Елизавета Есенжігітова: Жер сілкінісі ошақтарын әрқашан бақылауда ұстап отырамыз

Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары

Елизавета Есенжігітова: Жер сілкінісі ошақтарын әрқашан бақылауда ұстап отырамыз
Сурет – кейіпкердікі

Кейінгі кезде әлемнің көптеген елінде жер сілкінісі болып жатыр. Оның ішінде үйлердің қирап, адам шығынына ұшыратып жатқандары бар. Бүгінде сондай мәліметтерге құлағы түрік жүретін еліміз тұрғындарын, биыл қаңтар және наурыз айларында Алматыда болған күші орташа жер сілкінісі, біраз абдыратып тастағандай.
Біз осы және өзге де жер сілкіністеріне қатысты сұрақтарымызды Алматыдағы Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Елизавета Есенжігітоваға қойған едік.

− Өзіңізге мәлім, соңғы кезде Алма­ты­да жер сілкінулер жиілеп кеткен сияқ­­­­­ты, кейбірі тіпті, жұрттың үрейін ұшы­рарлықтай болды. Мәселен, биыл 23 қаңтарда және 4 наурызда болған жер сілкіністердің күші 5 балдан асып кетті. Болған бұл жағдай әлде бір қауіптің барын көрсетпей ме?

− Екі жер сілкінісі де өзінің орналасу оша­ғына байланысты қалыпты, сол аймаққа тән жер сілкіністері. Қытаймен шекаралас жер­дегі қаңтардың 23-і болған жер сілкінісі маг­нитудасы жоғары болғанымен өте алыс қа­шықтықта, сондықтан Алматы қаласына ол әл­сіз сезілді. Оның ерекшелігі – аймақтағы жер сілкіністері көп уақыт афтершок арқылы кө­рінеді. Үлкен қозғалыс тудырған жер сіл­кінісі ақырындап, өзінің күшін азайтып ба­рып қалыпты жағдайға түседі. Қаңтар айы­ның 23-інен кейін сезілген көптеген жер сіл­­­кінісі сол жер сілкінісінің афтершогы.

Ал сілкіну ошағы Алматыдан 43 шақы­рым қашықтықтағы жер сілкінісіне келсек, ол жерде бұрын да бірнеше рет болған. Ол жер сілкінісінің ерекшелігі Алматы қаласына жа­қын қашықтықта болғандықтан толқын «соқ­қы» ретінде сезілді де, тез басылды. Тағы бір ерекшелігі – бұл аймақтағы жер сіл­кі­ніс­і көбіне афтершоксыз өтеді. Сол күні бір соқ­қы болды, сонымен ол жердегі жер сілкі­ні­сі қазір тынышталып қалды. Ұсақ афтершоктар болған жағдайда ол тек біздің приборларға ғана тіркеледі, адам баласы оны сезбейді. Қытай жерінде болған жер сілкінісінің афтершоктары қазір 9 мың­нан асып кетті. Ол әлі де жарты жыл бола ма, бір жыл бола ма немесе одан да артық уақыт бо­ла ма, оны нақты болжап айта алмаймыз. Бір­ақ нақты білетініміз – оның күші негізгі жер сілкінісі болған күндегі магнитудадан ас­пайды, содан төмен болады және барынша әлсіз болып тоқтайды.

Алматы қаласында мұндай жер сілкі­ніс­і бұрын да осындай энергетикалық күш­пен, тек осы жолы жер сілкінісінің ошағы аз­да­ған тереңдікте болғандықтан күштірек се­зілгендей болды.

– Алматыда соңғы 137 жылдың ішін­де бірнеше күшті жер сілкінісі болған. Оның ішінде 1887 жылы 9 маусымда кү­ші 7,3 балл, 1911 жылы 22 желтоқсанда 9 балдық болған жер сілкіністері кезінде осы жерде тұратын халық көп зардап шек­ті. Сондай жер сілкіністері тағы да қай­талануы мүмкін бе?

– Ол жер сілкіністері туралы мәліметтер біз­­де бар. Алғаш 1887 жылы бұрынғы Верный қаласында жойқын жер сілкінісі өткен. Ол әлем­дік каталогқа енген және Орталық Азия бойын­ша ірі жер сілкіністерінің бірі. Оның күші 7 балл болды. Верный қаласы толығымен қи­рады. Халықтың көбі зардап шекті. Содан кейін Алматы қаласы тұрғындары үйлерін сей­с­микалық жақтан бекітуге көшті. Сол кез­­ден бастап қаладағы ғимараттарды, тұр­ғын үйлерді сейсмикалық жағдайға төзімді етіп салуды бастады.

Одан соңғы ірі жер апаты 1911 жылы орын алды. Оның ошағы 43 мемле­кет­­­тің шекарасында болды. Магнитудасы 8,2-ге жетті. (Бұл да осы өңірдегі ең ірі жер сіл­кінісі және әлемдік ірі жер сілкіністері ка­та­логына енді. Негізі, ол каталогқа Қазақ­стан­­да болған үш жер сілкінісі енген). Бұл зіл­заладан Алматы қаласы қатты зардап шек­ті. Адам шығындары да болған. Бірақ мұн­дай жер сілкінісінің қайталануына нақты дәлел жоқ.

Иә, кейбір ғалымдар жүз жылда, жүз жиыр­ма жылда, кейбір шетел ғалымдары жүз елу жылда қайталану циклы болуы мүмкін деп болжап отыр.

Екі жылдан соң Қазақстандағы сейс­мо­ло­гия саласына 50 жыл толады, сондықтан біз нақты солай болады деп негізсіз айта ал­май­мыз. Мүмкін болашақта жас ұрпақ қандайда бір дәлел табатын шығар.

Біз жер сілкінісі ошақтарын әрқашан ба­қылауда ұстап отырамыз. Соңғы жер сіл­кінісі бұрынғы жойқын зілзала тудырған жер­де болды. Бірақ ол – сол жерге тән орташа жер сілкінісі. Ол жерде жер сілкінісінің болуы Кемин ошағын қандайда бір қозғалысқа түсіреді деген ой әлі де нақты дәлелденбеген. Кемин ошағынан басқа, ол жерде көптеген жер сілкінісі тіркелген. Қазір бақылауда.

– Бізде болуы мүмкін жер сілкі­ніс­ін ал­дын ала болжап, халықты сақ­тан­дыруға мүмкіндік бар ма? Оған қа­тыс­ты Сейсмологиялық байқау және зерт­теулер ұлттық ғылыми орталығы қан­дай жұмыстар жүргізіп жатыр?

– Біздің ғылыми орталықта жер сілкінісі бірнеше бағытта зерттеледі. Жер сілкінісін бақылау стансаларының басым көпшілігі Алматы маңында және еліміздің оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. 2021 жылдан бастап Қазақстанның басқа өңірлері­не де стансалар қойылып жатыр, сол жақтың да  сейсмикалық жағдайына бақылау жүргі­зі­ле бастады.

Қандай да бір нақты болжам жасау өте қиын, сонда да біздің ғалымдар ең сейсми­ка­лық қауіпті аймақ – Алматы қаласына қатысты қандай да бір болжам беруге тыры­сады. Сондықтан жылдың басынан соңына дейін орта мерзімді болжам жасайды. Оны біз «Алматы – сейсмикалық қауіпті ауданның сейсмикалық жағдайын бақылау» деп ай­тамыз. Сол бақылау бойынша 2024 жылы Ал­ма­ты қаласында ірі жер сілкінісі – магни­тудасы 5,5-ке тең немесе одан жоғары қан­дай да бір ғимараттардың қирауына немесе адам шығынына әкелетін жер сілкінісі күтіл­мейді дейміз. Бірақ сіздер түсінулеріңіз керек, қазір әлем зілзаланы алдын ала бол­жаудан бас тартқан, өйткені ешкім 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Себебі кез келген уақытта басқа мемлекетте болған жер сілкінісі басқаларға да өз әсерін тигізеді. Жер қыртысында қандай да бір өзгерістер болса, біз соны ескере отырып, өзіміздің қоры­тындымызға өзгертулер енгіземіз.

Ғылыми орталықтың жүргізіп жатқан жұ­­мыс­тарына келсек, зерттеуді бір­неше ба­ғыт­та жүргізетінін айтып өттім. Мы­салы, біз­дің орталықта 9 зертхана жұмыс іс­тейді. Олар әртүрлі бағытта зерттеулер жүр­гізеді, ай­та кетсек, геофизикалық пара­метр­лер ба­қы­ланып зерттеледі және жерасты суы­ның зерт­теулері жүреді. Жер сілкінісі ке­зінде же­расты сулары азайып кетуі немесе кө­бейіп кетуі мүмкін, сонымен бірге оның құра­мы да өз­геруі мүмкін. Соның бәрі біздің на­зары­мыз­да. Сонымен бірге елімізде болып жат­қан ұсақ жер сілкіністерін бақылай оты­рып, сол ай­мақтың сейсмикалық жағдайын бағалауға болады.

– Алматы – сейсмикалық жағынан қауіп­­ті аймақтардың бірі. Қалада тәуел­сіз­діктен бері салынған көпқабатты тұр­ғын үйлердің сейсмикалық жақтан бе­рік­тігіне қандай кепілдік бар? Жалпы, құ­рылыс компаниялары үйлерді сал­ғанда сіздердің көмегіңізге жүгіне ме?

– Жақсы сұрақ! Біздің ғалымдар жер сіл­кі­ні­с­ін алдын ала болжаумен айналыспайды, сей­смолог ғалымдар жер сілкінісін зерттейді. Сол жер сілкінісін зерттей отырып, бола­шақ­та болатын ірі жер сілкіністерінің ошағын жә­не қауіпті аймақтарды анықтайды, топы­рақ қабатының жылжуын есептейді. Сол м­ә­ліметтердің бәрін пайдаланып, еліміздің әр облысының және ірі қалаларының сейс­ми­­­­калық аудандастыру карталарын дайын­дайды. Бұл – карталар құрылыс норма­тивтерін жа­сауда негізгі құжат. Осы құжатқа сүйеніп, сондағы нормативті ұстанып, салынған ғи­мараттар жер сілкінісіне төтеп беруі  тиіс, бір­­ақ еліміздегі құрылыс нысандарын салу­шы­лар қандайда бір заңдарға бағынбайды, атал­ған нормативтер қадағаланбайды. Ар­найы құрылыс салу процестерін қада­ға­лай­тын департаменттердің құзыретінде. Со­ны­мен бірге аталған мәселеге тікелей жауапты – қалада құрылыс нор­мативтерін дайындайтын, ғи­мараттардың беріктігін анықтайтын Қазақ ұлттық ғылыми институт бар. Біз қорытынды ретінде кар­таларды дайындап береміз, әрі қарай ҚазҚСҒЗИ («Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» ак­ционерлік қоғамы) нормативтерді дайын­дай­ды. Сол нормативтерге сәйкес құры­лыс­тар салынуы керек. Оны Үкімет қадағалауға тиіс. Бізден ешкім ешқандай рұқсат алмайды. Кей­бір мекемелер сейсмологиялық қоры­тын­дыны қандай да бір жекеменшік ЖШС-ларға жа­сатып алу мүмкіндігі бар көрінеді. Ондай ЖШС-лар бүгін ашылып, ертең жабылып жа­­­тады, ал жер сілкінген кезде халық та, Үкі­мет те әлгіндей құрылыстарға қатысты сұрақ­ты бізге қояды.

– Ел арасында Алматыда жерасты жа­­рықтары бар, кейбір тұрғын үйлер сол жарықтардың үстіне салынған деген әң­гіме жүр. Осы сөздің шындығы қан­дай?

– Алматы қаласында сейсмикалық аудан­дас­тыру жұмыстары жүргізілген. Қазір тек Ал­маты қаласының сейсмикалық мик­роау­дандастыру картасы дайын. Сол карта негі­зін­де 2017 жылы Алматы қаласының жеке құ­­­ры­лыс нормативтері жасалған. Сол мә­лі­мет­тердің ішінде Алматы қаласында жер сіл­кіністері кезінде пайда болған жарықтар бел­гіленген. Олардың саны қала бойынша − 27. Оның біразы Кеңес өкіметі кезінде анық­тал­са, біразы кейінгі кезде анықталған. Бірақ ол жарықтардың бәрі қауіпті деп айта ал­май­мыз. Себебі олар ірі жер сілкіністері ке­зінде пай­да болған. Кейбірі қазір белсенді болуы, қандай да бір қозғалыста болуы мүм­кін. Оны нақты анықтау фундаменталды зерт­теулерді қажет етеді, ол Үкіметтен қар­жы­­­­ландыруды талап етеді. Егер қаржы бө­лінсе, біздің ғылыми орталық сол жарық­тар­ды толығымен зерттеуге дайын.

Қазір сол жерасты жарықтары белгілі жә­не біз ол жерлерге құрылыс ғимараттарын салу­ға болмайды деп қандай да бір нұсқау бе­ре алмаймыз. Себебі ол құрылыс нысандары зерт­теулерге дейін салынып койылған болуы мүм­кін. Сондықтан Үкіметтен сұрайтын­ы­мыз, құрылыс нысандары зерттеу қорытын­ды­лары негізінде жасалса және сол салынып қойған ғимараттардың жер сілкінісіне төзім­ді­лігі тексеріліп, содан сол ғимараттарға «пас­портизация» жасалса, ол да бір пайдалы іс болар еді. Себебі Кеңес өкіметі кезінде са­лын­ған ғимараттардың беріктігіне күмән жоқ, олар барлық стандарттарға сәйкес. Бірақ көп жыл бойы қолданыста болғаннан кейін олардың жарамдылығы қандай? Оған жауап ҚазҚСҒЗИ мекемесі жауапты.

– Өзге елдердің, атап айтқанда, бізге жа­қын орналасқан әрі жер сілкінісі жиі болатын Қырғыз Республикасы, Қытай, Ре­сей елдерінің сейсмикалық орта­лық­тарымен байланыстарыңыз бар ма, олар­мен ақпарат алмасып тұрасыздар ма?

– Иә, әлемде жер сілкінісі жиі болатын ірі мемлекеттер – Жапониямен, Қы­тай­мен тығыз байланыстамыз. Бұрынғы ТМД мем­лекеттері – Ресей, Қырғыз Республи­касы­мен сейсмикалық мәліметтерді алмасып тұ­ра­мыз. Ғылыми бағытта зерттеулеріміз, әдіс­теріміз бірдей. Біздің мамандар шетел ма­мандарынан кем түспейді, солар қолда­на­тын әдістерді қолданады. Солар зерттеу жүр­гізіп жатқан бағыттарда бізде зерттеу жүр­гізіп жатырмыз. Тек бір өзгешелігі, аталған мем­лекеттерде сейсмология саласы жақсы қар­жыландырылады, сондықтан сейсмо­тех­но­логия жағынан олар бізден әлдеқайда алда. Со­дан кейін біздің елімізде сейсмикалық стан­салардың саны 80-90-ға жететін болса, жа­пон елінде 5 мыңға жуық, Қытайда 3 жа­рым мың станса орналасқан. Бұл станса­лар­дан берілетін мәліметтер бізге қарағанда көбірек.

– Жауаптарыңызға рахмет, еліміз зіл­зала­дан аман болғай!

Сұхбаттасқан

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ