Әлемде қанша кітап бар?

ЮНЕСКО есебінше, жыл сайын 2,2 миллион кітап шығады.

Әлемде қанша кітап бар?
сурет: huffpost.com

Әлемде қанша кітап бар? Бір қарағанда жауабы анық секілді көрінгенімен, бұл сауалдың жауабы әлі күнге дейін нақты емес.

ISBN дерекқорында 34 миллионнан астам кітап бар

Әрине, кітаптарды тіркеу үшін пайдаланылатын ISBN дерекқорына үңіліп, 34 миллионнан астам кітаптан деген қорытындыға келуге болар еді, бірақ бұл жауап шындықтан алшақ болатыны анық.

Неліктен әлемде қанша кітап барын нақты анықтау қиын? Себебі ресми тіркелген кітаптардан бөлек, сандық басылымдар, әуесқой басылымдар, кітапқа енбеген шығармалар, вариация және қайталау барын есепке алу керек. 

Google санағы

Дегенмен, ең жақсы кітап санағын жүргізген Google болды. 2010 жылы Google әлемде қанша кітап бар екенін дәл есептеуге тырысты және 129 864 880 дана кітапты есептеп шықты.

1440 жылы баспа құрылғысы ойлап табылғаннан бастап Google олардың санын есептеу үшін ISBN, кітапханалар және басқа көздерден алынған деректерді есептеген. Алайда, компания журналдарды, жеке эсселерді т.б есепке алмады. Сонымен қатар, Google базасында көшірмелер мен вариациялар да болуы мүмкін.

129 864 880 дана деген ақпарат ақылға қонымды болып көрінгенімен, бұл жоба 2010 жылы аяқталды, яғни содан бері қаншама мың кітап жарық көргенін де есептеу керек. 

Шексіз әлем

ЮНЕСКО есебінше, жыл сайын 2,2 миллион кітап шығады. Осы ақпарат бойынша есептеп, Google мәліметіне қоссақ, 2023 жылғы жағдай бойынша әлемде шамамен 158 464 880 кітап бар деп болжай аламыз.

Өкінішке қарай, бұл тек шамалап есептеу болғандықтан, нақты кітап санын айту мүмкін емес.

Сондықтан нақты жауап құпия болып қала береді. Бұл әдеби әлемді одан сайын тылсым әрі қызықты етеді. Бұл – шексіз әлем, мәңгілік классикалардың қатары үнемі жаңа туындылармен толыға береді, толыға береді. Әрбір кітап бірегей даңғыл жол ашып, әлемді зерттеуге, ғаламның құпиясын ашуға қажет шамшырақ болып жағылады.