Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскендер

Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскендер

Аузынан сөзі,  қойнынан бөзі түскендер
ашық дереккөзі
Өткен аптадағы Үкімет отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ұсыныс білдірді. Яғни, Қаржы министрі бюджет қаржысын игере алмаған орталық мемлекеттік органдар, министрдің орынбасарлары мен комитет төрағалары деңгейіндегі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылуы керектігін атап өтті. Бюджеттің игерілмеген қаржысы елімізде жыл сайын шешімін таптырмайтын түйткілге айналатынына бой үйретіп алдық. Биыл да биліктегілер дәстүрден жаңылмады. Биылғы жылдың алғашқы Үкімет отырысында Қаржы министрі 2017 жылы 21 миллиард теңге шамасындағы қаржының игерілмей қалғанын мәлімдеді. Бұл жыл сайын тұрақты қайталанатын көрініс. Жыл сайын Үкімет отырысындағы қорытынды жиында ақшаны игере алмаған әкімдердің басы төмен салбырап тұрғанын көріп келеміз. Мұндай жағдайдың қайталанбасы үшін бір шара қолдану қажет деген Бақыт Сұлтанов: «2017 жылғы 11 айының қорытындысы бойынша Үкімет отырысында бюджет қаражатын игеруде белгілі бір тәуекелдер жөнінде айтылған болатын. Алдымызда Парламентте жылдық есеп нәтижелерін талқылау тұр. Онда міндетті түрде жауапкершілік туралы сұрақ туындайтыны анық. Осыған орай қаржыны толық игермеген орталық мемлекеттік органдар бойынша Үкіметке министрдің орынбасары және комитеттер төрағасы деңгейіндегі лауазым иелерін жауапкершілікке тартуға ұсыныс енгіземіз. Нысаналы трансферттердің сомасын игермеген аймақтардың әкімдерінен де тиісті лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуын сұраймын», – деп атап өтті. Бұған дейін Қаржы министрі Қазақстанда бюджет қаражатын игеру бойынша жұмыстың айтарлықтай күшейтілгенін мәлімдеп, ендігі министрліктердің бюджетті игермейтін қаражаттары өзге министрліктерге жіберілетіндігін ескерткен болатын. Айта кетейік, Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың бастамасын бұған дейін халық қалаулылары да көтерді. Өткен жылдың наурызында депутаттар бюджет қаражатын тиімді игере алмаған шенеуніктердің үстінен қылмыстық іс қозғап, түрмеге отырғызу қажеттігін айтқан. Өйткені министрлер жыл сайын шығындарын тізіп, Парламентке бюджетті бекіттіріп алады. Кейін миллиондаған қаражатты игере алмай, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп қалады. Бұл үрдіс жылда қайталанса да сабақ алған шенеунік жоқ. Жұмсалмаған қаржы үшін жауаптылар ары кетсе ескерту алады. Осының бәрін ескерген Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев қолда бар ақшаны ұқсата алмаған министр, әкімдер мен олардың орынбасарларына қатысты қылмыстық іс қозғау туралы талап қойды. «Бір де бір мемлекеттік басшы, бірінші басшы жауапкершілікке тартыла қойған жоқ. Сондықтан қылмыстық кодекске өзгеріс енгізу керек. Сөйтіп бюджет ақшасын шашатындарды қатал жазалау керек», – деген болатын Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев.

Қаржы министрі қатал болса...

Бұрындары шенеуніктер өзінен жоғары лауазымды тұлғалардан «қылқылдап, қаржы сұрай берме» деген сарындағы ескерту алады деп еститінбіз. Қазір министрлер мен әкімдер «бөлінген қаражатты неге игере алмадың?» деген ұрыс еститін сияқты. Ал Қаржы министрі ұсынған «бюджет қаржысын игере алмағандарды жауапкершілікке тарту» мәселесі бұған дейін де сөз болған. 2013 жылдың қыркүйек айында бюджет қаржысын игеру нәтижелері жөніндегі Үкімет отырысында қаржы игермеген лауазымды тұлғаларды жазалау туралы ұсыныс енгізу тапсырылып, бірқатар шенеуніктер сөгіс алған болатын. Ресми деректерге жүгінсек, 2006 жылы елімізде – 19,3 миллиард теңге, 2007 жылы – 26,3 миллиард теңге, ал 2008 жылы 13,1 миллиард теңге бюджет қаржысы игерілмей қалған. Одан кейінгі жылдарда да талай рет бюджеттік қаржы толық игерілмеген. 2015 жылы 7 триллиондық бюджетте 7,8 миллиард теңге игерілмей қалды. Бұл 2014 жылға қарағанда 4 есеге аз. Бірақ бұл мақтанарлық жайт емес. Ал 2016 жылы 146 миллиард теңге бюджет қаржысы пайдаланылмаған. Ол кезде 36 миллиард теңгенің дәлелді себептермен игерілмегендігі айтылған еді. Олардың ішіндегі ең ірісі – Қорғаныс министрлігінің еншілігіне бөлінген 29 миллиард теңге. Ақша Ресеймен жасалған келісімнің бұзылуына байланысты пайдаланылмай қалып қойған. Делдалдар Қазақстан сатып алмақ болған ұшақтың бағасын тым көтеріп жібергендіктен, Қорғаныс министрлігі ұшақтардан бас тартқан еді. Ал өзге министрліктердің бәрінде келісімшарттың орындалмауы, тендердің уақытында жасалмауы сынды құлағымыз әбден үйренген «себептер». Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі – 1,2 миллиард, Білім және ғылым министрлігі – 1 миллиард, Сыртқы істер министрлігі – 920,2 миллион, Ауыл шаруашылығы министрлігі – 870,2 миллион, Әділет министрлігі – 759 миллион теңгені игере алмапты. Сондықтан 2016 жылы барлық деңгейдегі 53 лауазымдық тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 2016 жылы тек қана «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша елімізде 2 миллиард теңгеден астам қаржы мақсатты жұмсалмағаны анықталды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына трансферттер бойынша берілген қаржыны игере алмағандардың басында Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облысы тұр. Негізінен, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2016 жылы 739 миллиард теңге бөлінген болатын. 105 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Дәл осы жағдайдан кейін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев «бөлінген қаржыны игере алмаған әкімдерге бұдан былай ақша бермеңдер» деп қатаң тапсырған болатын. Ал игерілмеген теңгелерді бюджетке қайтарамыз деген атқамінерлерге, «мәселе қайтаруда емес, заң аясында жұмыс істесеңдер сендерге ешкім тиіспес еді» деп Үкімет басшысының қатаң ескерткені көптің есінде болар. Мұндай ескертулерді аймақ әкімдері жыл сайын, тіпті Үкіметтің әрбір отырысында естіп келеді. Дегенмен баяғы жартас – сол жартас. Биыл да Қаржы министрі қаржының толық игерілмегенін хабарлады. Өткен жылдың соңына таман Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та бюджет қаржысының игерілмеуіне қатысты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің жұмыстарын сынға алды. «Біздің осы бағыттағы жұмысымызды Мемлекет басшысы мен Үкімет қатаң бақылауға алған. Осыған сәйкес біз бюджет қаражатын игеру мәселесін тұрақты түрде ай сайын қарап, талқылаймыз. Алайда қаржы басқармасының жасаған баяндамасына сәйкес, облыстық басқармалардың және аудан, қала әкімдерінің бюджет қаражатын игеру бағытындағы жұмыстары төменгі деңгейде болып отыр. Сонымен қатар, былтырдан бері бюджет қаражатын игеру бойынша берілген тапсырмалар орындалмағаны белгілі болды. Осы ретте, бірқатар облыстық басқарма басшыларының және аудан, қала әкімдерінің бюджет қаражатын игеру бойынша жұмыстарына қанағаттанарлықсыз деген баға беремін», – деді Жансейіт Түймебаев. Нақты деректерге көз салсақ, 2017 жылғы 9 айдың ішінде облыстық басқармалар бойынша 209,6 миллион теңге, аудан, қалаларда 559,4 миллион теңге қаржы игерілмей қалыпты.

Игерілмеген қаржы үшін кім жауапты?

Қомақты қаржыны бөлдіріп алып, оны мақсатты түрде жұмсамау – қылмыс. Сондықтан лауазымды тұлғалар Үкіметтен қажетті ақшаны сұрамас бұрын сол қаржыны игеруге деген ішкі мүмкіндіктерді бір саралап алуы қажет емес пе?! Әлін білмеген шенділер шаруасының шикілігінен мемлекеттік ауқымды бағдарламалар аяқсыз қалып жатыр. Мұны да Үкімет басшысы үнемі ескертіп келеді. Бірақ оның нәтижесі қандай? Бюджеттен бөлінген қомақты қаражат уақытында жұмсалмағандықтан аймақтардағы жол, мектеп, баспана мен аурухана, балабақшалардың құрылысы созылып кетіп жатқандығы айтпаса да түсінікті. Сусыз, жолсыз, жарықсыз отырған елді мекендер қаншама?! Сонда да елімізді дамытуға бағытталған миллиардтаған теңге жыл сайын игерілмей қалуда. Министрлер мен әкімдер, басқарма басшылары тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін бөлінген қыруар қаржыны тиімді жұмсамайды. Ел экономикасының өрге басуы бірінші кезекте қаржыға байланысты. Шенеуніктер «қазына қаржысын пайдаландық» деп есеп беруден жаңылмайды. Ал іс жүзінде жылдың соңына қарай әлеуметтік нысандардың мүлдем салынбағандығы, басталған талай шаруаның аяқсыз қалғандығы жария болады. Ауруханалар жыл сайын дәрі-дәрмекті артығымен алып, қоймаларда босқа сақтағаны да осы бюджет қаржысының игерілмегендігінен орын алуда. Шаруаға ебі жоқ шенеуніктердің кесірінен қаншама адам баспанаға қол жеткізе алмай, пәтерден-пәтерге көшіп жүр. Мұның бәріне қазынадан қаржы бөлініп-ақ жатыр. Ал жауапты тұлғалардың өз қызметтеріне немқұрайлылық танытқанының зардабын қарапайым халық тартады. Қазақстандықтардың игілігі үшін қазынадан шыққан қыруар қаражатты халықтың кәдесіне жарату басты міндет емес пе? Бірақ бөлінген бюджет ақшасын игере алмау, қала берді қазына қаржысын жымқыру әр жыл сайын қайталанатын жайт. Есеп комитеті тексерісінен кейін еліміздегі көптеген сала, сансыз мекеме мемлекет қаржысын дұрыс пайдаланбайтын болып шығады. Біреуі бөлінген ақшаны игермесе, екіншісі мақсатсыз жұмсайды. Игерілмеген бюджет қаржысына қатысты Үкіметтің үдеретініндей-ақ бар. Өйткені қазына қаражатының игерілмеуінің салдары тікелей халыққа әсер етуде. Бұл – жылу, жарық, су жүйелері немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысын жүргізуге бөлінген ақша. Бөлінген қаржы діттеген жеріне жетіп жатқан жоқ. Орындалмаған жұмыстың, жұмсалмаған қаржының соңы не болады?! Қашанғы қарапайым халық шенділердің жауапсыздығы мен кәсіби жұмыс жүргізе алмайтындығының зардабын тартып жүре бермек? Бөлінген ақшаны жұрттың игілігіне жарата алмайтын, тіпті қазына қаржысын жымқырудан да жалтармайтын жандар неге жылы орындарынан шеттетілмейді? Мемлекеттен бөлінген миллиардтарды мақсатты түрде жұмсай алмайтын басшылар жұрт бетіне қалай қарайды? Жүзеге аспай қалған жоспар үшін жоғарыдағылар аймақтар мен аудандардағы басшыларды төмпештейтіні біз айтпасақ та белгілі. Ал жоғары шенділердің қаржыны дұрыс жоспарлай алмағанына неге төмендегілер жауапты болуы тиіс? Сауал көп, жауап жоқ...