Ерлан Қошанов: Айбынды армия – ел қорғаны

Отан – баршамыз үшін ең қастерлі ұғым, ерекше қасиетті құндылық

Ерлан Қошанов: Айбынды армия – ел қорғаны
Ашық дереккөз

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады, деп хабарлады turkystan.kz.

Құрметті отандастар!

Қадірлі достар!

Айбынды мерекеміз – Отан қорғаушы күні құтты болсын!

Отан – баршамыз үшін ең қастерлі ұғым, ерекше қасиетті құндылық. Оны аялап ардақтау, көздің қарашығындай сақтау және шып-шырғасын шығармай келер ұрпаққа аманаттау – бәріміздің ортақ парызымыз.

Бүгінде біз бабадан қалған байтақ жеріміз бен ордалы Отанымыздың арқасында өсіп-өніп, өркен жайып жатырмыз. Тәуелсіздік туын көтеріп, төрткүл дүниеге танылған тағлымды ел болып отырмыз.

Ұлы Дала төсінде Қазақ елі ретінде тарих көшін жалғаған осынау Отанымызды қорғап, сақтауға қаншама бабаларымыз тер төккен, батырларымыз толарсақтан саз кешкен. Біз мұны ұмытпауымыз керек, елім деген ерлерімізді ұлықтауымыз қажет.

Бұл мереке осынысымен де құнды, тарихымен де тағлымды. Бағзыдан бастау алған осынау игі жолды отаншылдық дәстүрді бүгінгі буын, сан мыңдаған сарбаздарымыз лайықты жалғастырып келеді.

Президент күні кеше мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсімінде әскер – мемлекеттің аса маңызды символы екенін және сарбаздарымыздың жауынгерлік рухы жоғары болғанын мақтан ететінін атап өтті.

Ел қорғаны – айбынды армиямыз бар, ұлт қуаты – отаншыл өрендеріміз өсіп жетілуде. Мемлекетіміз оларға бар жағдайды жасап отыр.

Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайту, туған жерімізді гүлдендіру, мемлекетімізді өркендету – маңызды міндет, азаматтық борыш.

Бұл – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының негізгі ұстыны, ұсынған құндылықтарының діңгегі. Осы жолда баршаңызға сәттілік, толайым табыс және амандық тілеймін.

Байтақ Отанымыз бен әрбір отбасында бейбіт өмір мен берекелі тіршілік қанат жайып, дамылсыз жалғасын таба берсін, - деп жазды Қошанов.