Кәдеге жаратса, қоқыс та – кіріс

Кәдеге жаратса, қоқыс та – кіріс

Кәдеге жаратса, қоқыс та – кіріс
ашық дереккөзі

Былтыр елімізде қатты тұрмыстық қалдықтарды іріктеу және қайта өңдеу үлесі 25,4 пайыз болды. Бұл көрсеткіш бір жылда екі пайызға ғана өскен. Яғни, өткен жылы 4,3 миллион тонна қоқыстың тек 1,1 миллион тоннасы сұрыптаудан өтіп, қоқыс өңдеу зауытына жеткен. Ал өнеркәсіп қалдықтардың тек 40 пайызы қайта өңделген немесе жойылған. Елді мекендер мен ауыл-аймақты айтпағанда, қалалардың өзінде қалдық пен қоқысты өңдеу мәселесі әлі реттелмей келеді. Қала­лардың сыртындағы қаншама қоқыс полигоны ашық жатыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісінде біз батыстан ғана емес, Орталық Азия елдерінен де артта қалып отырмыз. Тұрмыстық қалдықтардың тек төрттен бірі өңделеді Елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың төрттен бір бөлігі ғана сұрып­талады және қайта өңделеді. Экология және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің ақпаратына сүйенсек, 4,3 миллион тонна қоқыстың тек 1,1 миллион тоннасы ғана сұрыптауға, қоқыс өңдеу зауытына өткен. Дәл осындай ахуал өнеркәсіптегі қайта өңдеуде де байқалды. Өткен жылы өнеркәсіп қалдықтарының тек 40 пайызы қайта өңделген немесе жойылған екен. Былтырғы мамырда еліміздегі 3 мың қоқыс поли­го­нын­да 125 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып қалды деген де де­рек жарияланыпты. Ал Energyprom дерегінше, 2022 жылы тұрмыстық қал­дықтар 13 пайызға көбейген екен. Zertteu research қоғамдық қоры қо­қыстың 70 пайызы – полигондарға, 30 пайызы – қайта өңдеуге жібе­рі­леді деген мәлімет береді. Аймақтар бойынша статистикалық мәлі­мет­терден сұрыптау және қайта өңдеу бойынша ахуал аудандар мен мегаполистерде әртүрлі еке­нін байқатады. Тіпті, ауылдар мен аудандарда ға­на емес, қалалардың арасындағы жағдай са­лыстыруға келмейтіндей әрқилы. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, сұрыптау және қайта өңдеу үлесі бойын­ша Шымкент қаласы көш бастап тұр. Мұнда қо­қыстың 93 пайызы өңдеуге кетеді екен. Екінші оры­нда 90 пайызбен Алматы қаласы, ал үшінші орын­да 78 пайызбен Астана қаласы тұр. Сұрыптау мен қайта өңдеудің үлесі біршама бо­латын өңірлердің қатарына Қарағанды облысы да кірді, онда қалдықтардың 57 пайызы сұрып­тауға дейін жетеді. Қайта өңдеудің орташа үлесі Ба­тыс Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан об­лы­сы, Абай облысы және Алматы облысында бай­қалады. Бір қызығы, былтырғы деректе Абай облысындағы көрсеткіш 1,6 пайыз ғана болып, тізімде соңғылардың қатарында тұрған еді. Түркістан облысы, Жетісу облысы, Ақтөбе облысы мен Ұлытау облыстарындағы ахуал туралы дерек жоқ. Ал көрсеткіші төмен өңірлердегі қоқыс өң­деудің пайыздық үлесі – 4 пен 0 пайыздың ара­лығында. Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында көрсеткіш өте төмен. Ал Қызылорда облысында қалдықтардың тек 1 пайызы ғана өңделсе, Атырау облысында мүлде өңделмейді екен. Байқасақ, облыс орталықтары мен облыс аймақтарындағы статистикада әжеп­тәуір алшақтық бар. Мұны облыс орталықтарында қайта өңдеу процесі жүргенімен, аймақтардағы қалдықтардың ескерусіз қалып қоятынымен түсіндіруге болатындай. Әлемдік есептеулерде де ахуал мәз емес Қалдықтарды өңдеу бойынша еліміздегі ахуалдың көңіл көншітпейтінін әлемдік деректер мен рейтингтер де растайды. Йель университетінің экологиялық саясат және құқық орталығының зерттеу нәтижелеріне сәйкес, еліміз экологиялық процестерге мән беретін, жақсы жетістіктері бар ел деп айтуға келмейді. Былтыр еліміз экологиялық тиімділік индексі (EPI) бойынша 180-ден 93-ші орынды иеленді. Бұл –экология мәселелеріне ден қоятын, оны шешуге бар саяси және экономикалық күш-жігерін мейілінше бағыттайтын батыс елдерімен салыстырғанда төмен нәтиже. EPI индексі – экологияның әртүрлі сала­сындағы 40 түрлі индикатордан тұратын құрама көр­сеткіш (су, ауа тазалығы, биоәртүрлілік және т.б.). Оның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды және коммерциялық қалдықтарды жинау және өңдеу коэффициенті, сондай-ақ қайта өңдеу коэффициенті де есептеледі. Бірінші – қалдықтарды жинау бойынша еліміз 88-орында, ал қоқысты қайта өңдеу дең­гейі бойынша – 175-орында. Қатты тұрмыс­тық қалдықтарды өңдеу ісінде біз дамыған ел­дер­ден ғана емес, ЕАЭО көршілері мен ОА мем­ле­кеттерінен де артта қалып отырмыз. Йель уни­верситетінің сарапшылары Қазақстанда қал­дықтарды қайта өңдеу коэффициенті өткен жы­лы 3,8-ге тең болғанын, ал әлем бойынша ең жо­ғары коэффициент –67,1 болғанын айтады. Жалпы, әлем бойынша экологияға қатысты рей­тинг көп. Дегенмен осы аталған америкалық уни­верситеттің зерттеу нәтижелері экология сая­сатының тиімділігінің деңгейін объективті түр­де көрсетеді және елдерді бір-бірімен са­лыс­тыруға мүмкіндік береді. Әдістемедегі айыр­ма­шылыққа байланысты бұл деректерді Ұлттық көр­сеткіштермен салыстыру дұрыс емес екенін де айтып өткен жөн. Елімізде қатты қалдықтарды сұрыптау мен өңдеудің жалпыланған көрсеткіш алынады. Оны біз жоғарыда талдап өттік. Екі ке­зең­ді жалпылау-сұрыптау және қайта өңдеу-сұрыпталған қоқыстың қанша көлемі дайын өнімге өңделгені немесе экспортқа сатылғаны туралы нақты түсінік жоқ. Өйткені сұрып­тал­ған­нан кейін қоқыс ретінде шыққан қоқыс жалпы көр­сеткішке де енеді, дегенмен болашақта ол сұрып­талмаған қалдықтар сияқты көміледі. Меншік болса да, әкімдіктер жауапты Әуелде айтып өткеніміздей, екі көрсеткіш-ті – сұрыптау және қайта өңдеуді бірік­тіру жағдайды анық көрсетуге кедергі келтіреді деуге де болады. Өйткені, бұл бөлімдердің әрқай­­сының өзіндік ерекшелігі мен проблемалары бар. Мысалы, материалдың барлық түрін айт­па­ғанда, еліміздің барлық қаласында қарапайым «дым­қыл» және «құрғақ» қалдықтар бойынша қо­қысты бөлек жинауға арналған контейнерлер жоқ. Дәлірек айтсақ, еліміздегі 207 қала мен ау­дан­ның тек 64,3 пайызында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілген және бар­лық елді мекендердің жартысында ғана сұрып­тау желілері бар. Мұнда көп мәселе жергілікті атқарушы ор­гандардың қызметіне байланысты бо­лып тұр. Себебі Экология кодексінің 351-ба­бына сәйкес, қалдықтарды көму көлемін азай­туды ынталандыру бойынша жұмысты әкімдіктер ұйым­дастыруы тиіс. Әйтсе де, процесті жергілікті атқарушы ор­ган­­дар ұйымдастыруы керек болса да, көптеген аймақта қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау, өңдеу және көму бизнесі жеке мен­шіктің қолында екенін де айтып өткен жөн. Бұл Бәсекелестікті қорғау агенттігі мамандарының нарықты талдау нәтижелерінде көрсетілген. Құ­жатта қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын кәсіпорындардың тек 4,5 пайызында ғана мем­лекеттің үлесі бар екені көрсетілген. Ал полигон­дар­да қоқысты көму бойынша мемлекеттік ком­паниялардың үлес салмағы сәл жоғары – 9 пайыз, ал сұрыптаудағы мемлекеттің үлесі 10 пайыз екен. Зерттеу нәтижелері бойынша агенттік сарап­шылары бұл нарыққа жаңа қатысушыларға кіру қиын деген қорытындыға келіпті. Бірнеше әкім­шілік және экономикалық кедергі бар екені де көрсетіліпті. Біріншіден, әкімдіктер жоғары талап қояды және қатты тұрмыстық қалдық полигонына ар­налған жер учаскесін алу өте қиынға түседі. Екіншіден, бұл – инвестиция жағынан алған­да да қымбат бизнес. Бірден техника мен жаб­дық­тарды сатып алуға қомақты қаражат керек, ал инвестиция қысқа уақыт ішінде өтелмейді, яғни шығындарын жаппайды. Үшіншіден, бұл мәселенің әлеуметтік жағын да қарастыру керек, өйткені шығындар мен инвестиция өссе, қызметтің тарифі де өсуі керек бо­лады. Бұл, әрине, өте күрделі мәселе. Ал «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының де­­­регіне сүйенсек, қатты тұрмыстық қалдық­тарды өңдеу саласындағы экожобалар жүзеге асар болса, таяудағы екі жарым жылда 3-4 пайыз оң динамика байқалуы мүмкін. Егер барлық жос­парлар осы жылдың соңына дейін іске асыры­ла­тын болса, онда 2024 жылға қарай қоқысты сұрып­тау және қайта өңдеу деңгейі 27 пайыз, ал өнеркәсіптік қалдықтар — 42 пайыз, ал 2025 жылғы желтоқсанда — тиісінше 34 пайыз және 46 пайыз болады деген болжам бар. Жалпы, әлемде тұтыну деңгейі де өсіп бара жат­қанын айтып өткен жөн. Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, тұтыну секторының жаһандық сыйымдылығы 2021 жылы 52,3 триллион долларға бағаланған екен. Бұған қызып тұрған жарнама нарығы да ай­тарлықтай әсер етіп отырғаны сөзсіз. Жарнама әлеу­меттік желіні жаулағаннан кейін, көр­сет­кіштерде де айтарлықтай өзгеріс байқалған. Осылайша, адамзаттан жыл сайын мил­лиардтаған тонна қалдық қалады, бұдан таби­ғатқа үлкен зиян келеді. Осыған байланысты әлем­де қайта өңдеуге арналған шикізатты тиімді кә­деге жарату бойынша бастамалар көбейіп ке­леді. Биыл алғаш рет БҰҰ Қалдықсыз әлем үшін халықаралық күнін атап өтті. Қазір әлем қоқысты қайта өңдеу мәселесіне баса мән беріп отыр. Киім, жеңіл өнеркәсіп са­ласындағы алпауыт компаниялар өздері өн­дірген тауарды қайта жинап алып, басқа өнімге ай­налдыру бойынша табысты жұмыс істеп ж­атыр. Яғни, киімге де «екінші өмір» сыйлайды. Ал бізге әлі де болса қалдықтарды өңдеудің не­гізгі сатыларындағы жұмыстарды жетілдіру мә­селесіне күш салу керек. Эколог маман, сарап­шы Азаматхан Әміртайдың сөзінше, саланы те­жеп тұрған – жемқорлық. Азаматхан ӘМІРТАЙ, эколог: Саланы тұралатып тұрған – жемқорлық

– Қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі бойынша, әрине, мәселе көп. Дегенмен ең бірінші кедергі – сол саладағы жемқорлық, сол саладағы монополия. Сонымен қатар мемлекет тарапынан барьер көп, сол кедергілер мүмкіндік бермей отыр. Өйткені қалдықтарды қайта өңдеу үшін оны нарыққа беру керек. Нарықтың өзі жасап шығаратын шағын орта кәсіпкерлік, одан кейін дұрыс тарифтік жүйе болуы керек. Қалдықтарды қайта өңдеу бойынша да реттілік керек. Ал бізде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша ең жақсы, пайда түсетін, тиімді жұмыстар бармақ басты, көз қыстының аясында ғана жүреді, ал енді ақша түспейтін, пайдасыз жағын нарыққа беріп қойған. Ол дұрыс емес, сала нарыққа толық берілуі керек. Яғни, қалдықтарды жинау, одан кейін жеткізу, одан кейін қайта өңдеу, утилизация жасау. Осының бәрі бір жүйеде жасалуы керек. Ашық болуы керек. Қалдықтардың да түр-түрі бар. Тұрмыстық қалдықтар дейміз, негізгі қалдықтарды да газ, сұйық, қатты деп 3-ке бөліп қарастырамыз. Тұрмыстық, медициналық және өндірістік қалдықтар деп бөліне береді. Олардың бәрін жүйелеу үшін, біріншіден инвестиция керек. Үлкен мүмкіндіктер қажет. Мәселені қалай шешуге болады? Қоқыс полигондарын қалай жаба аламыз? Қоқыс полигондарын жабу үшін қайта өңдеуге жарамды қалдықтың үлесін көтеру керек. Мысалы, Еуропада 100 пайыз қалдық қайта өңдеуге келеді. Шығыс Еуропада 80-90 пайыз. Ал бізде бұл көрсеткіш 6-7 пайыз ғана болып тұр. Яғни, бізде сұрыптаудан, жинаудан бастап жеткізу, өңдеу – бәрі жүйелі жасалуы керек. Қоқыстың өзінің типіне байланысты жиналып, сосын өзінің бағытына жетіп, мысалы, пластик – пластикке, әйнек – әйнекке кетуі керек.
Қорыта айтқанда, қоқыс өңдеу мен жинау саласына дейін жемқорлық араласқан деген қорытындыға келуге болады. Дегенмен әлеуметтік немесе азаматтық жауапкершілікті де естен шығармаған жөн: қоқыс лақтыру алдында сұрыптаудан өткізу бізде әлі әдетке айнала қоймағаны да рас. Бір қарағанда, мәселенің салмағы байқалмағанымен, бұл болашақтың, болашақ ұрпақтың қауіпсіздігіне тікелей қатысты түйткіл екенін ұмытпаған жөн.