Зекетті не үшін рамазан айында берген абзал?

Зекет парыз болу үшін нисап мөлшеріндегі байлығына бір жыл толған болуы керек.

Зекетті не үшін рамазан айында берген абзал?
taunews.kz

Қасиетті рамазан айында бес парыздың бірі болған зекет берудің маңызы ерекше. Өйткені берекелі айда шынайы ниетпен жасалған әрбір кіші немесе үлкен амалдың сауабы арта түседі.  

Зекет дегеніміз не?

«Зекет» араб тілінен енген сөз. Бұл сөздің тілдік мағынасы «көбею, өсу, тазару» дегенді білдіреді. Құранның «Расында, өз нәпсісін тазартқан кісі (тозақ азабынан) құтылды» деген, «Шамс» сүресінің 9-аятында «өз нәпсісін тазартқан» деген сөздерде «зекет» сөзі «тазару» мәнінде қолданылып тұр. Ал зекеттің шариғаттағы терминдік мағынасы: «Нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылманның Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін шариғатқа сай, жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруі».

Зекетті не үшін рамазан айында берген абзал?

Рамазан айына қатысты хадисте: «Адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады», - делінген. Демек өзге айларға қарағанда бұл ай сауаптар еселеніп жазылатын игілікке толы ай болғандықтан, Ислам ғалымдары осы айда берген абзал деген тұжырымдама жасаған. Әрі зекетті берген уақытын ай күнтізбесіне сай оңай есептеуі үшін рамазан айы зекет бергенге өте қолайлы ай. Десе де, зекет парызын өтеу үшін белгілі бір ай немесе күн бекіту міндетті емес. Ең бастысы, зекет парыз болу үшін нисап мөлшеріндегі байлығына бір жыл толған болуы керек. Алайда бір жыл толмаса да алдын ала беруіне рұқсат.