Түркия, Германиядан кейін Қазақстан құрамасында топ жарған Әли Бөкейхан

"Өз еліңнің, өз жеріңнің, отбасыңның атынан шығып, өз тарихыңды дәріптеу құрметіне ие болу – мен үшін асыл мақсат. Мен Қазақстаннан жырақта өстім. Алыста болсам да, ұқсастық пен сәйкестікті, бір жақындықты сезетінмін. Сондықтан ұлттық құрама қатарына қабылданып, ел намысын қорғауды өзімнің перзенттік борышым деп санаймын. Мен командаға, елдегі регбидің дамуына көмектескім келеді және сол үшін аянып қалмаймын, қолымнан келгенше үлес қосамын. Мұның өзі – маған үлкен мотивация. Басқа ештеңе де қажет емес".

Түркия, Германиядан кейін Қазақстан құрамасында топ жарған Әли Бөкейхан
сурет: turkystan.kz / кейіпкердің жеке мұрағатынан

Екі күн бұрын регбиден Қазақстан ерлер құрамасы Азия чемпионатының жартылай финалында Қатар құрамасын қапы қалдырып, финалға шықты. Біздегі спортсүйер қауым Шри-Ланка астанасы Коломбода өткен бұл тартысты доданы сенсацияға балап, әлеуметтік желіде әлі күнге дейін жар салып, жазуын тоқтатар емес. Бір жыл бұрын біздің регбишілерді айқын басымдықпен ұтқан Қатар командасының капитаны да ойын аяқталған соң финалға жолдама үшін таласта қазақстандық ойыншылар күш-жігерін сарп етіп, бір бас жоғары ойнағанын мойындады. Ұлттық құрама сапында бұл кездесуді мәңгіге жадында сақтайтын Әли Бөкейхан Сүрер Коломбо алаңында расымен рух пен намыстың сынға түсер сәті болғанын айтады. Алдымен Германия жастар, сосын Түркия ересектер құрамасында өнер көрсеткен Әли Бөкейхан жуырда тарихи Отаны – Қазақстан ұлттық құрамасының сапына қабылданған болатын. Құрама қатарына қосыла салып, бірден маңызды ойынға араласқан, ұлттық жейдені киіп, алаңға шыққан алғашқы ойынында-ақ жеңіске жету үшін қолынан келгенін аямаған оған хабарласып, әңгімеге тартқан едік.

Тарихи Отанымды жан-жүрегіммен жақсы көремін

Өз еліңнің, өз жеріңнің, отбасыңның атынан шығып, өз тарихыңды дәріптеу құрметіне ие болу – мен үшін асыл мақсат. Мен Қазақстаннан жырақта өстім. Алыста болсам да, ұқсастық пен сәйкестікті, бір жақындықты сезетінмін. Сондықтан ұлттық құрама қатарына қабылданып, ел намысын қорғауды өзімнің перзенттік борышым деп санаймын. Мен командаға, елдегі регбидің дамуына көмектескім келеді және сол үшін аянып қалмаймын, қолымнан келгенше үлес қосамын. Мұның өзі – маған үлкен мотивация. Басқа ештеңе де қажет емес. Тарихи Отанымды, осынау ғажайып елді, халықты, тұмса табиғатын жан-жүрегіммен жақсы көремін. Дегенмен Германиядан Қазақстанға келу үлкен қадам болды. Бір әлемнен екінші бір әлемге өткен сияқтымын.

Енді құрамадағы дебютімді сөз етер болсам, ұлттық командадағы алғашқы ойыным болған соң, әлбетте, оңай болған жоқ. Өз-өзімді қыспаққа алдым. Өйткені мен айналама менің ребги ойнай алатынымды, әрі ұлттық командаға көмектесе алатынымды аз уақыт ішінде көрсетуім керек болды. Менің девизім, кредом сол. Жатсам да, тұрсам да «Командаға пайдамды тигізуім керек» деген ой маза бермеді. Осылайша, алаңда өз-өзімді дәлелдеуді мақсат тұттым. Себебі мен оған дейін оларға өз шеберлігімді көрсетпегенмін. Олар менің қандай ойыншы екенімнен бейхабар. Бәлкім, кейбір ойыншылар, бапкерлер немесе менеджерлер менің бірден ойынға араласып, жоғары деңгейде өнер көрсете алатыныма күдікпен қараған шығар. Сондықтан басында өзімді иненің ұшында тұрғандай сезіндім. Алайда бір жағынан онда бақыттан жүзім жанып, шаттанып жүрдім. Командамен өткізген әр сәтті, тіпті киім ауыстыру бөлмесінде отырған уақытты да қатты бағалаумен болдым. Жігіттердің ойынға тас-түйін дайын екенін, қазір алаңда нағыз тартыс болатынын олардың көздеріне қарап-ақ ұғындым. Сол кезде арқама қанат біткендей болып, ерекше рухтандым.

Қосалқы ойыншылар қатарында тұрсам да, алаңда ойнап жүргендей сезіндім

Кездесу басында қосалқы ойыншылар қатарында отырғандықтан, түбі ойынға араласармын деп үміттендім. Команда сапына қосылған аз уақыттың ішінде өзімді жақсы қырынан танытып, мені қатарға қосқан бапкерлердің үкілеп отырған үмітін ақтай алатыныма сенімді болдым. Білесіз бе, бастапқыда қосалқы құрамдағы ойыншылармен бірге ойын барысын сырттан бақылап, уайымдап отырғанымда өзімді алаңда негізгі құрам ойыншыларымен бірге регби ойнап жүргендей сезіндім. Делебем қозып, қаным қызып, оттай жанып, өз-өзімді қамшылаумен болдым. Алаңда не істеу керек екенін жақсы білгендіктен, маған ойнауға мүмкіндік берілсе екен деп тіледім. Сол сәтте «Маған қолдау білдіре гөр!» деп Құдайға жалбарындым.

Мен ойынға араласқан кезде қатарлықтар 28:26 есебімен бізден алда келе жатты. Кейін олар тағы басымдық танытып, 31:26 есебімен алға шықты. Ойынның аяқталуына аз уақыт қалды. Қайтсек те, жеңіске жетуіміз керек. Дереу бірдеңе істеу қажет. Алаңда менің тактикам мынадай: Өзіңе артылған жұмысты абыроймен істе. Оны істеген соң, екінші міндетіңе кіріс. Әрі мен алаңда әрдайым кімге көмектесе алатынымды, қай тұста пайдалы бола алатынымды, әрі біздің осал тұсымыз қайсысы екенін бағамдап, анализ жасап жүремін. Одан бөлек, алаңда ашуға берілмей, керісінше, позитивті болуға тырысамын. Себебі өзгелердің көңіл күйін көтере білетін адам ғана нағыз ойыншы бола алады. Сол ойында біз бастаған шабуылдың нәтижесінде есепті еселеуге таптырмас мүмкіндік пайда болды. Мәре сызығына 25 метрге жетер-жетпес жерде қолыма регби добы келіп түскенде «Уау, міне, есеп еселер нағыз сәт осы!» деп ойладым. Сол сәтте «Бұл расымен менің өмірімде болып жатыр ма?!» деп сене алмай, эйфорияда болдым. Ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынымда алғашқы ұпайды жинауға сәл ғана қалған еді. Алайда мәреге жақын жерде қарсылас команданың қорғаушылары мені «жауып» үлгерді. Ол қорғаушының қасыма жақындап жеткенін байқамай қалдым. Мейлінше допты жоғалтып алмауға тырысып-бақтым, себебі толассыз жауған жаңбырдың салдарынан ойын белгіленген уақыттан кеш басталды. Сәйкесінше, алаң дымқыл әрі тартысты ойын барысында біз де әбден терледік. Мұндай кезде доптың қолыңнан сырғып кетуі оп-оңай. Дейтұрғанмен, біздің жігіттер менің қолымдағы допты бір-біріне лақтырып, ақыр соңында есепті 31:33 қылды. Осылайша, біз Қатар құрамасынан екі ұпай айырмасымен жеңіп, финалға шықтық.

Кешегі кездесу – менің өмірімдегі тарихи сәттердің бірі

Ойын аяқталған соң бақыттан бас айналып, ерекше күй кештім. Командаластар қасыма келіп, құттықтап, мақтауымды асырып жіберді. Олардың «Әй, керемет ойын болды. Сен расымен өзіңе берілген міндетті жақсы орындадың» дегені мені одан сайын жігерлендіріп, төбем көкке бір елі жетпей жүрді. Мен бұл естеліктерді жүрегімнің түбінде сақтаймын. Ұмытылмас әсер. Ерекше сәт. Ойыншы үшін командаластарыңның екі езуі екі құлағына жетіп, көңілі атша тулап жүргенін бақылаудан артық нәрсе жоқ шығар, сірә.
Әсіресе, стадиондағы атмосферадан қатты әсер алдым. Жан-жақта камералар орнатылған. Бапкерлер қоярға жер таппай жүр. Бәрі кім жеңер екен деп көз тігіп отыр. Мұндай бәсеке көркі қызған кездесуде, финалға жолдама үшін таласта жеңіске жету шын бақыт емей немене?! Дегенімізге жеттік. Діттегеніміз орындалды. Ойын біткен соң командаластар, бапкерлер, менеджерлер және дәрігерлермен шүйіркелесіп, біраз әңгімелестік. Бір-бірімізді құттықтаумен болдық. Суретке түстік. Мұндай сәт команда ойыншыларын жақындастыра түсетіні айтпаса да түсінікті шығар. Сондықтан бұл ойында баға жетпес тәжірибе алғаныма қатты қуаныштымын. 

Бұл ойында менің арманым орындалды. Расымен, мықты ойыншылармен иық тіресіп, жоғары деңгейде ойнай алатынымды дәлелдей алғаныма шексіз ризамын. Олармен бір командада ойнау – мен үшін үлкен мәртебе. Жігіттер өз ісін беске біледі. 
Жан-тәнімен беріліп ойнайды. Сондықтан нағыз шеберлердің арасында жүріп, айрықша сәттің куәсі болғаныма қуанып жүрдім. Мен шынымен команданың бір бөлшегі болғаныма, бір шаңырақ астына бірігіп, нәтижеге қол жеткізе алатынымыз үшін өте қуаныштымын. Кешегі кездесу – менің өмірімдегі тарихи сәттердің бірі. Бұйырса, ол туралы немерелеріме айтып беретін боламын.
Айтпақшы, ойын аяқталған соң стадионда жалғыз қалғанды ұнататын әдетім бар. Сол кезде де алаңда жеке өзім қалып, кеудемді кере демалып, айналамдағы орнаған атмосферадан рахат алуға тырыстым. Өз-өзіме «Иә, біздің қолымыздан келді!» деп, қуанышым қойныма сыймай, көңілім жадырап сала берді. Сосын барып командаластарға қосылдым.

Ойын аяқталған соң құттықтаулар легі толастамады

Біздің ойында бәрі шабуылдайды. Тиісінше бәрі де қорғанысқа ұмтылады. Бізде тек қорғайтын, тек шабуылдайтын ойыншы жоқ. Бәрін бірдей істеу керек. Дегенмен позицияңа байланысты әрекет етуің керек. Осы ойында құрама намысын қорғаған әр ойыншының шабуылда да, қорғаныста да мықты екеніне көзім жетіп, қатты риза болдым. 

Алыста тақымын қысып отырған отбасым мен үшін қатты қуанғанын біліп-сезіп отырған боларсыз. Әрі ойыннан соң жекеме көптеген құттықтау мен жылы лебізге толы хат келіп түсті. Сондықтан мұндай әсер сыйлаған дода менің жадымда мәңгіге сақталатыны хақ.
Енді алдағы сенбі күні финалдық кездесуде Шри-Ланка құрамасына қарсы ойынды асыға күтіп жүрміз. Бұл кездесу алдыңғысынан өзгерек. Себебі Шри-Ланка өз алаңында өнер көрсетеді. Стадионға жиналатын жанкүйерлердің қолдауы оларға оң әсерін тигізетіні анық. Команда ойыншылары біз секілді ақтық сында жеңіске жету үшін белін бекем буып, сақадай-сай отыр. Қалай болатынын көре жатармыз. Дегенмен мен бәсі биік ол ойында да ұлттық құрама үшін қолымнан келгенді аянып қалмаймын. Барлығын істеймін. Құдай қаласа, үйге басты трофеймен ораламыз деп сенемін. 
Бір қуаныштысы, менде онда қазақшамды жақсартуға керемет мүмкіндік болды. Барлығын түсіне алмасам да, бір-бірімізбен қазақша сөйлесіп, жаңа сөздер үйреніп алдым.
Қазақстанда бокс, күрес секілді спорт жақсы дамығанын, көпшіліктің бұл екі спорт туралы бәрін беске білетінінен хабардармын. Онысы жақсы. Дегенмен бұл спортқа қажет тактиканың бәрі регби спортында да бар. Бізде де бір-бірін итереді, күш сынасады, иық тіреседі. Доп үшін таласта бір-бірінің астына түсіп, күресіп жатады. Сондықтан регби спортының да өзіндік ерекшелігі бар екенін Қазақстандағы көпшілік білсе дейсің.

Жазып алған 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ