Пітір садақасын кімдер беруге міндетті?

Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасындағы әр адам үшін пітір садақа беруі - уәжіп.

Пітір садақасын кімдер беруге міндетті?
Пітір садақа. Фото: pixabay

Пітір Рамазан айының соңында яғни айтқа жетіп, негізгі қажеттіліктерінен тыс ең кемінде нисап мөлшеріндей дүниеге ие, бас бостандығы бар әрбір мұсылман үшін уәжіп болған садақа.

Хадисте: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақаны міндеттеді. Кім пітірді (айт) намаздан бұрын берсе, ол пітір садақа болып қабылданады, ал намаздан кейін берсе, жай ғана садақа болып есептеледі», - делінген (Бұхари).

Пітір садақасын кімдер беруге міндетті?

Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасындағы әр адам үшін пітір садақа беруі - уәжіп. Оны өзінің қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам береді. Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисап мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Алайда, садақаны өзінен жағдайы төмен адамға бергені дұрыс. Әйелі және үлкен балаларының жағдайлары жетіп тұрса, олар пітір садақаны өздері береді. Ал олар үшін де пітір садақа берген адам әлбетте сауапқа кенеледі.

Дереккөз «Рамазанға қатысты 200 сұрақ» кітабынан алынды