Ақылды балаларға – айтулы мектеп

Ақылды балаларға – айтулы мектеп

Ақылды балаларға – айтулы мектеп
ашық дереккөзі
  Кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі сол елдің білім жүйесі мен азаматтарының білім дәрежесіне байланысты екенін бүгінгі әлемдік тәжірибе де дәлелдеп отыр. Білім беру ісі әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енгізуде басты құрал. Өзіндік ой-пікірі бар, жан-жақты дамыған, білімді де білікті тұлғаны дайындап, тәрбиелеу – қоғамдық міндет. Себебі ел тұтқасын білімді ұрпақ ұстаған шақта ғана өркениет алға дамымақ. Бұл ретте бүгінгі мектеп оқушысының білімі мен тәрбиесі маңызды мәселе. Елбасының «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан, ұстаздарға жүктелетін міндет ауыр» деуі де тегін емес. Отандық білім сапасының дәрежесін халықаралық деңгейге жеткізу үшін ең алдымен еліміздегі білім беретін орта білім ошақтары мен білім ордалары талапқа сай болуы керек.

Астана – оқушылар қаласы

Көпшілікті қуантқан бір жағдай – мектеп табалдырығын аттаған балалардың көптігі. Балалар санының артқандығы Қазақстан демографиясының дамып жатқандығының көрсеткіші екені айтпаса да түсінікті болар. Биылғы оқу жылында 380 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10,5 мыңға артық. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылы 369 мың, 2015 жылы 336 мың бала мектеп табалдырығын аттаған. Әсіресе, елордамыз Астана қаласында мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер саны рекордтық көрсеткішке жетті. Жаңа оқу жылында Астана мектептеріне 22 мың оқушы бірінші сыныпқа қабылданды. Жалпы, Астана қаласында әр оқу жылында мектепке барар балалар саны 10-15 мыңға көбейіп отырады. 2010-2011 жылдары Астана мектептерінде 74 мың бала оқыса, биылғы оқу жылында елорда мектептерінде 145 мың оқушы білім алмақ. Бұған бала туу көрсеткішінің артуы мен Астанаға көшіп келетін отбасылар қатарының көбеюі әсер етіп отыр. Ал Қарағанды облысында мектеп табалдырығын алғаш аттағандар саны бас қаладан асып түсті. Мұнда 27 мың балдырған бірінші рет партаға жайғасса, Ақтөбе облысында 16 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданды. Халық саны көп Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы оқу жылында 73 мың балдырған бірінші сыныпқа барды. Алматы облысында 49 мың бүлдіршін білім жолындағы алғашқы баспалдағына аяқ басса, Алматы қаласында 26 мыңнан астам балақай бірінші сынып оқушысы атанды. Сонымен бірге, Солтүстік Қазақстан облысында 9,5 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Бір қуантатыны, жыл сайын мектепке баратын балалар саның артып келе жатқандығы. Бірақ оқушы санының көбеюі мектептердегі орын жетіспеушілігіне себеп болып отыр. Міне, жыл санап елімізде демографиялық тұрғыдан мектеп жасындағы бала саны артып келе жатқанымен, оларға жағдай жасап, заман талабына сай жабдықталған білім ошақтарымен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз өкінішті-ақ. Қыркүйек айында білім саласының басшылары осы балаларды мектептерге сыйдыра алмай әуреге түскені де жасырын емес. Орта есеппен алғанда әр өңірде мектеп табалдырығын аттайтын балалар саны жылына 10-15 мыңға артып отырады екен. Демек, мектептердің санын арттыру кезек күттірмейтін мәселе. Егер бұл түйткіл өз уақытында шешімін таппаса, алдағы оқу жылдарында жағдай қиындай бермек. Қазірдің өзінде алып шаһарларда бір сыныпта 40-50 балаға дейін оқытып жатқан мектептер бар. Оқу жылының басында олай етпеске амал да болмады емес пе?! Бұл туралы мұғалімдердің тамыз конференциясында елордалық ұстаздар дабыл қаққаны көзіқарақты оқырманның есінде болар.

Мектеп –  мемлекеттің негізі

2017-2018 оқу жылының басындағы деректерге сүйенсек, елімізде 7100 мемлекеттік және 112 жеке мектеп бар. Мемлекеттік білім ордаларының 2110-ы – бір ауысымда, 4863-і – екі ауысымда, 127 мектеп – үш ауысымда білім береді. Биыл 75 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланса, соның 35-і 2 қыркүйек күні оқушыларға есігін айқара ашты. Бұдан бөлек 300 мектепке күрделі жөндеу, ал 410 мектепке ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Білім беру инфрақұрылымын дамыту» бағыты бойынша осы жылы Ұлттық қордан барлығы 80 млрд теңге бөлінді. Тарқатып айтар болсақ, 2016 жылы басталған 53 мектептің құрылысына 26,5 млрд теңге, 56 жаңа мектептің құрылысын бастауға 45,2 млрд теңге, Алматы қаласының 17 мектебінде сейсмикалық күшейту жүргізуге 8 млрд теңге қарастырылған. Мектеп тапшылығын жойып, оқушылардың білім ошақтарында емін-еркін әрі сапалы білім алуы үшін мемлекет тарапынан қолдан келгенше көмек көрсетіліп, жағдай жасалып жатыр. Бұл сөзімізге жоғарыда келтірген сандық деректер дәлел. Мәселен, мемлекет қолдауының арқасында биылғы жылы Алматы облысының халқы тығыз орналасқан Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Панфилов және Райымбек аудандарында жалпы саны 24 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Білім күнінде Оңтүстік Қазақстан облысында құрылыс жұмыстары аяқталған жаңа 20 мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Ал оның алтауы жаңадан ашылып, өңірдегі орта мектептің саны 1027-ге жетіп отыр. Сондай-ақ, өңірде 7 жеке меншік мектеп жұмыс істейді. Жыл соңына дейін 9 білім беру нысаны ел игілігіне беріліп, өңірдегі 8 апатты және 12 үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілуі қажет. Ал қалған 23 мектептің құрылысы 2018-2019 жылдары жүргізіліп, апатты және үш ауысымды білім нысандарының мәселесі түбегейлі шешімін таппақ. Ал ел игілігіне берілген білім мекемелерінің 15-і «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша салынса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен жүргізілген. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шәкірттерге тағы бір жаңа мектептің есігі айқара ашылды. Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында заман талабына сай жабдықталған жаңа 1200 орындық мектеп пайдалануға берілді. №130 жалпы орта мектебінің ашылу салтанатына қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев: «Білімнің деңгейін көтеру үшін мектептің сапасы жақсы болуы керек. Бұл осындай қағидатпен салынған білім ұясы. Балалар салауатты өмір салтын ұстану үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда 3 бірдей спорт залы бар. Сондай-ақ, мектепте тігін, ағаш ұстасы сынды түрлі үйірмелердің жұмыс жасауына мүмкіндік мол. Яғни, мұнда білім алған оқушы әмбебап болып қалыптасады. Мұның барлығы Елбасы саясатының нәтижесі», – деді. Жалпы, биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша елімізде 53 мектеп пайдалануға берілді. «Үш ауысымдағы және апатты мектептерді жою үшін биыл 112 мектепке Ұлттық қордан 72 миллиард теңге бөлінді. 56 мектептің құрылысы бұдан бұрын басталған, 56-сы жаңа мектеп. Жоспарланған 76 мектептің 53-і пайдалануға берілді. Қалған 23 мектепті жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланған», – деген болатын Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қазан айында өткен Үкімет отырысында.

Жаңа жүйеге әзірміз бе?

Биылғы оқу жылының басты жаңалықтарының бірі – үш тілде білім беру жүйесіне көшудің басталуы. Мемлекет басшысы үш тілде оқыту идеясын бірнеше жыл бұрын көтерген болатын. Содан бері оны енгізуге дайындық жұмыстары жүргізілді. Алдыңғы жылы «Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы» қабылданды. Қазіргі уақытта бұл жүйе еліміздегі біраз мектептерде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Үш тілді меңгеру – заман талабы. Бірақ елімізде дәл қазір балаларға үш тілде тәлім беретін мамандар дайын дей алмаймыз. Асығыстық жасап, балаларға кәсіби біліктілігі төмен мұғалімдер сабақ беріп жүрмесе болғаны. Себебі тіл білу үшін кемінде 4-5 жыл оқисың. Ал үш немесе тоғыз айда тілді меңгеріп кетеді деуге сену қиын. Бұл жүйеге үлкен дайындықпен, білікті мамандар дайындап, материалдық-техникалық базаны нығайтып келген дұрыс. Үш тілде білім беру жүйесіне Астана мен Алматы шаһарлары дайын екенін көрсетіп отыр. Назарбаев зияткерлік мектептерін айтпағанда, бұрынғы қазақ-түрік лицейлері, шет тілдерін тереңдетіп оқытатын арнайы мектептер қос мегаполисте де жетерлік. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу бағытында жұмыстар жалғасын табуда. 2013 жылдан бастап облыстағы 17 мамандандырылған дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарының 8-інде үш тілде білім берілуде. Қалған 9 білім ұйымдары кезең-кезеңімен үш тілде білім беруге мамандар даярлауда. Аталған білім беру ұйымдарында Cambridge University Press, Pearson Longman британдық баспаларының жаратылыстану пәндерінен ағылшын тіліндегі биология, физика, химия, информатика және математика оқулықтары Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартына сәйкестендіріліп, сараптамадан өткізілді. Сонымен қатар, облыс бойынша 2017-2018 оқу жылынан бастап Шымкент, Түркістан қалаларында, Шардара, Түлкібас аудандарында жаратылыстану бағытындағы кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытуға мүмкіндігі бар және қажетті жағдайлар жасалған 63 мектепте 211 сынып ашу жоспарлануда. Қалай десек те, 2017 жылы білім саласының біраз түйткілі талқыланды, шешімін тапқан мәселелер де жоқ емес. Бірақ жыл сайын қайталанатын мектеп тапшылығы мәселесі биыл да түпкілікті шешілмеді. Бұл түйткілдің түйінін тарқату тағы да келер жылдың еншісіне қалды.