Алматы-Шу: екінші жол учаскесі ашылды

Алматы-Шу: екінші жол учаскесі ашылды

Алматы-Шу:  екінші жол учаскесі ашылды
ашық дереккөзі
Жол – экономиканың күретамыры. Бұл кез келген мемлекеттің алдында тұрған басты қағида. Соңғы жылдары елімізде жол жөндеу, салу жұмысына айтарлықтай көңіл бөлінуде. Таяу күндері Алматы – Шу бағытындағы екінші жол пайдалануға берілді. Алматы – Шу теміржол желісінің екінші учаскесінің құрылысы мен теміржол үстінен Алматы – Шамалған автокөлік даңғылы қатар ашылды. Жоба мемлекет басшысының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Ақсеңгір станциясында өткен  салтанатты шараға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, көлік қызметкерлері мен ардагерлері, құрылыс компанияларының өкілдері қатысты. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев Алматы-Шу екінші теміржол учаскесі құрылысының аяқталуымен құттықтап, жаңа жолдың трансқазақстандық жаңа бағдарларды дамытуға мүмкіндік ашатынын, сонымен қатар пойыздар қозғалысын жеделдетіп, өңірлердің коммуникациялық байланысын одан әрі арттыратынына тоқталып өтті. «Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы трансқұрылықтық тасымалдауды белсенді дамытып жатыр, соған орай жаңа инфрақұрылымды жасақтау мен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жүктерді жеткізу мерзімі қысқартылуда», – деді ол. Алматы – Шу темір жол учаскесі еліміздің көлік жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Ұзындығы 113 шақырымдық екінші теміржол учаскесі екі жыл ішінде салынып біткен. Осы уақыт ішінде қомақты құрылыс жұмыстары орындалып,16 станция жаңғыртылды. 13 көпір мен жол өткелдері салынып, 156 шақырымға электр желісі тартылды және басқа да өндірістік инфрақұрылымдық нысандары тұрғызылды. Екінші теміржол учаскесін іске қосу желінің аса қарқынды учаскелерінің өткізу қабілетін 4 есеге артыратын болады. Сонымен қатар 1,7 шақырымдық Елтай-Мерей жаңа автокөлік жолы салынып, Елтай кентінен ұзындығы 740 метр болатын жол өткелі ашылды. Осылайша әлеуметтік жоспар мәселесі шешіліп, енді Елтай кенті, Береке, Екпінді, Жетісу, жалпы Қарасай ауданы елді мекендерінің тұрғындары теміржолды кесіп өтуде қиналмайтын болды. Бұл өткел екі теміржол айырығының кептелісін азайтып, автожол арқылы тәулігіне 17 мың көліктің өтуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, салтанатты шараның соңында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, көлік саласының ардагері Қалтай  Сәмбетов, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, «Халық қаһарманы» Тоқтар Әубәкіров, «ҚТЖ» ҰК» АҚ президентінің кеңесшісі Фарит Галимов Ақсеңгір стансасынан аттанған Қытай-Еуропа транзиттік контейнерлік пойызы мен «Тұлпар-Тальго» жүрдек жолаушылар пойызына сәт-сапар тіледі.