АҚШ-та "ИМ-ге болыспақ болған" қазақстандық сотталды

АҚШ-та "ИМ-ге болыспақ болған" қазақстандық сотталды

АҚШ-та "ИМ-ге болыспақ болған" қазақстандық сотталды
ашық дереккөзі
Нью-Йорктің Бруклин федералдық соты Қазақстан азаматы, Нью-Йоркте тұратын Ахрор Сайдахметовті «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымына материалдық көмек көрсетпек болып, астыртын сөз байласты деп айыптап, 15 жылға соттады. АҚШ әділет министрлігінің хабарлауынша, Сайдахметовке үкім 20 желтоқсан күні шыққан. «Ахрор Сайдахметов ИМ атынан жиһадқа қатысуға Сирияға бармақ болғаны, Сирияға жете алмаған жағдайда АҚШ-та құқық қорғау қызметкерлерін өлтіруді мақсат еткені үшін жауапқа тартылып отыр» деп мәлімдеді Нью-Йорктің Шығыс округінің прокуроры міндетін атқарушы Бриджит М.Роде сот процесінде. 21 жастағы Ахрор Сайдахметов 2015 жылы ақпанда Нью-Йорк әуежайында ұсталған. АҚШ билігінің мәліметінше, Сайдахметов Түркияға баратын рейске отырып, одан ары Сирияға кетпек болған. АҚШ әділет министрлігі биыл 19 қаңтарда Сайдахметов айыбын мойындағанын мәлімдеген. АҚШ-та бұл іс бойынша Өзбекстанның үш азаматы сотталып жатыр. АҚШ билігі оларға АҚШ тұрғындарын ИМ-ге қосу мақсатымен Сирияға жөнелтпек болып ақша жинаған деген айып таққан. Әділет министрлігі Ахрор Сайдахметов жазасын өтеген соң АҚШ-тан шығарылатынын айтады.