Жиырма жетінші желтоқсан және Жанша

Жиырма жетінші желтоқсан және Жанша

Жиырма жетінші желтоқсан және Жанша
ашық дереккөзі

Қайтпек керек? Империя құлағанымен, империялық қи­мыл әлі күшінде. «Жыланды қанша кессең де, кесірткелік күші бар» дегендей, алып Ресей жан-жақтан тістелескен үкіметшіл топтардың азуында түйтеленгенмен, алпауыт қаһары әлі қайтқан жоқ. Тіпті, жаңағы топтардың өзі сол империялық кеудемсоқ пиғылдан сау емес. Деникин Кав­казда күш ала бастады деген хабар естігелі Еділ-Жайық бойын сүзгілеп жүрген атаман А.Дутовтың аңсары енді сонда ауды. Қызыл Армиядан оңбай таяқ жеген ақ казактар Орын­бордан амалсыз ығысып, Каспийге қарай бет түзеді. Ембінің мұнайына жол ашып, Атырауды бойлай теңіз арқылы Деникин армиясына қосылмақшы. Атаман Толстовтың бір қанаты болып саналатын армия атаманы Дутовтың бұйрығы солай. Дутов бұйырғанмен, бұл күндері кешегі атышулы армия соққыдан-соққы жеп, есеңгіреп, шебі селдірей баста­ған-ды. Алайда «аш адам тырысқақ, ашулы адам ұрысқақ» дегендей, аштық та, ашу да қыспаққа алған ақ казактар сол ашуын Тайсойған құмын шашыла жайлаған ауыл қа­зақтарынан алып, бұйығы тіршіліктің астаң-кестеңін шы­ғарды. Тобынан адасқан бір-екі аттылы казактың өзі қара шаруаның қорасындағы малын рұқсатсыз жетелеп әкетіп, малдары болмаса тауықтарын сирақтарынан бір-біріне байлап, шуылдатып, әйтеуір ойына келген ойранын салды. Араша түскен шал-кемпір, қатын-қалашты соққыға жығып, ауыл үстін үрейге толтырды да жіберді. Желтоқсанның қарлы аязынан бе­­тер қалтыратқан мына бассыздыққа төтеп берер күш қайда?! Қарулыға қарусыздың жалаңтөс қарсылығынан да­ла қазағы аз зардап шеккен жоқ. Қан жұтып жүріп, қорғап қалған ұлы да­ласының тағдыры тағы да сынға түсіп тұр. Батыр да өтті, би де өтті, за­ман өзгерді, ұрпақ жаңарды. Ұлы да­ласын жалаң қарумен қорғаудың күні өткені айдан анық болды, ақыл мен айла қосылып, амалсыздың тың, соны шешімі қажет-ақ. Алаштың оқыған азаматтары империя құла­ған­нан кейінгі сирек келетін мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін басын тауға да соқты, тасқа да соқты. Сөйтіп жүріп, Алаш үкіметін құрды. Автономиясын жариялай алмаса да, күннен-күнге кү­шейіп келе жатқан кеңестік жаңа құрылымның санасуына жарайтын үкіметі бар. Санасқаны сол – 1919 жыл­ғы 27 қазанда Түркістан майданының рево­люциялық әскери кеңесі, Түр­кістан ерекше комиссиясы мен бірін­ші армияның әскери революциялық кеңесі өз отырысында қазақ халқы­ның Кеңес үкіметі жағына шығуы тура­лы мәселе қарады. Демек, сәуір төң­керісінен кейінгі аумалы-төкпелі көз­қарас қайшылықтары мен саяси те­кетірестің артта қалғанын мойын­дап, қазақ халқына, оның ішінде Кеңес үкіметіне қарсы күрескен Алаш зия­лыларына, егер кеңес жағына шық­қанын нақты іс-қимылдарымен дәлелдесе, кешірім жасау жөнінде сөз қозғады. Мәселені революциялық ко­ми­теттің мүшесі, Алаш зиялылары­ның көсемі Ахмет Байтұрсынұлы көтерді. Отырыста осы ұсынысқа қатысты нақты шешім қабылданбаса да, Ахметтің Алаш қозғалысының те­геурінді күш екеніне сендірген сал­мақты сөзі текке кеткен жоқ, осыдан санаулы күндер өткен соң, яғни 8 қарашада Түркістан майданының әс­кери революциялық кеңесінің қау­лысы негізінде аталған кешірім жасау жөніндегі бұйрығы шықты. Күнбатыс Алашорда басшыларына А.Бай­тұр­сынұлы осы бұйрықты хабарлап, де­реу жеделхат жөнелтті. Сонымен бір мезгілде РСФСР Орталық Атқару ко­митетінің алаштықтарға кешірім жа­саған ресми шешімі туралы да ха­бар жетті. Ендеше үміт пен үмітсіздік сан рет алмасып, азаттық таңының алқы­зыл сәулесі көкжиектен қылтиып ба­рып, қайта сөнетін қатал тағдыр­дың бұл да бір кезекті ойыны ма? Қа­лай болғанмен, тәуекелге бел буа­тын сағаттың соққаны анық. Мына желтоқсанның ақтүтек боранындай ұйытқыған оқиғалардың табиғаты мен болашағын дұрыс саралап, ақ казактардың да, большевиктердің де көсемдерімен тең адамша сөйлесе білгенінің арқасында «ұстарасыз аузына мұрты түскен» халқын шектен тыс азап пен қорлаудан аман алып қа­лып жүрген шеберлігі мен ше­шен­дігі шектеліп, дос пен дұшпанның дос­тығы мен дұшпандығы күннен-күнге айқындалып барады. Дутов қана емес, адмирал Колчактың да, про­летариат көсемі Лениннің де на­зарында болып, күдік пен сенім арпа­лысқан күндері мен сағаттары оны саяси тұрғыдан шыңдады да. Сол сын­нан қорытынды шығарса, енді бет­пердені ысыратын, Махамбет айт­қандай «егеулі найзаны қолға алатын» күн туды. Акутин енді одақтас емес, өлім мен өмір айқасындағы қас дұш­паны. Жанша Акутинді жақсы біледі. Әскери казактың отбасында дүниеге кел­ген бала Акутиннің өзі де соғыс өне­ріне құштар көңілмен ержетті. Орын­бордың юнкерлер училищесін бітірді, орыс-жапон соғысына қа­тысты. Осы соғыстағы ерлігі үшін қа­­­­­сиетті Георгий қаруымен марапат­талды. Үшінші және екінші дәрежелі Әулие Станислав, Үшінші және екінші дәрежелі Әулие Анна, Үшінші және төртінші дәрежелі Әулие Владимир ор­дендерінің иегері, Орал әскери үкіметінің мүшесі, казактардың Орал­­дың жеке армиясының қолба­с­шысы болған В.Акутин бұрынғы одақ­тасының кеңес жағына жалт бұрыл­ғанын, әрине тіпті де кешір­мейді. Күнбатыс Алашорда басшы­лары­ның майдан қыл суырғандай сөз­деріне күдікпен қарайтын ол осы жолы тіптен қатты кетті. Қазақтар ара­­сындағы «жансызы» арқылы алаш­тық­тардың «сатқындық ниеті» тура­лы хабар жеткен бойда-ақ Елек кор­­пусын Қызылқоғаға шоғыр­лан­дыру жө­нінде шұғыл бұйрық берді. Атаман армиясының негізгі қару-жарағы, оқ-дәрі қоймасы осында болатын, алда-жалда алаштықтар Қызыл Армияның көмегімен амалсыз шегінуге мәжбүр­лесе, жау қолына қалдырмай, оларға өрт қою туралы алдын ала бұйрық шы­ғарды. Әйтеуір, атаман армиясы­ның қапы қалмай, кезекті шайқасқа ширығып әзірленгені анық. Тіпті, жаңағы Елек корпусының интендант­тық ведомство агенттері жекелеген қазақтардың қолындағы қаруларды тартып ала бастады. Мұндай жағ­дай­да, әр күн емес, әр сағаттың өзі өңір­дегі тағдырды шешіп кетуі әбден мүмкін. Сонда не істеу керек?! Іркес-тір­кес оқиғалардың қалтылдаған тілін дәл болжаған Күнбатыс Алашор­да басшылары әлі толық жасақталып болмаған ұлттық армиясын, дивизия­ға жақындап қалып еді, жалқын ке­зін­де оққа тігуге амалсыз тәуекел етті. Қызыл Армияның көмегінсіз мұндай тәуекел, әрине тұйыққа тірелген амалсыздықтың шарасы болатын. Өйт­кені 10 желтоқсанда Жанша бас­та­ған үкімет мүшелері Қызылқоғада земство және басқарма өкілдерінің, саяси, қоғамдық ұйымдардың, құр­мет­ті ақсақалдар мен дін қайрат­кер­лерінің басын қосып, жиналыс өткіз­ді. Саяси бағдарды түпкілікті анық­тап, ақ казактардың дәл осы сағаттар­дағы қан-қасап әрекеттерін дереу тоқтату мәселесі жан-жақты тал­қыланды. «Кеңес үкіметіне қосылуы­мыз­дың айқын көрінісі ретінде ақ казактарға қарсы соғыс ашамыз, көмектесіңіздер» деп 21 желтоқсанда Ж.Дос-Мұхамедов қол қойған құпия­хат дайындап, оны Орынбор­дағы революциялық комитетке табыстау үшін өкілдерін Оралға жедел аттан­дыр­ды. Өкілдер – Н.Қалменов пен Б.Байтақов жолда қызылдардың қо­лына түсіп қалды да, хат тікелей М.Фрунзеге табыс етілді. Фрунзе тап сол күні, яғни 21 желтоқсанда Ленин­ге алаштықтардың кеңес жағына шық­қанын хабарлап, жеделхат ж­ө­нелт­ті. Алайда әскери көмек жайында мардымды ештеңе айтылмады. Рево­лю­циялық комитеттің Оралдағы өкілі Лежава Мюрат Н. Қалменов пен Б. Байтақовтың діттеген жеріне жете алмағанына кешірім сұрап, оларды Орынборда емес, Ақтөбеде күтетінін, олар­мен келіссөз жүргізу үшін Қазақ революциялық комитетінің мүшесі Нысанғали Бегімбетов пен бірінші армия­ның өкілі Евгений Наумовтың Ақтөбеге шыққанын, сондай-ақ Оралдан Ойыл ревкомының екі өкілі жіберілетінін хабарлады. Ал уақыт хабар алмасуды емес, нақты шайқасқа шығуды талап етуде-тін. Шабуылды қай бағытта ұйымдастырудың тиім­ділігін көрсетіп, Ойыл қаласындағы атқыштар полкінің командирі Мав­лю­дов пен полк комиссары Қасы­мовқа құпия жөнелткен елшілерінен де еш сыбыс жоқ. Яғни, Қызыл Ар­мия­ның көмегіне сүйену үміті желге ұшқандай сейіліп барады. «Қош, нар тәуекел! Жиырма жетінші желтоқ­сан­ның алатаңы, күте бар ақтық шайқас­ты!». Солай демеске Жаншаның басқа ама­лы қалмады. Бір ғана үміт бар. Ол – атаман армиясының өз ішіндегі алауыз­дық. Ресейді отанымыз деп қабыл­даған патриоттарымен бірге, бассыздықты, әділетсіз оқиғалардың талайын өз көздерімен көріп, тағ­дыры­на нәлет айтып ашынған казак­тардың немесе казактар арасындағы басқа ұлттардың шағын топтарын Жанша жансыз жіберіп, өз жағына тартып та алған болатын, олардың ішінде Ойылдан қашқан Серов бан­дасының «бұрынғы бандиттері» де бар-ды. Оған қоса, ашынған жергілікті қа­зақтар да, алаштықтардың құпия әрекетін естісімен өз жасақшыларын құрып, азаматтық соғысқа бел буды. Шайқас, айтқандайын жиырма жетінші желтоқсанның ала таңында басталды. Және алты сағатқа созыл­ды. Елек корпусының командирі, генерал-лейтенант В.Акутин бүкіл штаб мүшелерімен бірге тұтқындалды. Ха­лық жасақшылары да қашып-пы­сып жүрген ақ казактардың бір­не­ше ұсақ тобын айдап әкеліп, алаш ар­мия­сының қолына тапсырды. Ойылдағы Қызыл Армияның ат­ты әскер дивизиясының бір отряды және бір зеңбірегі бар екі рота жаяу әс­кері тек осыдан кейін, яғни 29 жел­тоқ­санда ғана көмекке келді. Оның құрамында алаштықтардың саяси текетірестегі қарсыласы, 1917 жылғы сәуір төңкерісінен кейін Ә.Жангел­динмен бірге Петроград совдепінде большевиктер қабылдауында болған қайраткер, Ойылдағы революциялық комитеттің төрағасы Исламғали Құр­манов пен Исламғалимен бірге Бе­галы партизандар отрядын ұйым­дас­тырушы Сергей Алексеевич Щербак та бар. Лениннің тікелей тапсыр­ма­сымен, М.Фрунзенің тікелей бұйры­ғымен Ойылды 14 қарашадан қал­дыр­май Серов бандасынан азат ету опе­рациясын сәтті жүргізген қай­рат­керлерді, бұрынғы саяси қарсыласын Жанша бұл жолы ашық достық көңіл­мен қарсы алды. Алаш қайраткерінің басына бәс тігіп, қолға түсіру жөнін­дегі саясат ойы­нымен жүргізген ше­шімдері тарих тәлкегінің бір мыса­лындай болып артта қалды. Өмір жаңа көзқарасты талап етті де, ұлт мүд­десін бірге ойла­ғанмен, оны жү­зеге асыру жолында бір-біріне кереғар бағыт ұстанған жан­дардың айналып келгенде ортақ, яғни ұлттық мүддеге адалдығын көр­сететін сын сағаттарда басын түйіс­тірді. Аңдысқан саяси ойындардың кейіп­керлері емес, кеңестік бағдарға айқын бет бұрған одақтас екенін большевиктерге бұдан асырып қалай дәлелдеуге болады?! Қан төгіп дәлел­деуден асқан қандай іс-қимыл болуы мүмкін?! Алаш көсемдерінің тап осы­лай ойлауы адами тұрғыдан еш­қан­дай дау тудырмаса керек-ті. Алайда Түркістан армиясының бас қолбас­шысы М.Фрунзе олай ойламады. «Алаш үкіметінің пиғылы белгілі, басын кесіп алсаң да, коммунистік идея­ны мойындамайды. Мойын­дамаған соң кеңестік құрылымға қызмет ете алмайды. Қайта қара ха­лықтың арасындағы беделін пай­даланып, біздің ісімізге зиян келтіруі мүмкін, сондықтан олардың басшы­ларын сол қара халықтан алшақ ұстау керек. Ақ казактарға қарсы шайқасы, барар жер, басар тауы қалмаған­дық­тан, амалсыздан жасаған кезекті ойы­ны» деуден таймады. Қаруларын өткізіп, дереу Қызыл Армия құрамына өтуді тапсырды. Жанша: «Біз дәл бүгін өйте алмаймыз. Біз де, сіздер сияқты, бұқара халықтың амандығын тілей­міз. Ақ казактардың қылыш­та­рын тас­тамаған, қайта ашулары әбден асқынған, ең қауіпті шашыранды топ­тары Тайсойған құмдарының ара­сында өріп жүр. Соларды бір­жай­лы қылғанша орнымыздан қоз­ғал­маймыз. Оған уақыт керек. Біз, Алаш үкіметінің өкілдері, кеңес­тік құрылымды қанымызды тө­ге отырып мойындадық. Егер Алаш үкі­меті, Алаш идеясы халқымыздың ұлт­тық мүддесіне сай келмесе, біз бұ­лай істей алмайтын едік. Сон­дық­тан бізді тең дәрежеде, тиісті құрмет, салтанатпен қабылдауды өтінеміз. Салтанатты Ойылға 28 шақырым қалғанда ұйымдастыруды сұраймыз. Ойылға Кеңес үкіметінің тең дәре­желі мүшесі ретінде кіргіміз келеді» деген мағынада құпияхат жөнелтті. Ол хат та М.Фрунзенің қолына түсіп, ол шорт кетті. 31 желтоқсанда Орын­бордағы бірінші армия басшылығына, көшірмесін төртінші армия басшы­лығына: «Біз ешқандай Алаш үкіметі дегенді білмейміз. Мойында­май­мыз да, ешқандай шарт жасаспай­мыз да. Ал кешірім күшінде. Қалғанын Русия Кеңес республикасының қолбас­шы­лығы шешеді» деген мағынада қаһар­лы жеделхат жолдады. Халық мұңын мұңдауды мұрат тұт­қан әскери күштің саяси өктем­дік­тің құрсауынан шыға алмай, бұлай мінез көрсетуі, әрине өте өкінішті. Оның астарындағы шовинистік пи­ғылдың қазақ ұлтына келтірер зия­ны­ның орасан зор екенін білгендік­тен, Алаш басшылығы бұдан әрі тіресудің мағынасыз екенін сезді. Ата­ман әскері тізе бүккеннен кейін ша­шыранды ақ казактардың ізіне түс­кен полк командирі Махам­бетов­тің Қарабау болысында өткізген жиын­да бүкіл жеңісті Қызыл Армия жауын­герлеріне теліп, алаштық­тар­дың ерлігін ауызға да алмауы, Ойыл аспанынан жауған листовкаларда да осы пиғылдың басым көрсетілуі осының айқын айғағы еді. Желтоқсан оқиғалары Алаш қай­раткерлеріне саяси күштердің де­мократиялық принциптерді іс жү­зін­де ұстануының қиындығын тағы бір рет дәлелдеді. Кешірімнің өзі дик­та­тор­лық ұстаныммен былығып кетті. Қантөгіспен өткен қызылқоға опера­циясы саяси текетіресті жеңіл­дет­кен­мен, түпкілікті арманды – ұлт тәуел­сіздігін бейбіт, демократиялық прин­цип­терге сүйенген әлеуетті күшпен бір­лесе отырып жүзеге асыру мұра­тын тағы да тұйыққа тіреді. Өлкедегі сол күндердегі тегеурінді әскери құры­лым – Түркістан армиясының әс­кери революциялық комитеті, Түр­кістан майданының бас қолбасшысы М.Фрунзе айтқанынан қайтпады. А.Бай­тұрсынұлы басқарған Алаш кө­сем­дерінің империя құрсауынан шық­қан халықтың тарихи тұрғыдан мүлдем жаңа революциялық өзгеріс­терді қабылдап, күнделікті тіршілік игілігіне айналдырудың қиямет-қайымын дәлелдеген терең теория­лық пікірі, сол пікірді табандылықпен қорғаған нақты іс-әрекеттері М.Фрун­зенің диктаторлық ұстанымын бұзып өте алмады. Ұлтына жақындауды ар­ман­даған зиялы топтың бір шо­ғыры сол ұлтынан соқыр күшпен аластатылды. Демократия мен дик­татураның перде жамылған үш ай бойғы айтыс-тартысы диктатураның пайдасына шешілді. 1920 жылғы 5 наурызда өлкеде тұңғыш рет өрке­ниет принциптерімен құрылған Ойыл уәлаяты Уақытша үкіметінің бі­лікті де қайсар қайраткерлері – Ж.Дос-Мұхамедов, Х.Досмұхамедов, И.Қашқынбаев, К.Жәленов, Б.Әтші­баев, анасынан айырылған сәби сияқ­ты, өмірінің ең жалынды шақ­тарын арнаған ұлтынан еріксіз аластатылды. Іс жүзінде Мәскеуге жер аударылды. Аталған қайраткерлердің қазақ ұлтының құрметіне бөленіп үлгергені сонша, бүлік шығып кетеді деп сес­кенді ме, Қызылқоғадан Ойылға, Ойыл­дан Оралға, Оралдан Орынбор­ға, Орынбордан Мәскеуге жеткізгенше кеңес билігі оларды көзден таса қыл­ған жоқ. Тіпті, Мәскеуге өлкедегі Кир­ревком төрағасы Пестковскийдің өзі бастап апарды. Білім мен білік, оны пайдалануда­ғы табандылық, бәрібір, кезекті жеңі­сіне жетті. Үйқамаудағы бесеу ең­сесін түсірмеді, басын имеді. Саяси оқиға­лар күрделене түскен сайын ағысқа қайсарлана қарсы жүзіп, сол білімі мен білігін тағдыр тәлкегінен құты­лып шығуға жұмсады. Әлемдік юристпруденцияны терең меңгерген Жаншаның бүйтпеуі мүмкін де емес еді. Демократияның таза ниетпен ғана діттеген жеріне жете алмай­тынын жақсы білді. Демократияның атасы болып есептелетін Америка Құрама Штаттарының үшінші пре­зиденті, әлемдегі ең бай құл иеленуші Томас Джефферсонның, сол құл ие­лену үрдісін жою мақсатында, оның заңдық жолын, яғни конституциялық нұсқасын алғашқы болып ұсынғанда, бір топ құлының ол ұсынысты қабыл­дамай қойғаны, бостандықтан гөрі өмір бойы қалыптасып қалған байыр­ғы әдетпен қоштасқысы келмегені нені көрсетеді. Демек, демократияны адам­заттық құндылыққа айналдыра білу үшін де уақыт пен күрес керек. «Біз таңдаған жол, сөз жоқ, әділет жолы. Оның ұлт таңдамайтынына көз жеткізуіміз қажет. Орыс шовиниз­мі төңкерістің жалғыз төбе биі емес» деген ой Жаншаның басында шырқ айналды. «Володяға хат жазу қажет, Ахметтің соқырға таяқ ұстатқандай, халықтық, азаматтық айқын пози­ция­сын тағы да есіне салу керек». Жан­ша дүр сілкініп, үстелге отырды. «Володя, мен Сіздің терең біліміңіз бен саясаткерлік пайымыңызға құр­мет сезімімен қарайтындықтан, Сіз­бен ұлтымыздың тағдырына қатысты пікіріммен ой бөліскім келеді...». Жанша Володя Ульяновпен студент кезінен жақсы таныс. Революциялық рухпен ауырған Петроград жастары Нева жағалауына жиналып, өңештері керілгенше айтысқанда оның ерекше қызуқанды мінезі Жаншаның на­зарынан тыс қалған жоқ. Екеуара сыр­ласқан кезде керіскен де, келіскен де сәттері аз болмады. Осы таныстық­тың арқасында Жаншаның тікелей күш салуымен Құран Кәрімнің бастапқы, толық нұсқасы әуелі Уфаға, сосын Ташкентке жеткізілді. Петроградтың асты-үстіне шы­ғып, революциялық толқулар түсінік­сіз тағдырлы оқиғалардың орталы­ғы­на айналған сол бір дүбара күндердің өзінде зиялы қауым ұлтының болаша­ғына қатысты игі істердің бірде-бірін естерінен шығармауға тырысты. Оқ пен от ештеңені аямайды, ғаламдық төңкерістер шырғалаңында рухани мұралар ең алдымен орасан зардап ше­геді. Ол ғасырлар тәжірибесінен бел­гілі. Сондықтан сол бір аласапыран күндерде, яғни 1917 жылғы қарашада, Бү­кілресей мұсылмандарының Пет­роград қаласында өткен екінші съе­зін­де осы қасиетті кітапты – Құран Кәрімді империялық ресейдің көпші­лік кітапханасынан алып, мұсылман­дар­дың тиісті діни орталығына тап­сыру туралы сөз қозғалды. Қасиетті жәдігерді – сақтап қалу жауапкершілігі Жаншаға жүктелді. Оның жөні де бар, ол – демократия мәйегін діннің терең тамырынан іздейтін діндар адам. Сая­си серіктермен бірге «Ойыл уәлая­ты­ның уақытша үкіметін» құрғанда өзі ерекше құрметтейтін, оны шығаруға өзі де қаржылай көмек көрсеткен «Қазақ» газеті 1918 жылғы 30 шілде­дегі нөмірінде: «Бір облыстың жерін­дей біраз елінен әкімшілікке сусаған бір үйір ишанын бөліп алып, үкіметті жасау баланың ойындай бір іс ... » деп келемеж етіп еді-ау! Сонда «бір үйір ишан» деп отырғаны кім? Үкімет мү­шесі Сағидолла Ізтілеуов пе? Ізтілеуов болса 1906 жылы Мәдиненің діни уни­верситетін бітірген, университет қабырғасында жүрген күндердің өзінде Орынбор, Қазан, Уфа шаһар­ларын­да болып, ондағы мерзімдік басы­лымдармен байланыс орнатқан, уни­верситетті бітіре сала сол кездегі белгілі «Увакит» газетіне қызметке ор­наласқан, кейін Алаш туының ас­тында орал қазақтарының 1917 жыл­ғы сәуірдегі Текедегі бірінші съезіне, сол жылғы маусымда Көкжарда өткен екінші съезіне және 1918 жылы қаң­тарда өткен үшінші съезіне қатысқан қайраткер. 1935 жылы Анкарадағы 600 делегат қатысқан мұсылмандар съезінде араб, парсы тілдерін жетік білетін Сағидолла съезд мінбесінде сөйлеген шешендердің сөздерін түрік тіліне аударды. 1936 жылы Қашғарда дұнғандар өткізген жиында түрік көсемі Мұстафа Камал-пашамен кез­де­сіп, сыр бөлісті. «Ойыл уәлаяты уа­қытша үкіметі» құрамында қазіргі тілмен айтқанда, азаматтық хал ак­тілері бөлімін басқарған Сағи­дол­ланың өмірі халқына адал қызмет атқаруға арналды да, түрмеде қиыл­ды. Сол кезде Сағидолла Ізтілеуовпен бірге Бұхарда білім алған Хасан Нұр­мұ­хамедовтің, Ыстанбұл универ­си­тетінің түлегі Хәби Сұлтановтың, Бомбей университетін бітірген маң­ғыстаулық тұңғыш қазақ әрі геолог Оразмағамбет Тұрмағамбетовтің, Жылойдағы хазірет Дүйсеке Дәнді­байұлының, Тайсойғандағы Ахмедьяр халфенің, Нарындағы Әліптің, Толы­байдағы Арал хазірет пен оның бала­сы Ғұбайдолланың, Ойылдағы Жие­налы хазірет пен Қазмағамбет ха­зіреттің, Тәшмұхамбет хазірет пен оның баласы Құсайын хазіреттің және басқаларының өңірде жүргізген имандылық сабақтарын рухани у деп қабылдаған, «Кел, қазақ, кедейлер, ұйымдас жалшымен. Байларды, мол­даны қойдай қу қамшымен» деген есірең күндерде Жанша бастаған зиялы топтың жаңағы уақытша үкімет жұмысына Сағидолла Ізтілеуов пен Хасан Нұрмұхамедов сияқты діни қайраткерлерді тартуын, ақ казактар ауыл үстіне ойран салған, болашақ бұлыңғыр сағаттарда бағыт-бағдарды түпкілікті анықтау үшін жергілікті земство мүшелерімен бірге көкірегі қазына қарттардың, дін өкілдерінің ақыл-кеңесіне сүйеніп, тарихи «Қы­зылқоға операциясын» ұйым­дас­тыруын шынайы демократиялық, бұқаралық үрдіс деп мойындау сол кез­де қаншалықты қажет еді де­сеңізші?! Жанша, жүректі қан жы­латқан рухани ауыртпалықты елеусіз ерекше қайраткерлікпен көтере жү­ріп, зиялылық болмысына шаң жұқ­тырмады. «Дін – апиын» деп жалпақ әлемге жар салған Лениннің өзін 1917 жылғы 9 желтоқсанда Құран Кә­рім сияқты қасиетті кітапты сақ­тап қалуға көндіртіп, Ағарту халық ко­миссары А.Луначарскийге хат жаздыртуы, сол хаттың негізінде Құран Кәрімді Мемлекеттік көпшілік кі­тапханадан алдыртып, Шура-и-ис­лам өкілдеріне табыс етуі осы зия­лылық болмысының бір ғана көрінісі еді. Біз, қазіргі ұрпақ, ұлағатты тұл­ға­ларымызды қағаз бетіне түскен ақ­параттар арқылы ғана тануға бой үй­реткендіктен, оның астарындағы мейлінше нәзік, құпия, көбіне іште тұншығудан аспайтын зерлі де шерлі армандарының түп-төркініне терең мән бере бермейміз. Әйтпесе, Жанша сияқты арыстарымыздың ұлттық мүддені қорғап, саяси бағыттардың, саяси күштердің тас қабырғалары ара­сымен судағы балықтай жүзген кез­де тәні мен жанын қалай қина­ға­нын білер едік. Білсек, сол аласапыран күн­дерде де, кейін де біразға дейін олар­ға саяси ұстанымы тұрақсыз жан­дарша қарамас едік. Тәні мен жанын қинау себебі, ұл­тын сүю өз алдына, терең білімі мен ұлағатты өмірлік позициясы сол ұлтына қызмет ете алатынын көре­гендікпен сезді. Басқалар да оның ру­хани әлеуетіне үлкен үмітпен қара­ды. Жаншаның қайраткерлігіне жү­гір­те көз жіберіп-ақ бұған көзіміз анық жетеді. Мысалы... Ресейдің Том округтік сотында про­курор көмекшісі (товарищ про­курор), яғни әділет генералы ше­нін­дегі отыздан енді ғана асқан Жанша, сәуір төңкерісінен кейін іле-шала Алаш көсемдерінің шақыруымен туған жеріне аттанды және Орал қа­зақтарының сол сәуір айында өткіз­ген облыстық съезінде Жаншаға Орал бөлігін басқаруға қатысты алғашқы ере­же жобасын жасау тапсырылды. Бұл мемлекеттік құрылымды айқын­дау­ға жасалған алғашқы қадам еді. Съезд Жаншаның жобасын бірауыз­дан қабылдады... 1917 жылғы 21-28 шілдеде Орын­борда өткен Бүкілқазақ бірінші съе­зінде Алаш саяси партиясын құру ту­ралы алғаш рет ұсыныс талқы­ла­нып, партия бағдарламасының жобасын жазу ішінде Мұстафа Шоқай мен Жанша Дос-Мұхамедов бар топқа жүк­телді. Жоба қазақ облыстық ко­митеттерінде талқыланып, Құрылтай жиналысы ұлттық депутаттарының жиналысында қаралуы тиіс еді. Алай­да саяси оқиғалар оған мүмкін­дік бер­меді. Топ мүшелері жан-жаққа та­рап, бас қосудың мүмкіндігі бол­ма­ды, жоба тағдыры тұйыққа тірелді. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 5 қазан­дағы нөмірінде Ж.Дос-Мұхамедовтің ескертпе хабары жарияланды. Кейін Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дула­тов бастаған топ әзірлеп, «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қара­шадағы нөмірінде жарық көрген жоба да белгілі себептермен ресми түрде қабылданған жоқ. Демек, үкі­мет саяси партиясыз жұмыс істеді ... Ресейдің өркениетті демокра­тия­лық принциптерге жүгінген үкі­мет­шіл саяси топтарының тарих сах­на­сындағы күресі шиыршық атқан күндерде олардың қоғамдағы орнын таразылай білген Жанша, жаңағы күштердің сойылын соққандай көрін­генмен, демократиялық ұлттық автономия құру қағидасынан тай­мады... Әлемдік, әсіресе қазақтың ата заң­дарын терең меңгерген Жанша ұлтымыздың әдет-ғұрып салтындағы, оның ішінде «Жеті жарғы» сияқты ұлы билеріміздің таразысынан өткен таңбалы заңдарымыздағы өнегелі нормаларды талдай отырып, алғаш рет ұлтымыздың Қылмыстың ко­дек­сінің негізін салды... Саяси қарсыласы бола тұра С.Сей­­фуллин оны табиғи турашыл­дық­пен: «Алашорда көсемдерінің ішін­де жұртты сөзбен ертіп әкететін екі кісі бар. Бірі – Міржақып Дулат­ұлы, бірі – Жанша Досмұһамбетұлы. Міржақып жазу сөздің шебері. Мер­жақыптың сөз әдістері жатық, сымпиғандау шығады. Жаншанікі ірі, оғаштау шығады» деп сипаттаған қайраткер Алаш идеясының бүкіл даму тарихын зерттеген ғалымдар ара­сында қазақ қоғамын қазақтардың өзі басқаруы тиіс деген саяси плат­форма авторларының бірі екені мойын­далды... 1919 жылғы 27 желтоқсанда Жан­ша өзінің ұлттық мүдделес­тері­мен бірге, Кеңес үкіметіне деген се­ні­мін қан төгілген шайқаспен дәлел­де­ген еді, Кеңес үкіметі ол сенімді ақ­тамады. Адам баласының тумысынан еркіндігін адамзаттық прогресшіл та­ныммен қолдап, қорғаған есіл ер сол Кеңес үкіметінің прогреске кере­ғар ұстанымымен, асқан қатыгез­дік­пен, ұлт мүддесі үшін қайсарлықпен күресіп, сал ауруға ұшыраған күйінде 1938 жылғы 1 маусымда Мәскеуде, туған бажасы Тұрар Рысқұлов сый­ла­ған пәтерде соңғы рет тұтқындалды. 27 желтоқсанның алатаңындағы алау­лы азаттық арманы саңылаусыз те­мір шеңбердің ішінде дозаққа айналарын кім білген?!...

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ