Қазақстан арқылы Еуропа елдеріне есірткі тасығандар анықталды

Есірткі арнасының негізгі ұйымдастырушысы – Испания азаматы ұсталды.

Қазақстан арқылы Еуропа елдеріне есірткі тасығандар анықталды
novoetv.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткен жылдың соңында «Солтүстік бағдар» деп аталатын халықаралық есірткі жеткізу арнасының жолын кесу бойынша операцияны іске асырды, деп хабарлады turkystan.kz.

Жедел жете тексеру барысында Ауғанстаннан Қазақстан аумағы арқылы Еуропа елдеріне есірткі контрабандасының қолданыстағы арнасы анықталды.

«Комитет шетелдік серіктестермен және Германияның құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, халықаралық есірткі синдикаттарының бірінің дамыған желісін анықтады. Жете тексерудің соңғы кезеңі Германияда 60 кг апиын мен 12 кг метамфетаминді тасымалдау кезінде екі шетелдікті ұстау болды», - делінген хабарламада.

Германияның құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Ақпанда басқа жете тексеру шеңберінде трансұлттық есірткі құрылымына қатысушылардың ауған есірткілері контрабандасының кезекті халықаралық арнасын ұйымдастыру ниеттері әшкереленді.

Есірткі тізбегінің барлық буындарын жою мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының үйлестіруімен еуропалық серіктестермен өзара іс-қимыл ұйымдастырылды.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде есірткі арнасының негізгі ұйымдастырушысы – Испания азаматы ұсталды, одан Қазақстан арқылы Ауғанстаннан Еуропаға жеткізілген 10 кг метамфетамин алынды. Еуропада алынған есірткінің нарықтық құны 2.5 млн АҚШ долларынан артыққа бағаланып отыр», - делінген хабарламада.

Есірткі трафигінің халықаралық арналарын бейтараптандыру жөніндегі іс-шаралар жалғасуда.