Өткен жылы мәйіт донорының саны артқан

Өткен жылы мәйіт донорының саны артқан

Өткен жылы мәйіт донорының саны артқан
ашық дереккөзі
Мәйіт донорының саны 2016 жылмен салыстырғанда 2 есе көбейген, – деп хабарлайды Астана арнасы Республикалық трансплантациялау жөніндегі үйлестіру орталығына сілтеме жасай отырып. Өткен жылы елімізде 282 ағза ауыстырылған. 205 донор өз дене мүшесін жақын туысқанына берсе, 77 ота мәйіт донорлығына тиесілі. Енді донор болуға келісімді онлайн-режимде де беруге болады. Жақында Денсаулық сақтау министрлігі бұл туралы бұйрыққа қол қойған. Бүгінде елде үш жарым мыңға жуық адам дене мүшесінің трансплантациясын қажет етеді. Оның 80 пайызы бүйрекке, қалғандары бауыр, жүрек және өкпеге зәру. Еліміздің заңнамасына сәйкес, бас миы жансызданған адам есі сау кезінде донорлықтан бас тартпаса, онда дәрігерлер ағзасының бөлшектерін кәдеге жаратуға құқылы. Алайда, ақ халаттылар алдымен донордың туған-туысқандарымен ақылдасуды жөн санайды. Қызылжарда ол нәтижесін бере бастаған. Бүйрекке – 2765 адам, бауырға – 546 адам, жүрекке – 135 адам, өкпеге – 11 адам. 2016 жылы мәйіт донорлығы бойынша 30 адамның дене мүшелері мұқтаж жандарға берілді. Былтыр бұл көрсеткіш 77 адамға дейін жеткен. Трансплантация саласын ілгерілету мақсатында қазір заңға өзгеріс енгізу қолға алынған. «Кейбір елдерде адамдардың донорлыққа қатысты пікірі жеке құжаттарында белгіленеді. Паспортында немесе жүргізу куәлігінде. Осы жүйені біздің елде де оңтайландыру мақсатында жуырда шыққан бұйрыққа сәйкес, бұдан былай ел азаматтары донор болуға өз келісімдерін онлайн режимде бере алады. Олардың шешімдері Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттың жүйесінде тіркеледі. Дәрігерлер ол ақпаратты қажет болған жағдайда қолдана алады», – дейді Трансплантация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы директорының орынбасары Серік Жарықов. Әлемде трансплантация жасау жағынан Испания көш бастап тұр. Себебі мұнда азамат паспорт алар бұрын, ең алдымен донорлыққа өз келісімін береді. Былтыр бұл елде 5000 ота жасалған екен. Трансплантация бойынша біздің елдің заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізіліп жатыр. Алайда, оның қазіргі ұзын-сонар кезекке қалайша әсер ететіне әзірге белгісіз. Айта кету керек, ағзасын ауыстыруға мәжбүр адамдардың тек 10 пайызы ғана көздегеніне жетеді екен.