Семейде көпқабатты үйде лифт құлап, 6 адам ауруханаға түсті

Рұқсат етілген салмақтан асып кету салдарынан лифт кабельдері үзіліп кеткен

Семейде көпқабатты үйде лифт құлап, 6 адам ауруханаға түсті
Семей қалалық полиция басқармасы

Семей қаласында көпқабатты үйде лифт құлап, 6 адам зардап шекті, деп жазады turkystan.kz.

Kazinform агенттігінің мәліметінше, оқиға 8 мамырда түс кезінде болған.

Сағат 11.40 шамасында Әуезов даңғылы, 3 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдегі екінші кіреберісте лифт шахтаға құлап кеткен. Лифтке 6 адам кіргені анықталды. Рұқсат етілген салмақтан асып кету салдарынан лифт кабельдері үзіліп кеткен, - деп хабарлады қала әкімдігінен.

Қазіргі уақытта зардап шеккендер қаладағы жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілген. Оларға медициналық көмек көрсетілуде.

Абырай болғанда, оқиға салдарынан қаза болған ешкім жоқ. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде, - делінген ақпаратта.