Болашақтың бесігі – Астана

Болашақтың бесігі – Астана

Болашақтың бесігі – Астана
ашық дереккөзі
Келесі жылы Астанамыздың 20 жылдығы тойланбақ. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының елордасы - Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу туралы өкімге қол қойды.  Оған сәйкес, мерекені дайындау және өткізу мақсатында комиссия құрылып, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдерімен бірлесіп, іс-шаралар жоспары әзірленуі тиіс. «Ел жүрегі - Астана» жобасы аясында алдағы жылы Сарыарқа төсінде ұлан-асыр той болмақ.   Негізі, елорданы Астанаға көшіру туралы тарихи шешім 1997 жылы қабылданды. Ал ресми түрде әлем картасында пайда болған жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтіп, 6 шілде – Астана күні деп белгіленді. Жиырма жыл тарих беттерінде қас-қағым сәт болғанымен, еліміздің тарихындағы елеулі үлесі мен өзіндік орнын бекітті. Еуропа мен Азия арасындағы алтын дәлізде орналасқан жаңа Астананың саяси-экономикалық маңызы еселене түсті. Астана әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелер талқыланатын бірегей диалог алаңына айналды. Астана қаласы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық етуі кезінде жоғары деңгейдегі меймандарды өз төріне жинады. 2018 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететін болады. Міне, осы төрағалықта Астана ұлттар мен этностардың, мемлекеттер мен көшбасшыларды ұйыстыратын, береке-бірлікке шақыратын алаң статусын тағы да дәлелдемек. Елордада бұған дейін де әлемдік қауіпсіздік мәселелері көтеріліп, әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен көшбасшылардың басын қосты. Атап айтқанда, Сирия мәселесі бойынша келіссөздер Астанада әлі де өткізілуде. «Осында, ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуаты іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар», – деген еді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған құттықтауында. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі. Астана – Азияның ең солтүстігінде орналасқан елорда. Бүгінде Астана халқы миллионнан асып жығылады. Астананы әлемнің 50 ақылды қаласының қатарына қосу жоспары қойылған. Елордада Смарт-сити жобасы және Сергек бейнебақылау камералары орнатылып, қаланың тазалығы мен тәртібін қадағалауда елеулі үлес қосуда. Ақылды үйлер мен бағдаршамдар да қаланың ақылды қалалар қатарына қосылуына септігін тигізуде. Ең бастысы, астанамыз мұз қалашықтарымен танымал. Биыл Астанада 3 мұз қалашығы мен Астаналық саябақ аумағында қысқы ойын-сауық бағы ашылды. Осы жылы негізгі және ең үлкен мұз қалашығы «ЭКСПО» көрмесінің аумағында, мұз айдынын безендірудің негізгі тұжырымдамасы ретінде «ЭКСПО-2017: Болашақ энергиясы» көрмесі таңдалған. Сондай-ақ, дүниежүзілік көрмелер тарихындағы анағұрлым танымал  сәулеттік символдар бойынша өзіндік тур өткізілмек. Бұдан басқа, қалашықта мұздан жасалған шырша композициялары, Дисней лэнд сарайы мен футуристік стильде орындалған мұз мұнаралар, сонымен қатар, түрлі-түсті мұздан Аяз Ата мен Ақшақардың мүсіндері мен түрлі жарық-иллюминациялық шағын архитектуралық пішіндер жасалған. Сәні мен сәулеті келіскен Астананы алыстан іздеп келетін туристер санында шек жоқ. Биыл елорданы көруге 3 миллионнан астам турист келген. Астананың жиырма жылдығы қарсаңында ұйымдастырылатын мерекелік шараларды тамашалап, Астананың туған күнін тойлауға елдің түкпір-түкпірінен отандастарымыз бен Астана шаһарын бір көруге құмартқан шетелдіктер көптеп келуі мүмкін.