Төтенше жағдай тәртібі деген не?
Елде төтенше жағдай тәртібінің орнауы нені білдіреді? Бұл – мемлекет тұрғындары қатаң ережелер бойынша өмір сүреді деген сөз. Төтенше жағдай тәртібі аясында ел ішінде енгізілетін шектеулер тізімі ұзын-сонар. Негізгілеріне тоқталсақ: ‒ Мемлекетте коменданттық сағат жарияланады. Кешкі және түнгі уақытта көшеде және қоғамдық орындарда тек арнайы рұқсаты бар адамдардың ғана жүруі қадағаланады; ‒ Тәртіп сақшылары еш себепсіз көшеде кетіп бара жатқан азаматтарды тоқтатып, құжаттарын тексеруге құқылы. Тұрғындардың барлығы өздерімен бірге төлқұжаттарын алып жүруге және талап етілген уақытта оны көрсетуге міндетті; ‒ Күдіктілерді алдын-ала тұтқында ұстау мерзімі ұзартылуы мүмкін; ‒ Төтенше жағдай тәртібі соғыс уақытындағыдай заңдардың қабылдануына тосқауыл қоймайды. Конституциялық сот олардың конституцияға қайшылығы туралы дау айта алмайды; ‒ Ел билігі митингтер мен шерулерге тыйым салуға немесе белгісіз мерзімге кейінге қалдыруға құқылы. Қоғамдық ұйымдардың қызметіне де тыйым салынуы мүмкін. Үкімет кез келген бұқаралық шараларға, театрлық қойылымдар қоюға, тіпті аудиожазбаларды тыңдап, бейнежазбаларды көруге шектеу қоя алады. Сондай-ақ, газет-журналдар, кітаптар мен үндеу парақшаларды басу мен таратуға да тыйым салу құқығына ие; ‒ Төтенше жағдай режімі кезінде ел заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмейді; ‒ Белгілі бір уақыттарда және елдің кейбір аумақтарында көлік қозғалысы шектелуі мүмкін.«Темірдей» тәртіп қауіпсіздікті арттыра ма?
Төтенше жағдай тәртібін желеу еткен ел билігінің негізсіз шектеулері мен тәртіп сақшыларының жөнді-жөнсіз тексерулеріне бір кездері наразылық танытқан жұрттың бүгінде бұл жағдайдың бәріне еті үйренген. Десе де, ел ішінде жүргізілген зерттеулердің нәтижесі алаңдатарлық. Түркиядағы төтенше жағдай тәртібін зерттеу жөніндегі комитет ұсынған деректерге сүйенсек, 2016 жылдың 20 шілдесінен бастап, яғни аталмыш режім енгізілгелі бері ұсталған және қамауға алынғандардың 16,7 пайызы өздеріне қол салмақ болған. «Төтенше жағдай тәртібі кезінде адам құқығының бұзылуы және оның көрсеткіштері» атты зерттеу қоғамдық құқыққорғаушылар Омер Фарук Гергерлиоглу мен Нуртен Эртугрулдың басшылығымен қолға алынған. 2 мың 173 адам қатысқан сауалнама 2017 жылы 24 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында жүргізілді. Оның қорытындысы төтенше жағдай режімі қоғам мен мемлекет арасын айтарлықтай алшақтатқанын және билік тармақтары – заң шығарушы, атқарушы және сот билігі арасындағы өкілеттіліктер бөлінісі жойылғанын көрсетті. Зерттеу қорытындысы бойынша, тергеуге алынғандардың 42,6 пайызының ісін жүргізу барысында прокурорлар бірде-бір мәрте сотта төбе көрсетпеген және айыптау қорытындысын дайындамаған. Сондай-ақ, жүргізілген сауалнама нәтижесінде төтенше жағдай тәртібі кезіндегі үкімет нұсқаулары бойынша қызметінен қуылғандардың 48,7 пайызы әлі күнге дейін екі қолға бір күрек таппай жүргені анықталды. Жұмыссыз қалғандардың 35,7 пайызы өздерінің жиған-тергеніне күнелтіп жүрсе, 25,6 пайызы туған-туыстарының қолына қарап отыр, ал 18,9 пайызы кездейсоқ табыспен жан бағуда. Қызметінен айрылғандардың 8,7 пайызы ғана әлеуметтік сақтандырудың арқасында жұмыс тапқаны белгілі болды. Бүлікшілердің мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыну оқиғасынан кейін қамауға алынғандардың 23,5 пайызы соққыға жығылып, зорлық-зомбылық көргендерін айтқан. Психологиялық қысымнан бөлек, дәретханаға баруға тыйым салуға, отбасы мүшелерімен байланысуға рұқсат бермеу секілді теперіш көрсетілген. Респонденттердің 27,3 пайызының айтуынша, олар жиған-тергендерін Bank Asya-да сақтағандары үшін немесе ByLock мобильді қосымшасын қолданғандары үшін айыпталған. Ал сұрау салынғандардың 26,4 пайызы кәсіподақ мүшесі болғандары үшін тұтқындалыпты. Респонденттердің 29,2 пайызы не үшін айыпталғандарын әлі күнге білмейтін көрінеді. Айта кетерлік жайт, зерттеуге қатысушылардың 91,3 пайызы бүлікке дейін мемлекеттік қызметте істеген. Жекеменшік секторда қызмет еткен респонденттердің 75 пайызы өздері жұмыс істеген компания үкімет бұйрығымен жабылғанын айтса, 6,9 пайызы отставкаға кетуге мәжбүр болған. Төтенше жағдай тәртібі кезінде теперіш көргендердің жақындары негізінен экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келген. Сондай-ақ, әлеуметтік оқшаулану (86,6 пайыз) және психологиялық түйткілдерден (85,6 пайыз) зардап шеккендер де көп екен. Turkish Minute солардың бірінің сөзін әлеуметтік оқшауланудың жарқын мысалы ретінде ұсынған: «Мен «әлеуметтік обаға» шалдықтым. Айналамда бұрыннан жақсы танитын адамдар жүрсе де, олардың бәрі бойын менен алшақ ұстауға тырысады. Өйткені үкімет оларға залалын тигізе ме деп қорқады». Зерттеу нәтижесі бойынша, бүліктен кейін істі болғандардың 81,3 пайызы тергеу әділ жүргізілмеген деп есептесе, 55,6 пайызы тергеу мен сот процесі кезінде өзінің жазықсыз екенін дәлелдеу үшін ел заңнамасында көрсетілген құқықтарын қолдана алмағандарына наразы. Сауалнама қорытындысына сүйенсек, үкімет жарлығы бойынша қызметінен қуылғандардың 96,6 пайызы мемлекеттік кәсіпорындар тарапынан кемсітушілік көрсе, 98 пайызы төтенше жағдай режімі азаматтардың қауіпсіздігін арттырмағанын, керісінше, тұрғындардың үрейін үдеткенін айтқан. Түркияда төтенше жағдай режімінің қашан аяқталары белгісіз. Секемсіз таңы атып, күдіксіз күні батпайтын жұрт мемлекет басшысының ұғымындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнайтын күні туарына сенуден қалып барады.