«Махаббаттың құдірет-күші әлдилеп...»

Астана Музыкалық жас көрермендер театры құрылған 3 жылда ұжымда 13 жұп шаңырақ көтерді

«Махаббаттың құдірет-күші әлдилеп...»
turkystan.kz / суреттер кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Онда тұрған не бар дерсіз? Бірақ бұл жер­­де мән беретін дүние мынау – ұжым­да­ғы­лар бір-бі­рі­не үйленіп, үй болып жатыр. Ал кез келген ме­­­кемеде бұ­­лай бола бермесі хақ. Айтпақшы, бұ­ларға жа­­қында 14-отбасы қо­сылды. Атырау­дан кел­ген дарынды ак­тер­лер Асхат Мұ­са­ға­лиев пен Меруерт Та­на­шева театр­дағы отба­сылар қатарын кө­бейтті.

Жә, бәрін басынан бастайық. 
Музыкалық жас көрермендер теат­рын құру – режиссер Асхат Мае­мировтың көп жыл­ғы ар­ма­ны еді. Оған Құдайдай сенетін жас­тар ай­н­а­ласына топ­таса бастаған. Ақыры 2020 жылы желтоқсан айын­да театр ресми түрде тіркеліп, халыққа ал­ғаш­қы спектаклін ұсын­ды. Әрине, оған дейін көк­темнен бастап ұйым­дастыру жұмыстары жүр­ді. Жаз ай­ла­рын­да алғашқы шаңырақтар бой көтере бас­­­­тады. Солардың бірі – қызылордалық Қа­­­­зыбек Есқара мен шымкенттік Гүлдана Әб­діса­дық. «Бұған дейін Асхат ағай бас­қа­ра­тын «Астана Мюзикл» театрында жұмыс іс­те­дік қой. Сол кезде Еуропаны араладық. Ке­­­­ліншегіме тура Эйфел мұ­нара­сының жа­нын­да тұрып сөз салдым» дейді Қа­зыбек. Ал той уақыты атың өшкір пандемияның ке­зіне тура келген... 
Ақтөбелік Саламат Мұқашев та тура сол кез­де үйленген. Келіншегі Айдана – Мұқа­ға­ли­­дың кіндік қаны тамған Қарасаздың қызы. Саламат оны Айдана емес, «Құдайберген» деп атайды екен. Қалжыңы, әрине. Бірақ негізсіз де емес. 2019 жылы Темірбек Жүргенов атын­да­ғы атындағы өнер академиясына магист­ра­тураға тапсырғанда екеуі тура емтиханның үс­тінде жолыққан. Бір қызығы, бір оқу ор­нын­­да оқыса да бұрын бір-бірін мүлде біл­мей­­ді екен. Айдана өзі мүлде танымайтын жі­гіт­­ке ағылшын тілінен қатты көмектесіпті. Шын ниетімен емтиханнан өтуіне тілекші бол­ған. Халық әнін сәл өзгертіңкіреп айтсақ, «сыр­­ғасын қайық қылып өткізіпті» «арғы жа­­ғаға». Сосын «Құдайберген» демегенде қай­­­­­теді Саламат? Қазір театрда жұмыс істеп жүр­­ген кезде дүниеге келген екі ұлдың ата-ана­сы!

Атыраулық Оразалы Игілік пен шы­ғыс­қа­зақ­стандық Инабат Ризабекованың басын қосқан – «Қыз Жібек» этнофольклорлық мю­­­­зиклі. «Астана Мюзикл» қойған бұл қойы­лым­да екеуі Төлеген мен Жібектің рөлін ой­­­наған болатын. Шығармашылық тап­сы­ры­лым болған сәтте: «Қараңызшы, қандай әсер­лі. Рөлді тамаша алып шықты ғой. Кере­мет емес пе?» – депті Асхат әйгілі актер Құ­ман Тастанбековке. «Актер рөл ойнап шық­қан жоқ. Ол қазір бар болмысын жайып са­­лып, қызға деген ынтызар сезімін көрсетті. Мы­­на жігіт өлердей ғашық. Мен білсем, бұл екеуі үйленеді» – депті сонда «Төлеген»: «Оны қай­­дан білдіңіз?». «Өйткені мен де киноға түс­­кен сәтте тура сондай күйді бастан кеш­кем. Дәл қазір Оразалыдан сол кездегі өзімді кө­ріп тұрмын». Құман Тастанбеков пен Мер­уерт Өтекешова екі жасқа сол кезде риясыз ақ­тарылып, батасын берген. Расында да, бұл кез­­де Оразалы мен Инабат бір-бірінсіз тұра ал­майтын дәрежеге жетіп еді. Міне, осы­лай­ша, бір кезде Қанабек пен Күләш Байсейі­тов­тер­­дің басын қосқан, Құман мен Меруертті аңыз­ға айналдырған «Қыз Жібек» қазақтың тағы бір талантты ұл-қызын жұптастырды. Екеуі­нің сезімінің куәсіндей Жібек деген ба­ла­­пан өсіп келеді отбасында. 
Ал алматылық Азамат Болатов пен Дана Ве­ре­щактың хикаясы тіпті қызық. Иә, Ве­рещак. Украин қызы. Қазақтың жиені. Әкесі Алек­сандр Верещак Баянауылда қазақ ара­сын­да өскен. Әскерде жүргенде «Айналамның бәрі орыс. Жалғыз қазақ мен ғанамын» деп хат жазған батырың қазаққа үйленбегенде қай­теді? Домбырамен ән айтып, бет ашатын Алек­сандрдың ұл-қызы да өнерге жақын бо­лып өсті. 
Азамат оқуға түскенде «2-курста украин қы­зы оқиды. Қазақшаға судай» дегенді естіп, қат­ты таңғалыпты. Жатақханада ортақ та­ныс­тары арқылы дастарқандас болғанымен, 2 айға дейін сөйлесуге дәті бармапты. Қыз да «перваш» жігітке аса назар аудара қоймағанға ұқсайды. Бірақ бұған дейін колледж бітіріп, бір­шама өмір көрген Азамат ес жиып, қыз­дың есігін қаға бастаған. «Өз адамым екенін бірден сездім» дейді жігітің. Бүгінде әйгілі топ­­тың әнін сәл өзгертіп: «Кеше біз(дер) ға­шық болған, кездесуге асық болған, ару қыз жүр үйімізде» деп әндетеді. Әке-шешесі, ағайын-туысы да Дананы жатсынбай, іш тар­­тыпты. Бауырмал қыз да бірден түскен жері­нің ыңғайына жығыла кеткен. Қазір бұл үйде бір «театр баласы» өсіп келеді. 
Тағдыр қызық қой. Кейде бір-ақ оқиға өмі­ріңді өзгертіп жібереді. Ақтөбенің серісі Ела­ман Иманбаевтың Қызылорданың құра­лайы, балетмейстер Кәмилә Бузанованы көр­ген сәтте-ақ жүрегі дір ете қалған. Екеуі де театр­ға кіріп, жұмыс істей бастаған кезде жі­гіт­ке әскерден шақырту келсін. Барайын де­се, Кәмиланы қимайды. Бір күні әскери ко­митеттің адамдары тура театрға келіп алып кетті. Казармаға апарып тығып, ша­шын алып тастаған. Енді тек әскери бөлімге аттануы ғана қалған. Бұл әуелі әке-шешесіне, сосын Кәмилаға звондады: «Солай да солай, мен әскерге кетіп барамын». Жұмыста боз-бо­ран болып отырған Кәмиләні көріп бір до­сы шошып кетіпті: «Не болып қалды?». «Ела­­манды әскерге алып кетіп барады...». «Шын сүйесің бе? Үйленесіңдер ме, анық?». «Иә» – дейді Кәмилә еңіреп. Әлгі досының қо­­лы ұзын болса керек, кешке қарай та­қыр­бас Еламан есік қағып тұр дейді. Енді екеуі әрі қарай соза берудің қажеті жоқ екенін тү­­сініп, әке-шешелеріне хабарласып той кү­­нін бел­гілейді. Оралдың «жүгермегі» Ернар аса­ба­лыққа «тағайындалыпты». Ол тура той бо­­ла­тын күні әуежайға барса, ұшақ әл­деқа­шан ұшып кеткен. Сөйтсе, ұшақтың ерте ұша­­­­тыны жө­ніндегі sms билетті алған Ела­ма­н­­­ның телефонына келген, ал бақыттан ба­­сы ай­на­лып жүрген ол тіпті байқамаған ғой. 
Ұшатын ұшақ ұшып кетті, енді не істеу ке­рек? Не істеу керегі несі, әрине, Шы­нарына, Асхат ағайы Ақшынар дегесін, бәрі солай атап кеткен ғашығына барады. Екеуі Қазақ ұлттық өнер академиясында оқып жүрген кез­де танысқан. «Сәлем», «Сау бол­дан» аса қой­маған. Бір күні автобусқа бірге отырып қал­ды. Әңгіме тиегі ағытылды. Те­лефон ал­мас­ты. Енді WhatsApp арқылы ұза-а-ақ сөй­ле­се­тін болды. Каникулда Ора­лына кеткенде жү­регі алып-ұшып Астанаға асық­ты да тұр­ды. 
...Ақыры ұшақтан қалып қойған Ернар Ақ­шынарға тартты. Жай ғана барған жоқ, жү­­рек сөзін айтты. Қыз қарсы болған жоқ. Ақ­­төбеде думан қызып жатқан кезде мына жақ­­та да бір тойдың жоспары сызылып жа­тыр еді.

Еламанның тойы Ернар мен Шынарды ға­на емес, көкшетаулық Ерназар Жаңа­­тілек пен астаналық Арелана Аман­гел­диеваны да қо­сып кетті. Екеуі Ақтөбедегі той­­ға 1 ай бұ­рын билет алып қойған. Дәл бір­­неше күн қал­­ғанда «қырылысты» да қал­ды. Тіпті, екі адам­­дық купеге кіргенде де бір-біріне ләм-мим деп тіл қатқан жоқ. Ақ­төбе вокзалынан бір-біріне жат адам секілді түс­ті. «Бұлай бол­майды...», – деді бұлардың қа­­­­­бақтарындағы кір­біңді көрген Ақәділ де­ген досы Ерназарға. «Енді не істеймін, өзі ғой...». «Не істейміні несі? Той үстінде сөз сал!». Ақыры, солай істе­ді. Абырой болғанда, алдын ала сатып алған жү­зігі өзінде екен. Гүл­ді Ақәділ жеткізді. Аре­лананың әуелде кө­зі шарасынан шығып ке­те жаздап, сәлден соң жүзі бал-бұл жанды: «Иә!». Қайтардағы әң­гіме өзегі той қамы бол­ды. 
Шымкенттік Әлішер Әлихан Орал­дың аруы Альфия Хайзуллиеваға оқу бітіру ке­шін­де сөз салған. Әуелі Альфия, ара­ға бірер ай салып, Әлішер театрға жұ­мыс­қа тұрған. Той күні белгіленіп қойғанмен, Covid-ке бай­ланысты мейрамхана басшы­лы­ғы бас тар­тып, Шымкенттің бір шетінен әрең де­ген­де тойхана тапқанын қазір күліп ай­тады. Ал сол кезде әбден ұнжырғалары тү­­­сіп кетіп еді. 
«Өнер адамына үйлен­бей­мін». Шымкент­тік Бибол Бай­ғараев оқуға түскенше солай дей­ді екен. Алматының сұлуы Нұрай Рыс­бекова кейіп­кері­міз­дің бұл ойын быт-шыт қыл­ған. Та­биғатынан ақжарқын, жұртқа қолұ­шын созуды ойлап тұратын, қолы бере­ке­лі Нұ­рай бірте-бірте Биболдың жүрегін жау­­лап алып­ты. Біздің жігіт Алматының маңын­дағы Райымбек ауылына шығарып са­лып жүріп, бірде телефоны қыздың қалта­сын­да қалып кет­кенін аңғарады. Ең қызығы, қыз ауданға кету­ге тиіс болған. Жазғы ка­ни­кулға кетіп бара жатқан сәт. Кетіп қалса, бас­­қа телефон алу­дан басқа амал жоқ. Қыр­сық­­қанда қал­та­сын­да да көк тиын қалмаған. Он шақты ша­қырым жүгіріп кері қайтқан сәтін­де еш­қай­­да бармай, қолына бұның те­ле­­фонын ұс­тап, күтіп отырған Нұрайды көр­генде жү­­ре­­гі елжіреп сала беріпті. Осын­дай сәттер­ден бас­талады ғой кейде сезім деген...
Мекан Жұмабаевтың «Жылы орын» атты қойы­­лымында екеуі басты рөлді сомдады. Қат­ты риза болып, спектакльге ұзақ қол соқ­­қан жұртшылық тағы бір тосынсыйға куә бол­­ды. Бибол қалың көрерменнің алдында Нұрай­ға үйлену туралы ұсыныс жасады. Арғы жағы ұзату, үйлену тойына ұласты. Му­­зы­калық жас көрермендер театры бұлар үшін шынымен «Жылы орынға» айналды. 
Ақтөбелік Ислам Асылхан мен үрімшілік Мақ­­пал Дүйсеннің арасындағы махаббат хи­­кая­сы үнді киноларының сюжетінен бір кем емес. Кем емес дейміз-ау, бұларды да қос­­қан сол үнді әні! Ислам мектепте жүр­ген­де «Жизнь во имя любви» аталатын киноны көріп, әндерін жаттап алыпты. Үнді киносы «мода» болған біздің заманымыз емес, қазіргі уа­қытта үнді әнін шырқап жүрген бозбала жұрт­қа қызық көрінсе керек, сырт көзге қия­­ли атаныпты. 
Әлқисса, «қияли» Ислам оқуға түсіп, Те­мір­бек Жүргенов атындағы өнер академия­сы­ның студенті ретінде Instagram-дағы әдемі қыз­дардың суретін қарап қойып жүр­генде бір қызық оқиғаға тап болды. Аста­надағы Қа­зақ ұлттық өнер академия­сын­да оқитын бір қыз тура «бұның әндерін» айтып жүр екен. О, тоба, бұнысы несі? Әуелі Instagram-ына жазылды. Сосын бірте-бірте тілдесе бастады. Мақпал да әлгі әндерге құлай ғашық екен. Сөйтіп жүргенде, қыздың тобы мобильдік оқу жүйесімен 6 айға Жүр­генов академиясына оқуға баратын болсын. Құдайдың құдіретін қараңыз, бір жатақха­нада тұрды. Екеуі қосылып айтатын болды әнді. Жұрт күліп жүрді. Бірақ бақытты жұп­тың жұрттың әңгімесін тыңдайтын уақыты жоқ еді...
...Кейін екеуі де театрға жұмысқа тұрған. Ер­нар мен Шынардың тойы өтіп жатты дүр­кіреп. Қаннен қаперсіз жүрген бұны ке­нет Ас­хат ағайы шақырды: «Ислам, сен жү­ре бер­мей, дәл қазір сөз сал Мақпалға». «Ағай, ме­нің өз жоспарым бар...». Рас еді. Неше түрлі нұсқаны ойлап жүрген. «Ана жер...», «Мына жер...». Реті келмей жүрген. Енді ағайы бол-бол­­ға салады: «Жоспарыңды білмеймін, дәл қа­­зір иіні келіп тұр. Тез гүл алып кел. Сақи­наң қайда?». «Ағай, ақшам жоқ», – деді бұл қаш­­қақтап. «Міне, ақша. Тездет!». Енді шегі­не­тін жері жоқ еді. Дереу, дүкенге аттанды. Әдет­­те, той-томалақта бұл сөйлемейтін. Мик­­рофонға қол созған сәтінде жұртшылық аң­­тарыла қараған. Ислам той иелеріне қыс­қа тілек айтып, Мақпалға бұрылды. Не ай­тып, не қойғаны есінде жоқ. Ақ жүзі алаулап кет­кен қалыңдығының бас изегенін ғана бі­леді. Арғы жағы көрген түстей. «Ой, аға, ме­нің тойымның быт-шытын шығарды ғой бұл», – дейді Ернар күліп. 
Той күні белгіленді. Аяқ астынан тағы бір проблема шықты. Қытайдағы сая­си жағдайға байланысты Мақпалдың әке-шешесі, туыстары келе алмайтын болды. Қыз бала үшін өте ауыр, әрине. Жоқ болса, Құ­­­дайдың жазғаны дейсің ғой, өмірде бар әке-шешенің ең қуанышты сәтіңде маң­дайың­­­нан сүйіп, қолынан ұзата алмағаны қан­­дай жаман?! Өксіп-өксіп жылаған қыз­дың көзінің жасын Асхат ағайы мен оның зайыбы Нұргүл құрғатты. «Айналайын, сен – біздің қызымызсың! Өз қолымыздан ұзатамыз!».
Қызды алып кетуге келген ақтөбеліктер қар­сы алдынан «бауыздау құда» Асхат пен Нұр­гүлден бөлек, Нұрлан Өнербаев, Досым­жан Таңатаров, Ұлықпан Жолдасовтар бас­та­ған құдаларды көргенде әжептәуір сасып қал­ды. Өздері Ақтөбеден жақсы білетін Қ­анат пен Света Айтбаевтар да қыздың аға-жең­гесі болып «шіреніп» тұр. Қанаттың әкесі Құдайберген ақсақал бата берді. Келіншектер әзір­леген қыз жасауы да мықты екен. Осы­лайша, бар сән-салтанатымен ұзатылды Мақ­­пал. Алыстағы ата-анасы тілеулес болып отырғаны хақ. 
Жалпы, Асхат – Мақпалдың ғана емес, осындағы барлық ұл-қыздың әке­сіндей. Үйленетін бала әуелі бұған келіп ақыл­дасады екен. Қазақстанның әр жағының салт-дәстүрі әртүрлі ғой, соның жымын біл­дірмей жіберетін де Асхат. Ұлдың да, қыздың да әке-шешесі әуелі бұған келіп жолығады. Со­сын той күндері белгіленеді. Соған ыңғай­лап сол өңірге іссапар ұйымдастырылады. Сон­да тойға баратындар үшін де ешқандай қиын­дық тумайды. Әйтпесе, бүкіл театр ұжы­мы тойға кетіп қалыпты деген қаңқу сөз абы­рой әпермейді ғой. Зайыбы Нұргүл екеуі қыз жағына да, ұл жағына да құда болып ба­­­­ра­ды. Жастардың қалауы солай екен. 
– Ұжымдастардың бір-біріне жаппай үй­ленуі – көп бола бермейтін құбылыс. Бұның се­бебі неде? – дедім жастарға.
– Асхат ағай: Үйленбесеңдер, жұмыстан шы­ғарып жібермін деп қорқытады, – дейді жас­тар күліп. Әзіл, әрине. Бірақ үйленеміз деп сөз байласқанымен, созып жүріп алған­дар­ды директордың «тездетіп» жіберетіні рас екен. 

Асхаттың айтуынша, жастардың ойнай­тын рөлдерінің дені – ғашықтық туралы дра­малар. Кейіпкерлерінің бойындағы адал­дық, бір-біріне деген іңкәр көңіл бұларға да «жұқпай» тұрмайды. Бір рөлді сомдауға қан­шама уақыт кетеді, сол кезде бірге жүріп-тұра­ды, ақылдасады, ренжіседі, татуласады, ақырында етене жақын болып кетеді. Бұл да тағы бір жас шаңырақтың көтерілуіне себеп болып жатады. 
«Жалпы, артистер туралы қарапайым жұртшылық жақсы ойламайды. Ажырасқыш та, бір-бірінің сыртынан өсек тасып, ту сыр­ты­нан пышақ ұрғыш та біз болып көрінеміз. Бір­ақ олай емес. Біз осы театрды бақастық пен күншілдіктен ада отау еткіміз келеді. Жас бала майысқыш шыбық сияқты ғой, біз сол шыбықтың түзу өсуі үшін барымызды са­ла­мыз», – дейді Асхат. – Сол үшін де ең бас­тысы, ұжымдағы ауызбірлік. «Театр-үй» деген ұғым бар. Өнер адамының құттыхана-мешіті – осы. Жұмысқа адам қуанып келіп, қуа­нып кетуі керек. Сонда ғана нәтиже бола­ды». 
Өзі де 18 жасында 17-дегі Нұргүлге үй­­­­ле­ніп, бір адамдай тұрмыстың қиын­дығын бастан кешкен Асхат әрбір жас от­басының жайын ойлап отырады. Қолынан кел­ген көмегін береді. Репетиция жүріп жат­­­­қанда Нұргүлдің ет асып жетуі ұжым үшін үйреншікті жағдайға айналған. 
Айтпақшы, театрға белгілі тұлғалар жиі келіп тұрады. Нұрлан Өнербаев Саламат Мұ­­­­қашевтың, әлемге әйгілі әнші Димаш Құ­дайберген дәулескер күйші Ардақ Елеусіздің бала­сының тұсауын кескен.
Бала демекші, «театрдың балалары» да кө­бейіп келеді. Шешесі рөл ойнап жатқанда, сахна сыртында әкесі баласын құшақтап тұ­ратын сәт көп. Кейде керісінше де бо­лып жатады. Балалардың алды апыл-тапыл жүре бастады. Ал аяғы шыққан баланы ұстап тұру қиын. Сондықтан да театрдың ішінен бала­ларға арналған бөлме ашылыпты. Қазір бар­лық жабдығы алынып жатыр. Енді әке-ше­шесі сахнада ойнап жатқанда, құйт­тақан­дай сәбилер де «өз бөлмелерінде» асыр салып жатады. «Театр-үйдің» бір мағынасы осы шы­ғар... 
Былтыр жыл аяғында Тараздың түлегі Ал­мас Әбденов Талдықорған қаласының тал­дырмаш аруы Аяжан Бағдатқа үйленіп, жыл ұлан-асыр тоймен аяқталған. Бұлар – 13-жұп еді. Атыраулық Асхат Мұсағалиев пен Меруерт Танашеваның 14-жұп болып қо­сылғанын жоғарыда айттық. «Менің ша­мамда 18 жұптан асуы керек...» – деп қалды Асхат әңгіме үстінде. «Жо-жоқ, ағай, 20-дан асады...» дейді балалар шулап. Білгесін айта­ды да...

...Жұмыстан соң Асхатқа соғып ем, бос емес екен. Көп күтіп қалдым. Бір кезде екі жі­гіт шықты. Жастары мен шамалас. Екеуі де көңілді, бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп тұр. Асхаттан сұрасам, болашақ құдалар екен. Тойдың қамын ақылдасуға бұған келіп­ті. Демек, тағы бір шаңырақ көтеріледі деген сөз. Әзірге аты-жөндерін айтпай-ақ қоялық, ә? 
Ұзағынан сүйіндіргей!

P.S. 

Былтыр TÚRKISTAN газетінде театр директоры Асхат Маемировпен «Қайта жарқыраған Гауһартас» атты сұхбат жарияланған болатын. Онда 8 ай ішінде 155 рет көрермен назарына ұсынылған Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасы хақында әңгіме өрбіп, арасында театр актерлерінің әлеуметтік жағдайы да сөз болған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мақалаға назар аударып, құзырлы орындарға тапсырма беріпті. Соның арқасында театрға жөндеу жасалып, Астана қалалық әкімдігі 7 отбасыға қызметтік пәтер берген. Мемлекеттің қамқорлығы жастардың қолтығына қанат бітіргендей. Ерекше құлшыныспен жұмыс істеп жүр. 

 Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ