Адай тұқымды жылқы жаңа ұлттық бренд ретінде тіркелді

Әділет министрлігі Адай тұқымдас жылқылардың 6 түрін жаңа ұлттық бренд ретінде тіркеді.

Адай тұқымды жылқы жаңа ұлттық бренд ретінде тіркелді
gov.kz

Бүгін ҚР Әділет министрлігі Адай тұқымдас жылқылардың 6 түрін жаңа ұлттық бренд ретінде тіркеді. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.

28 желтоқсанда Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК Ауыл шаруашылығы министрлігі Апробация жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытындысы негізінде селекциялық жетістікке алты патент беру туралы шешім қабылдады және селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінде тіркеді.

Осының негізінде Адай жылқысының жаңа тұқымдарын Қазақстан Республикасының селекциялық жетістігі ретінде тіркеу және патент иеленушінің селекциялық жетістікті пайдалануға айрықша құқығын, оның басымдығы мен селекционердің авторлығын куәлендіретін патенттер берді.
 

«2023 жылғы 29 желтоқсанда патенттер беру туралы мәліметтер ресми бюллетеньде жарияланды», – делінген хабарламада.
 

Естеріңізге сала кетейік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысына сапарының қорытындысы бойынша Үкіметке Адай асыл тұқымды жылқысын ғылыми тұрғыдан дәлелдеу және өсімін молайту бойынша жедел жұмыс жүргізу туралы тапсырма берілген болатын.

Адай жылқысының жаңа тұқымдарына патент алу оны одан әрі сақтауға, іріктеуге және Қазақстан Республикасының Ұлттық брендін дамытуға ықпал ететін болады.