Оралда тасқын су зардаптарын жою жұмыстары басталды

Тасқынға қарсы тойтарыс берген күштік құры­лымдарды батысқазақстандықтар сый-құрметпен шығарып салды. Салтанатты ша­рада оларға алғысхаттар мен бағалы сый­лықтар табысталды.

Оралда тасқын су зардаптарын жою жұмыстары басталды
сурет: turkystan.kz

Тасқын су қаупіне байланысты Батыс Қазақстан облысында наурыз айының соңында екі ай мерзімге төтенше жағдай жарияланған болатын. Бүгінде қарғын су мен арнасына симай тасыған өзен-көлдерден шыққан нөпір судың беті қайтты. Бірақ зардабы қалды. Соңғы мәліметтерге қарағанда облыс орталығы Орал қаласының маңындағы саяжайлардың аумағындағы үй-жайларды қоса есептегенде, 15 000-нан астам баспананы су басқан. Сол себепті баспанасы  тұруға  мүлдем  жарамсыз  болып  қалған  саяжай  тұрғындарына  мемлекет  тарапынан  жаңа  үйлер  салынады  немесе  сатып алынады.  Қазір  төтенше  жағдай  жарияланған  кезде  Қазақстан аумағында басқа  баспанасы  жоқ  меншік  иелері  үшін  қираған  немесе  уақытша (маусымдық)  тұруға  жарамсыз  құрылыстарды  тұрғын  үйге  жатқызу  бойынша  заңға  өзгеріс  енгізу  жөніндегі  ереженің  жобасы  әзірленуде.  Бұл туралы  облыс  әкімдігінде  өткен  баспасөз  мәслихатында  айтылды.  

– Соңғы мәліметке сүйеніп сөз сап­тар болсақ, облыс бойынша саяжайлар ау­­­­мағындағы 14 839 үйді су басқан. Үй-жайсыз қал­ған тұрғындарға біржолғы (100 АЕК) әлеу­меттік көмек көрсетілуде. Баспанасы тас­қын судың құрсауында қалғандардың бі­ра­зы эвакуациялық орталықтарға орна­лас­ты­рылды. Зардап шеккен тұрғындар Орал қа­ласы әкімдігінің ресми сайтында көр­се­тіл­ген мекенжайларға немесе eGov mobile мо­бильді қосымшасы арқылы өтініш бере ала­ды. Қазір мүмкіндігіне қарай суға кеткен үй­лерге техникалық тексеріс жұмыстары жүр­гізілуде. Жалғыз баспанасы суға кеткен тұр­ғындарға ауданы 80 шаршы метр, құны 22 миллион теңгеден аспайтын үй беріледі. Ес­керетін жайт, саяжайдағы меншік иесінің жә­не оның отбасы мүшелерінің атында бас­қа пәтер болса, оларға баспана берілмейді, – деп сөзін сабақтаған облыс әкімінің орынбасары Тілеп­берген Каюпов бұл шаралар халықтың тұр­ғын үй жағдайын жақсарту мақсатында емес, төтенше жағдай салдарын жою үшін жа­­­­салып жатқанын айрықша атап өтті. 

Тілепберген Ерсайұлының мәліметіне қарағанда, тасқынның кесірінен Бөр­лі, Теректі, Тасқала, Бәйтерек, Қаратөбе, Сы­­­рым аудандарында һәм Орал қаласында 1 292 үй нөпір судың астында қалған. Күні бү­гінге дейін 1 150 үй техникалық байқаудан өтіп, соның нәтижесінде 397 үй тұруға жа­рам­сыз деп танылған.

– Бүгінде жоғарыда аталған аудандарда жа­рамсыз болып қалған тұрғын үйлерді қал­пына келтіру жұмыстары басталды. Атап ай­т­қанда, салынатын жаңа тұрғын үйлердің жер учаскелері анықталып, геология және то­потүсірілім жұмыстары жүргізілуде. Құ­ры­лыс жұмыстарын жүргізуге жергілікті ме­­­кеме-кәсіпорындардың тізімі түзіліп, қызу ең­бек майданына дайындық жұмыстары бас­талды. Тұрғын үйлерді салу жұмыстары «Қа­зақстан халқына» қоғамдық қорының, өңі­ріміздегі ірі кәсіпорындардың («ҚПО б. в.», «ЖайықМұнай», «Оралойлэнд Газ», «Кон­денсат») және өзге де мекеме-кәсіп­орын­дар­дың қаржы-қаражаты есебінен жүзеге асы­ры­лады, – деді Тілепберген Каюпов. 

Су тасқынынан зардап шеккендерге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлше­рін­де біржолғы әлеуметтік көмек (369,2 мың тең­ге) көрсетілуде. Қазір 1 490 отбасы 547,3 млн теңге әлеуметтік көмек алды. Ақ Жайық атырабында тасқын салдарынан ірі қарасы мен қой-ешкісі бар һәм үй құстарын қоса есеп­тегенде 2 343 бас мал шығын болды. Бұл күн­дері мал шығынын өтеу жұмыстары жүр­гізілуде. Осындай сипаттағы шығындарды өтеу­ге облыстық бюджеттің қорынан 187,5 млн теңге қарастырылды. 
Тасқын кезінде облыс аумағындағы 39 кә­сіпкерлік нысан мен 39 әлеуметтік нысан за­қымданған. Бизнеске келтірілген шы­ғын­дарды анықтау үшін арнайы комиссия құ­рыл­са, зақым келген әлеуметтік және инф­ра­құрылымдық нысандары бюджет есебінен қал­пына келтірілмек. 

«Үйіміз осымен үшінші рет суға кетті...»

Орал қаласы бойынша тасқыннан зар­дап шеккен ел-жұртпен нақты байланыс жа­сау мақсатында құрылған төрт штабтың бірі­нің жетекшісі ретінде жақында Деркөл кент­тік округіндегі эвакуациялық қосынға ай­налған «Орал» спорт клубында болдық. Бұл эвақосында 88 адам паналауда, олардың 39-ы – балалар. Эвақосынды үйлерін су жай­ла­ған 1-саяжай, «Үміткер», «Ягодка», «Самал» сая­жайлары және Деркөл кентінің тұрғын­дары паналауда. Олардың арасында алды 7, соңы 4-5 баламен келген отбасылар да бар.
Үш мезгіл тамақ уақытында беріледі, ол үшін спорт клубтың екінші қабатынан ас­ха­на жасақталған. Аяқ астынан біреулер сыр­қат­танып қалса, жедел көмек көрсететін мед­­­­бикелер кезекшілігі ұйымдастырылған.
Құбаев Аманкелді есімді қариямен аз-кем тілдестік. «Самал» саяжайында тұрған, баспа­на­ларын су басқаннан кейін жанұядағы келін-баласы, немерелері бәрін қосқанда 12 адам осында келіп жатыр. 

– Ешқандай шағы­мы­мыз жоқ. Үш мезгіл тамағымызды уақы­тын­­да береді, қарнымыз тоқ. Тек үй-жайы­мыз­ды уайымдаймыз, – дейді ақсақал. Табиғи апаттың салдарынан осы жерді уа­қытша паналауға мәжбүр болған тағы бір жан – Оразия Есболова.– Осы Деркөл кентіндегі Құрылыс мон­таж жабдықтары зауыты жағындағы Зауыт (Заводская) көшесінен келдік. Сол маңнан 1990 жылы үй сатып алғанбыз. 1994, 2011 жыл­­дары және биыл үшінші рет үйіміз суға кет­ті. Біріншісінде ауламыз суға толса, екін­ші­сінде үйімізді су басты. Бірақ үйлеріңіз құ­ла­ған жоқ деп баспана бермеді. Қазір үйі­міз суда тұр, жақындай алмаймыз. Алыстан қа­­рап келеміз. Өзім бұрын теміржолда істе­дім, қазір зейнеткермін, қол-аяғым ауыра­тын­­дықтан мүгедектік санаттамын. Күйеуім де мүгедек. Ол кісі де 45 жыл теміржолда жұ­мыс істеп, зейнетке шыққан. Қазір жол­да­сым үйді қарап келемін деп, сол жаққа кет­ті. Бос қалған үйлерге арғы жақтан қайық­пен келіп, ұры­лар түсіпті. Оларды үйлерін алыстан қа­рап жүргендер ұстап алған. «Балық аулап жүр­міз» деп жалтаратын көрінеді. 
Мұнда тамағымыз тоқ, төсек-орын бар, жағ­дайымыз жақсы. Үстіміздегі киімімізбен, құжаттарымызды ғана алып, тас­қыннан қашып шықтық қой. Жасың ұл­ғай­ған шақта үйсіз-күйсіз қалған қиын екен,  – дейді Оразия апамыз.

Баспанасыз қалып, клубты паналағандар­дың қайсысымен сөйлессек те, ешкімнен ша­ғым естімедік. «Жағдайымыз жақсы, шү­кір...» дейді. Жүздерінде итжығыс түскен үміт пен уайым. Тасқынның зардабынан тағдыр ай­дап, бір шаңырақтың аясында сығылысып жат­са да, мұңдарын шақпады. Уайымдары тек баспана ғана. 

Көмекке келгендерге – мың алғыс!

Өткен жұма күні Орал қаласындағы тұң­ғыш Президент алаңында өңіріміздегі су тас­қынының алдын алуға қол ұшын созған күш­тік құрылым өкілдеріне сый-құрмет көр­­­­сетілді. Өткен айдың соңынан бері та­биғи апат салдарынан еліміздің бірнеше өңі­­­рінде елдімекендерді су басып, төтенше жағ­дай режімі жарияланғаны белгілі. Ре­сей­дің Орынбор облысынан көп көлемде жі­беріл­­ген судың салдарынан Жайық өзені бойын­да орналасқан өңіріміздің 84 елді ме­­­кенін және Орал қаласын су шайып кету қау­пі төнді. Нөпір су тасқынының алдын алу­ға еліміздің әр өңірінен Қорғаныс, Тө­тен­ше жағдайлар, Ішкі істер министрлігі, Ұлт­тық ұлан және шекара қызметінің өкілдері ар­найы келді. Олар бір айға жуық облыс ор­талығы мен аудандарда уақытпен санас­пай еңбек етті. Белуардан су кешіп, адамдар мен үй жануарларын құтқарып, бөгеттер са­лып, жағалауды бекіту жұмыстарын абы­рой­мен атқарды. 
Ел басына қауіп төнген сын сағаттарда Мемлекет басшысының тікелей тап­сыр­масымен Үкімет деңгейінде жедел штаб құрылып, қала мен ауылдарды аман алып қалу үшін шұғыл шаралар қабылданды. Сын­дарлы сәтте батыс жұртының басына түскен ауыртпалықты бірге еңсеріп, қол ұшын созу үшін көмекке келген күштік құрылымдардың ең­бегі ерен. Өздеріне жүктелген міндетті абырой­мен атқарған азаматтар тұңғыш Пре­зи­дент атындағы алаңда сап түзеді. 
Салтанатты шарада сап түзеген әскери құры­лым қызметкерлері мен сарбаздарға об­лыс әкімі Нариман Төреғалиев ақжайық­тық­тардың атынан алғыс айтты. 

– Сіздер уақытпен санаспай, азамат­тары­мыз­дың қауіпсіздігін сақтау, қала мен ауыл­дары­мызды тілсіз жаудан аман алып қалу жо­лында тынымсыз еңбек еттіңіздер. Осы ер­лікке пара-пар еңбектеріңіз жоғары құр­мет­ке лайық! «Бірлік бар жерде – тірлік бар» де­ген қазақтың дана сөзі осындайда айтылса ке­рек. Сіздердің ерен ерліктеріңіз бен ел бір­лігінің арқасында қала мен ауылдарды аман алып қалдық! Жүз жылда бір қай­та­ла­на­тын табиғи апатпен күресуге үлес қос­қан­дарыңыз үшін сіздерге өзімнің және облыс тұр­ғындары атынан шынайы алғысымды біл­діремін, – деді Нариман Төреғалиев. 

Тілсіз жаумен күресуге облысымыздан 7 мың­ға жуық адам, күштік құрылымдардан 3,5 мыңнан астам қызметкер жұмыл­ды­рыл­ды. Ер-азаматтар бөгет тұрғызып, әйел адам­д­ар гуманитарлық көмекті үлестіруге орасан зор үлес қосты. Құтқарушылар суға батып ба­ра жатқан адамдардың өмірін сақтап қал­ды. Ел бірлігі мен сарбаздардың қара күшінің ар­қасында Жайықтың жағасына ұзындығы 140 шақырымнан астам, биіктігі 2 метрден 7 метр­ге дейін жететін бөгет-бекіністер са­лынды. Өзге облыстардан келген мыңнан ас­там арнайы техника күн-түн демей жұмыс істеді. 
Тасқынға қарсы тойтарыс берген күштік құры­лымдарды батысқазақстандықтар сый-құрметпен шығарып салды. Салтанатты ша­рада оларға алғысхаттар мен бағалы сый­лықтар табысталды.

Жаңа үйлер салу үшін жер учаскелері анықталып жатыр

Су тасқыны салдарынан жарамсыз деп та­нылған үй иелеріне жаңа баспана орталық мемлекеттік құрылымдар бекіткен жобалар негізінде салынып беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстық Құрылыс бас­қар­масының басшысы Әлібек Антазиев айтты.

– Қазір екі эскиздік жоба жасақталды. Олар – 80 шаршы метрлік үш бөлмелі үй жә­не 160 шаршы метрлік екі пәтерлі тұрғын үй. Салынатын үйлер барлық инженерлік же­лілермен қоса, әрленіп пайдалануға бері­леді. Үйлері жарамсыз деп танылған тұрғын­дар­ды баспанамен қысқа уақытта қамтама­сыз ету үшін жұмыс жүріп жатыр. Бүгінгі таң­да су басқан аудандарда жарамсыз деп та­нылған үйлерді қалпына келтіру бойынша жұ­мыстар басталды. Атап айтар болсақ, су бас­пайтын аймақтардан жаңа тұрғын үй салу­ға жер учаскелері анықталып, геология жә­не топотүсірілім жұмыстары жүргізілуде, – деді Әлібек Антазиев. 

Осы күні бекітілген үлгілік жобалар не­гі­зінде байлам жүргізетін жобалаушы ұйым­дар анықталды. Қаратөбе ауданында «Ст­рой­Консалтинг», Сырым ауданында Shine Project, Теректі ауданында Smаrtech ЖШС-лары және Бөрлі ауданында «ЕвроПлюс» ком­паниялары жобалау жұмыстарын жүр­гізу­де. Алдағы уа­қытта құрылысты жүзеге асы­ратын жер­гі­лік­ті мердігер ұйымдар тізімі жасақталады. 
Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде сая­жайлардағы баспаналарды айтпағанда, 1 311 тұрғын үйге зиян келген. Қаратөбе ау­­­­да­нын­да – 116, Сырымда – 243, Бөрліде – 218, Терек­тіде – 649, Бәйтеректе – 62, Тас­қа­лада – 6 және Орал қаласында 17 үй суға кет­ті. Қа­зір 1 150 үйге техникалық тексеріс жүр­­гізіл­ген. Жіктеп айтар болсақ, Қаратөбе ау­­да­­нында – 101, Сырымда – 243, Бөрліде – 218, Теректіде – 570, Бәйтеректе 60 үй ар­найы тексерістен өтті. Оның қорытын­ды­сын­да 413 үй әрі қарай тұруға жарамсыз деп та­нылды. Бүгінде Қаратөбеде – 90, Сырымда – 114, Теректіде – 81, Бәйтеректе – 7, Бөрліде 121 үй жарамсыз. 
Басқарма басшысы зардап шеккен тұр­ғын­­дардан өтініштер әлі күнге дейін түсіп жат­қанын тілге тиек етті. Үйлерді техни­ка­лық тексерістен өткізу жұмыстары жалғасу­да.

P.S. 
Орал қаласы маңындағы көптеген бағбан қауымдастығына қарасты аумақтар әлі күнге дейін су астында болғандықтан ондағы үй-жайларға техникалық тексеру жүргізу әзірге мүмкін емес. Халық та, билік те судың тартылғанын күтуге мәжбүр. Ең бастысы қарғын су кезінде де, тасқын су кезінде де Батыс Қазақстан облысында бірде-бір адам шығынына жол берілген жоқ. «Бар пәле малмен кетсін!» дейтін халықпыз ғой, мал-мүліктің орны толар, ең бастысы ел аман, жұрт тыныш болғай! 
Тіл-көзіміз тасқа, тасқыннан үлкен-кіші түгел аман шықты дедік, ендігі басты мақсат – қара күзге дейін үйсіз-күйсіз қалған қарашаны баспаналы қылу. Бұл – оңай жұмыс, жеңіл-желпі мәселе емес, әрине. Бірақ Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, бір атаның баласындай ұйымшылдық танытсақ, қолдан келетін шаруа көрінеді. 

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, 
Батыс Қазақстан облысы