«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»: Озықтан үйрен, тозықтан жирен

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»: Озықтан үйрен, тозықтан жирен

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»:  Озықтан үйрен, тозықтан жирен
ашық дереккөзі
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз», – деген еді. Елбасының тапсырмасымен қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы аясында Ұлттық аударма бюросы құрылды. Бүгінде бұл коммерциялық емес ұйым жобаның бастапқы кезеңіне білек сыбана кірісіп, желтоқсан айына дейін 17 оқулықты аударып, беттеп, арнайы сайтта жариялайды.   «Түркістан» газетінің «Алдаспан» пікірсайыс алаңына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан құрылған «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Кенжехан Матыжанов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті, философия кафедрасының меңгерушісі Гүлжиһан Нұрышева, «Қазақ университеті» баспа үйінің редакторы Ағила Шуриева, Ұлттық аударма бюросының баспасөз хатшысы Назгүл Қожабекова, заңгер, журналист, аудармашы Ерболат Қошқарбаев, блогер Мәулен Жанболат қатысып, пікір алмасты. Жаңабек Шағатай: Біз, қазақтар, кеңқолтықтау, өзгешелеу халықпыз ғой. Әйтеуір өз кезеңіміз, ғасырымызға сай болған кезіміз аз сияқты. Жақсылығымыз да, көзге ұрған кемшілігіміз де шалшық бетінде қалқыған шарбыдай бірден көзге ұратыны тағы бар. Сондықтан да біздерді жөнді-жөнсіз сынайтындар жетерлік. Қазақ оқулықтары сапасыз, сын көтермейді дейтіндер де толып жүр. Бір таңданарлығы, осылай деп сынайтындардың көбісі қазақ тілін шала білетіндер немесе мүлдем мақұрымдар. Бұлай деуге адами, моральдық құқықтары бар ма, жоқ па, айыру мүмкін болмай кетті. Бәрі білгіш, бәрі кәнігі маман. Оқулық мәселесімен тікелей айналысып жүрген мамандар болғандықтан, «Алдаспан» пікірсайыс алаңына өздеріңізді арнайы шақырып отырмыз. Тағы бір ерекше қасиетіміз, өзіміз айтқан өтірікке өзіміздің сенетіндігіміз. Мәселен, «бұрындары әрбіріміздің қолымыздан кітап, газет түспеуші еді, көзіміз оқудан қарауытатын» деген өтірік-шыны белгісіздеу жайтты қайталаудан жалықпайтындар көп. Мақұл, солай-ақ болсын, бірақ кітап оқымайтын қоғам қайдан пайда болды? Тіпті, өткен ғасырдың 80-жылдарындағы статистикалық деректер «қолымыздан кітап түспейтіндігін» мүлдем жоққа шығарады емес пе? Мәселен, Қазақстан тұрғындары жұмсаған 1000 рублінің жеті рублі ғана кітап сатып алуға жұмсалған екен. Эстонияда әр адам жылына орта есеппен 10 кітап алса, бізде әрбір он тұрғынға бір кітап сатылған екен. Мейлі, өткенге – салауат, енді білімге, кітапқа құмар ұлт ретінде қалыптасуға тиіс екеніміз айқын. Онсыз болашақ жоқ. Қолға алынып отырған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының бұл істе пайдасы бар ма? Жоқ, кезекті бір науқан ба? Кенжехан Матыжанов: Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын дамыту мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан осыны жүзеге асыратын ғылыми-инновациялық «Рухани жаңғыру» атты орталық ашылған. Бұл орталық осы жұмыстарды жүйелеп, реттеп отыруға мұрындық болып отыр. Жалпы, бұл әңгіменің айтылғанына біраз уақыт болып қалды. Іс басталып кетті. Қазақта кез келген дүние «көш жүре түзеледі» делінеді ғой. Бірақ «көш жүре түзеледі» және көш жүрген сайын ішкі мәселелері шыға беретін көрінеді. Сондықтан бағдарламаның қазақ үшін, еліміз үшін маңызы өте зор. Қазақта «бақ – ауыс, ырыс – жұғыс» дейді. Бүгінде кез келген ұлт, халық әлемнен тыс өмір сүре алмайтын деңгейге жетті. Өйткені, болып жатқан жаңа технологиялық өзгерістер, интернет деген дүние бүкіл адамзатты бір арнаға тоғыстырып отыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған 100 оқулықты аудару мәсеселесі біздің рухани жаңғыруымыздың қозғаушы күші болады, соған серпін беретін және соны жүзеге асырудың тетігі болатын дүние. Жалпы, әлемдік мемлекеттердің ішінде мұндай арнайы бағдарламаны қабылдап, міндетіне алып, жүзеге асырып жатқаны сирек. Қазір бүкіл әлемде жекеменшіктік көзқарас басым. Басқа өркениетті елдерде мұны ауқатты адамдар жүзеге асырады. Сол сияқты әр жоғары оқу орны, білім мекемелері өздеріне қажетін алып, аударып, шығарып жатады. Ал біздің жағдайымызда мұндай бағдарламаны мемлекеттің қолдауынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Елбасы рухани жаңғыру деген салада не істейміз деген мәселеге келгенде білім мекемелеріндегі әлемнің ең озық технологиясын елге әкелу үшін мемлекеттік тұрғыдан қамқорлық жасауды қолға алды. Мұны аудармаға байланысты жүріп жатқан, туындаған мәселелер дәлелдеп отыр. Мәселен, бір кітаптың авторлық құқығын алу үшін кем дегенде 50 мың АҚШ доллар қажет екен. Ал 100 кітапты жеке мекеме аударса, ақшаның бәрі авторлық құқықты алуға кетпей ме? Егер авторлық құқығын алмай тұрып, аударсаңыз, ертең келіп: «Бұл менің интеллектуалдық меншігім» деуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік тұрғыдан шешу қолға алынды. Екіншіден, кітапты аударатын аудармашы жалдауға қаражат керек. Оның үстіне елімізде шет тілінен аударатын аудармашылардың үлкен тобы қалыптасқан жоқ. Ал ағылшын тілінен қазақ тіліне аударатын аудармашылар саусақпен санарлық. Оның өзін қазақ тіліне жатық, ғылыми тілде жеткізе алмай жатады. Бастапқы кезде «бұл қиын шаруа емес шығар», «оны бірден жүзеге асыруға болатын шығар» деген сияқты лепірме әуеннің болғаны рас. Биылдың өзінде Ұлттық аударма бюросының жетекшілігімен алғашқы 17 кітап аударылып жатыр. Ал сол 17 кітаптың өзіне келгенде қандай кітапты аударамыз деген мәселе шықты. Әркімнің пікірі әр түрлі. Әр пән оқытушысы өзінің аударып жүрген дүниесін тықпалауы мүмкін. Сондықтан 17 кітапты аударамыз деген пікірге келудің өзі оңай болған жоқ. Жоғары оқу орны оқытушыларынан 300-ден астам ұсыныс түсті. Соның ішінен ұлттық комиссия әзірге 17 оқулықты іріктеп алдық. Сөйтіп, авторлық құқығын алып, тізімді белгіледік. Енді оны қалай аударамыз деген мәселе кесе-көлденеңдеді. Осы тұрғыдан келгенде бізде аударманы жүргізу дәстүрі толық қалыптаспағаны белгілі болды. Әсіресе, аударма саласында кадрдың жоқтығы байқалды. Кеңес үкіметі кезінде аударманың негізгі дәстүрі қалыптасқан еді. Марксизм-ленинизм классиктерін аудару редакциясы болды. Бәрінің еңбегі қазақшаға аударылып, аударма саласында жақсы мамандар қалыптасты. Сосын көркем аударманы аудару да оң жолға қойылды. Қазір енді жаңа дүние келді. Оқулықты аударудың өзіндік ерекшелігі бар. Бұл – көркем аударма емес немесе әркімнің қалауы бойынша істейтін шаруа емес. Әр пәннің, әр ғылыми ортаның өзіне тән терминологиясы, ұғым-түсінігі, стилі бар. Байқап қарасақ, оқулықты аудару қиынның қиыны екен. Ал оны кім аударады дегенде еріксіз түрде жоғары оқу орнының осы пәннен дәріс беретін оқытушыларына назар түсті. Сондықтан оқулықты аударып жүрген негізгі аудармашылардың көбі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Жоғары оқу орындары қауымдастығы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университеті сынды алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары атсалысты. Соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия кафедрасының оқытушылары, экономика факультетінің мамандары аударуға кірісті. Қазір 17 кітап аударылып бітіп, редакциялық, беттеу жұмысы жүруде. Осы процестің кезінде де өзара түсініспеушілік туындады. Мәселен, аудармашының тілін әдебиетшілер онша жақтырмайды. Ал мамандар әдебиетшілерге «сендер ұғымды дәл бермейсіңдер. Көркем дүниеге кетіп қаласыңдар...» деген уәж айтады. Айналып келгенде, бір кітапты аудару жұмысы бірнеше сатыдан өтеді. Ағылшын тілінен аударылады, оны маман-редактор, әдеби редактор, сосын редактор және корректор қарайды. Құдай қаласа, желтоқсан айына дейін 17 кітаптың алғашқы нұсқасы қолға тиіп қалады. Жаңабек Шағатай: Аударылатын барлық 100 оқулықтың тізімі нақтыланды ма? Кенжехан Матыжанов: 100 оқулықты аудару ісі кезең-кезеңімен жүзеге асады. Биыл 17 оқулық аударылса, келесі жылғы саны да бекітіледі. Авторлық құқығы алынып, процесс жүріп жатыр. Енді қандай оқулық аударылады деген мәселе бойынша жоғары оқу орны оқытушылары ұсыныс білдіреді. Жалпы, оқулықты аудару ісіне қатысты өзіндік шарттар бар. Біріншіден, міндетті түрде әлемдегі танымал оқу орындарының дәрістерінде қолданылған болуы керек, кем дегенде үш-төрт рет қайта басылған, сондай-ақ, ең соңғы басылымы соңғы үш-төрт жылда жариялануы керек. Сол шартқа сай келетін оқулықты ұлттық комиссия бекітеді. Гүлжиһан Нұрышева: Біз философия саласы бойынша 211 беттік кітапты аудардық. Біз маусым айының соңында бастадық. Мұның басында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы тұр. Сол мақалада көптеген маңызды мәселе айтылды. Мысалы, Елбасы прагматизм болуы керек деді. Прагматизм – философияның бір бағыты. Пайдалы нәрсені ақиқат деп санайтын бағыт. Осы тұрғыдан алғанда мақалада нақты бағыттар анықталды. Соның ішінде гуманитарлық ғылымдарға деген ерекше назар аударылғаны қуантты. Себебі гуманитарлық ғылымдар қоғамдық сананы қалыптастырады. Энгельстің сөзімен айтсақ, адамның тұратын баспанасы, киетін киімі, ішетін тамағы болмаса, оның идеологиямен, өнермен, әдебиетпен айналысуға ешқандай жағдайы болмайды дейді. Қазақы тілмен айтсақ, «тұрмыс сананы билейді». Яғни, тұрмысты реттеп алмай, сананы өзгерту мүмкін емес. Сондықтан тәуелсіздіктің 26 жылдығында экономикалық дамудың жаңа сатыларына көштік. Сана оған ілесіп отыруы керек. Кейде сана қоғамдық болмыстан озып кетіп отырады. Мысалы, ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің көзқарастарына қарасақ, қоғам дайын болмаса да, олар болашаққа сеніммен қарады. Міне, осындай ұстаным қазір де болуы керек. Озып кетпесек те, қоғамдық сана қоғамдағы өзгерістерге сай болуы керек. Қоғамдық сананы қалыптастыратын – гуманитарлық ғылымдар. Соның ішінде филосфияның рөлі адам өмірінде де, қоғамда да ерекше. Бір ғана мысал. Білім берудің мемлекеттік стандартында гуманитарлық пәннен барлық ЖОО студенттері міндетті түрде оқуы тиіс екі пән бар. Олар: Қазақстанның қазіргі тарихы, философия. Бізге аудару үшін Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін» атты еңбегі таңдалды. Жалпы, еуропалық ғалымдар оқу құралдарын көп жазбайды. Олар өздерінің дәрістер мәтінін шығарады, сондай-ақ, монографиялық еңбек жазады. Ал монографияны аудару тәжірибесі «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асқан еді. Ал оқулықты халық арасында көбірек таратуға болады. Ол кириллицамен шыға ма, латынмен жарық көре ме, уақыт еншісінде. Ұлттық аударма бюросына аударатын кітап жөнінде ұсыныстар білдірдік. Басты талабы – тиражының жалпы саны мен бірнеше рет басылуы. Демек, бұл оқулық сұранысқа ие. Бір баса айтатын нәрсе, аудармашы көп болған сайын сапа төмендей береді. Ағылшын, қазақ тілін жетік білетін маман, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Гауһар Әбдірасілова екеуміз кірістік. Аудармашы сол саланың маманы болу керек. Сол саланың тілін білмесең, онсыз кітапты жақсы аудару мүмкін емес. Біз басында шағын кітап қой, екеуміз бөліп алып аударамыз дегенбіз. Шындығында, бұл қиын жұмыс екен. Соңғы нұсқасын бес рет редакциялап шықтық. Аудармашы аударғысы келмесе бұл іске кіріспеуі керек. Бұл қазақ баласының болашағына керек нәрсе. Оған атүсті қарап, аудара салу қазақтың болашағына кедергі болады деген сөз. Жалпы көпшілік онша түсінбейтін мәтіндер көп. Қазір терминді дұрыс білетін маман, аудармашы аз. Бізге кеңесші болатын жоғары буын ағалар да азайды. О.Сегізбаевтың «Қазақ философиясын» қазақшаға аударғанбыз. Ол кісі Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсариннен үзінділер алған екен. Осы уақытқа дейін кеңестік замандағы аудармалар мықты деген ой болған. Сөйтсек, оларда да көп кемшіліктер бар екен. Осыдан кейін мазмұны жағынан, тілі жағынан жатық болуды ескердік. Бір сөздің өзін бірнеше нұсқада ойнатып беруге, мәтіннен алыстамауға тырыстық. Автордың аты тек кітап сыртында тұратындықтан, абыройды да ойлау керек. Меніңше, оқуға жеңіл жақсы оқу құралы шыққан сияқты. Негізінен автор кітапты 15 тарауға бөліп, әр бетті ашқанда оқушы философияға еніп кеткендей болуы керек дейді. Динара Мыңжасарқызы: Өткенде бір конференцияда «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарық көрген кейбір философиялық туындыларды сынға алғандар болған. Гүлжиһан Нұрышева: Ол бағдарлама зор рөл атқарып, қоғамдық санамызды, дүниетанымымызды кеңейткенін баса айтуға тиіспіз. «Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді» дейді ғой. Оның үстіне біткен іске сыншылар әрқашан табылады. Ең бастысы, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша авторлардың көбі түпнұсқаны аударды. Монографияны аудару қиын. Оқу құралының тілі жеңіл болуы керек. Философияның өзі кез келген адам түсініп кететін ғылым емес. Оған адам біртіндеп енуі керек. Жалпы, философиялық бастапқы білім болуы қажет. Мына кітаптың өзі: «Сіз қолыңызға философия кітабын алып тұрсыз. Демек, сіз философияға қызығып тұрсыз» деп басталады. Динара Мыңжасарқызы: Жаңа сіз кітапты сапалы аудардық дегенді айтып қалдыңыз. Оның сапалы, сапалы емес екендігін кім анықтайды? Гүлжиһан Нұрышева: Оны уақыт көрсетеді. Меніңше, ғылыми, әдеби редактор да философияны жақсы білуі керек. Сондықтан ғылыми редакторлықты өзім алдым. Себебі бір сөздің өзі бүкіл мазмұнды өзгертіп жіберуі мүмкін. Осы аударманың арқасында кейбір ұғымдарды,  терминдерді нақтылап алдық. Философия иснтитутымен тікелей ақылдасып отырдық. Жалпы бағасын халық береді. Жақсы оқу құралы болады деп үміттенеміз. 17 оқулықтың 6-уын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аударып жатыр. Қалғанын басқа жоғары оқу орындары аудармақ. Назгүл Қожабекова: 15 маусымда жауапты редакторлар бекітіліп, оқулықтар бөлінді. Нақты жұмысқа кіріскенімізге бес айдың жүзі болды. Қазір аударма жұмысы 100 пайыз аяқталды. Мәтін түгел редакторлардың қолында. Аударма сапасын бағалап, қажет жерінде қайтарып беріп, түзеттік. Не болмаса, өндірістік қажеттілік бойынша кәсіби аудармашының көмегіне де жүгіндік. Себебі қанша жерден сала маманы болса да, кәсіби аудармашының тәжірибесіне жете бермейді. Мықты деген редакторларды жинадық. Қазір бәрін ежіктеп оқып, мәтінді жұмыр қалпына келтіруге тырысып жатырмыз. Әрине, сапаға сын айтылады. Бүкіл республика халқы «қашан қолымызға тиер екен» деп күтіп отыр. Сынға да дайынбыз, түзетуге де дайынбыз. Қазан айының аяғында кітаптың бәрі беттеліп, 100kitap.kz жеке сайтына pdf нұсқасында көпшілікке ұсынылады. Алдымызда күтіп тұрған маңызды өзгеріс – латын графикасына көшу. Елбасы қалай қол қояды, сол сәтте 17 оқулықты латын қарпімен беттеу процесі басталады. Біз оған техникалық та, ресурстық та тұрғыдан дайынбыз. Ал жаңа терминдерді енгізуге байланысты айтсам, жаңа терминнен қашқан жоқпыз. Қайта мүмкіндігінше бар терминологияны толықтыруға тырыстық. Тіпті, кезінде қате қабылданып кеткен терминді түзетіп немесе мағынасы бұрмаланып кеткен термин болса, керісінше түпнұсқа түрінде қолдандық. 100 оқулықтың айналасында терминологиялық сөздік жасалады. Әр сала бойынша бар терминологиялық сөздіктер толықтырылып, жарық көреді. Латын графикасына өткеннен кейін халықаралық терминдердің, ел-жер атауларының қалыптасқан айтылуы мен жазылуын төл әліпбиімізге лайықтау жұмысын қазірден көтеріп жатырмыз. Ол бойынша жұмыс тобы құрылады. Астанада 20 қазан күні сарапшылық кездесулер аясында «Жаңа гуманитарлық білім: 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырылу барысын талқылау үшін халықаралық конференция өткіземіз. Конференцияда екі секция жұмыс істейді: аударманың әдеби және лингвистикалық аспектілері талқыланады. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтынан мамандар және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің Аударма ісі кафедрасының оқытушылары шақырылады. Осы екі секция жұмысында қазіргі аударма саласында не бар, не жоқ екені талқыланады. Барынан жоғы көп екенін бәріміз білеміз. Елімізде аударма мектебі ақсап тұрғаны белгілі. Көптеген мекеменің тілі – аударма тіл. Сөйте тұра, бізде аударма мектебі қалыптаспаған. Аударма – конвейер. Соның көбі – автомат аударма. Ақпараттық технологиялардың дамуы аударма саласына зиянын тигізіп отырғаны байқалады. 100 оқулықты аударуға кіріскен аудармашылар: «Бұл кітап менің тартпамда емес, үстелдің үстінде жатуы үшін жұмыс істеп жатырмын», – дейді. Автор ретінде мақтанышпен айта алатын кітап болуы керек. Қазір 17 оқулықтың төңірегінде жүзге жуық маман жұмыс істеуде. 100 адамның әрқайсысы осы кітаптың ішіне есімі жазылатынын біледі және өзінің атымен де, абыройымен де, атағымен де жауап беруге дайын. Гүлжиһан Нұрышева: Ағылшынша жазылғанда ой қысқа да нұсқа болады. Мысалы, философияда «адамды немесе қоғамды қоршаған ортадағы заттар» дейміз. Ал ағылшындар жай ғана «заттар» дей салады. Біз «адам» деген сөзді көп қолданады екенбіз. Осы жағынан келгенде бір сөйлемнің орнына екі сөйлем жазамыз. Сондықтан сөйлемді мейлінше түсінікті, нақты аударуға тырыстық. Кенжехан Матыжанов: Сапа деп неге айтып отырмыз? Аударма мәселесі тіліміздің мәселесін су бетіне қалқытып шығарды. Біз бұрын мұндай дүниені белгілі бір ортада ғана талқыладық. Ал қазір көпшіліктің талқысына алып келдік. Бастапқы кезде аударма деген оңай, аламыз да аударамыз деп ойладық. Айналып келгенде, мәселе онда емес. Аударма – қазіргі біздің ғылыми тіліміздің деңгейінің қандай екенін көрсетті. Ғылыми терминология қандай? Жалпы, бүгінге дейін терминологияны қалай қалыптастырдық? Себебі біздің тіліміз осы уақытқа дейін әдебиеттің, баспасөздің тілі болып келді. Әркім өз қазанында өзі қайнап жатты. Бірақ оқулықтың тілі қандай? Мектеп мұғалімінің тілі ше? Тәуелсіздікке қол жеткізген кезде тілді дамытамыз дегенде кейбір дүниені артық жасап жібердік. Қазақ тіліндегі оқулықтың тілі түзелген жоқ. Мұғалім өзі, ғалым өзі жазсын дедік. Ғалымның өзі тілді, терминологияны білмейді. Мәселен, алғашқы жаңа буын оқулықтарын дайындаған кезде Педагогика академиясында президент болған Ақселеу Сейдімбек мені шақырып алып: «Оқулықты жазған адамның сөзін түсіне алмай отырмын. Тілі ұғынықты емес. Адам түсінетін оқулық жазыңдаршы» деп 6-сыныптың «Әдебиет» оқулығын тапсырған болатын. Әлі күнге осы оқулықтың авторымын. Шынында да, қаншама ұрпақ жаттап келген «заттың атын білдіретін сөздерді зат есім деп атаймыз» деген ережені өзгертіп, қаншама терминді енгізіп жіберді. Ұғымға жат терминдер көп. Мұның бәрі сол оқулықты оқыған талай шәкірттің тілін бұзды. Былайша айтқанда, 100 оқулық кешенді мәселені алып келді. Егер 100 оқулық жоғары оқу орындарының бағдарламасына енетін болса, соның негізінде терминологиялық сөздіктер шығады. 7 жыл Терминологиялық комиссияның хатшысы болдым.  Бұл саладағы небір түйткілді білемін. Осының бәрі аудармашылардың алдынан шығып отыр. Өткенде бір конференцияда белгілі ақын Есенғали Раушанов: «Біз редактор деген институттан айырылып қалдық» деп еді. Расында солай. Редактор кейде жазушының жазбағанын жазып, түземегенін түзейтін. Сол сияқты бұрын редакторлық институт жоғары деңгейде еді. Қазір баспада корректор маманы жоқ. Осының бәрі аударма саласында қордаланған мәселенің көп екендігін көрсетеді. Егер 100 оқулық сапалы шықса, көптеген дүниені қайта қалпына келтіруге септігін тигізеді деп ойлаймын. Терминологияға жауап беретін бірде-бір мекеме жоқ. Олардың бекітіп берген терминінің өзі күнделікті тәжірибеде жүзеге аспай қалады. Сосын оқулықтың тілімен айналысатын адам жоқ. Айналып келгенде, мұның бәрі мектеп оқулығына енетін дүние. Кеңес үкіметі кезінде мектеп оқулықтары да аударма болды. Алайда сол аудармада қалыптасқан терминдер болды. Және әрбір баспада әр пән оқулығының өз редакторлары жұмыс істеді. Әр оқулықтың соңында терминдердің анықтамасы болатын. Осыны айтып жүріп, қалыптастыра алмадым. Бала мектептен бастап терминнің мағынасын біліп өсуге тиіс. Терминологияда кез келген сөздің мағынасының тарылуы және кеңеюі деген болады. Егер сөз сол кезде қалыптасып, қолданысқа ие болса, тұрақтанып қалады. Мәселен, 20 жылдары Алаш қайраткерлері оқулық жазумен айналысты. Мағжан Жұмабаев «Педагогиканы», Халел Досмұхамедов «Зоологияны», Жүсіпбек Аймауытов «Психологияны» аударды. Олар әдеби аударма жасады. Соны қолдана келе ішінен терминдер пайда болды. А.Байтұрсыновтың өзі 500-ден астам термин енгізді дейді тілші мамандар. Қазақтың сөзжасам тәсілдері, термин жасаудың өзіндік заңдылықтары бар. Мұның өзі ескерілмей тұр. 100 оқулық ғылымның, білімнің тілін белгілі ретке келтіреді деп сенемін. Тіпті мектеп оқулықтарының тілін осыған сәйкестендіру керек. Қазір жұрт елеңдеп отыр. «Мәдени мұра» бағдарламасынан кейін біраз адам күйіп қалып, қазір үріп ішетін жағдайға келді. Сең қозғалды. Ұлттық аударма бюросы аударма мәселесін ғана емес, оны жаңа жүйеге келтіруге күш салады. Жаңабек Шағатай: Терминнің де термині бар ғой. Таяуда бір жазушымен «ресторан» деген сөз үшін таластық. Ол кісі «ресторанның» мейрамхана болғанына қарсы. Мен «мейрамхана» да ешкімнен кем емес деймін. Кенжехан Матыжанов: Осыдан барып тағы бір мәселе шығады. Біз осы уақытқа дейін терминнің бәрін орыс тілінен аудардық. Өзім «Төртінші индустриялық революция» деген кітапты аудардым. Орыстар «Төртінші өнеркәсіптік революция» депті. Ағылшынша индустрия екен. Ал қазір бізге индустрия сөзі жат емес қой. Бірақ кейде дауласатын термин көп. Мысалы, клиент деген терминді «тұтынушы» деп аудардық. Бірақ психиатрдың алдында бір тұтынушы отыр десек қалай болады? Сол сияқты бірнеше мағынаны беретін сөздер бар. Сондықтан ағылшын, француз, неміс тілінен тікелей аудару біздің тіліміздің төлтума қасиетін сақтап қалады, екіншіден, орыс тілінің ықпалынан құтқарады. Айналып келгенде, латын әліпбиіне көшу, цифрлық Қазақстан құру, үштілділік білім беру жүйесінің бәрі бір-бірімен байланысты дүние. Елбасы 100 оқулықты аудару мәселесін бекер көтерген жоқ. Бұл тәжірибе жинақтаудың алғышарты. Назгүл Қожабекова: 100 оқулықты шығарамыз. Әрі қарай не болады? Ары қарай оқулық базасын қамтамасыз ету жоғары оқу орындарына жүктеледі. Оларға біздің 100 оқулық үлгі болады. Оған дейін аудармашылар базасын қалыптастырып, редакторлар институтын жаңғыртқымыз келеді. Қазір бізбен жұмыс істеп жатқан редакторлардың бәрі – үздіктер. Мүмкін редакторларға курс ұйымдастырып, аудармашыларға дәрістер өткізу керек шығар. Ең бастысы, редакторларға терминологиялық сөздіктермен қатар, әр сала бойынша нұсқаулық, әдістемелік шығарамыз. Бұл жұмыстың бәрі жоғары оқу орындарының оқулық базасын жетілдіруге септігін тигізеді. Жаңабек Шағатай: 100 кітаптың ішінде француз, неміс авторлары болуы мүмкін. Әр мемлекеттің саяси жүйесі әртүрлі. Ағылшындарда конституциялық монархия, француздарда президенттік республика. Саяси құрылымның әсері болатыны сөзсіз. Оның үстіне батыс авторларының дүниетанымы, өрескел ұстанымдары қазақы қалыбымызға кереғар келіп жүрмей ме? Бұл тұрғыда тағы шатасып қалмаймыз ба? Гүлжиһан Нұрышева: Бұл сауал бізге талай мәрте қойылды. «Қазаққа идеологиялық жағынан зиян емес пе?» деді. Ұлттық аударма бюросы осы жағынан алғанда кітаптарды дұрыс таңдаған сияқты. Кенжехан Матыжанов: Ұлттық комиссияның ұстанып отырған саясаты – кез келген оқулық саяси жағынан бейтарап болуы керек. Ерболат Қошқарбаев: Аудармашылар тапшы, жетіспейді деп жатырсыздар ғой. Бәлкім, аудармашылар бар шығар. Неге облыстарға, өңірлерге шығып, іздемейміз? Жасыратыны жоқ, 2004-2006 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көп мәтін мүйізі қарағайдай ғалымдарға берілді. Олар студенттерге аударуға бөліп беріп, кейіннен кітап етіп шығарды. Біраз кітап солай жарық көрді. Сол сияқты аударма ісімен айналысатын мамандарды дайындайтын оқу орны аз. Студенттік шақтан бастап аударма ісіне кірісіп кеттім. Заң саласынан журналистикаға келдім. 2007 жылы «Медициналық құқық» деген кітапты аудармаққа бекініп, тұңыш оқу құралы ретінде жарық көрді. Сөйтіп, автор болып кеттім. «Қолынан келетін адамнан гөрі істегісі келетін адам көп тындырады» дейді. Жазушылар одағы, Журналистер одағы сияқты Аудармашылар одағы болуы керек. Өзім де аударма саласына кіріссем деймін. Ең өкініштісі, бұл салада құпия монополия бар ма деген ойға қалдым. «Жеті жарғы» баспасында жұмыс істеген кезде талай ғалымның кітабын жазып бердім десем болады. Назгүл Қожабекова: 17 кітаптың он бесі Алматыдан, екеуі Астанадан шығады. Бізде қазір жұмысты үйлестіру үшін бір жерде болған маңызды. Қазір алғашқы жарты жылда тығыз жұмыс істеу керек. Алдағы уақытта басқа өңірдегі жоғары оқу орындарының әлеуетін пайдаланамыз. Тағы бір айта кететін жайт, 100 оқулық сатылмайды. Жобада коммерциялық құрам жоқ. Кітап дүкендеріне түспейді. Жоғары оқу орындары кітапханасына, республикалық, қалалық маңызы бар кітапханаларға беріледі. 10 мың данамен жарық көреді деп отырмыз. Қалай беттеліп болады, электронды нұсқасы сайтта жарық көреді. Кенжехан Матыжанов: Ерболаттың ұсынысын қабылдауға болады. Дұрыс сөз. Оқулық жазатын авторлар іздегенде мүйізі қарағайдай талай кісіге хабарласып, қатыссаңдаршы деп едім, бастарын ала қашты. Ағила Шуриева: «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында осындай дүниелердің өмірге келіп жатқанына қуандық. Әлеуметтану, философия, тіл білімі, психология салаларымен қатар, атқарылатын жұмыстың үлкен бір бөлігі экономика ғылымын да қамтып отыр. Биыл жарық көргелі отырған 17 оқулықтың төртеуі – осы саладан. Грэгори Мэнкьюдің атақты «Экономикс» оқулығының төртінші басылымы, Томас Гриффиннің «Менеджменті», Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс және практика» оқулығы және Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» еңбегі – осы уақытқа дейін тек ағылшын және орыс тілдерінде қолжетімді болып келген, пән саласы бойынша маңызды оқулықтар. «Экономикс» кітабын 8 адам аудардық. Бізде күдік басым. Көлемді кітап болған соң, ұйқтамай аудардық. Оқулық қазақ жазған ұлттық туынды болса екен деймін. Бір айта кетерлігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мықты аудармашылар бар екен. Жас мамандар ағылшын, қазақ тілінде еркін сөйлеп, аударады. Біздегі бар тілек – төл шығармамыз болса деген ой. Еліміздің түкпір-түкпірінде білікті аудармашылар бар. Оларды болашақта іздеу керек. Мәулен Жанболат:  Кітапты сату ісімен айналысамын. Бірақ кітапты насихаттау төмен болғандықтан, оқырманның қызығушылығы төмен. Кітапқа сұранысты арттыру үшін клубтар ұйымдастырдық. Қазақстан аумағында онлайн түрде кітапқұмарларды біріктірдік. Біз студент кезімізде оқытушылар кітапты аударуға бөліп беретін. Кейін сол кітап болып шығатын еді. 100 оқулық осы келеңсіздіктерге жол бермейді деп сенемін. Ол кітаптың бәрі оқылымды болу үшін әлеуметтік желіде насихатталуын қамтамасыз ету керек. Кітап оқуды насихаттау онлайн әлемнен басталу керек. 100 оқулықты арнайы трендке айналдыруға болады. Кенжехан Матыжанов: Шынында да, бұл кітапты кім оқиды? Қазіргі кезде екінші сатысына көшкелі жатырмыз. Білім және ғылым министрлігі «Кітапты аудардық, енді оны білім жүйесіне қалай кіргіземіз?» деді. Оған арнайы лекциялық курстар дайындалады, оқытушылар да, студенттер де міндетті түрде оқиды. Оқулық оқылады. Одан ертең сынақ тапсырады. Интернетте электронды нұсқасы болған соң, кітап болып жарық көрген соң әр студенттің қолында жүреді. Жақсы жағы – тез таралады, екінші жағы – аудармашыларға үлкен сын. Бір кітаптың үстінен қарайтын үш редактор бар.     Тіліп түскен тіркестер: Кенжехан Матыжанов: «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықты» аудару біздің біліми, ғылыми ойымызды әлемдік деңгейге көтереді деген ойдамыз. Қазақ тілінің ғылыми терминологиясын, пәндік оқыту жүйесін жаңа белеске шығарады деп сенемін. Рухани жаңғыру саласында атқарылып жатқан шараның ішінде қозғаушы күш болатын, соларды күнделікті тәжірибеге енгізетін тетік болатын үлкен шаруа. Қазақтың латын графикасына көшу мәселесі, цифрлық технологияға өту, ағылшын тілін меңгеру арқылы әлемдік қауымдастықтың жүйесіне ену мәселесінде бұл оқулықтар қоғамға жаңалық болып енуі керек. Әрине, істелетін шаруа көп. Соған бір кісідей атсалыссақ деймін. Гүлжиһан Нұрышева: Елбасы өзінің мақаласында «Қазақстанда білім салтанат құруы керек» деген болатын. Сондықтан білімнің салтанат құруына біз аударған кітап қомақты үлес қосады деп сенемін.  Ағила Шуриева: Бұл кітаптар – біздің төлтуындымыз болса екен. Назгүл Қожабекова: Қарқынды жұмыс енді басталды. Жұмыстың сатылары айқындалды. Ұлттық аударма бюросы базасында жақын арада аудармашылар қауымдастығы құрылады. Аудармашылармен байланысты жақсартуды қолға аламыз.  Ерболат Қошқарбаев: Аударма – тілмаштық, тәржімалық мәтін болмай, шын мәніндегі аударма болады деп үміттенемін. Аударма – кәсіптік өнер дәрежесіне көтерілуі керек. «Рухани жаңғыру» соны үлкен даңғылға салып беретін көрсеткіші болса екен. Мәулен Жанболат: «Рухани жаңғыру» аясында жарық көретін 100 оқулық – жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырса, құба-құп. Қазіргі заманның ен үлкен кеселі білімсіздік болып тұр ғой.  Әсіресе, өз замандастарым мен құрдастарымның екі ағаштың арасында адасатын білімсіздігін көргенде төбе құйқам шымырлайды.