Жыраулық өнер – адамзатқа ортақ қазына

Бір кезде аудармашымыз Инна Уманская келіп құшақтап: «Алмас, бүгін сенің жеке концертің болды!» — деді. Сол кезде   біздің жыраулық дәстүрдің ауыл-үйдің арасындағы, бір өңір немесе ру-тайпаға тиесілі өнер емес,  жалпы адамзаттың ортақ қазынасы екенін түсіндім.

Жыраулық өнер – адамзатқа ортақ қазына
ашық дереккөз

Елімізде жыршылық, жыраулық өнердің республиканың жоғары оқу орындарында оқытыла бастағанына ширек ғасырдан асты. Біз осы мәселені алғаш қолға алған белгілі жырау, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының профессоры Алмас Алматовпен аталған  тақырып төңірегінде әңгімелескен едік.

Мектептен басталған қарсылық

 Алмас аға, қазақта  жыраулық өнерді жоғары оқу орнында мамандық ретінде  оқытуды әу баста сіздің  қолға алғаныңыз белгілі. Соның тарихына тоқталайықшы...

–  Жыраулық  өнердің зерттелуі ХІХ-ХХ ғасыр  ғалымдарының еншісінде.  Біз  көзіміз көріп, еңбектерін оқыған академик Әлкей Марғұлан, профессор Әуелбек Қоңыратбаев, академик Рахманқұл Бердібаев бастаған ғұламалардың кеңесін тыңдадық. Қазақ ақын-жырауларының шығармашылығын жинаушы, фольклор зерттеуші, ғалым Мардан Байділдаевты ұстаз тұтып,  сонау 1976 жылдан бастап  ізіне ердік. Сол кездері сирек болса да шығып  тұратын ғылыми басылымдар мен кітаптар қолымызға тиді. "Үш ғасыр жырлайды",  "Ақындар айтысы" І-ІІ том мен

Мәлика Ғұмарованың зерттеуі бойынша жырау Рахмет Мәзқожаевтың  орындауындағы «Көрұғлы» дастаны   хатқа түсіріліп,  жеке кітап болып жарыққа шықты.

Музыка зерттеу саласында Талиға Бекқожина, Көшеней Рүстембеков бастаған жыраулардың орындауындағы «Қобыланды» дастанын нотаға түсіріп, Мәскеуден академиялық басылым ретінде шығарды.

Сол жетпісінші жылдарда өнертанушы, музыка зерттеуші ғалым Алма Құнанбаева "Сыр бойының жыраулық  дәстүрі" туралы іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ленинградта кандидаттық диссертация қорғады. Алма апайымыз Ленинградта тұрды. Сол кісінің себебіменен белгілі фольклортанушы, ғалымдар И.Земцовский, И.Мациевскийлер Сыр бойының жыраулық өнеріне қызығушылық танытып, «Ленинградская весна»  фестиваліне, түрлі конференция-симпозиумдарға үнемі шақырып отырды.  Шәмшат Төлепова, Қуандық Бүрлібаев, Бидас Рүстембеков, Рысбек Әшімовтермен бірге қатысып, жиі барып тұрдық.

1978 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетіне оқуға түстім.  Мүлкаман Қалауов, Орынбике Тұманбаева, Миуа Төлегенова, Күләш Қыдырбаева секілді ұстаздардан тәлім алдық.

Оқу бітіретін жылы мемлекеттік практикадан өтуге қаладағы «1-май» орта  мектебіне жіберді. Ол кезде күллі КСРО бойынша балабақшадан бастап барлық жерде Ковалевский әдісі бойынша «үш кит» — «марш-вальс-танец» оқытылатын.  Көп жерде  музыкасын магнитофонға жазып алып, сол қойылатын. Түсінбесең де, көңілің қаламаса да, сонын орындауың керек.

 Ішкі қарсылығым бар. Жетекшім Людмила Бақтығұловаға:   Апай, «Бағдарламамызды «ән-жыр-күй»  қылып алайық»  дедім.   Ол кісі шошып кетті. «Алмас, құлаймыз, бұл «госурок» деді. Өзім іштей шешіп, тәуекел дедім.  Ол кісі  «Басшылықпен ақылдасайын» деді сосын. Бір жақсысы,  факультет бойынша әдіскеріміз Майия Быковских бізді қолдады.  Сәтті қорғадық. Міне, осы сәттен бастап біздің түпсанамыз өзгерді. Көз алдымыздан жаңа кеңістік ашылды. Енді үміттің осы жарық сәулесін өшірмеуді мақсат тұттым. 1982 жылы оқу бітірген соң облыстық кәсіптік білім беру басқармасының Мәдениет үйіне жұмысқа тұрған кезімде  бірінші рет жыраулардың үйірмесін аштық. Облыстық халық шығармашылығы орталығында жетекші маман болып істедім.

Бірде, Алматыға телевидениеге «Терме» бағдарламасына түсуге келіп едім. Әдетте түсірілім  болып  жатқан кезде ешкім кірмейді ғой. Кенет:  «Алмас, қайдасың?» деген дауыс естілді. Мұрат Каримуллин екен. Атақты күйші. Жақын дос едік. «Алмас, жүр кеттік» деді кірген бойы. «Қайда?». «Франциядан Француаза Казнодар деген музыка зерттеушісі келіп Панфилов паркінің ішіндегі музейде байқау өткізіп жатыр. Соған барамыз». «Ау, байқау өткізіп жатса, оған шақырылған адамдар бар шығар» десем болмады. Хабар жайына қалды. Келсек, қазақтың дәстүрлі өнерінің саңлақтарының бәрі осында жүр. Министрліктегілер: «Алмас Алматов тізімде жоқ, қатыспайды» деп кесіп айтты. Оған Мұрат көнер емес: «Бұл — жырау, міндетті түрде қатысуы керек» деп омыраулайды. «Киімі жоқ...» деді ұйымдастырушылар. Мұрат мәшинесіне мінді де,  «Қазақконцерттен»  бір бума киім алып келді. Аналар сонда да қосқысы келмеді. Тізіммен жіберіп жатыр.  Бір кезде  белгілі әнші қызымыздың кезегі келді. Ол «домбырамның құлақ күйі келмей тұр» деп сахнаға шықпай, әрі қарай кетті. Екі ортада сәл үзіліс болып қалды.  Міне, сол кезде мен ортаға шықтым. Бірнеше терме орындадым. Байқау қорытындысы бойынша топ ретінде  жамбылдық «Мерке әуендері» фольклорлық ансамблі, жеке орындаушы ретінде өзім Еуропаға баратын болдық. Әуелі Алла, сосын Мұрат досымның себебімен.

Еуропадағы  дүбір һәм Мәскеуде сызылған жоба

– Бәрекелде, сонымен Еуропаға дайындалдыңыз...

– Иә. Бірақ оңай болмады. Өйткені Совет Одағы шетелге шығатын әрбір адамды қатаң сүзгіден өткізетін. Кандидатураны КГБ бекітіп, соның негізінде облыстық партия комитеті шешім шығаратын.  Шетелде кеңес адамы мінсіз болып көрінуі керек еді. Сондықтан да бұл сапарға қапысыз дайындалдық.  Өзің ғана емес, айтатын сөзің, орындайтын шығармаң да сүзгіден  өтетін уақыт қой, Ысмайыл Тоқтағанов деген ағамыз репертуарымдағы жырлардың мазмұнын орыс тіліне түсірді. Домбырамды биология ғылымдарының кандидаты Шайзында Мұхамбетов шапты, киімімді әзірлеуді  Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбеков өз бақылауына алды. Құзырлы мекемелердің тексеруінен ата, әкелеріміздің діни көзқарастары да назардан тыс қалмады. Мәскеуге кешігіп жеттім. Атақты 1-бөлімге репертуарымның орысшаға аударылған нұсқасын тыңдатқаннан кейін барып, шетелге шығуға  рұқсат берілді. Сонымен Еуропаға аттандық. «Фольклорлық музыкалық турне» аталған сапар үш ел  — Франция, Италия, Швейцарияда өтті. КСРО құрамындағы халықтардың дәстүрлі өнері жарқырай көрінді.  Париж, Женева, Милан, Флоренция қалаларында өнер көрсеттік. Бір ғажабы, мен жыр орындағанда еуропалықтар дүр сілкінді. Әсіресе, Миланда гөй-гөйге салғанымда қызуқанды  италиялықтар сахнаға шығып кетті. Түкке түсіне алар емеспін.  Бір кезде аудармашымыз Инна Уманская келіп құшақтап: «Алмас, бүгін сенің жеке концертің болды!» — деді. Сол кезде   біздің жыраулық дәстүрдің ауыл-үйдің арасындағы, бір өңір немесе ру-тайпаға тиесілі өнер емес,  жалпы адамзаттың ортақ қазынасы екенін түсіндім.

Еуропаны дүңкілдеткен хабарыңыз  елге өзіңізден бұрын жетті ғой. Құшақ жая қарсы алған болар?

– Әуелі Мәскеуге келдік. Бізді бастап алып барған КСРО  Халық  шығармашылығы  орталығының басшысы, өнертану ғылымының кандидаты Белла  Малицкая Сібір халықтарының музыкасын зерттеген маман еді. Турне аясында  туған бауырдай болып кеттік қой, Мәскеуге жеткесін үйіне шақырды.  «Алмас, мына өнерді қайдан үйрендің?» — деді шай үстінде. «Елде, ақсақалдардан». «Өнер ретінде оқыта ма, бір жерде?».  «Оқытылмайды...».  «Ендеше, айтшы, осы өнерді мектеп күйінде дамытуға бола ма?». «Әрине, болады!» — дедім. Дауысым сенімді шықты. Осы жерде ол кісі бір әңгіменің шетін шығарды. Одақ бойынша үш жерде ұлттық өнерді дамыту  бойынша  эксперимент жүріп жатыр екен. Ресей мен Украинада сәтті басталыпты, ал Балтық жағалауы елдерінің бірі бөлінген ақшаны алыпты да, эксперимент өткізуден ашық  бас тартқан.  «Сол экспериментті Қазақстанда өткізсек қалай болады? Бірден ескертейін, қаржы жоқ» — деді Белла Менделеевна.  «Елде жанашыр адамдар табылады» — дедім. Нар тәуекел!  Мына мүмкіндіктен айырылып қалғым келмей тұр. Эксперименттік жобаға ғылыми атағы бар адам жетекші болуы керек екен.  Ленинградтағы Алма Құнанбаева апайымызға хабарластым. Ол кісі Мәскеуге келіп, екі ғалым өзара келісімге келді. Алма апай екеуміз болашақ "Жиенбай жыр мектебінің" алғашқы жүйесін жасап, жетекшілерін белгіледік. Сыр бойында болашақта  ұйымдастырылуы керек Нұртуған, Жиенбай,  Нартай  жыр мектебінің жобасын ұсындық. Осылайша, Сыр бойындағы жыраулық мектептің жобасы Мәскеуде жасалды.

Қазақстанға келгенде күллі БАҚ «Парижде Әміреден кейін өнер көрсеткен Алмас Алматов» деп жазып жатыр екен. Осы арада айта кеткен абзал,  Казнодарлар —   расымен де,  баяғы Әміре  қатысқан концертті ұйымдастырған әулет, "Әлемдік мәдениет орталығының" жетекшілері екен. Тілеулес жұрт шетелге шыққан сапарымның сәтті аяқталуымен құттықтап  жатты. Бірақ мойнымда үлкен міндет тұрғанын өзімнен басқа ешкім білмейді. 

Нағыз қызық Қызылордаға келгесін басталды.  Обкомға «Қызылорда облысы аумағында бүкілодақтық эксперимент жүргізілетіні, оған қаржы жергілікті бюджеттен  қарастырылуы керектігі» жөнінде Мәскеуден үкіметтік жеделхат түсіпті. Үшінші хатшы  Дәуірхан Айдаров өте зиялы   кісі еді. Мәдениет басқармасының басшысы  Жарылқасын Үмбетовті шақырып алды. Ол кісі әу баста менің Еуропаға баруыма  түбегейлі қарсы болған. Жібермеуге барын салған. Бірақ Еуропада афишаға аты-жөніміз шығып кеткесін жібермеске амалы қалмап еді.  Енді мынаны естігенде тіпті күйіп кетті. «Әй, айналайын, бізде әкеңнің не ақысы бар?» — деді салған жерден. Ол кісіні де түсінуге болады, бюджет жыл басында бөлініп кеткен. Дәуірхан аға сабырға шақырып еді, болмады. «Мынаны мен өткізбеймін» деді де орнынан тұрып кетті. Өзім Дәуірхан ағаға Мәскеуде болған жайды түсіндірдім. Ол кісі сабырмен тыңдады. «Алмасжан, уәде беріп келген екенсің, қалай да өткізуіміз керек. Жыл соңында қорытындысын шығаруымыз қажет. Тапсырма солай...» — деді жымиып. Сосын Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаевқа телефондады. Сөз соңында «Алмасжан барады. Ақылдасарсыздар» деді. «Келсін» — деді Елеу аға. Бұл кісі өнеріме қамқор қолын созған азамат еді. Бардым. Шетел сапарын баяндап, мақсатты жұмысты  түсіндіріп шықтым. Ол екінші хатшы Болатбек Сүлейменовті шақырып алды. Екеуі де өзіме тілекші, әр жетістігіме қуанатын  адамдар.  «Алмастың шетелдегі сапары сәтті болды. Мына ісі Одақ көлеміндегі эксперимент болғалы тұр екен. Қаражат тауып көмектесуіміз керек, соны ақылдасайық» — деді Елеу аға. «Елеке, бұның бір-ақ жолы бар» — деді сәл ойланған  Болатбек Сүлейменұлы,  — директорлар қорынан ақша бөлеміз. Басқа мүмкіндік жоқ». «Ендеше, қаулы шығарыңыз».  Ел бар жерде, ері болады. Асыл ағалардың бұл ерлігі ешқашан ұмытылмайтын сәт қой.  Сол кезде "Бір тәуекел бұзады, мың қайғының қамалын"-деген жыр жолы жүрегімде сайрап тұрды.

Қаулы шығып, 5 жырауға    — Алшынбек Сәрсенбаев, Қуандық Бүрлібаев, Шәмшат Төлепова, Сүйінбай Ақбаев, Бидас Рүстембековке  Жиенбай мектебін дамыту үшін жалақы тағайындап тастадық.  Әрқайсысына 10 баладан  50  шәкірт бөлдік. Мақсатын түсіндіріп айттық. Біздің елдің ауызбіршілігі мықты ғой, жұмыла кірісті. Ақпанның аяғы, наурыздың басында кіріскен ісімізді жыл аяғында Алматыдағы музыкалық музейде қорытындыладық. Бас баяндаманы өнертану ғылымының кандидаты Алма  Құнанбаева жасады. Алматыдағы зиялы қауым, дәстүрлі өнерді зерттеп жүрген ғалымдар  түгел қатысты. 5 ұстаздың  50 шәкірті жыл басынан бері үйренгендерін ортаға салды. Құрманғазы атындағы Алматы консерваторясының ғалымдары Саида Еламанова, Әсия Мұхамбетова секілді білікті ғалымдар өткен іс-шараға өте жоғары баға берді. Міне, Қызылода облысы Қармақшы ауданында жыршылық  мектеп осылай өмірге жолдама алды. Біз болашақ жасалатын жұмыстарды қолға алдық.

1986 жылы мен Ленин комсомолы сыйлығының лауреты атандым. Бұл да біздің жұмысымыздың ілгері басуына ықпал етті.

ЖОО-дағы алғашқы қадамдар

Алғашқы мақсат орындалды. Көңіліңіз бірленген болар?

– Иә, кешегі механизатор, қарапайым жұмысшы болып жүрген жыршылар енді маманға айналды. Мектеп қалыптастырды. Үлкен жетістік. Бірақ бұнымен тоқтап қалуға болмайтын. Жыраулық өнердің мұрагер ұрпақтарын болашақта жоғары оқу орнында оқыту басты міндет болды. Бұл мәселемен ұстазымыз Мардан Байділдаев екеуміз Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев бастаған кісілерге кіріп ақылдастық. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң Дүйсен Қасейінов ректор болып келді.

1987 жылы сондағылыми стажер болып қабылдандым. Ғылыми жетекшім —  музыкатанушы Саида Еламанова еді.

Сол  жылы «Халық әні» кафедрасын аштық. Әйгілі сексен алтының оқиғасынан кейін бұндай қадамға бару өте қиын еді. Кафедра ашамыз ба, жоқ па деген мәселе тұрды. Сол кезде бізді проректор Әсия Мұхамбетова, білікті ғалым Саида Еламановалар қатты қолдады, педагогика ғылымдарының кандидаты Әмина Нұғманова апайымыз ақыл кеңесін аямады.  Ректорға, ғылыми кеңеске "Халық әні"  кафедрасының ашылуы керектігін дәлелдеп шықты.  Осылайша 1987 жылы  Берік Жүсіпов, Бекболат Тілеухан, Ержан Қосбармақов, Саламат Қазақбаев т.б. дарынды жастар оқуға қабылданды. Әрине, қиындықтар болды. Өйткені әдетте  консерваторияға музыка мектебін, музыка коледжін бітіріп барады ғой. Біздің жастар мектептен кейін келіп отыр. Кедергілерді бірге еңсердік.

1990 жылы Қызылордаға оралыпсыз. Неге?

– Алматыда жұмыс басталды. Бірақ баспананың реті болмады. Жазушылар одағының Шығармашылық үйінде тұрдым. Бір күні ақын Ерік Асқаров келді. Айтуынша, Серік Әбдірахманов  Алматы қалалық атқару комитетінің басшысы Заманбек Нұрқаділовке орынбасар болып келіпті. Үй беру мәселесі сол кісінің қолында көрінеді.  Ерік  Алматыны еркін жайлап қалған адам ғой, Секеңмен етене сөйлеседі екен.  Мен ыңғайсызданып, шығып кеткенше асығып отырмын. «Алмас, қалың қалай?» — деді бір кезде ол кісі маған бұрылып. Бізді комсомолдан біледі. Сыйлыққа ұсынған да — өзі.   Сөйлегенімше,  Ерік киіп кетті: «Бұған үй керек...».  Сонда Серік ағамыз: «Маған консерваториядан: «Алмас Алматов біздің арнайы шақыртқан маманымыз» деген анықтама алып кел. Бейсенбі күні пәтер мәселесі бойынша бюро болады. Ленин комсомолы сыйлығының иегері ретінде саған жеңілдік бар. Дереу үй аласың» деді. Сәті болмады... Сөйтіп жүргенде Серік Әбдірахманов ағамыз басқа жұмысқа ауысып кетті.

Дәл сол кезде Қызылорда обкомының үшінші хатшысы Оңалбек Сәпиев ағамыз телефон соғып :«Алмас, Алматыға келдім,  жолығып кетерсің»  деп қонақүйдің адресін берді. Бардым. Жағдайымды сұрады. Ештеңені жасырмай айттым. Сәл ойланды да: «Ауылға қайт» деді. «Қайта алмаймын. Мойынға алған міндетім бар». «Дәл сол "Халық әні" кафедрасын Қызылордадан ашамыз». «Онда барамын». Соған тоқтадық. Оңалбек аға Қызылордаға барған бойда пединститут ректоры Абай Айтмұхамбетовке тапсырма берді. Сөйтіп 1990 жылы «Халық әні» кафедрасы ашылды.   Бүгінде ұлт өнерінің бір-бір шамшырағына айналған Ұлжан Байбосынова, Ақмарал Ноғайбаева, Шолпан Бейімбетовалар  студент болып қабылданды. Жыл сайын 15 баладан 4 жылда 60 бала бітірді.  Қуандық Бүрлібаевтың баласы Амандық, Сүйінбай Ақбаевтың тұқымы Жадыра, қарасаң, бір-бір мықтының тұяғы кілең. «Өшкен жанды, өлген тірілді» деген — осы.    «Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасы»  құрылды. Педагогика ғылымдарының кандидаты Бақытжан Сайлыбаев, теоретик Болат Оспанов, білікті педагог   Ақбота Сүлейменова секілді жанашыр ғалымдарды тарта отырып  "0621 дәстүрлі өнер —  жыр" мамандығының мемлекеттік стандартын жасадық. Ол  1998 жылы Білім, мәдениет, денсаулық, спорт министрлігінің  № 115 бұйрығымен бекітіліп, жоғарғы оқу орнындағы арнаулы мамандық есебінде классификаторға енгізілді. Осы мамандық бойынша 1998-1999 оқу жылына алғашқы студенттер қабылданды. Бұл жоғары оқу орындарында кәсіби білікті маман даярлауға жол ашты. Қазір ҚазҰУ-да, консерваторияда, Қорқыт ата, Ясауи универститеттерінде,  ЖенПИ-де оқытылып жатыр. Ақтаудағы Есенов университетінде де мамандық ретінде ашылды. Енді сол қатарға Құдайберген Жұбанов атындағы  Ақтөбе өңірлік университеті де қосылады деп күтіп жүрміз. 

Түркі өнер академиясын ашу керек

Қазір  Қазақ ұлттық өнер университетінің  «Дәстүрлі ән» кафедрасының профессоры қызметіндесіз. Болашақта жыр кафедрасын ашу ойда бар ма?

–  Арқада ән өнері  басым. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры професор Айман Мұсақожаеваның шақыруымен қазір мұнда Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, Ербол Сарин, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева секілді Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі әр түрлі  ән мектебінің саңлақтары дәріс оқып жатыр.  Жыр өнерінен Жетісу жыр мектебінің өкілі Ерболат Шалдыбеков, Арал жыр мектебінің жүйрігі  Елмұра Жаңабергенова, Маңғыстау жыр мектебінің дүлдүлі Амандық Көмековтер сабақ береді. Демек, болашақта дәстүрлі жыр кафедрасын ашуға толық мүмкіндік бар. Әрине, қазіргідей күніне мың-сан ақпарат алмасып жатқан заманда баланы смартфоннан алыстатып, жыр жаттату оңай дүние емес. Мысалы Нұртуғанның «Едіге» дастаны —  10 мың жол. Ақерке деген студентім болды. Соған «Едігені» жаттауды тапсырғам. Бір күні көңіл-күйі түсіп кеткенін байқадым. Қолындағы кітап та былқылдап, умаждалып  кеткен екен. «Шыныңды айтшы, қанша рет лақтырдың?» дедім. «Ағай, осы «Едігемен» бірге мен де өлетін шығармын...» — деді жылап, —  5 мың жолын жаттадым. Қалған 5 мың жолы миыма түк кірмейді». Бұндай кезде оған бірдеңе айту артық. «Жүр, төмен түсіп, шай ішейік» дедім. Шай үстінде: «Едіге» өміріңе азық болады. Магистратураға түсесің, докторлық қорғайсың...» дедім. Қызымның көзі жарқ  ете қалды. Азғантай күннен кейін толық жаттап алғанын айтты. «5»-ке қорғады.  Магистратураны қызыл дипломмен бітірді. Міне, ұстаз бен шәкірт арасындағы әңгіме кейде осылай өріледі. Қазір 3-курста Ұлдана Нұртуған деген шәкіртім бар. «Едігені» сол Ұлданамен қорытындылаймыз.   Елмұраның шәкірттерінің арасында «Едігеге» қоса «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамайды» жырлайтын талантты шәкірттер де   бар.

Демек, жыраулық өнерді өледі деуге негіз жоқ қой?

– Әрине. Бірақ қолдау керек.  Біздің тілдік институтымыз — эпос. Ол кітап сөресінде емес, жыршының  көкірегіне орнығып, халыққа нұр шашуы керек. Жыраулық институтты ұлтты алға сүйрейтін   жетекші факторға айналдыруымыз керек. Қазір  өнер атаулы босағада тұр. Сол босағадан әрі қарай сыртқа шығып кетеді.  Бір шенеунік сөз сөйлесе, жыр немесе ән «басытқының» рөлін атқарады. Олай болмауы керек. Өнер төрге шығуға тиіс. Кешегі Кеңес заманынында  радиода бір ән айтсақ, 11 рубль қаламақы түсетін. Қазір Қазақ радиолары  бағдарламалары өнерпаздың өнеріне қаламақы төлемейді. Бұл мемлекеттік деңгейде қайта қарауды қажет ететін өзекті мәселе. «Бөдененің үйі жоқ, қайда барса, бытпылдықтың» күйін кешіп отырмыз.  Өнер мен мәдениеттің құнсыздығы ұрпақ алдындағы кешірілмес олқылық.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Парламент төрінен осы мәселені көтеріп жүр. Біз қолдауымыз керек. «Мәдениет туралы» заң қайта жазылуға тиіс.

Жыраулық өнердің қайталанбас тұлғалары, көзі тірі Жақсылық  Елеусінов,   Дүйсенғазы  Нығметжанов,  Қатимолла Бердіғалиев, Жеткізген Сейітов, Бидас Рүстембеков, Өсербай Сәрсенғалиев, Мақсат Аяпов, Ұзақбай  Сахиев, Амандық Көмеков  секілді өнер иелеріне айына 500 мың теңгеден сыйақы тағайындалуы керек. Өйткені олар халқымыздың мол мұрасын бүгінгі күнге жеткізді. Ақтөбедегі  40 дастанды жатқа білетін Демеу Жолымбетов қандай құрметке де лайық.   Қытай мен Моңғолияда өмір сүріп, халқымыздың жауһар дүниелерін ала келген өнерпаздардың бәрін мемлекет тізімге алып, жағдай туғызуы қажет. Өнер сонда ғана төрге шығады. Өнерді тудырушы, жасаушы, насихаттаушы тұлғаларға және солардың  мұрагерлеріне жағдай жасамай шаруамыз оңғарылмайды.  

Жалпы халықта жыр өнерін өрістетуге деген ықылас өте зор. Қарағандыда бірнеше жылдан бері «Бұқарекең жырлайды» атты республикалық байқау өтіп келеді. Қостанайда «Арқада Нұршабайдың Нұржаны өткен» атты республкалық байқау биыл төртінші рет ұйымдастырылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана төрінде «Түркі дәуірі туды» деп жар салды.  Әртүрлі ұйымдар құрылып жатыр. Міне, осы ретте "Түркі халықтарының өнер академиясын" құру қажет. Біз кезінде соны Қызылордада ашсақ деп мәселе көтергенбіз. «Кезеңі келмей,  кезегі келмейді» деген сөз бар ғой. Бәлкім, кезеңі де, кезегі де енді келіп тұрған шығар.

Әңгімеңізге рахмет!