Ел жатса да ерінбей еңбек еткен

Ел жатса да ерінбей еңбек еткен

Ел жатса да ерінбей еңбек еткен
ашық дереккөзі
Бұдан былай еліміздің 10 министрлігінде жұмыс уақытынан артық жұмыс істеген қызметкерлердің компьютерлері автоматты түрде сөндіріледі. Мұндай жүйенің енгізілуіне көп мекемелерде ҚР Еңбек кодексі талаптарының өрескел бұзылуы себеп. Басшылықтың тапсырмасынан бас көтермей, үйлеріне түн ортасында сүйретіліп әрең қайтатын мемлекеттік қызметкерлер енді жұмыста ұзақ бөгелмейтін болады. Жұмыс уақытынан тыс еңбек етуге қарсы күресу үшін енгізілген жаңа жүйе туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады. «Мемлекеттік қызметшілердің артық істелген жұмыс уақытын қысқарту мақсатында бірқатар мемлекеттік органда (әділет, дін істері және азаматтық қоғам, денсаулық сақтау, сыртқы істер, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, инвестициялар және даму, энергетика министрліктерінде) жұмыс уақыты біткен соң компьютерлерді, Бірыңғай электронды құжат айналымы жүйесін автоматты сөндіру жүйесі енгізілді», – деп мәлімдеді агенттік өкілдері. Ведомствоны мұндай қадамға жуырда жүргізілген мониторинг нәтижелері итермелеген. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік топ мүшелері анықтаған деректерге сүйенсек, 2017 жылдың тоғыз айы ішінде жұмыстан тыс еңбек еткен мемлекеттік қызметшіге демалыс күндерін беру немесе өтемақы төлеу бойынша заң талаптарын орындамаудың 306 фактісі анықталыпты. Осы істер бойынша 335 лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Агенттіктің департамент директоры Равиль Төлебаевтың айтуынша, заң бойынша қызметкерлер басшыларының арнайы бұйрығы болғанда ғана жұмыс уақытынан тыс қызмет орнында қала алады. Оның өзінде оларға екі сағаттан артық жұмыс істетуге заң бойынша ешкімнің құқы жоқ. Сәйкесінше, оған қосымша ақы төленуі керек немесе ол уақыт демалыс күндерін беру арқылы өтелуі тиіс. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тағы бір дерегіне қарағанда, мемлекеттік органдар арасында Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде уақытынан тыс жұмыс істеу фактілері жиі ұшырасады екен. Яғни бұл ведомстволардағы қызметкерлер жұмыс орындарында шамамен алғанда екі сағаттан астам уақыт артық отыратын көрінеді. Тіпті түннің бір уағына дейін қызметтік бөлмелерінің шамдарын жарқыратып, жұмыс істейтіндері де анықталған. Бұл қызметкерлердің жұмыс уақыты бітсе де үйге қайтпай, ел жатқанша еңбек етуі олардың мемлекет ісіне қалтқысыз берілгендігінен дегенге сену қиын. Шындығында олардың көпшілігі басшыларының талап етуімен жұмыс орнында ұзақ бөгелуге мәжбүр болады. Еліміздегі мемлекеттік мекемелердің көбінде кездесетін бұл жайт жуырда Мәжілісте өткен үкімет сағатында да қаузалды. Халық қалаулысы Ирина Смирнова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы Тамара Дүйсеновадан бюджеттік мекеме қызметкерлерінің түнге дейін жұмыс істеуіне қатысты не ойлайтынын сұрады. «Соңғы уақытта бюджеттік ұйымдарда таңғы сегізден түнге дейін жұмыс істеу тәжірибесі қалыптасып отыр. Ресми түрде жұмыс күнінің сағат 18.00-де аяқталатынының еш мәні жоқ. Әрі жұмыс уақытынан тыс еңбек үшін қосымша ақы қарастырылмаған. Осылайша, жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмаған жетекші өзінің өкілеттігін асыра отырып, шенеуніктер мен қызметкерлерді жұмыста ұстап қана қоймай, басшы олардың ата-ана екенін ұмытады. Жұмысты осылай ұйымдастыруға сіздің көзқарасыңыз қандай? Қарамағындағылардың құқығын бұзатын басшының жауапкершілігі қандай?», – деді депутат. ҚР Еңбек кодексі ережелерінің қатаң сақталуын қадағалап, елдегі еңбек етуші қауымның құқығы бұзылмауына жауапты бола тұра, жұмыс уақытынан артық еңбек ету деректері бойынша көш бастап тұрған ведомствоның басшысы Т.Дүйсенова И.Смирнованың сұрағына мардымды жауап бере қойған жоқ. «Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс уақыты апта ішінде 40 сағат, күніне 8 сағат болып бекітілген. Егер үстеме жұмыс болса, тәулігіне 2 сағат, айына 12 және жылына 120 сағаттан аспауы тиіс. Бұл ретте үстеме жұмысқа қызметкердің жазбаша түрдегі келісімі бойынша ғана тартуға болады», – деді министр. Қызметкерлерінің құқығын бұзған басшыларға қандай шара қолданылатынын тарқатып бермеді. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкер еңбек тәртібін сақтауға міндетті. Өз кезегінде жұмыс беруші еңбек заңнамалары талаптарын, келісімдерді, ұжымдық және еңбек келісімшарттарын сақтауға және қызметкерді еңбек жағдайымен қамтамасыз етуге міндетті. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер үшін екі күндік демалысты қосқанда бес күндік жұмыс аптасы белгіленген. Еңбек заңнамаларын бұзған тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады. Мәселен, егер жұмыс беруші өзінің қызметшілеріне қатысты еңбек құқықтарын бұзса, ол қызметкерлер немесе олардың сенімді өкілдері еңбек инспекциясы басқармасының көмегіне жүгіне алады. Еңбек инспекциясы берілген арыз негізінде ұйымға тексеру жүргізеді, құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, ҚР заңнамасы бойынша шаралар қолданылатын болады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 87-бабы 3-бөлімінде көзделген мерзімнен тыс жұмыс еңбекақысын төлеу бойынша Қазақстан Республикасының еңбек заңнамаларының талаптары бұзылған жағдайда, сондай-ақ, мерекелік немесе демалыс күндеріндегі жұмыс және түнгі уақыттағы жұмыс еңбекақысын төлеу бойынша 30-дан 120-ға дейін АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл төлеу түрінде жауапкершілікке тарту қарастырылған. Аталған құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған жағдайда, 60-тан 150-ге дейін АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынады.

 Демалыссыз жұмыс  денсаулыққа зиян

Биік мінберлерде бұрын талқыланбағанымен, мемлекеттік мекемелерде жұмыстан тыс уақытта еңбек ету мәселесі баяғыдан бар екенін айта кеткен жөн. Мемлекеттік қызметшілер, әсіресе жастар құқықтарының тапталып жүргенін ашық айтпайды. Өйткені басшылыққа жақпай қаламын, жұмыстан айырыламын деп қорқады. Кезінде бұл мәселені алғашқылардың бірі болып Мәжіліс депутаты Жақып Асанов мырза көтерген еді: «Қазақстанда министрліктер мен ведомстволардың таңғы сағат 9-дан кешкі 9-ға дейін жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілері жүрек-қан тамырлары, диабет, қан қысымының көтерілуі сияқты дерттерге жиі шалдығады. Экономика министрлігі қызметкері аптасына бес күн қатарынан әрі тәуліктеп, кейде сенбі күні кешкі сағат 6-ға дейін, тіпті түнгі 12-ге дейін жұмыста отырады. Мұндай режимде жұмыс істеген адамның спорт залға барып шұғылдануы екіталай, өйткені оған ақшасы да (жалақысының жартысын министрлік асханасында қалдырады), уақыты да жоқ. Shell компаниясы қызметкері таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істеп, WorldClass фитнес-орталығына бара алады, оның жылдық абонементін компания төлейді. Ал пекиндік мекеме қызметкерлері таңғы сағат 8-ден кешкі 5-ке дейін жұмыста болып, үзілісте әріптестерімен бірге музыка қойып, жаттығу жасайды. Нәтижесінде көңіл-күйі жақсарып, жұмысқа қабілеті артады», – деген еді ол. Дәрігерлер де аптасына 40 сағаттан артық жұмыс істеу адамды түрлі ауруларға душар ететінін ескертуден шаршаған емес. Ұзақ уақыт демалыссыз еңбек ету, әсіресе, нәзік жандылардың денсаулығы мен жүйке-жүйесіне зор ауыртпашылық түсіреді. Жақсы демалмаудың соңы ашуланшақтық пен ұмытшақтыққа әкеледі. Ең сорақысы, нормадан артық жұмыс істеген әйелдер мерзімінен бұрын босану, түсік тастау сияқты қауіпті жағдайларға душар болуы мүмкін. Ұлыбританиядағы Саутгемптон университетінің мамандары арнайы зерттеу нәтижесінде осындай қорытындыға келген. Еуропалық дәрігерлер аптасына 55 сағаттан артық жұмыс істеген адамның жүрек ауруларына шалдығу қаупі жоғары екенін айтады. European Heart Journal басылымында жарияланған зерттеу жұмысы көрсеткендей, аптасына 35-40 сағат жұмыс істейтіндерге қарағанда жұмыста ұзақ бөгелетіндердің 40 пайызы жүрек ауруларының зардабын тартатын көрінеді. Лондондағы университет колледжінің Эпидемиология департаментінің зерттеушілері профессор Мики Кивимакидің жетекшілігімен Швеция, Финляндия, Дания және Ұлыбританиядағы 85,5 мың адамды бақылауға алып, олар туралы мәліметтер 10 жыл бойы сараптамадан өткізіліп тұрған. Нәтижесінде аптасына 55 сағаттан аз жұмыс істеген 1000 адамның 12-сінде жүрек аурулары байқалса, 55 сағаттан артық жұмыс істегендердің 17-сінде жүрек аурулары кездескен. Сонымен қатар, бұл адамдарда жоғары қан қысымы байқалған. Жұмыс пен демалыс уақытының тепе-теңдігі бұзылған жандардың семіздік пен қант диабетіне шалдығу қаупі де жоғары екені анықталған. Қызметкердің құқығын ғана емес, денсаулығын да бұзатын нормадан артық еңбек сайып келгенде мекеме басшысының жұмыс процесін дұрыс ұйымдастыра алмауының нәтижесі. Сондықтан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызметте «Time-management» жүйесінің енгізілуіне байланысты ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесе жұмыс істеуде. Биыл «Time-management» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және оларды қайта дайындау аясында басшы лауазымында жұмыс істейтін 300 қызметші оқыған. Жұмыстың тәртібін дұрыс ұйымдастыруды, өзінің де, қарамағындағылардың да уақытын ысырап етпеуді үйренген сол басшылар алған білімін тәжірибеде тиімді қолдана білсе игі.