Миллиард ішіндегі бриллиант

Қазақ қызы Қытайда тарихи телехикая түсіреді.

Миллиард ішіндегі бриллиант
ашық дереккөз

Шетелдегі қазақтардың Астанадағы басқосуына Қытайдың танымал режиссері, Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері Жанар Сағат қатысты, деп хабарлады Turkystan.kz.

Отандастар форумына Бейжіңнен арнайы келген қазақ қызы - миллиард ішіндегі бриллиант.

«Мен Кеңес Одағы кезінде Мәскеудің кино академиясында оқыдым. Сол жерде режиссерлік кәсіпті бітіріп, Бейжіңге қайтып, содан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Кеңес Одағы ыдыраған кезде ТМД елдерінің «Мир» телеарнасы жұмыс істеді. Осы жерде 1-2 жылдай тележүргізуші болдым. Бірақ кәсібім режиссерлік. Көбіне тарих тақырыбындағы телехикаялар түсіремін. Көбі ұлттық марапаттарға ие болды», – деді Ж. Сағат.

Ол Отандастар форумы жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Отандастар форумына алғаш рет қатысып отырмын. Маған өте ұнап жатыр. Кешеден бері бізді жылы жүзбен, жылы көңілмен қарсы алып жатыр. Бағдарлама да жақсы жасалған. Дүние жүзінің әр жеріндегі қазақтардың басын қосып, бір-бірімізбен пікір алмасуға, тануға, білуге өте жақсы мүмкіндік жасаған «Отандастар» қорына алғыс білдіремін, – деді қазақ қызы.