Күніне 500 нан пісіретін наубайханашы

Қаламқас тұратын ауданда бұған дейін мүлде наубайхана болмаған. Халық нанды тікелей Жезқазған қаласынан тасып жүруге мәжбүр болыпты. Оның ашқан шағын наубайханасы аталмыш мәселенің шешімін тапқан.

Күніне 500 нан пісіретін наубайханашы
Turkystan.kz

Қаламқас Әбдікәрованың ауылдастары 130 шақырым қашықтықта орналасқан облыс орталығынан нан тасып, әлек болатын. Кейін ол бұл мәселенің шешімін тауып, ауылдан наубайхана ашты. Аз уақыт ішінде кәсібін дөңгелеткен ол қазір күніне 500-600 нан пісіреді. Turkystan.kz тілшісі шағын кәсіптің шырайын келтіріп отырған Қаламқас Әбдікәровамен тілдесіп, әңгімелескен болатын.

Бұрын банк қызметкері болған ол 2 жыл бұрын кәсіп бастау үшін конкурсқа қатысып, 1,5 миллион теңге грант жеңіп алған. Қайтарымсыз қаржыға Ұлытау ауданында «Ыстық нан» наубайханасын ашып, цехқа қажет пеш сатып алып, кәсібін бастап кетті. Бүгінде ұлытаулық кәсіпкердің ісіне береке дарып, 3 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенді нан өнімімен қамтып отыр.

Бұған дейін ауданда мүлде наубайхана болмаған екен. Халық тікелей Жезқазған қаласынан тасып жүруге мәжбүр болыпты. Жаңадан ашылған шағын наубайхана бұл мәселенің шешімін тауып берді.

«Шағын кәсіпті сәтті жүргізу үшін күнделікті тынбай еңбектену қажет. Оған қоса, үнемі ізденіс үстінде жүріп білім алып, кәсіби деңгейді арттыруға ұмтылмаса барлығы зая кетеді», – дейді ол.

Оның айтуынша, келіп түсер тапсырыс саны әр күні әр қалай.

«Қыс уақытында 400-500 болса, жаз кезінде 700 нанға дейін пісіремін. Қазір біз тапсырыс бойынша ауыл ішіндегі 12-13 дүкенге күніне 40-50 наннан жөнелтеміз. Кешкі уақытта пісіріп, дайындап қоямыз. Таңертең барлығын таратамыз. Кейде тапсырысты көп беріп жатады. Оған үлгермейміз. Сұраныс бірте-бірте артып келеді. Мәселен, Шеңбер, Алғабас, Амангелді, Қаракеңгір ауылдық округтерінен өздері келіп алып кетеді», – дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар, ол сұраныстың күн санап артып келетіні өнімнің сапалылығына да байланысты екенін жеткізді.

Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған Қаламқас жеке кәсібі арқылы әзірге бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта цех аумағын кеңейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға ниетті.

 «Биыл кәсіпті кеңейту үшін тағы да бір грантқа үміткер болуды жоспарлап отырмын. Ең алдымен, көрші ауылдармен келісімшартқа отырып, тасымалдау жағын қарастырып жатырмын. Әрі, жұмысшы санын арттыру да жоспарда бар. Енді тек нан ғана емес, тәтті тоқаштарды пісіріуді де қолға алсақ дейміз. Сондықтан, тәжірибелі мамандар іздестіріп жүрмін. Алайда, бұл жұмыс оңай емес екені айдан анық, сондықтан бірден келісетіндер аз. Қайыра айтсам, тынымсыз тірліктің ортасындамыз, сондықтан көп бейнеттің зейнеті болатынын ұмытпаған жөн», – деді наубайханашы.

Ұлытау ауданында тындырымды тірлік көп. Ауыл халқының негізгі еңбек көзі – мал және егін шаруашылығы. Енді міне, шағын кәсіптің керегесі де кеңіп келеді. Ең бастысы, ынта болса болғаны мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдау жетерлік. Оған кейіпкеріміздің еткен еңбегі дәлел бола алады.