Құбылу, қақтығыс және қара алтын құны

Қара алтын нарығындағы кейінгі құбылыстар мен өзгерістерге қазіргі геосаяси жағ­дай мен АҚШ-тағы ахуал тікелей әсер етіп отыр. Жалпы, мұнай бағасындағы өзгерістерге жа­салған болжамдар мен оған әсер етіп отыр­ған негізгі факторларға шолу жасап өтсек.

Құбылу, қақтығыс және қара алтын құны
сурет: masterok.livejournal.com

Осы аптада Brent маркалы мұнай бағасы арзандады. Биылғы наурыздың ортасынан бері тек оң динамика көрсеткен мұнай құны осылайша бір жарым айда бірінші рет барреліне 85 АҚШ долларынан төмен түсті. Бұған дейін кей сарапшылар қара алтын бағасы алдағы уақытта барреліне 100 доллардан асып кетуі мүмкін деген де болжам айтқан болатын.

Жалпы қара алтын нарығындағы кейінгі құбылыстар мен өзгерістерге қазіргі геосаяси жағ­дай мен АҚШ-тағы ахуал тікелей әсер етіп отыр. Жалпы, мұнай бағасындағы өзгерістерге жа­салған болжамдар мен оған әсер етіп отыр­ған негізгі факторларға шолу жасап өтсек.

Үміттің үдеуі бағаны басты

1 мамырда таңертең Brent маркалы мұ­най­дың халықаралық эталоны барреліне 85,28 АҚШ доллары саудаланды, бұл алдыңғы сауда сес­сиясындағы қорытынды бағадан 1,22 пайыз­ға төмен. Тек Brent қана емес, West Texas Intermediate (WTI) америкалық эталоны да бар­реліне 80,83 доллар деңгейінде саудаланды, бұл алдыңғы сессиядағымен салыстырғанда 1,34 пайызға аз.
Сарапшылар мұндай өзгеріс Израиль мен Ха­мас арасындағы қақтығысты тоқтату тура­лы келісім орнайды деген үміттің үдеуіне және әлем­дегі ең ірі мұнай тұтынушысы АҚШ-тағы ши­кі мұнай қорының көбеюіне байланысты бо­лып отырғанын алға тартты. 

Газа секторындағы шиеленістің басталғанына жеті айға жуықтаған сайын бүкіл әлем қос тарапты қақты­ғыс­ты тоқтатуға шақырып жатыр. АҚШ Мем­­­­лекеттік Хатшысы Энтони Блинкен атысты тоқтату туралы ұсынысты же­тіл­діру мақсатында бірқатар бастама кө­теріп отыр.  Хамас осы аптаның аяғында бі­тім­гершілік туралы ұсынысқа өз жауа­бын береді деген үміт бар.

Осылайша, атыс тоқтайды деген бол­жамға «жан бітуі» мұнай тасымалында болуы мүмкін кідірістерге қатысты алаң­дау­шылықты бәсеңдетті. Сондай-ақ мұ­най саудасының негізгі бағыттары орна­лас­қан аймақта атысты тоқтату мүмкін­дігі бағаның төмендеуіне ықпал еткен.
Дегенмен сейсенбіде Израиль Пре­мьер-Министрі Беньямин Нетаньяху мә­мілеге келу туралы хабарларға қара­мас­тан, Газа Секторының оңтүстігіне ба­сып кіруге уәде берді. Ақ үй 1,4 мил­лион­нан астам палестиналық тұратын аймаққа басып кіруге барынша қарсылық білдіріп отырғанын мәлімдеді. Сондықтан да, мұнай бағасына әсер етіп отырған бұл фактор алда қалай бағыт алатынын анық болжап-білу мүмкін емес болып отыр.

АҚШ-тағы анықсыздық

Америкалық мұнай институтының (API) деректерінен АҚШ-тағы шикі мұ­най қоры 4,9 миллион баррельге өске­нін байқауға болады, бұл нарық 1,5 миллион баррельге қысқарады деген болжам теріс­ке шыққанын көрсетеді. Сонымен қатар сұраныстың төмендегені бағаның түсуіне әсер еткенін көрсетеді.
АҚШ-тың Федералды Резервтік Жүйе­­сінің пайыздық мөлшерлеме туралы қа­был­дайтын шешімі де нарыққа айтар­лық­тай әсер етпек. 2022 жылдың науры­зы­нан 2023 жылдың ортасына дейін пайыз­дық мөлшерлемені 0,25 пайыз бен 5,5 пайыз аралығында ұстап келген АҚШ-тың бас банкі 2023 жылғы қыркүйектен бас­тап мөлшерлемені бір деңгейде қал­ды­рып келді. Сондықтан қазір сарапшы­лар қандай да бір тосын шешім қабыл­да­нады деп күтпейді. 

Әдетте, жоғары пайыздық мөл­шер­лемелер басқа валюталарды ұс­тай­­тындарға мұнайды одан әрі қым­бат­татып, инвесторлардың қара алтынға де­ген сұранысын төмендетуге итер­ме­лейді. Сонымен қатар пайыздық мөл­шер­лемелерді ұзақ уақыт бойы жоғары дең­гей­де ұстау мұнайға деген сұраныстың бо­ла­шағына бірқатар сын-қатер әкелуі мүм­кін деген болжам да айтылады. Ал мөл­шерлеменің төмендеуі бағаның одан әрі түсуіне ықпал етеді. 
Осылайша, АҚШ Федералды Ре­зерв­тік Жүйесі пайыздық мөл­шер­лемелерді төмендетуді қашан бас­тай­тыны белгісіз болуы мұнай бағасына әрі қарай әсер етіп отыр.

Сұраныс – белгісіз айнымалы

Жалпы, мұнай бағасы қазіргі сұра­ныс пен ұсыныс динамикасына және жаһан­дық экономикалық сын-қатерге бай­ланысты биыл 70-90 доллар ара­лы­ғын­да бо­лады деген болжам айтылған еді. Уолл-стрит­тің жетекші инвестиция банк­тері, со­ның ішінде JP Morgan, Bank of Ame­rica, Citigroup, Goldman Sachs және Morgan Stanley өз болжамдарын жасаған болатын.

J. P. Morgan мұнай бағасы 2024 жылы не­гізінен тұрақты болып қалады деп бол­жайды, ал Brent маркалы мұнайдың ор­та­ша бағасы барреліне шамамен 83 дол­лар болады деп күтілуде. Бұл болжам АҚШ-тағы мұнай сұранысының тұрақ­ты­­лы­ғына, дамушы нарықтардағы сұра­ныс­тың айтарлықтай өсуіне және Еуропа на­рығы тұрақты болады деген үмітке не­гізделген.

Goldman Sachs жаһандық рецессия қау­пінің төмендеуі мұнайға деген сұра­ныс­қа оң әсер етуі мүмкін екенін айтқан. Алайда банк АҚШ-тағы өндірістің өсуі ба­ға­ның өсуін төмендетуі мүмкін деп мә­лім­деді, осылайша Brent маркалы мұ­най­дың орташа бағасы биыл 81 доллар бо­­­­лады деп болжады.
Morgan Stanley бірінші жартыжыл­дық­та Brent маркалы мұнай бағасы бар­ре­ліне орта есеппен 80 доллар болады де­ген болжамды алға тартқан, екінші жар­тыжылдықта төмендеуі мүмкін деген де­рек келтірді, өйткені әлемдік мұнай ұсы­нысы сұраныстың өсімінен асып кетуі мүмкін.
Уолл-стриттегі бес банктің ішінде тек Bank of America мұнай биыл барреліне орта есеппен 90 доллар деп болжап, айтарлықтай өсім күтті. 
Ал Citigroup ең төменгі болжамды алға тартты, банк АҚШ-тағы өндірістің ұл­ғаюын және ОПЕК+елдеріндегі өнді­ріс­тің төмендеуін ескере отырып, мұнай бағасы барреліне орташа есеппен 75 доллар болатынын айтқан еді.

Fitch Ratings халықаралық рейтинг агент­тігі Сауд Арабиясы мен Ресей баста­ған ОПЕК+ мұнай өндіруші елдерінен им­порттың қысқаруына байланысты Brent маркалы мұнайдың бағасы биыл барреліне орта есеппен 85 доллар болады деп болжады.

Сонымен қатар мұнай ағыны және инвестициялар Азия мен Африка сияқты сұранысы жоғары аймақтарға көбірек ауысады деген болжам бар. Осы­лайша, Еуропа өзінің энергетикалық порт­фелінен мұнай мен табиғи газды тым тез және ерте шығарудың салдары­нан зардап шегуі ықтимал екені айты­лады.
АҚШ-тағы Energy Intelligence Group мұнай нарығының сарапшылары қақ­ты­ғыс және соғыс сияқты геосаяси оқиғалар бағаға қысқамерзімді әсер етеді, тен­денция тудырмайды деп сендіреді. Яғни, олардың сөзінше, Израиль-Палестина қақ­­тығысы мен Қызыл теңіздегі шие­ле­ністің жалғасуы тек уақытша құбыл­ма­лылық тудырып отыр.

Осылайша, сұраныс негізгі белгісіз айнымалы бол­мақ. Бұл тұжырым АҚШ, Бразилия жә­не Гайана сияқты ОПЕК-ке кірмейтін ел­дердің өндірушілері сұра­ныстың өсуіне жауап беруі және ұсыныс мәселелерін жеңіл­дету үшін 2024 жылы күнделікті мұ­най өндіру қуатын 1,5 мил­лион бар­рель­ге және 2025 жылы 1,4 мил­лион бар­­ре­льге арттырады деген үмітке негіз­делген.

Сауда балансына оң әсер етеді

Қолданбалы экономикалық зерт­теу­лер орталығы (AERC) тоқсан сайынғы мак­роэкономикалық шолуын жариялады. Ор­талық сарапшылары да әлемде болып жатқан жайттар дүние жүзінің эконо­ми­ка­сына бұрынғыдан да жылдам әсер ете бастағанын айтады. Оның ішінде гео­сая­си қысым Ресей мен Украина аумағында ғана емес, Таяу Шығыста да күшейе түсті. 2024 жылға болжам бойынша AERC Brent маркалы мұнайдың бағасы 89 долларға жетеді деп күтеді.
Бұл өсімге Иран мен Иран арасын­дағы қақ­тығысты қоса алғанда, бірқатар фак­торлардың жиынтық әсері, Израиль, сон­дай-ақ ОПЕК+-тің өндірісті қысқарту­ды жалғастыру туралы шешімі сияқты жайттар әсер ететіні айтылған. 

Бұдан бөлек, ОПЕК+ елдері мұнай өндіруді ұлғайтпайтындарын мә­лім­деді. Мұндай шаралар мұнай өндірудің жаһандық өсімі және картельден тыс өн­дірудің ұлғаюына байланысты алаң­даушылық аясында нарыққа қосымша қол­дау көрсету үшін жасалмақ. Сауд Ара­биясы өндірісті ұзартуға ниетті екенін мә­лімдеді, бұл өндірістің жалпы көлеміне үлес қосады, ал Ресей мұнай өндіру мен экспортты тағы да қысқартпақ. 

Қазақстан қаржыгерлер қауым­дас­ты­ғының аналитикалық орталығы 2024 жыл­ғы сәуірдегі қаржы нарығы қаты­су­шыларының кезекті талдауын жария­ла­ған болатын. 

– Сауалнамаға қатысушылардың пі­кірінше, мұнай бағасының жоғары болуы ал­дағы 12 айда Қазақстандағы эконо­ми­ка­лық өсімге әсер ете алады. ОПЕК+ кво­тасы шегінде өндіріс көлемінің қыс­қаруына және Теңіздегі өндірісті ұлғайту мер­зіміне қатысты белгісіздікке қара­мас­тан, ЖІӨ өсімі 4,7 пайыз деңгейінде бол­жануда. Бір ай бұрын 4,4 пайыз еді, – деп хабарлады қауымдастық.

Ұлттық Банк Мұнай бағасы база­лық сценарийден сәл жоғары қа­лыптасып отырғанын, бұл Қазақ­стан­ның сауда балансына оң әсер ететінін айт­қан болатын. Алайда мұнайдың жо­ғары бағасы сыртқы инфляциялық әсер­дің артуына себеп болуы мүмкін екенін де реттеуші жоққа шығарған жоқ. 
Сәуірдің қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1,1 пайызға нығайды, яғни 1 АҚШ доллары 442,05 теңгеге дейін жет­ті. Қысқамерзімді перспективада теңгенің ди­намикасы нарыққа қатысушылардың бол­жамына, тоқсандық салық төлем­де­ріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байла­ныс­ты болатыны да айтылды.

– Мұнай бағасының құбылуы, әл­бет­те, ел экономикасына, теңге бағамына ті­ке­лей әсер етеді. Себебі біз мұнайға тәуел­діміз. Біздің экономикамыз әлі де болса мұнай шикізатының экспортына, сәй­кесінше оның ғаламдық бағасы қалай қа­лыптасатынына сезімтал. Біздің бюд­жетіміздің жартысынан көбі сол мұ­най­дың кірісінен толығады. Экспортты есеп­тесек, үлесі одан да көп. Алпыс-жет­піс пайызға дейін тек қана шикізат сату­мен, одан кейін өнімін және де оған тәуел­ді қанша бизнесті қосқанда, мүлде кө­бейеді. Сондықтан біздің бюджетіміз, жос­парларымыз, ақшамыз, экономи­ка­мыз әлемдегі мұнай бағасына әлі де болса се­зім­­тал және тәуелді болып қала береді, – дейді Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов.

Осылайша, қара алтын нарығындағы құбылмалылық ел экономикасының ахуалын болжауда қарастырылатын басты фактор ретінде қалып отыр. Оның сәл жоғары көтерілуі немесе болмашы төмен түсуі көптеген болжамды қайта қарап, басқаша бағыт алуға ықпал етуі мүмкін.