Өрт орманды ғана емес, өзегімізді де өртеді

Өрт орманды ғана емес, өзегімізді де өртеді

Өрт орманды ғана емес, өзегімізді де өртеді
ашық дереккөзі

8 маусымда Абай облысындағы Семей орманында тұтанған өрт бақылаудан шығып, 15 адам­ның өмірі қиылды. 12 маусымда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Бұл – тәуел­сіздік алғалы бері жарияланып отырған он бірінші аза тұту болды. Орман өрті тек 14 маусым күні кешке ауыздықталды. Өрт және оның қайғылы салдары жайындағы мәселе орман шаруашылығы саласында ғана емес, одан да тереңде жатқанын тағы бір айқындап берді. Бас­­қасын былай қойғанда, былтырғы Қостанай об­лысындағы өрттен сабақ алмағанымыз көрінді. Тағы сол оқиға желісі: басшылар жауапкершілік алғысы кел­мейді, жемқорлық, салғырттық, сәйкесінше техника жоқ, жалақы аз, маман жеткіліксіз. Дегенмен бар­лығы орынша, талапқа сай деп жалған есеп, кө­пір­ме сөз, көлдей баяндамалар оқылып келген. Екі бір­дей министрлік орманның біршама бөлігі жанып кет­кенде ғана қозғалды. Өрт құрсаған аймақ «Семей орманы» резерватындағы өрт 8 маусымда басталды. Өрт шарпыған аумақ бір аптаға жуық уақыт ішінде 60 мың гектардан асып кетті. Nasa агенттігінің онлайн өрт карта­сын­дағы мәліметтерге сүйенсек, өрт алғашқы күні біршама аумақты шарпыған. 9 маусым күні әрі қарай таралып, 10 маусымда бәсең­де­ген. Дегенмен, 11 маусымда қайта өршіп, та­биғи факторлардың әсерінен күшейе түс­кен.

– 8 маусым күні сағат 12:03-те Семей қа­ла­сынан 25 шақырымдай қашықтықтағы Батпаев орман шаруашылығының 66 квар­та­­лында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан. Өртті тез арада ауыздықтау мүмкін болмады, оған себеп «Семей орманы» мемелекеттік ор­ман табиғи резерваты техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмады. Өрт орман шаруашылығы орналасқан жер­ден қашықтығы 11 шақырымды алса, тех­ни­ка жеткенше өрт аумағы 20 гектарды құрады. Жоғары температура мен қатты желдің сал­дарынан өрт екі сағаттың ішінде 200 гек­тар аумақты шарпыды, – деп мәлімдеді Абай облысы әкімінің орынбасары Д.Гари­ков.
Өрттің салдарынан 15 адам қаза болды, олар­дың 14-і орман шаруашылығының қыз­мет­керлері. 12 маусым күні ту түсіріліп, аза тұту күні жарияланды. Төтенше жағдайлар ми­нистрі Юрий Ильин қызметінен боса­тыл­ды. Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізіп, апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көр­сету шараларын қабылдау үшін Абай об­лысына баратыны хабарланды. 10 мау­сымда Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапа­ры­мен Абай облысына барды. Президент ор­ман алқаптарындағы өрт сөндіру жұ­мыс­тарымен танысып, шұғыл әрекет ету шта­бы­ың отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тап­қан орман шаруашылығы қызмет­кер­лері­нің туыстарымен кездесті. Кездесуде 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланатынын мәлімдеді.
– Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүй­сен­бі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тап­қан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бе­кем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, бар­лық сала бойынша тиісті шаралар қа­был­дана­ды. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан мін­детті түрде тиісті қорытынды шығара­мыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сапары кезінде облыстағы қан­шама жыл түйіні тарқатылмай келе жат­қан басқа да түйткілді мәселелер де қоз­ғал­ды. Үкіметке және Абай облысының әкім­ді­гіне қаза тапқан орман шаруашылығы қыз­меткерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсету тапсырылды. Төтенше жағ­дай кезінде қаза болғандар «Құрмет» ме­далімен марапатталды. 12 маусымда Премьер-Министр Әлихан Смайылов Абай облысындағы өртті ауыз­дық­тау және одан зардап шеккен отбасы­лар­ға қажетті қолдау шараларын көрсету мә­се­лелері жөнінде жедел кеңес өткізді. Өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион тең­геден және әр балаға 2 миллион теңгеден бө­лінетінін хабарлады. Облысқа барлық ай­мақтардан қосымша көмек жеткізілді, түр­лі қорлар ашылып, гуманитарлық көмек жи­налды, басқа да қаржылай көмек көр­сетілді. Төтенше жағдайлар министрлігі 14 мау­сымда кешкі сағат 9-да Абай облысындағы ор­ман өрті оқшауланғанын хабарлады.
– 2023 жылғы 14 маусымда сағат 21:00-дегі әуеден барлау және жедел жағдайды ба­ғалау қорытындысы бойынша, Абай об­лы­сындағы «Семей орманы» табиғи резерватының аумағындағы табиғи өрт оқшауланғаны анықталды, – деп жазылған министрліктің хабарламасында. Министрлік енді жекелеген от ошақтарын сөндіруге және жаңаларының пайда болмауына күш сала­тынын хабарлады. Өрт кезінде болған негізгі оқиғаларға шолу жасап өттік, қазір оқиғаға байланысты қыл­мыстық іс қозғалып, Бас прокуратураның қа­рауына берілді.
Салдары ауыр салғырттық 2022 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сүйенсек, орман немесе орман алқаптары – еліміздің барлық ауданының 10 пайызы. Ал оның басым бөлігі осы Семей аймағында. Рес­ми ақпаратқа сүйенсек, «Семей орманы» резерватының жалпы аумағы 650 мың гек­тардан асады. Мамандар өрт болған ау­мақ­тағы орман қалпына келуі үшін жарты ға­сырдан астам уақыт керек болады дейді. Жалпы, резерваттағы проблема жаңадан туын­дап отырған жоқ. 1997 жылдан бастап өрт­тер мен жөн-жосықсыз ағаштарды отау 150 мың гектарға жуық орманды жойған. 2006 жылдың қазан айында шыққан өртте Беген орман шаруашылығы өртеніп, 87 үй күл­ге айналған, 5 адам қайтыс болған. Одан соң 2012 жылы үлкен төтенше жағдай бол­ды, ал 2018 жылғы мамыр айында өрттен 3 мың гектардан астам қарағай жанып кеткен. Иә, орман өрті әлемде бар, тіпті күнделікті бо­лып жататын табиғи құбылыс. Біріккен ұлт­тар ұйымының дерегінше, орман өртінің қалай басталғаны, неден тұтанғаны көп жағдайда (50 пайыз) анықтала бермейді екен. Дегенмен Абай облысында болған осы жағ­дайда істің насырға шабуына табиғи фак­торлардан гөрі басқа мәселелер көбірек әсер еткен. Мұны жауаптылар да мойындады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысындағы өрттің өршуі жалын ауқымының дұрыс бағаланбауы әсе­рінен екенін мәлімдеді.
– Біз өртті бірден сөндіруге болатын сәт­ті жіберіп алдық. 22 мамырда осы ор­ман­да 5 мың гектарда өрт болды. Оны жедел түр­де өшірді. Ал бұл жолы жағдайды дұрыс ба­ғ­аламаған. Техника бойынша соңғы жыл­дары жағдай күрделі болып отыр. Біз тех­никаның орнын толтыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Экология министрлігінің дайындығы 59 пайызға бағаланды, – деді ол.
Роман Скляр қаза тапқан орманшыларда ар­найы киімдерінің болмағаны жайлы, тіпті өрт ошағына туфлимен кеткеніне қатысты пі­кір білдірді.
– Бұл бойынша қылмыстық іс аясында тек­серіледі. Рация, арнайы киімдерінің бол­ма­ғаны тексеріледі. Қостанай облысындағы өрт­тен сабақ алмадық деп айта алмаймыз. Ма­териалдық-техникалық базадағы жұ­мыс­ты күшейттік. Өрт желдің әсерінен бірден өр­шіп кетті. «Ғарыш сапары» штаттық ре­жим­де жұмыс істеді. Бұл жағдай ТЖМ-де ай­тылды. Өрттің басталғаны туралы орман шаруа­шылығы да білді. Өрттің ауқымы баға­ланбады, – деді Скляр.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұр­тай Сабильянов Абай облысындағы өрт­ке қатысты олқылықтарды айтып, бірқатар ұсы­ныс жасады. Ол өз сөзінде азаматтық қор­ғау органдары, тиісті мемлекеттік орган­дар табиғи апатқа дайын болмағанына баса тоқталды.
– Шынын айту керек, жергілікті жерде бол­ған жағдай азаматтық қорғау органдары, тиіс­ті мемлекеттік органдар табиғи апаттар­ға дайын болмағанын тағы да көрсетті. Де­путаттар Үкіметтің назарын орман шаруа­шы­­­лығындағы өртке қарсы және құтқару қыз­метіндегі жүйелі проблемаларға аударып, бірнеше депутаттық сауалдар жолдаған бо­латын. Бірақ іс жүзінде мәселелер толық ше­шілмеген. Мұндай салғырттықтың орны тол­мас ауыр қайғыға алып келетінін өмір көр­сетіп отыр. Мемлекет басшысы төтенше жағ­дайлар жөніндегі жедел штабтың оты­рысында былтыр Қостанай облысында болған өрттен қорытынды шығарылмаға­нын, берілген тапсырмалар сапасыз орын­далғанын қатаң сынға алды. «Семей орманы» орман табиғи резерватында 363 техника бар. «Онда неліктен адамдар өртті сөндіруге жеке көліктерімен барған? Техниканың жай-күйі қандай? Тіпті, қажетті техника бар ма? Сон­дықтан орман шаруашылықтарының ма­те­риалдық-техникалық базасын жаңартып, ар­найы өртке қарсы техникамен толық жаб­дықтау қажет, – деді ол.
Одан бөлек, орманшыларға тиісті жағ­дай жасалмаған, маман онсыз да жоқтың қасы. Өрттен кейін орманшылардың жала­қы­сы өсетіні туралы мәлімет жарияланды. Ал «Әділдік жолы» республикалық қо­ғам­дық бірлестігінің төрағасы Дидар Сма­ғұ­лов инвентеризацияның қорытындысын, мем­лекеттік сатып алу порталындағы мәлі­мет­терді алға тартып, резерватта қажетті тех­никаның бәрі қағаз жүзінде болғанын, тіп­ті қыруар қаржыға рация батареялары да алын­ғанын айтады. Дегенмен әуелде айт­қан­дай, өрт кезінде мұның бірі де болмаған. Со­нымен қатар екі апта бұрын резерваттың бұрын­ғы басшылары мен бірнеше кәсіпкер пара алғаны, пара бергені үшін 10 жылға сот­талған. Дидар Смағұлов жауаптылардың бәрі жауапқа тартылуы керек екенін айтады. Бас Прокурордың орынбасары іс әділ тер­гелетініне сенімді екенін айтты. Жандос Өмірәлиев тергеу нәтижесі, жиналған мате­риал­дар негізінде жауапты тұлғалар жауап­кер­шілікке тартылатынын, бұрынғы Төтен­ше жағдай министрі Юрий Ильин, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлей­менова, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев тергелетінін айтты. Ал Даниал Ах­метовке сұрақ жоқ екенін мәлімдеді. Со­ны­мен қатар Ж.Өмірәлиевтің сөзінше, не­гізі­нен, Семей орманы Экология және табиғи ре­сурстар министрлігіне қарайды. Сондық­тан қаржыландыру, керек-жарақ, техника­мен қамтамасыз ету, кадр-маман мәселелері және басқа да сол апат басталғанда ат­қа­ры­луы ке­рек болған шаралардың барлығы – Эко­логия және табиғи ресурстар министр­лігі­нің жауапкершілігінде екен. Жандос ӨМІРӘЛИЕВ, Бас Прокурордың орынбасары: Іс әділ тергеледі
– Абай облысы, Семей резерватындағы ала­пат өртке байланысты Қылмыстық ко­декс­тің 292-бабының 3-бөлігі бойынша қыл­мыстық іс қозғалды. Мемлекет басшы­сы­ның тікелей тапсырмасымен аталған қыл­мыстық істің тергелуі Бас прокуратураға жүк­телді. Бас прокуратура тарапынан құқық қор­ғау органдарының ең білікті тергеушілері мен жедел уәкілдерін тарта отырып, тиісті ве­домствоаралық тергеу тобы құрылды. Ко­миссия оқиға орнында жұмысын бастап кет­ті. Өрттің салдарын ескере отырып, қыз­мет­тік борышын өтеп жүрген 14 отан­дасы­мыз­дың қаза болуына байланысты «Қызме­ті­не немқұрайлы қарау» бабымен қосымша іс қозғадық. Істің шеңберінде өз қызметіне сал­ғырттықпен, жауапсыздықпен қарап, осын­дай қасіретке жол берген барлық лауа­зым иелері қылмыстық жауапкершілікке тар­тылады. Қылмыстық істің тергелу барысы тура­лы тиісті ақпаратты беріп, халыққа жа­риялап отырамыз. Дегенмен ешкімнің іс-әрекеті әлі сараланған жоқ. Қылмыстық іс бойын­ша әлі ешкімге статус берілген жоқ. Арнайы тергеу жоспары бар. Осы жоспар бойын­ша жиналған материалдар негізінде бар­лық тұлғалар тергелетін болады. Өрт тұтануының негізгі себептері ре­тінде қазір барлық нұсқаны қарастырып жатырмыз, нақтырақ айтқанда, бірінші нұс­қа – қасақана өртеу. Бұлай болуы мүмкін еке­ні құпия емес. «Семей орманы» резерва­ты­ның бұрынғы басшылары, директор мен оның орынбасары пара алып, 10 жылға сот­талған. Сонымен қатар осы қылмыстық схе­мада тағы 3 кәсіпкердің қатысы бар. Олар да 10 жылға сотталған. Техника, маман бойын­ша да мәселелер бар. Екінші – техни­ка­лық қауіпсіздік талаптарын сақтамау, яғни ада­ми фактор. Үшінші – табиғи фактор. Тергеп-тексеру жұмыстары шамамен 2 ай­ға созылады. Жұмыс Бас Прокурордың ті­ке­лей бақылауында. Сол себепті бұл қыл­мыс­тық іс әділ тергеледі, кінәсі бар лауазым ие­лері жауапқа тартылатынына сенімдімін.
Дидар СМАҒҰЛОВ, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы: Жүйені өзгертіп, жауапты тұлғаларды жауапқа тартуды талап етуіміз керек
– Өрт, әрине, айтып келмейтін апат, де­ген­мен апаттың осындай қайғылы салдарға ұла­суының бірінші себебі – жемқорлық. Өйт­кені құжаттарға қарайтын болсақ, арнайы сол ормандардағы өртке қарсы ар­найы ақпараттық жүйе бар. Ол тәулік бойы жұ­мыс істеуі керек еді. Бірақ сол жүйенің жұ­мысының нәтижесін көрмей отырмыз. Пор­талдағы мәліметтер бойынша рация­ларға батареялар да алынған. Бірақ марқұм бол­ған қызметкерлердің туыстары ешқандай да батарея болмағанын, өз көлігімен бар­­ға­нын айтты. Ал біз мекеменің өткен жылғы ин­вентеризация құжатын көрдік. Құжатта «Семей орманы» мекемесінде көліктің саны жеткілікті, түрлері де көп екені көрсетілген. Де­генмен өкінішке қарай, бар екенін не жоқ еке­нін нақты айта алмаймыз. Қазіргі бізде бар ақпараттарда, фотосуреттерде ескі, Кеңес үкіметінен қалған ЗИЛ-дар ғана бар. Ал 2011 жылы, 2016 жылы, 2021 жылы алын­ған техникалар қайда екені белгісіз. Осы мә­селеге байланысты күдік туындап отыр жә­не қоғамдық бақылау қажет екенін айтып жа­тырмыз. «Контрабандалық қылмыстың ізін жа­сыру үшін өрт қойылған болуы мүмкін» деген нарратив те тарап жатыр, әртүрлі қыл­мыстың ізін жасыру үшін қойылған өрт болуы да әбден мүмкін. Себебі екі апта бұрын ме­кеменің басшылары жемқорлық жасағаны үшін 10 жылға сотталды. Олармен бірге пара бер­гені үшін бірнеше кәсіпкер сотталыпты. Олар ағаштарды заңсыз кескен. Басқа қыл­мыстары да болуы мүмкін, анықтала жатар, де­генмен жалған санитарлық құжаттама бе­ріп, ағаштарды кескен екен. Бұл мәселеге шынымен кінәлілер жауап­қа тартылуы үшін біз мәселені назардан тыс қалдырмау керек, халықтың эмоциясы ба­сы­лады, барлығы ұмытып кетеді деп айты­лып жатыр ғой. Жоқ, біз бір айдан кейін еш­қандай нәтиже болмаса, қайтадан барлық уә­кілетті органдарға хат жазып, қоғам та­ра­пынан резонанс жасау керек. «Осымен тоқ­тап қалмаймыз, мына жауапты тұлға қайда, мы­на тұлға бар» деп талап етуіміз керек. Ах­метов мырза облысты 9 жыл басқарды, оның жауапкершілігі қайда? Президент мырза айтқандай, Ұранхаев мырза облыста 1 жыл жұмыс істеді, бұл көп емес, дегенмен де, жауапты. Сондықтан қоғам тарапынан бұл мәселені назарда ұстау керек. Себебі 15 отан­дасымыз қаза болған апаттың салдары ауыр. Жүйені өзгертіп, жауапты тұлғаларды жауап­қа тартуды талап етуіміз керек.
Орман өрті, әрине табиғи апат болуы да мүмкін, қасақана жасалған жымысқы әрекет болуы да ықтимал, оны анықтау – ресми органдардың құзыретінде. Дегенмен бұл жердегі мәселе біздің ешқандай төтенше жағдайға дайын еместігімізде, бұған дейінгі апаттардан сабақ алмағанымызда болып отыр. Әдеттегідей, мәселенің ауқымы кең, тамыры – тереңде.