ШҚО-да блокбекеттер қойылады

ШҚО-да блокбекеттер қойылады

ШҚО-да блокбекеттер қойылады
ашық дереккөзі
Қарашадан бастап Шығыс Қазақстан облысында блокбекеттер қойылып, шектеу шаралары енгізіледі. Бұған өңірде коронавирустың күрт өршуі себеп.  Өткен тәулікте облыста коронавирус жұқтырған 139 науқас тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш жалпы республикалық деңгейден асып, 683,6 -ны құрады. Мамандардың сөзінше, аймақта эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілерінің карантин шараларын сақтамауы, сондай-ақ, шектес мемлекеттермен жалғасатын жолаушылар және жүк ағыны себеп болып отыр. Өңірге кіріп-шығу шектелгенімен, кәсіпорындар, азық-түлік дүкендері, дәріханалар, банктер, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тоқтатылмайды. Аймақ басшылығы бизнесті карантиндік шаралардың салдарынан барынша қорғауға уәде берді. Айта кетейік, пандемия басталғалы ШҚО-да 9360 адамнан коронавирус анықталды. Аймақта індеттен 237 адам көз жұмды. Ал республика бойынша қатерлі вирус жұқтырғандардың жалпы саны 111 мыңнан асты. 106 мыңнан астам адам емделіп шықты. Дерті асқынған 1825 отандасымыз көз жұмды. Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысында да шектеу шаралары күшейтілген болатын. Облыстың бас санитар дәрігері Ерғали Сыдымановтың қаулысына сәйкес, демалыс күндері тамақтану орындары мен сауда және ойын-сауық орталықтарының жұмысына тыйым салынды. Орын саны 30-дан көп қоғамдық тамақтану нысандары мен мейрамханалардың, банкет залдарының қызметі тоқтатылады.