Ішкі туризмде ілгерілеу бар

Ішкі туризмде ілгерілеу бар

Ішкі туризмде ілгерілеу бар
ашық дереккөзі

Пандемиядан кейін ішкі туризмде серпіліс байқалғандай болды. Ел азаматтары өз елімізде саяхаттауды, отандық демалыс орын­дарында демалуды жиілетті. Мұны ресми деректер де растап отыр. Бірақ британдық The Economist басылымы 2023 жылы туризмдегі көрсеткіштер пандемияға дейінгі кезеңдегі көрсеткішке жете алмайды деп болжаған болатын. Қазір еліміздегі ішкі туризмнің ахуалы қандай? Бұл саланың біз қалағандай, біз күткендей дәрежеге жетуіне қандай факторлар кедергі болып отыр?

Есе қайтару кезеңі

Туризм – табысы мол сала. Әлем елдері арасында та­бысының 90 пайыздан астамын осы са­­ладан түскен қаражат қалып­тас­ты­ра­тын мемлекеттер же­терлік. Эко­но­мика­сы туризмге тәуелді мемлекеттер­дің қа­та­рында Грекия, Португалия, Испа­ния, Италия сияқ­ты елдер де бар. Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесі мәліметінше (the World Travel & Tourism Council, WTTC), коронавирус пан­­­­­демиясы басталмай тұрып 2019 жы­лы сала әлем бойынша 334 миллионнан ас­­там адамды жұмыспен қамтыған. Жа­­бық шекаралар мен басқа шек­теу­лер­ге байланысты 2020 жылы туризмде 70 миллионнан астам жұмыс орны қыс­қарып, 264 миллион адам қалған. Деген­мен секторда жұмыспен қамту процесі қал­пына келіп жатыр: 2022 жылы сала бү­кіл әлем бойынша 295 млн-нан астам адам­ды жұмыспен қамтамасыз еткен. Осы­лайша, өткен жылы әлемдегі әрбір 11-жұмыс орны туризм және саяхат сек­торында болған. Салалық ұйым бол­жамынша, тағы да шектеулер мен жаһан­­­­дық қақтығыстар болмаса, алдағы 10 жыл ішінде туризм индустриясы қар­­­қынды өсуін жалғастырады. 2033 жыл­­ға қарай туристік сектордың әлем­дік ЖІӨ-дегі үлесі 15,5 триллион дол­­лар­ға дейін артатыны, бұл әлемдік эко­номиканың 11,6 пайызы екені де бол­жаныпты.  Дегенмен британдық The Economist басылымы 2023 жылы ту­ризм пандемияға дейінгі кезеңдегі көр­­сеткішке жете алмайды деген бол­жам жасаған еді. Басылым биылғы са­ла­дағы ахуалға «есе қайтару туризмі» де­ген сипаттама да берген. Яғни, сая­хат­шылар пандемия уақытында кеткен есе­сін қайтарады. Әйтсе де, туризм са­ла­сының түсімі пандемияға дейінгі дең­гейге жете қоймайды. Сарапшылар­дың айтуынша, туристердің шығындары 2019 жылғы көрсеткішке 1,4 триллион дол­ларға тек инфляция бағаны шарық­та­тып жібергендіктен ғана жетеді. Ал қо­нақүйлер мен мейрамханаларға жұм­салатын әлемдік шығын 2023 жылы 82,7 триллион болады деген болжам бар, бұл пан­демияға дейінгі, 2019 жылғы дең­гей­ден 16 пайызға төмен. Яғни, жаһан­дық ту­ризмнің ахуалы қалыпты жағдай­ға әлі түсе қоймайды. Соның ішінде іскер­лік сапарлар төмен деңгейде қалады, өйт­кені онлайн кездесулер жалғасады. Осы орайда әлем туристерді қайта ын­та­ландыру мақсатында түрлі шаралар қа­былдауы мүмкін. Мәселен, Қытайдың қай­та ашылуы биыл Азия бойынша ту­ристер санын екі есеге арттыруға кө­мек­теседі. Пандемияға дейін әлемдегі әр­бір оныншы турист қытай болған. The Economist жазуынша, Франция регби бойын­ша әлем чемпионаты туристерді тар­тады деп үміттеніп отыр. Ал Сауд Ара­биясында қажылық лотерея жүйе­сі­нен квотаға ауысады, бұл қажылыққа адам­дарды көбірек қабылдауға мүм­кін­дік береді. Франция, тіпті, жаңа Сompagnie française de croisières круиз­дік желісін іске қосып отыр. Дүниежүзілік туристік ұйымның болжамы да The Economist са­рап­­­­шыларының пікірімен үндеседі. Ұйым 2023 жылы халықаралық туристік сапарлар пандемияға дейінгі деңгейдің 80-95 пайызы ғана болуы мүмкін екенін айтады. Бұл болжамды әзірлеген кезде әлем­дегі экономикалық өсімнің баяу­лауы, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жалпы жағдай және Украина мен Ресей­дегі геосаяси ахуал ескеріліпті. Ал Мәдениет және спорт министр­лі­гі өткен жылдың қорытындысына сәй­кес Қазақстандағы туризм қалпына кел­генін, яғни көрсеткіш пандемияға дейін­гі деңгейге жеткенін мәлімдеді. Тіп­ті, асып та кеткен. Министрлік мәлі­ме­­тінше, ішкі туристер саны 25 пайызға өсіп, 8,6 миллион адамға жеткен, бұл пандемияға дейінгі деңгейден шамамен 2 миллион адамға көп. Сондай-ақ өткен жылы Қазақстанға 1 млн-ға жуық шет­ел­дік турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,4 миллион адамға дейін артады деген болжам бар. Дүниежүзілік экономикалық форум­­ның екі жыл сайын шы­ғаратын туризмнің жаһандық рейтин­гісі мемлекеттердегі туризм саласының деңгейін анықтайтын негізгі дереккөз­дің бірі саналады. Осы 2021 жылғы рей­тингі бойынша еліміз әлемнің 117 мем­лекетінің ішінде 66-орында тұр. Са­лыс­тыру үшін айтар болсақ, еліміз 2019 жылы 80-орында болған еді. Демек, ілге­рілеу бар деп тұжырымдауға болады. Жақында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәдениет және спорт ми­нистр­лігіне 2029 жылға қарай осы рей­тингінде елімізді кемінде 50-орынға шы­ғаруды тапсырған болатын. Соны­мен қатар былтыр қабылданған туризм­ді дамытудың тұжырымдамасына сәй­кес, саланың ЖІӨ-дегі үлесі 2026 жылға қарай 8,2 пайызға жетуі керек. 2019 жы­лы бұл көрсеткіш 5,6 пайыз болған, ал 2014 жылы туризмнен түсетін түсім ЖІӨ-нің 0,3 пайызынан да аспайтын. Яғни, әлем елдері туризмнің тыны­сын ашып, пайданы еселеуге тырысып ба­ғып жатыр. Сарапшылардың болжамы қан­шалықты дәл келетінін уақыт көрсетеді. Дегенмен бізде ахуал басқаша. Пан­демия, керісінше ішкі туризмді жан­дандыра түскендей.

Ішкі туризмде ілгерілеу бар

Ұлттық статистика бюросының де­рек­терінде 2023 жылдың I тоқ­­­санында ішкі туристік ағын 1,3 мил­лион адамға жет­кені көрсетілген. Бұл өткен жылғы дең­гейден 19,1 пайызға жоғары (0,2 мил­лион адам). Қаңтар-наурыз аралығында мұн­дай көрсеткіш тіркелмегеніне кем де­генде 10 жыл бол­ған. Осыған ұқсас өсім 2020 жылғы қаң­тар-наурызбен салыстырғанда да байқалып отыр. Жалпы алғанда, үш­жыл­дық кезеңнің көрсеткіші өте жо­ғары –1,1 миллион адам. 2021 жылы 0,9 мил­лион адамға дейін айтарлықтай құлдырау болған. Бұл – пандемияға бай­ланысты шектеулер қойылған кезең. Ал 2022 жылы жағдай 1,1 миллион адам­ға қайтадан жеткен. Шетелге қыдыру көрсеткіші бұрын­ғыдай жақсы емес екені байқалады. 2023 жылдың басында 1,4 миллион адам шетел курорттарына барған, бұл 10 жыл ішіндегі I тоқсандағы ең төменгі көр­сеткіштердің бірі. Елімізде қонақүйлер саны да артқан. Олардан түскен салық мөл­шері де көбейіпті. 2022 жылы ту­рис­терді орналастыратын орындардың жал­пы табысы 183 миллиард теңгеге жет­кен, бұл 2021 жылмен салыстыр­ған­да 68 пайызға жоғары. Нәтижесінде, ту­­­ристік қызметтен түсетін салық тү­сім­дерінің рекордтық деңгейі тіркелді. Өткен жылы Мәдениет және спорт ми­нистрлігі еліміздегі туризм саласын да­мытудың 2026 жылға дейінгі тұ­жы­рым­дамасын әзірледі. Сонымен қатар рес­публикалық және өңірлік деңгейдегі Туристификация карталары дайын­дал­ған. Бұған дейін саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы қа­был­данған болатын. Одан бөлек, ту­ризм­ді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да жұмыс істеген болатын. Үкіметтің ресми мәліметіне сүйен­сек, туризм саласының инвестициялық әлеуе­тін дамытуға көңіл бөлініп жатыр. Мә­селен, 2019 жылдан бері жалпы құны 420 млрд теңгеден асатын 360-тан астам инвестициялық жоба іске қосылыпты. Биыл 288 миллиард теңгенің 115 жо­ба­сы жүзеге асырылып отыр екен. Кә­сіп­кер­лік белсенділікті ынталандыру және биз­несті қолдау мақсатында өткен жыл­­дан бастап елімізде мемлекеттік қол­даудың жаңа 7 шарасы қолданысқа ен­гізіліпті. Туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс та жалғасып жатқаны ай­тылған. Ішкі туризм дегенде, бірінші сы­налатын осы инфрақұрылым мә­се­лесі екені белгілі. Жыл сайын жаға­жай­лар мен туристік зоналардың ластануы­на қатысты сын айтылады. Тұрғындар мен бизнес тарапынан қарапайым жағ­­­дайдың жоқтығына, жолдардың на­шарлығына, туристік объектілердегі ан­тисанитарияға шағымдар көп. Турис­тік маусым енді басталды, соның өзінде қыз­меттердің сапасы бойынша мем­ле­кеттік органдарға 500-ден астам ресми шағымдар мен өтініштер келіп түскен. – Қазақстандық такси жүргізушісі шет­елдік қонақтарды әуежайдан қонақүйге дейін 800 долларға жеткізіп сал­ған жағдай бәрінің есінде. Қона­қүйлер мен жалпы турлардың, сондай-ақ ішкі билеттердің жоғары бағаларына, туристерге қызмет көрсету уақытына қатысты шағымдар бар, – деп мәлімдепті Әлихан Смайылов. Премьер-Министрдің айтуынша, мұндай келеңсіз жайттар елдің имиджіне нұқсан келтіреді, сондықтан мем­лекеттік органдар да, бизнес те осы проб­лемалардың бәрін шұғыл шешуі ке­рек. Осыған байланысты Үкімет бас­шысы негізгі туристік орындарға бара­тын жолдарды жөндеу және салу жө­нін­дегі жұмысты жеделдетуді, турис­тік объек­тілерді инженерлік инф­ра­құры­лыммен уақытылы қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ курорттық аймақтар мен туристік объектілердің санитарлық жай-күйі мен абаттандырылуын қамтамасыз ету­ді тапсырған. Өткен жылы инфрақұры­лым­ға байланысты құны 27 миллиард теңге болатын 28 жоба аяқталыпты. Оның ішінде Балқаш курорттық ай­мағын­да инженерлік коммуникациялар және Ақтау қаласының жылы жаға­жайы­на дейін автожол салынуы, сон­дай-ақ әуе тасымалы мүмкіндіктерін едәуір кеңейткен Үшарал және Үржар әуе­жайларының іске қосылуы аталған. Сонымен қатар шетелдік туристерге са­лықты қайтарудың әлемдік Tax free тәжірибесі енгізілгенін айтып өту керек. Туристер Қазақстанға визасыз келе ала­тын мемлекеттер санын кеңейту бойын­ша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. – Елдердің арасындағы осындай ке­­­дергілерді алып тастау Қазақстанда ту­ризм­нің дамуына елеулі серпін береді. Мұны салық түсімдерінен көруге бола­ды. Өткен жылдың қорытындысы бойын­ша туризм саласынан түскен са­лық­тардың көлемі 390 млрд теңгені құ­рады. Бұл 2021 жылмен салыстыр­ғанда 1,5 есе көп. Жалпы, Қазақстанның туристік нысандарына қызығушылық ар­тып келеді, – деген еді Әлихан Смайылов. Дегенмен әуелде айтқан инфра­құрылым, жол сияқты негізгі мә­селелер толыққанды реттелмесе, ви­за­сыз келу сияқты шаралар біз күт­кен­дей нәтиже бермесі анық. Жалпы, ресми мәліметтерде мем­лекеттік бағдарламалар, қыруар қаржы, жү­зеге асқан жобалар туралы мәлімет көп. Олардан нәтиже болған жоқ деуге келмейді, дегенмен, қазір ішкі туризмнің дамуына азаматтардың өз энтузиазмы мен әлеуметтік желідегі жанама жарна­маның әсері зор болып отырғанын да ай­тып өткен жөн. Мәселен, әлеуметтік желілердегі саяхатшы блогерлер мен қолданушылардың, фотографтар мен мобилографтардың еліміздегі көрікті жерлерін таспалап, әлеуметтік желіге жүктеуі – өз азаматтарымыздың өз елі­міздегі тұмса табиғат пен ерекше құбы­лыстарға назар аударуына, қызығуына айтарлықтай ықпал етіп отыр. Оған қоса, қонақүй, шипажайларға қараған­да, глэмпинг, кемпинг секілді белсенді, біз үшін жаңа туризм түрлері сұранысқа ие болып, дамып келе жатқанын аңғару­ға болады. Саяхатшы Базарбек Қамысбаевтың сөзінше, сала жақсы дамып келе жатыр, дегенмен әлі де атқарылуы керек шара көп.  width=Базарбек ҚАМЫСБАЕВ, саяхатшы, экоблогер: Әр аймақ турист үшін таласуы керек – Қазір еліміздегі ішкі туризм жақсы деңгейге көтеріліп келе жатыр деп баға бере аламын. Өйткені қазір байқап отыр­ғанымыздай, ішкі туризммен айналысатын күнделікті, бір күндік де­малыс турларын ұйымдастыратын ком­паниялар да көбейіп келе жатыр. Соны­мен қатар бұған сұраныс артып отыр. Елімізде демалатын отан­дас­тары­мыздың саны да артып келеді. Бұл – өзімнің байқағаным, нақты ста­тис­тикасын ресми органдар айта жатар. Көп жағдайда бұған әсер еткен коро­навирус пандемиясы деп айтуға болады. Шекаралар жабық кезде ел азаматтары отандық туристік орындарға барып де­малып, саяхаттады. Сондықтан бір жа­ғы­нан, пандемияның салаға пайдасы да тиді деп айтуға болады. Сол кезде өзде­ріңіз де білесіздер, Көбейтұзға адамдар ағылды. Бурабайға екібастан халық өте жиі барады. Содан бері ішкі туризмде жылдағыдан көбірек көрсеткіш байқал­ды деуге болады. Ал мәселелеріне келер болсақ, түйт­кіл, әрине көп. Оның ішінде ең бас­ты­лары – жол, инфрақұрылым. Мысалы, біз­­дің елімізде көркі көз тартатын жер­лер баршылық. Бірақ өкінішке қа­рай, жол жоқ. Шығыстағы Катонқара­ғай­ға бір барған турист еліміздің бол­сын, шетелдің туристі болсын екінші рет ол жаққа қайта бармайтындай бо­ла­д­ы. Сондықтан жолды жөндеп, жол бойын­дағы инфрақұрылымдарды да­мы­ту керек. Осы инфрақұрылымдарға қа­тысты қиындықтарды өзім де басым­нан өткердім. Сосын бізде өңірлер әлі де болса ту­­­ризмді дұрыс түсінбей жатқан секілді. Туризм арқылы пайда табуға болаты­нын, сол арқылы әр аймақтың имиджі қа­лыптасатынын әлі ұғынбай жатыр­мыз. Сондықтан да дұрыс көңіл бөлін­бей жатқан сияқты, менің ойымша. Мә­селен, өңірлер бір-бірімен бәсекелес болуы керек. Мысалға айтар болсақ, Ақтауда Бозжыра бар, Ақтөбеде одан кем түспейтін Ақтолағай деген табиғи шат­қал бар. Салыстырмалы түрде айт­сақ, потенциалды турист осы екі жердің қай­сын таңдауы керек? Қайсында жағ­дай жасалған? Қайсының жарнамасы көп? Солайша, өңірлер турист үшін бір-бірімен бәсекелесуі керек. Тағы бір айта кететін мәселе – ұлт­тық парктердегі болсын, жалпы турис­тік орындардағы болсын тазалық мәсе­лесі, яғни қоқыс лақтыру, қоқыс сұрып­тау мәселесі жолға қойылмаған. Мен елі­міздегі 14 мемлекеттік ұлттық табиғи парктің 10-ына бардым. Қарапайым Бу­рабайды алайықшы. Ең бір ұнамай­тыны – Жұмбақтасқа дейін қайықпен барып, үстіне шығып,тіпті тасқа есім­де­рін жазып жатады. Бейберекет қозғалыс, бар­саңыз, шошисыз. Осы мәселені заң­мен немесе жергілікті жерде қаулымен болса да ретке келтіруге болады деп ойлай­мын. Біз Бурабайды Қазақстанның Швейцариясы, ең көрікті орнымыз деп мақтанамыз, бірақ ең көрікті жеріміздің жағдайы мәз емес болып тұр. Мәселелердің нақты бір шешімі осы деп айта алмаймын, бірақ, мемлекет та­ра­пынан қолдау керек. Қолдау болып та жатыр, түрлі бағдарламалар бар. Мы­салы, Kazakh tourism компаниясы Kids go free деген бағдарлама шығарды. Бағ­дар­лама бойынша егер ел ішінен тур сатып алар болсаңыз, балалар тегін ұша алады. Со­ны­мен қатар санитарлық-гигиеналық то­раптар дейміз, соған 83 мың субсидия бөлінді. Кәсіпкер жол бойында болсын, туристік орындарда болсын әжетхана ор­натса, әрқайсына 83 мың теңге бөлі­неді. Осындай шараларды көбейте беру керек, халықты ақпараттандыра беру ке­рек. Сосын біз өзіміздің туристік мә­де­ниетімізді де көтеруіміз керек, та­биғатқа жанашырлықпен қарауымыз керек. Сонда ғана біз туристік орында­ры­мыздың қазіргі күйін де сақтай ала­мыз, одан әрі дамыта аламыз. Ел ішінде саяхаттауға көп көңіл бөлу керек, біз әлі де шетелге асығып тұрамыз. Көрші ауыл­ға барсақ та, ішкі туризм болып есеп­теледі. Сондықтан өз елімізді наси­хаттауымыз керек. P.S. Бұған дейінгі қыруар қаржы жұмсалған мемлекеттік жобалардың жемісі деп толық айтуға келмес, дегенмен, сала баяу да болса дамып келеді. Не десек те, тозған жолдар мен қолайсыздықтар отандастарымыздың өзіміздің көрікті жерлерді көруге деген құлшынысына кедергі болып отырған жоқ. Ал жағдай жасап, жолдарды жөндеп, инфрақұрылымды дамытар болсақ, елімізге келгісі, көргісі келетін туристердің саны еселеп артатыны анық. Отандастарымыз ғана емес, шетелдіктер де қызығады. Тұмса табиғатымызды танытып, табысы мол саладан біздің де үлес алатынымыздан үмітіміз мол.