Жаңадан салынған 100 мың үй

Жаңадан салынған 100 мың үй

Жаңадан салынған 100 мың үй
ашық дереккөзі
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы өтті. Жиында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру, құқық қорғау қызметін, атқарушылық іс жүргізу және сот сараптамасының мәліметтерін сандық жүйеге ауыстыру, азаматтық авиацияны дамыту мәселелері талқыланды. Үкімет отырысына жиналғандар әуелі Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің баяндамасын тыңдады. Министр «Нұрлы жер» тұғын үй құрылысы бағдарламасының жүзеге асу барысы туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, 2017 жылдың қорытындысына сәйкес, тұрғын үй құрылысына 979,8 млрд теңге инвестиция құйылыпты. Жеке инвестициялар көлемі 825,8 млрд теңгені, мемлекеттік инвестициялар 154 млрд теңгені құрап отыр. Министрдің сөзінше, 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы деңгейден 6,2 пайызға жоғары. «Бағдарламаның жылдық жоспарына тұрғын үйді жалпы енгізу 111 пайызға орындалды. Жалпы, 100,8 мың тұрғын үй салынды, оның ішінде 75,8 мың үй немесе жалпы көлемнің 75 пайызы жеке сектор есебінен, 25 мың пәтер мемлекеттік инвестициялар есебінен тұрғызылды», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. Министр келтірген деректерге сүйенсек, тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөнінен Астана, Алматы қалалары, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары алдыңғы орында екен. Сондай-ақ, Батыс Қазақ-стан, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында да тұрғын үй құрылысы көлемінің өсімі байқалады. Аймақтарға тұрғын үй құрылысына қажетті инфрақұрылымды жүргізу мақсатында қазынадан 77,3 млрд теңге бөлінген. Өткен жылы соның 76,9 млрд теңгесі игерілді. «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» бағыты бойынша 70 мыңнан астам жер теліміне инженерлік коммуникациялар жеткізілген. Бағдарлама бойынша 2017-2018 жылдары аяқталуы тиіс 1975 үйдің құрылысы басталған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 164 үй пайдалануға берілген. Оның 124-і – Ақтөбе, 40-ы – Қостанай облысында. «Мемлекет басшысының жолдауына сәйкес 2030 жылы бір тұрғынға шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізу қажет. Ол үшін құрылыс көлемінің жыл сайын 8-10 пайыз деңгейде өсуін қамтамасыз ету керек. Бұл 2030 жылы межеге жетуге мүмкіндік береді», – деді министр. «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуы турасында вице-премьер А.Мамин, «Бәйтерек» ҰБХ төрағасы А.Әріпханов және бірқатар өңір басшылары да баяндады. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев аталмыш мәселені қорытындылай келе биылғы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру көрсеткіштері 2017 жылдан жоғары болуы қажеттігін ескертіп, жауапты тұлғаларға тапсырма берді. Үкіметтегі жиында сөз болған мәселелердің бірі – құқық қорғау қызметін, атқарушылық іс жүргізу мен сот сараптамасының мәліметтерін цифрландыру жайы. Бұл мәселеге қатысты алғашқы баяндаманы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов жасады. Ол өз сөзінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде «Электронды іс» жобасы жүзеге асырылып жатқандығын айтты. Аталмыш жоба электронды қылмыстық іс, әкімшілік өндірістердің, тексеру объектілері мен субъектілерінің бірыңғай тізімі, талдау орталығы, азаматтардың электронды өтінімдері сынды бөліктерден тұрады. «Электронды іс» жобасы 2021 жылдың соңына дейін жалғасады. Одан әрі сөз алған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бүгінде ішкі істер органдарында 19 ақпараттық жүйе бар екенін атап өтті. Ал Әділет министрі Марат Бекетаев «Қазпошта» АҚ-пен бірігіп, борышкерге мемлекеттік шекарада, қалалар мен облыстардың қоғамдық орындарында кассалық қызмет көрсету пункттері мен терминалдар арқылы қарыздардың төлеу мүмкіндігін беру бойынша тиісті қызметтер әзірленгеніне тоқталды. Министр сөзіне дәлел ретінде өткен жылдың маусым айында Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Шымкент, Атырау, Қызылорда және Өскемен қалаларының әуежайларында «Қазпошта» терминалдары арқылы берешекті өтеу қызметі енгізілгенін атап айтты. Сонымен қатар, былтыр қарызды төлеу үшін IOS және Android базасында қосымшалар іске қосылды. «Қазпошта» АҚ қаржылық құралдары арқылы іске қосылған кезеңнен бастап 649 борышкер 34,4 млн теңге сомасында қарыздарын төлеген. Аталған мәселе бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Астана және Алматы қалаларының әкімдері сөз сөйледі. Кезекті мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы әкімдерге жарақтандыру мәселелерін дер кезінде шешу міндетін жүктеді. Сондай-ақ, ақпараттық жүйелерді біріктіру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажеттігін де атап өтті. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – азаматтық авиация саласын дамыту. Азаматтық авиацияны дамыту мақсатында қабылданған шаралар жөнінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндап берді. Министрдің сөзінше, бүгінде отандық әуе компанияларынан Еуроодақ елдеріне ұшуға барлық шектеулер алынып тасталды. Қазіргі уақытта 5 қазақстандық авиакомпанияның Еуропа елдеріне ұшуға құқығы бар. «2017 жылғы 22-30 қараша аралығында ИКАО авиация қауіпсіздігі бойынша аудит жүргізген болатын, ол әуежайлардың қауіпсіздік жүйесін кешенді тексеруді көздейді. Алдын ала бағалау бойынша, ИКАО сарапшылары Қазақстанның едәуір ілгерілеуін атап өтті және ИКАО рейтингісінде көрсеткіштеріміз жақсарады деп үміттенеміз. Ресми нәтижелер 2018 жылғы 1 ақпанға қарай жарияланады», – деді Инвестициялар және даму министрі. Министр келтірген мәліметке иек артсақ, бүгінде Қазақстанда әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту аяқталған. Тәуелсіздік жылдарында 15 ұшу-қону жолақтары мен 11 әуежай терминалы жөндеуден өтті. Ал шағын авиацияны дамыту мақсатында қатты жабынды 5 аэродром және топырақты жабыны бар 11 аэродромды салу және жөндеу жұмыстары қарастырылып отыр. Өз кезегінде Премьер-министр Бақытжан Әбдірұлы азаматтық авиацияны дамыту мәселесі өте маңызды екенін атап өтті. Үкімет басшысы отандық азаматтық авиацияның инфрақұрылымы халықаралық стандарттарға сәйкес келтірілгендігін айта отырып, 2018 жылы жолаушылар ағымының 800 мың адамға дейін артатынын атап өтті. Сонымен бірге, Бақытжан Сағынтаев Инвестициялар және даму министрлігіне Үндістан азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режим енгізу мәселесін қарастыруды міндеттеді. Одан бөлек, әуежайлардың қызмет көрсету бойынша тарифтерін реттеу мәселесі де тапсырылды.