Қағазда қалған қалам ізі

Қағазда қалған қалам ізі

Қағазда қалған қалам ізі
ашық дереккөзі

Кеше Астана қаласында Жүніс Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен қазақтан шыққан тұңғыш әйел каллиграф Мәдина Құсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмесінің тұсаукесері өтті. Нақыштап көркем жазу – Ислам мәдениетінің ажы­­­ра­мас бір бөлшегі. Шығыста қа­шанда сөз өнерімен бірге жазу өне­ріне де үлкен мән берілетін. Әде­мі сөйлеу қалай жоғары баға­лан­­са, әдемі жазу да солай жо­ғары бағаланды. Түрік халқынан шық­қан Шейх Хамдулла, Ахмед Карахисари, Хафиз Осман, Мұс­тафа Раким, Махмут Джелалед­дин Эфенди, Есаризаде Мұстафа Иззет Эфенди сынды құснихат­шы­лар кейін бір-бір мектеп қа­лыптастарды. «Құран Меккеге түсірілді, Мысырда оқылды, Ыстан­бұлда жазылды» деген сөз бе­кер айтылмаса керек. Осман им­периясы кезінде Ыстамбұлда әлем­нің түкпір-түкпірінен көр­кем жазу шеберлерінің басын то­ғыс­қан болатын. Құснихат өте ерте кезеңдер­де (VI-X ғ.) пайда болған. Жазып-сызатын қаламды қамыстан, тақ­тайдан, бамбуктен жасаған. Жазу үшін қолданылатын сия оңайлықпен өшпейді. Бір қызы­ғы, қағазға түскен жазу түзетуге келмейді. Шығыс халықтарында қалам кие тұтылып, қасиетті са­­налған. Қаламды жерге таста­ма­­ған, басқаға бермеген, басқа­дан алмаған деседі. Ал жазу өнерінің шеберлік құпиялары мен сұлулық сырлары тек ұстаз­дан шәкіртке көп жыл ыжда­ғат­тықпен үйрету нәтижесінде бері­ліп отырған. Бұл бекзат өнер қазақ же­рі­не де жат емес. Қа­зақ­­­­стан терри­ториясында құрылған мем­лекет билеушілерінің атта­ры­нан соғылған теңгелер мен ба­тырлар ұстаған тудың ұштық­та­ры, олар ұстанған қару-жарақ­тар­мен қатар әртүрлі бұйымдар­ға дейін көркем жазу үлгілерімен әшекейленген. Қазақстанның кириллица әліпбиіне ауысуымен аталған өнер түрі ұмытылып, тіп­ті жоғалып кетті. Дегенмен кеңес заманы кезінде де қазақ сурет­шілері кітап безендіруде ки­риллица жазуын араб жазуы­на сәйкестендіре отырып, көр­кем жазуға тырысқанын байқай­мыз. Ал нақыштап жазу­ды араб графикасын қолданы­ла­тын Қы­тайдағы қазақтар осыған дейін сақтап келеді. Құснихат өнерін қайта жа­рыққа шығаруды мақсат еткен көр­меде каллиграф Мәдина Құ­­сайынның «Қылыш», «Қызғал­дақ», «Түңгі ай», «Ғалам», «Махаб­бат», «Көңіл гүлі», «Ғалам» компо­зи­­­циясы, «Кемшіліксіз», «Гүлді тап­қан көбелек», «Тасбиық» сын­ды 30-ға жуық көркем өнер туын­дысы халық назарына ұсы­нылды. Мәдина жастайынан шы­ғар­машалыққа жақын болып өскен. Өнерден де құрала­қан емес. Бала күнінен сурет сал­­­­ғанды жақсы көреді. Тігін тігу, әң­гіме, өлең жазу секілді шы­ғар­машылық жұмыстармен айна­лыс­қан. Бес жыл музыкалық мек­теп­те білім алған. Студент ке­зін­де спектакльдерге қатысып, ор­кестрде өнер көрсеткен. Алай­да өмір Мәдинаны өнер жолы­нан алыстатып, туризм саласына алып келді. Үш жыл бұрын мешіт қа­бырғаларындағы көркем жа­зу­­ларға көзі түсіп, бұл туын­ды­лар­ды кім, қалай жазды екен деп қы­зығушылық танытады. Еліміз­де мешіттер көп бола тұра, құс­ни­хат өнерінің дамымағанын, үй­рететін ұстаздардың жоқ еке­ні, жазуға арналған құрал­дардың табылмайтынын біледі. Интернет арқылы нақыштап көркем жазумен айналы­са­тын­дарды іздеп, белгілі каллиграф Асыл­бек Орынбасаровпен таны­са­ды. Алайда ол кісінің уақыт тап­шылығына байланысты ары қа­рай білім ала алмайды. – Құснихат өнері жайлы үлкен ізденіс үстінде жүргенімде ре­сейлік каллиграф Алексей Го­рин­нің онлайн курстарына жа­зылдым. Араб тілі филологиясын бітір­ген каллиграф ұстазымыз әріптерді таныстырудан бастап көркем жазудың қыр-сыры мен то­лық композициясын жеткізуге дейін үйретті. Ирандық каллиг­раф­тардан да сабақ алдым. Құ­сни­хаттың жазу стилдері әр­түр­лі. Менің жазып жүргенім – ер­кін, заманауи көркем жазу стилі. Кө­не, тарихи стильдерін оқу үшін арнайы рұқсаты бар ұстаз қа­жет, алайда олардың көбісі Түр­кияда, – дейді көрме авторы. Мәдина бүгінде құсни­хатқа керекті материал­дар мен бояуларды Түркиядан алдыртып отыр. Алдағы уақытта каллиграфия бойынша өзін да­мытып, заманауи өмірде пай­далы бола алатын көркем жазу­ды жалғастыруды жоспар­лап отыр. Жүніс Эмре түрік мәдени ор­талығының директоры мін­детін атқарушы, PhD Алмагүл Иси­на: «2016 жылы Мухаррем Гөк­ченнің «Астанада құснихат жә­не каллиграфия күндері» атты көр­месін ұйымдастырдық. Сонда көр­меге келушілердің бұл бекзат өнерге қызығушылығы жоғары екенін байқадық. Дарынды кал­лиграф Мәдина Құсайынның осы көрмесі арқылы біз жас буын­­­­ның көркем жазу өнеріне деген қызығушылығын оятсақ, осы өнерді жалпы халыққа та­ныс­тырсақ деп отырмыз. Құс­ни­хат өнері шыдам мен талантты та­лап етеді. Әрі бұл бағытта ең­бек­теніп жүрген қылқалам ше­бер­лері де аз», – деп ойымен бө­лісті. Каллиграфия – елімізде си­рек кездесетін өнер. Үйрететін ұстаз табу қиын, құралдарын шет­елден алдырту қиындығына қара­мастан сұраныс бар. Көрме бас­талады дегеннен Жүніс Эмре түрік мәдени орталығына осы өнер­ді үйренгісі келетін жастар көп хабарласыпты. Бұл – қуан­тарлық жағдай. Айта кетсек, көрме 29 мау­сым­ға дейін ашық болады.

А.Бимендиева