"Баламды қалай тіркейтінімді білмеймін": Қарағандыда жүкті әйел өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр

Әйел өткен жылы жеке куәлігін ауыстырған кезде өлілер қатарына кіргенін білген.

"Баламды қалай тіркейтінімді білмеймін": Қарағандыда жүкті әйел өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр
КТК арнасы

Қарағандыда жүкті әйел өлгендер тізімінен шыға алмай жүр. Ол өзінің тірі екенін дәлелдей алмай әлек, деп хабарлады turkystan.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Мамандар менің өлгендер тізімінде екенімді айтты. Картам, арнайы шоттарым бұғатталған. Карта әлі бұғаттаулы, мені өлгендер тізімінен алып тастап жатыр. Енді декреттік төлемақы ала алмай қаламын. Перзентханаға дайындалу қиын болмақ. Жүктіліктің 36-аптасындамын, балаға бесік, арба сатып ала алмайтын болдым, – деді қарағандылық Надежда Липина.

Әйел өткен жылы жеке куәлігін ауыстырған кезде өлілер қатарына кіргенін білген. Тірі екенін дәлелдеу үшін арнайы мәлімдеме жазған. Бұл жолы 39 жастағы Надежда базадағы қатені шешу үшін жәрдемақы есептеумен айналысатын бірнеше әлеуметтік мекемелерді айналып өтуге мәжбүр. Әйел жақын арада туатын нәрестені қалай тіркейтініне алаңдаулы.

Жауаптылар бұл мәселе шешілетініне сендіріп отыр.

Бұл техникалық ақау болуы мүмкін, басқа түсіндірме бере алмаймын. Қазіргі уақытта бұл мәселе шешілуде. Маманмен бірге қайтадан төлем алуға өтінім жазылды, – деді Қарағанды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша № 3 бөлім басшысы Ольга Баграй.