10 тіл білетін, 68 мың кітап оқыған Мейірхан: Бізге аяушылықпен емес, адамдықпен қараса...

Сырқатын білгенде ол өмірде өз орнын тек біліммен табамын деп санаған. Тіпті көру қабілетінің төмен болуы Мейірханға оқудан бас тартуына кедергі бола алмаған.

10 тіл білетін, 68 мың кітап оқыған Мейірхан: Бізге аяушылықпен емес, адамдықпен қараса...
Turkystan.kz

29 жастағы Мейірхан Топанбай басына түскен қиындықты өмірге деген құштарлықпен жеңіп келеді. Ол – туа бітті талма және сал ауруына шалдыққанымен, бірнеше тілде меңгерген полиглот, ақын, қолөнерші және бүгінге дейін 68 мың кітап оқыған білімге құмар жан.

Мейірхан – Түркістан облысы Түлкібас ауданы Тастұмсық ауылдық округінде кітапханашы. Жуырда ол Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаты атанды.

Ұстанымы мен ісі көпке үлгі кейіпкерімізбен Turkystan.kz тілшісі әңгілмелескен болатын.

 «Татар жазушысы Ғабдолла Тоқайдың «Тіршілік үшін күрестің аты – қайсарлық. Өмір сүруге қалайда талаптана беру, алға ұмтылудан бір сәтке баз кешпеу» деген ойы бар емес пе?!  Мықтылар ғана өмірде жетістікке жетеді. Соның ішінде рухтың мықтылығы маңызды. Өмірден не кешсең де, не көрсең де безінбеу керек. Мені нағашы әжем ерекше тағдыр бұйырған соң ерекше қайсар етіп, өмірге бейімдеп тәрбиеледі. Жасытпады. Шындықты қабылдауға үйретті. Әкем Мейрамбек пен анам Ұлболсын – нағыз еңбек адамдары. Еңбек адамдарының жүрегі кең болады. Олар аз нәрсеге қуана алады. Шүкір ете біледі. Сондықтан болар сынақта менен бас тартпай мәпелеп баға білгені.

Өмірімде тек мейірімді отбасы емес, жақсы ұстаздар да кезікті. Мектепті 11 жыл үздік бітіріп, Мәскеу бизнес Академиясына түстім. Кейін Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің «дефектология, «орыс тілі мен әдебиеті» мамандықтары бойынша грантта білім алдым. Ұстазым – Рабиға Әбдімұсақызының маған үйреткен өнегесі өте зор. Әрдайым жанымнан табылды. Қайда болсын білімді адамды сыйлайды. Әжем «Тірі болсаң – тірілігіңді, тірі болған соң ірілігіңді көрсет» деп айтатын. Сол мақсатта бүгін кітапханашылық қызметпен бірге ғылымымды жетілдіру үстіндемін. Осы орайда Орталық Азия Иновациялық Университетінің ұжымына, білім беріп жүрген тілдер кафедрасының ұжымына алғысымды айтқым келеді.  Мен білім алуды өмірдің кілті деп білемін. Оқудан өзгесімен қоғамға пайдалы адам бола алмаймын. Науаидың бір сөзінде «Көпке пайдаң тимесе, адам болып не керек!» дегені жадымда сақталып қалған.

Әріптестер де көмек көрсетуден тартынған емес. Ал оқырмандарымның барлығы – өз отбасым секілді жанашыр», - дейді ол.

Жігері жасымаған жігіт мүмкіндігі шектеулі болғанына ешқашан өкінген емес. Сырқатын білгенде ол өмірде өз орнын тек біліммен табамын деп санаған. Себебі, анасы мен әжесі оны бала күнінен кітапқа көп баулыған көрінеді. Тіпті көру қабілетінің төмен болуы Мейірханға оқудан бас тартуына кедергі бола алмаған.

«Оқушы кезімнен Шыңғыс Айтматов пен Решат Нури Гүнтекинді ерекше оқуды ұнаттым. Мен үшін дүниеде кітап оқудан басқа ғажап жоқтай көрінетін. Көзімнің көру қабілеті төмен болған соң, әжем бар жағдайымды жасады. Арнайы брайль әліппесін үйрендім. Шыны керек, 68 мың кітап деген де бәрі Абай жолындай қалың-қалың кітаптар деп ойлап жатады. Ол мүмкін емес деген сыңайдағы пікірлерді де естимін. Бұл жерде басым бөлігі брайль әліппесіндегі және аудио кітаптар. Кәдімгі жазба кітаптарды да оқып отырамын. Мен денсаулығыма байланысты 3-4 сағат қана ұйықтайтын адаммын. Кино көре алмаймын. Сондықтан аудио кітапты тыңдағаннан басқа не істеймін?! Антон Чехов «Тағдыры жеңілдің санасында тағдыр жайлы ұғым болмайды» деген сөзі бар. Оқуға құмарлығымды анам мен әжем оятты. Өзі оқып беріп, менен азамат көргісі келді. Диагнозымды білгеннен соң өмірде біліммен ғана өз орнымды табарымды аңғарса керек, әрдайым білімге басымдық беруге үгіттеп отырды. Мен бала боп ойын ойнай алмадым. Кітап кемірумен болдым. Оған бір сәтке болсын өкінген емеспін. Құлшынысың түзу, жаның таза болса жақсылармен жүздесесің. Жақсы ниет,жақсы тілек, дұрыс талап – жанға қанат», - дейді Мейірхан.

Оны поэзия, тілдер, философия, психология жанрындағы кітаптар қызықтырады.

«Негізі кітаптың ішінен өзіме керекті, қызықты тақырыпты таңдап алып оқитыным бар. Жас болған соң махаббат, өмір, жалпы адамзаттың жан руханиятының тірегі саналатын барлық салалардағы кітаптарды оқимын. Ғылыми кітаптарды да назардан тыс қалдырмаймын», - дейді кейіпкерміз.

Мейірхан қазір парсы, түрік, тәжік, орыс, испан, француз, грек, неміс, поляк және армян тілін біледі. Болашақта, украин және италян тілін жетік меңгеру жоспары бар.

«Бала күнімде көп тіл білетін адамды «тілші» деп ойлайтынмын. Тілші болу – арманым болды. Әжем әрдайым Нәзір Төреқұлов, бұрынғы қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлын, Асылы Осман апамызды үнемі үлгі етіп санама сіңірді. Содан шығар, парсы және түрік тілін өз ана тілімдей жақсы көріп кеттім. Тіл үйрену дегеніміз – жүйкенің емі. Менің диагнозымдағы жандар үшін тіл үйрену – миға жасалған қамқорлық. Сөз жаттау арқылы көп нәрсені жеңіл қабылдай бастайсыз. Әзербайжанның атақты ақыны Сәмед Вургун «Тіліңді ғазиз анаңдай сүйер болсаң, өзге тілдерді үйрену жеңіл» дегеніндей-ақ, барлығы уақытымен келеді.

Адамға тіл – дәнекер және үміттің бастауы. Тіл арқылы адамзат жақындасады, сыйласады, құрметін көрсетеді. Оған үйренуге уақыт арнауды кейбіреулер бос әурешілік санап жатады. Ақиқатында олай емес. Тіл үйрену – тірліктің мәні», - дейді полиглот.

Оның пікірінше, адам өз отбасы мен туған жеріндегі ағайын-туыстың арқасында бақ шырағы жанады.

«Бізді қоғам «масыл», «кемтар» санайтыны жасырын емес. Сондай өміріңе өкініш сыйлайтын адамдармен кездескенде жақындарыңа, өзің сыр аша алатын жандарға ғана иек артасың. Мүгедектігі бар адамдардың шынайы тілеулес досы тым аз. Біздің денсаулық жағдайымыз бірде оң, бірде нашар болатындықтан, көбіне қиындықты жақындарымызбен бөлісеміз. Қазір қоғамдағы адамдар өз мәселесімен басы қатып жүргендер. Олардың біздің жан я тән қайғымызды тыңдауға мұршасы жоқ. Сондықтан,  қай уақытта болмасын сыртқа тек мықты кейіпімізді көрсетеміз. Ал, әлсіздігімізді жақындарымыз көреді», - дейді ол. 

Мейірхан бос уақытында аударма және қолөнермен айналысады. Айтуынша, жақсы күндердің кілті – еңбекте. Еңбекпен тапқан әр тиынды, әр алғысты қымбат санайды. Әр адамның көңілін жадырату – оның басты мақсаты.

Өмірде Мейірхан секілді ісі көпке үлгі «ерекше» жандар санаулы. Ол тағдырдың сынағына сынып кететін мүмкіндігі шектеулі кей жандарға Расул Гамзатовтың «Мықтылардың барлығын бағамдасаң, Жүрегінде бәрінің үміт оты лаулаған» деген өлең жолдарын жиі еске алуын айтты.

«Біз қоғамда бармыз. Бірақ өзгелер бізге аяушылықпен емес, адамдықпен қарағаны керек. Ол үшін біз де осал болмауымыз шарт. Өмірге адамдарды сүю үшін келдік. Адамдық үшін адамдарға ой салуға, Алла дертті көтере алмайтын пендесіне бермейтінін дәлелдеуге келгеніміз хақ. Біз – жеңімпазбыз!  Жеңіске жетер сәтіміз әр күн сайын жақындай береді, жақындай береді. Осыған сенген дұрыс!», деп атап өтті Мейірхан Топанбай.

Жаны жігерлі Мейірханның ендігі арман-мақсаты – келер жылы «Жанымның жақұты» атты кітабын жарыққа шығару. Сондай-ақ ел қатарлы емі аяқталса, өз теңін тауып бақытты болу.