Алтын деген тас емес

Алтын деген тас емес

Алтын деген тас емес
ашық дереккөзі

Биыл жыл басынан бері еліміздің алтын қоры 9 пайызға, яғни 351,7 тоннадан 319 тоннаға дейін азайған. Бұл – Дүниежүзілік алтын кеңесінің маусымдағы қорытынды дерегі.

Алтын қоры туралы жиі айтылып, жиі жазылып жатады, дегенмен тақырып төңірегінде сұрақ көп. Мысалы, алтын саудасы, алтын қоры және алтын бағамы арасында байланыс бар ма? Алтын қоры елдің экономикасына қалай әсер етеді? Еліміздегі алтын қорында қанша алтын сақталады, қанша алтын кен орны бар? Алтын сақтаудың қандай артықшылығы бар?

Алтын қоры қалай құрылды?

Еліміздің алтын қоры тәуелсіздік алғанға дейін, 1990 жылы қалыптаса бастады. Мем­ле­кеттік экономикалық комитеттің, Мемлекеттік банкінің, «Казалмаззолото» консорциумының, «Каззолото» мамандарының және алтын өндіру өнер­­­кәсібінің басқа да өкілдерінің қатысуымен «Қаз­ССР-де алтын қоры мен алмаз қорын құру тура­лы» Жарлықтың жобасы әзірленген. Бұл құжатқа 1991 жыл­ғы 31 тамызда қол қойылды. Онда Ұлттық банкке құры­лымдық бөлімше – ҚазКСР-дің мемлекеттік құн­дылықтар қоймасын ашу туралы тапсырма беріл­ген болатын. 1992 жылғы 7 қаңтарда республикалық алтын қо­ры мен алмаз қоры құрылды. Осы 7 қаңтар – Қа­зақстанның алтын қорының құрылған күні деп есеп­теледі. Көп ұзамай, 27 қаңтарда Өскемен қорға­сын-мырыш комбинатында салмағы 10,5 келі бола­тын ең жоғары сынамалы алтынның алғашқы құй­масы балқытылған. Осылайша, алтын қорының негізі қаланып, қор жылдам ұлғая бастады. Мәселен, 2001 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, елі­міз­дегі алтын-валюта резерві 1994 жылмен салыс­тыр­ғанда үш еседен астам өскен. Егер алтын-валюта резервінің ЖІӨ-ге қатынасы 1998 жылға дейін ша­мамен 6 пайыз болса, 1999-2000 жылдары ол 11 пайыз­ға жеткен. Алтын резервке қайдан әкелінеді деген сұраққа келер болсақ, құнды металдар және бағалы тастарға қатысты заңға сәйкес, мемлекет Ұлттық банктің ал­тын-валюталық активтерін оны өндіруші субъек­тілер­ден және аффинаждалған алтын иелерінен алуға құқылы. Бүгінде «Казцинк», «Тау-Кен Алтын», «Қазақмыс», «Востокцветмет», «Altyntau Kokshetau» ком­­­­паниялары негізгі алтын жеткізушілер саналады. Айта кету керек, Қазақстанның бүкіл алтын қоры 70 шаршы метр аумақтағы бөлмеге сыйып тұр. Банк­нот пен алтын арнайы құрғақ емес ауа тем­пера­турасында сақталады. Әр сақтау орнының есігі – 17 тонна. Алтын құймасының біреуінің салмағы 11-13 келі арасында.

Алтын қорымыз аз емес

Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) маусымдағы дерегі бойынша, еліміз­дегі алтын қоры 9 пайызға азайған. Кеңес рей­тингінде (ХВҚ мен ЕОБ-ты есепке алғанда) Сауд Ара­биясынан кейін (321 тонна) және Ұлыбрита­ния­ның алдында (310 тонна) ортасында тұрмыз. Бұл – әлем бойынша 18-орын. Бірінші орында – АҚШ (8,1 мың тонна), одан кейін – Германия (3,3 мың тонна) және ХВҚ (2,8 мың тонна). Бұған дейін­гі, яғни биылғы наурыздағы дерек бойынша еліміз аталған рейтингте 15-орында тұрған болатын. Деген­мен бұл рейтингтегі нәтижелер жиі өзгеріп оты­рады. Мәселен, наурызда біздің қор көлемі керісінше ұлғайған еді. Ал еліміз резерв құрамында­ғы алтын үлесі бойынша топ-10 елдің қатарына кіре­ді. Сонымен, әр мемлекеттің өз алтын-валюта резерві бар. Яғни, белгілі бір мемлекеттің резерві өз ішінде алтыннан, түрлі валюталардан құралуы мүмкін. Олардың үлесі әр елде әртүрлі. Ал соның ішінде алтын – мемлекеттік органдарға ақ­ша-кредит саясатын реттеуге мүмкіндік беретін өтім­ділігі жоғары актив. Ал резерв көлемі – мемле­кет­тің кредитке байланысты сын-қатерлерге қан­ша­лықты қарсы тұра алатынын байқататын негізгі көр­сеткіштерінің бірі. Яғни, алтын әрқашан сенімді инвестиция саналады. Мысалы, мемлекет экономикаға қаражат тарту үшін облигациялар шығарады. Қарызға ақша бере­тіндер олардың мерзімінде де, пайызбен де ора­латынына сенімді болғысы келеді. Бұл жағдайда алтын ең сенімді кепіл бола алады. Қарызды өтеу үшін оны кез келген уақытта сатуға болады. Соны­мен қатар алтынның құны ежелгі заманнан бері тұрақ­тылығымен ерекшеленеді. Алтынның осы қа­сие­ті оның алғашында валюта ретінде қолданы­луы­на негіз болғаны белгілі. Алтынды өлшеу үшін троя унциясы атты өлшем бір­лік қолданылады. Бір троя унциясы 31,18 грамға тең. Алтынды кейде каратпен де өлшеп жатады. Таза ал­тын – 24 карат. Алтын үнемдеу құралы ретіндегі маңызын еш жо­ғалтпаса да, оның қазіргі экономикадағы рөлі өзгерді. Тарихы қарапайым монетадан басталып, кейін­нен валюта ретінде айналымға шыққан алтын қа­зір зергерлік сияқты дәстүрлі салаларда, меди­ци­на және автомобиль өнеркәсібінде кеңінен қол­даны­лады. Сонымен қатар мемлекеттік қорлардың маңызды бөлігі болып отыр. Жинаушылар мен азайтушылар Алтын резервіне байланысты әр мемлекеттің әр­түрлі саясат ұстанады. Мәселен, АҚШ алтын қо­рын ұлғайтуға баса мән береді, ал кей елдерде мұн­дай нақты мақсат жоқ. Бір қарағанда, барлық мемлекет өз алтын ре­зервін ұлғайтуға асығатындай көрінуі мүм­кін, дегенмен ұстанымдар әртүрлі. Әу баста ал­тын тең­дессіз сенімді, бағалы саналғаны рас, бір­ақ жағ­дай ХХ ғасырда өзгерді. Барлық мем­ле­кет­терде, олар­дың орталық банктерінде немесе қазы­на­шы­лық­тарында валюталардың, шетелдік үкі­меттік об­лигациялардың және бағалы металдардың әрта­рап­тандырылған портфелі түріндегі қорлар жинақ­тала бастады. Жалпы, елдерді алтын қор жүйесіне бай­ла­ныс­ты екі түрге бөле аламыз. Бірінші топ – алтын қо­рын кө­­­­­­­­бейтуді жалғастырып жатқан ел­дер, екінші топ – алтын қорларын азайту саяса­тын ұстанатын мемлекеттер. Бірінші – АҚШ пен еуроаймақ. Еуропа елдері (Ұлыбританиядан басқа) мен АҚШ-тың валютасы көп сұранысқа ие сондықтан олардың өз қорын ал­тынмен жасақтаудан және осылайша аса қажет емес валюталарды азырақ сақтаудан басқа амалы жоқ. АҚШ алтын өндірісі бойынша екінші орында тұрғанын да есте ұстаған жөн. Доллар сияқты, еуро да әлемдік экономиканың тіректерінің бірі болып саналады. Осы орайда тағы бір мысал келтіре кету ке­рек. Венесуэла халықаралық валюта жүйе­сіне қарсы шығып, барлық мұнай кірістерін алтын­ға ауыстырған еді. Бұл – 2015 жылы елде туындаған үлкен дағдарыстың бір себебі болды, нәтижесінде ел­дің алтын қорының көп бөлігі 2016 жылы төмен баға­да сатылды. Таңғаларлық болып көрінуі мүмкін, Тәжікстан да барлық қорының 81 пайызын алтын­мен сақтайды. Екінші – экономикасы дамыған достастық ел­дері сияқты мемлекеттер алтынға байланысты бас­­­қаша көзқарас ұстанады, олар керісінше, қорды азай­туға тырысады. Жапония мен Швейцария сияқ­ты басқа дамыған елдер де олардың ізімен келе жа­­тыр. Еуропаның басқа елдерінен бөлек, Ұлыбри­та­ния­да алтынға қатысты арнайы саясат бар. 1999 жы­лы 7 мамырда Ұлыбритания өзінің алтын қоры­ның көп бөлігін қысқа мерзімде сату туралы шешім қабылдады, оны валюта қоржынына ауыстырды. Бұл шешім Англия банкі жасаған жаңа түзетулерден кейін қабылданды. Дамушы экономикалар екінші топтағы ел­дер­мен бірдей саясат ұстанады. Бірақ бұл көп жағ­дай­да экономиканың тоқырауына әкеліп соғуы мүмкін. Ұлттық банк мәліметінше, еліміз 10 жыл ішінде қар­қынды түрде алтын сатып алған. Бұл, өз кезе­гінде резервтегі алтын көлемінің өсуіне себеп бол­ғаны айтылады. Оған қоса, отандық алтын өндірісін де айтып өткен жөн. Осыған қарап, еліміз алтын қорын ұлғайтуға көбірек мүдделі деп айтуға болады.

Кен орындарынан да кенде емеспіз

Еліміздің алтын қорының құрылып, кеңеюіне бай тарихы бар отандық алтын өндіру өнеркәсібінің дамуы зор ықпал етті. Біздегі алтын өндіру өнер­кәсі­бінің шикізат базасы негізінен ұсақ (қорлары 25 тоннаға дейін) және орташа (25 тоннадан 100 тоннаға дейін) кен орындарынан тұрады. Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде жалпы 293 ал­тын кен орны бар. Оның ішінде 38 пайызы ке­шен­ді, 60 пайызы алтын кені және 2 пайызы ша­шыраң­қы. Кен орындары елдің барлық облысын­да табылған. Алайда жетекші орынды Шығыс, Со­л­түс­тік және Орталық Қазақстанның кен орындары ал­а­ды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің былтырғы дерегіне сүйен­сек, «Васильковское», «Варваринское», «Ақсу», «Жо­лым­бет», «Бестөбе», «Бақыршық», «Суздаль», «Больше­вик», «Риддер-Сокольное», «Ақбақай», «Алтынтас», «Да­лабай», «Юбилейное» – еліміздегі негізгі алтын кен орындары. Осылардың ішіндегі ең ірісі – «Васильковское» және «Бақыршық». Расталған өнер­кәсіп қорларының көлемі бойынша еліміз әлемде 15-ші және ТМД-да Ресей мен Өзбекстаннан кейін үшінші орында. Қазіргі кезде 100-ге жуық компания еліміздің ал­тын кен орындарын игеруге құқылы екен. Олар­дың 30-ға жуығы нақты жер қойнауынан қазып алумен айналысады. 2023 жылдың аяғына дейін елі­мізде тағы 5 алтын өндіретін фабриканың құры­лысы аяқталуға тиіс. Сонымен қатар 2022 жылы еліміздің аумағында 129,58 тонна алтын өндіріліпті. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметі бойын­ша қазіргі өндіріс қарқынын сақтар болса, әлемдегі алтын қорлар 2034 жылға қарай таусылуы мүмкін. Бұл алтын бағасының өсуіне әсер етеді деп болжауға бола­ды. Яғни, сұраныс пен ұсыныс заңы күшіне ене­ді: ұсыныс көлемі төмендесе, сұраныс сол дең­гей­де қалады немесе өседі, яғни баға қымбаттайды.

Алтын – сенімді инвестиция

Алтын құймалар тек мемлекет үшін ғана емес жеке тұлға үшін де сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы басты ұтым­ды нәрсе – банк пен банктік емес айырбастау пункт­тері алтын құймаларды бірден кері сатып ала алады, ақшасын сол жерде, қолма-қол береді. Яғни, кез­ кел­ген ел азаматы қалаған уақытында алтын құйма са­тып ала алады. Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, биылғы ма­мыр­да екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінде жалпы салмағы 155,4 келі 4 056 алтын құйма сатылған. Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату жә­не сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жы­лы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алын­ғалы жалпы салмағы 4,4 тонна 129 605 алтын құйма сатылған. Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пункттер жалпы салмағы 586,4 келі 22 553 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құй­малардың 17 пайызы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады. – Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсы­ны­лад­ы: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар ара­сын­да өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы, сатылған құймалар арасында оның үлесі 26 пайыз – 33 869 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 29 486 дана (23 пайыз), 100 грамдық құйма – 26 753 дана (21 пайыз), 20 грам­дық құйма – 24 033 дана (18 пайыз), және 50 грам­дық құйма – 15 464 дана (12 пайыз). 2023 жылғы мамырда алтын құймалардың ең үлкен көлемі мына өңірлерге жеткізілді: Алматы (2 223 дана, 55 пайыз), Шымкент (582 дана, 14 пайыз) және Қарағанды (341 дана, 8 пайыз), – деп көрсетілген Ұлттық банк мәлімдемесінде. Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ же­келеген банктік емес пункттерден сатып алып, кері сатуға болады. Ұлттық банк сайтында көр­се­тіл­ген 4 шілдедегі ресми мәліметке сүйенсек, бір грамм алтынның құны – 27 573 теңге. Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құй­­маның айна беті, микротекст және жиегі бар) жә­не арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқы­лы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тек­серу­ге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ са­па сертификаты саналады. Сондықтан алтын құй­­­­­ма­ны ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеген абзал. Яғни, алтын өзінің аз-аздан болса да үздіксіз, тұрақ­­ты түрде өсіп отыратын құнымен сенімді ин­вес­тиция құралы бола алады. Дегенмен бәрі инвес­тордың өз стратегиясына байланысты. Айтпағымыз, алтын қысқа уақыт ішінде көп пайда табуды көз­дей­тіндерге емес, аз, бірақ тұрақты табысқа негіз­делген стратегияны ұстанатындарға қолайлы.

Андрей Чеботарев, экономист-сарапшы:

Алтын қашан да құнын жоғалтпайтын қорғаныс активі

– Алтын – әмбебап қорғаныс активі. Әлемде дағ­дарыс немесе басқа да қиын жағдайлар болған кез­де әдетте алтынның құны өседі. Қазақстан ре­зервтердегі алтын үлесі бойынша әлемде алғаш­қы орындардың бірін иеленеді. Яғни, көлем жағы­нан емес, бізде алтын көлемі жарты тоннаға жетпейтіні белгілі, дегенмен резерв­тердегі алтын үлесі бойынша 10-дыққа кіреміз. Меніңше, бұл өте жақ­сы көрсеткіш. Бұл біздің болуы мүмкін дағдарыстарға дайындалға­ны­мыз­ды көрсетеді. Сондай-ақ стратегия өзінің сәтті екенін байқатып отыр, өйткені екі апта бұрын троя унциясы 2 мың доллардан жоғары бағаланып, тарихта алғаш рет алтынның құны абсолютті максимум мәнді көрсетті. Осылайша, қайта есептеулер бойынша еліміздің портфелі өсті. Бұл да өте жақсы жаңалық. Негізінен, алтын қашан да құнын жоғалтпайтын қорғаныс активі. Алтын аб­солют баға деп саналады. Яғни, шартты түрде айтар болсақ, әлемде қиын жағ­дайлар бола қалса, АҚШ көптеген доллар басып шығаруы мүмкін, сөйтіп оның құны арзандайды. Ал алтын, сәйкесінше өседі, өйткені ол әрқашан абсолют бағаға ие. Яғни, бұл – нақты актив. Сондықтан алтын қоры резерв­тің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайда біз оны жұмсай аламыз. Яғни, тек валюталық резервтерден қарағанда алтыннан көп пайда бар.

Қорыта айтқанда, әр елдің алтын қорын ұлғайтуға немесе керісінше азайтуға байланысты өз саясаты бар. Елімізде кейінгі 10 жылда жинауға ден қойылып келеді. Нәтиже де жоқ емес. Сарапшылардың сөзінше де, көрсеткіш жақсы. Жалпы, алтын қашан да тұрақтылық пен сенімділіктің негізі болып келеді. Бұл мемлекет саясатына да, жеке тұлғалардың, яғни әр адамның жинағына да қатысты.