Түркияға пойызбен Қазақстанның астығы жеткізілді

Түркияға пойызбен Қазақстанның астығы жеткізілді

Түркияға пойызбен Қазақстанның астығы жеткізілді
ашық дереккөзі

Түркияға Қазақстаннан пойызбен астық жеткізілді. Мерсинге астықтың алғашқы бөлігін жеткізген отарба елімізге қайтып келе жатыр. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіхабарлады. 

28 қарашада «KTZ Express» АҚ контейнерлік пойызы Мерсиннен (Түркия) кері қарай жолға шықты. Ол Мерсинге Көкшетау станциясынан аттанған еді.

Бұған дейін хабарланғандай, қараша айының басында Қазақстанның Көкшетау станциясынан «ҚТЖ» ҰК» АҚ иелігіндегі отыз 20 футтық контейнерлік пойыз Мерсинге жолға шыққан болатын.

Пойыз 5435 шақырымды он күнде жүріп өтті. Құрық порты арқылы Каспий теңізінің Алят портына жетіп, одан ары қарай Баку-Тбилиси-Карс темір жолымен жүріп, Грузиядан Түркияға қарай «Ахалкалаки - Карс» бағдарымен кең табанды жолдан тар табанды жолға ауыстырылды.

Мерсиннен Қазақстан аумағы арқылы Әзербайжан, Түрікменстанға бет түзеген пойызды шығарып салу салтанатына Мерсин қаласының губернаторы, Түрік теміржолының басшылығы, кеден органдары мен көлік компанияларының өкілдері қатысты.

Салтанатты шараға қатысушылар Транскаспий халықаралық бағдарының маңызы зор екендігін атап өтті. Олар Қазақстан аумағы арқылы Қытайға түрік тауарларын жіберудің мүмкіндігін қарастыруда.

«Мультимодальдық кешенді қызметке сұраныс артып келеді. Себебі бұл бағдардың басымдығы сонда, жүкті он күн ішінде жеткізуге болады. Әрі тасымалдау да арзанға түседі», - дейді «KTZ Express» АҚ өкілі Н. Алпысбеков.