «Тұңғыш Астанадан – Елордамыз Астанаға!» атты өнер керуені өнер көрсетеді. Сонымен қатар, шыны зауытының алғашқы өнімдері де Астана мерейтойына тарту ретінде шығарылады. «Жаңа Астана – ежелгі қазақ жерінің төрі» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ұйымдастырылуы да жоспарланып отыр», – деді ол. Сондай-ақ, биыл облыстық филармонияның өнерпаздары Ресей Федерациясы Татарстан Республикасына гастрольдік сапармен барады. Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай «Астаналар фестивалі» атты Қазақ елінің астаналары театрларының (Қызылорда, Алматы, Астана, Түркістан, Орынбор) фестивалі өткізіледі. «Парасатты поэзия» атты халықаралық фестивалін Қорқыт Ата мемориалдық кешенінде өткізу жоспарлануда. Түркі әлемінің абызы Қорқыт баба мұраларын насихаттау мақсатында қобызшылардың «Қорқыт. Қобыз» атты республикалық конкурсы да ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, «Сыр сұлуы» атты ретро фестивалі, белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік алғашқы Әнұранының авторларының бірі – Жадыра Дәрібаеваның, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Самұрат Имандосовтың және жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының 70 жасқа толуына орай мерейтойлық шаралары, Қызылорда медицина колледжінің 90 жылдығы да тойланады. Әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шүкенов атындағы «Отан Ана» атты республикалық әншілер конкурсы ұйымдастырылып, облыс орталығына әншінің бюсті қойылады.