Ақсақалсыз қоғамнан ақыл қашпай қайтеді...

Ақсақалсыз қоғамнан ақыл қашпай қайтеді...

Ақсақалсыз қоғамнан ақыл қашпай қайтеді...
ашық дереккөзі
Жер шарының  37 пайыз аума­ғын алып, аймағында жүз­ге жуық мемлекеттерде 5 жарым мил­­лиард­қа жуық адам өмір сүретін Еура­зия құр­лығы рухани әлемде «ба­­тыс», «шығыс» болып бөлінетіні бә­рі­­мізге белгілі. Міне, осы құр­лықтың дәл орта­сын­­да жер көлемі жа­ғынан әлем­де тоғы­зын­шы орынды алатын Қа­зақстан «батыс» пен «шы­ғыстың» қақ ортасында тұрып, өз болмысын қа­лыптастырған мем­лекет. Еуропаға жат­­­са да, азиялық қа­сие­ті бар Ресей секіл­ді Қа­зақ елі де Азияға жа­та­тын мем­­лекет бола тұра, шығысы мен оң­түстігі жағындағы өзге көршілері­не қа­ра­ғанда еу­ропалық мәдениетке жақындау... Болмысы Ұлы далаға қатысты «қа­­­зақ­лық» ұғымынан бастау ал­ған қазақ хал­қы кең даладағы еркін өмір сүру салтына байланып, қанша ға­сыр азат ғұмыр ке­шіп, дала демок­ратия­сын қалыптастырған ха­лық. «Екі ауыз сөзі ердің құнын кешкен», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегенді ұс­танып, «Алашағым кетсе де, айта­ша­ғым кет­песін» деп айтарын көмейін­де іркіп қал­маған елде адам құқығына қия­нат жасау, шындыққа қараулық ету – сүйекке таң­ба болар масқара іс санал­ған. «Қой асы­ғы демей-ақ қолыңа толса са­қа тұт, жасы кі­ші демей-ақ ақылы ас­са, аға тұт» дейтіні де адамды ақыл-па­расатына қарап үлгі тұт­қа­нын көр­сетеді. Бірақ... Аласапыран за­ман­дар­да еркіндігінен айрылып, дін-ділі басқа жұртқа бодан болып, неше ұрпағы бос­тан­дықты аңсаумен опат болған ел ноқ­таға басы сыймас асаулығынан айы­рылып, рухы жан­шылғаны кейінгі екі ғасырда оны адам айтқысыз ұсақ­талуға жеткізді...  Мінсіз қоғам қай кезде де болмағаны секілді, бір ауылы бір ақсақалдың тө­релігінен аттай алмайтын тақуа тәртіп­тілік кезінде де шырық бұзбаса ішкені бойына сіңбейтіндер болмай қалған жоқ, есе­сіне елдің көбі баба жолынан тайып, бұра тартуды өз басына ғана емес, тұтас әуле­тіне мін санайтын. Бұл – қазақтың ру-тай­пашылдық кезеңінде қалыптасқан «әр руға – бір көсем» ұстанымының культі ке­зін­де өз міндетін жақсы атқарды. Онда адам­ның жеке басынан гөрі ру намысы жо­ғары тұрды. «У ішсең – руыңмен» деген мә­телдің туған шағы сол. Алайда зырыл­да­ған уақыт екпінімен мың құбылып, жүз түр­ленген қоғамның жекеленген адамдар тү­гі­лі тұтас халықтардың үйреншікті өмі­рін басқа арнаға бұрып, қалыптасқан тұр­мыс-салтты өзгертпей қоймайтыны белгілі. ХІХ ғасырға келіп ру-жүзді уысында ұста­ған билердің дәуірі өтті, оның елді ай­мақ­қа бөліп билейтін ұлықтар иеледі. Ба­сын­да ұлық біткеннің бәрі орыс болса, кейін оған қазақтар да араласа бастады. Бұр­ынғы ақсақалдар беретін пәтуаның күші кетіп, оны «штатной би-болыстардың» пәр­мені ауыстырды. Демек, қазақтың ақса­қал­дық институты ендігі жерде өмір сүруін тоқ­татып, тек оның кейбір көріністері (ағайын арасындағы дауда жасы үлкен­дер­дің бітімге шақыруы, әулеттегі ең құрметті адам­ның айтқанымен санасу сияқты) ғана сақталды. Қазақ халқының өмірінде кеңестік кезеңнің басталуы халық тағдырын заң мен өкімет шешеді деген ұғымды қа­лып­тастырды. Сөйтіп, адамдар арасында қа­рым-қатынаста неше ғасыр бойы бітім­гер­лік рөл атқарған ақсақалдықтың туы іс жүзінде құлады. Себебі адам құқықтары заңмен шешілетін заманда ондай дәрежедегі құ­қықтың жеке адамға берілуі мүлдем мүм­кін емес қой! Дегенмен халық санасында қал­ған ақсақалдық түсінігі біржола құрып кет­кен жоқ. Бұрынғы билер айтатын билік пен ақсақалдар беретін төрелік енді қо­ғам­дағы беделді танымал адамдарға жүктелді. Сөй­тіп, халық арасында әдебиет, өнер және ғылымда танылған тұлғалардың сөзін сыйлау үрдісі қалыптасты. Оларды «елдің еркесі», «қоғам және мемлекет қайраткері», «көр­некті тұлғалар» ретінде бағалап, елдің бет-бейнесі деп тану қалыпты жағдайға ай­­­налды. Шындап келгенде, мұның бәрі ел­дің идеологиясын жасап отырғандардың көшбасшылық-тұлғалық қасиетті іштей мойындауы еді. «Жаңа дегеннің бәрі – ұмытылған ескі» де­мекші, жоғарыдағы билік-ақсақалдықтан идеологиялық тұлғаларға дейінгі үрдістің бәрі де ежелгі ұстанымды түрлеп, өзгертіп қол­дануды танытып тұр. Алайда ХХ ғасыр­дың соңғы он жылдығында тәуелсіздік алып, капиталистік жүйеге көшкен елімізде қо­ғамдық өмірде ақсақалдардың не көр­нек­ті тұлғалардың рөлі бар ма? Осы әңгіме бү­гіннің өте күрделі бір мәселесіне айналды. Ал қоғамдағы көптеген талас-тартыстың өзе­гіне айналған бұл даулы мәселенің ас­қынуына не себеп? «Әр дәуір өзінің әнін айта келеді» дегендей, кезінде «барлық адам теңдей» деген ұста­нымды әспеттеген социализмнің кезінде адам жеке қабілетіне қарай көп табыс та­буға, баюға мүмкіндігі болмаса (адамдар емес, мемлекет бай болу керек!), тәуелсіз­дік­пен бірге босағамыздан аттаған қатал ка­питализм «адам іскерлігіне қарай баға­ла­нады» деген ұранды ізіне ерте келді. Құн­ды­лықтар өзгерді, бір кезде «алаяқтық» деп та­нылатын саудагерлік енді «іскерлік» деп та­нылатын болды. Бұрынғы «аузы дуалы» емес, қалтасы қалың азаматтар тұлға са­нала­тын болды. Төрде академик емес, биз­нес­мен отыратын болды. Қоғамда солардың сөзі өтімді. Бұрын сөз ұстағандар маңайын ық­тырып жүретін болса, енді қызыл тілін жал­дап, бай-бағланды әспеттейтінді шы­ғарды. Себебі өз күніңді өзің көретін заманда баяғыдай дені саудың бәріне жұмыс тауып беретін – «өлтірмейтін өкімет» жоқ. Мұ­ның соңы өнер адамдарын мәдени қайыр­шылыққа итермелеумен аяқталғаны белгілі: яғни, қаламгерлер кітаптарын шы­ғаруға, режиссерлер киноларын түсіруге, ән­шілер концертін өткізуге... біреуге алақан жаюға арланбайтын болды. Әрине, бүгінде мемлекет тарапынан берілетін гранттар, тендерлер бар, бі­рақ бүгінде қоғам қайраткерлері саналатын адамдардың баяғыдай беделі жоқ. Себебі, рухани дүниедегі халыққа зор әсер ете­тін шығармашылық ұйымдардың мәр­тебесі көп төмендеп қалды. Мәселен, Қа­зақ­стан Ұлттық ғылым академиясы, Қазақстан Жазу­шылар одағы, Композиторлар одағы, Суретшілер одағы, Киногерлер одағы, Театр қайраткерлерінің одағы дегендердің бәрі­нің мәртебесі – кез келген қоғамдық ұйым­дар­мен тең! Осындай жағдайда белгілі ақын-жазушының немесе көрнекті композитор мен талантты кинорежиссердің, сол сияқ­ты Халық әртістерінің беделі қоғамға қа­лай әсер етпек? Капиталистік әлемде «ақы­лың көп екен, ақшаң неге жоқ» деген тәм­сіл бар. Демек, аузыңмен құс тістесе де, мына қоғамда ақшасы жоқ адамның құны көк тиын! Талғамы төмен қоғам тобырлық сана қалыптастырады. Яғни, арзан мен қымбаттың сапасын айыра алмайтын, көрген-білгенін өз бетінше талдап, түсінуге білім-білігі жетпейтін, сондықтан нені ұсын­саң да талғамай жұта беретіндер тобы қа­­лыптасып, құны төмен нәрсені пайда­лануға дайын тұратындар қоғамда нағыз тұлғалық қасиеті бар адамдар емес, лайық­ты жарнамасын жасап – «мата даңқымен бөзін өткізетіндер» танымал һәм сыйлы бо­­лады. Мұны біз бүгінгі қоғамнан көп кө­ре­міз... Бір қызығы, бүгінгі қазақ қоғамында бір кітабын оқымаса да қаламгерді, не жазғанын ұқпаса да ғалымдарды тұлға са­найтын, мемлекет солармен санасады деп есеп­тейтіндер көп. Сондықтан кейбір оқи­ғалар тұсында солардан төрелі сөз не ор­нық­ты пікір күтетіндер бар. Бұл бір жағы­нан адамдар санасында советтік кезең тудыр­ған кейбір құбылыстардың әлі инер­ция­сы тоқтамағанын көрсетсе, екінші жа­ғынан, адамдардың өздеріне рухани жа­ғы­нан тірек болатын тұлғаларды жасауға атсалыспай, тек сырттан сынап-мінеп отыру се­кілді дағдыларға бой үйретіп алғанын көр­сетеді. Расында, бәрін жасайтын халық. Егер ха­лық өнер мен ғылым саласының же­тіс­тіктерін дұрыс пайдаланып, соларды жа­саушыларды төбесіне көтеріп отырса, олар­дың қоғамдағы беделі артып, мемлекет, халық санасатын тұлғаларға айналмас па еді? Қоғамда сыншылдықтың болғаны дұрыс, бірақ ол бас-аяғы жоқ жалған мін­шілдікке ұласса, ақты қара, қараны ақ деу үйреншікті жағдайға айналары сөзсіз. Ондай әдеттен арылмаған қоғамнан әді­летті бірдеңе күту қиын. Әрине, ауылдан, халықтың қайнаған ортасынан ерте кетіп, білім іздеп, атақ қуумен әуре болып, қазаққа өзге жұрт­тың көзімен қарауға дағдыланған белгілі тұл­ғалар жоқ емес, бірақ сәл сүрінген не кемшілік жіберсе, бар білім-талантын еліне арнаған тұлғалардың өзінің артына шала бай­лап, абыройын төгуге дайын тұру бүгінгі қо­ғам үшін айып саналмайтын болып бара жа­тыр. Бұл шыншылдық па әлде шыншыл­дық­тың шапанын киген қатыгез қаралау­шылық па? Елдің аузынан түспей жүрген бір-екі әң­гіме жайлы айта кетейік. 2009 жылы желтоқсанның 5-і күні елор­дадағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында қазақтың аса дарынды қаламгері Әбіш Кекілбайдың 70 жасқа тол­ған мерейтойы аталып өтіп, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып сөз сөйледі. Сонда ол: «Мен осынау жылдарда та­лай азаматтарды жаныма тарттым, жақсы қызмет беріп, мәртебелерін өсірдім. Олар­дың елге танылуына жағдай жасадым. Бізде қызметтен кеткенде ғана «білгір де іскер» болып көрінетіндер де бар. Әбекең ондай осал­дық көрсеткен жоқ. Әрқашан азамат­тық биіктен көрінді» дей келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әбіш Кекілбайдың әде­биетке сіңірген зор еңбегін бағалай­ты­нын айтып, оған еліміздің ең жоғарғы ма­ра­паты – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын бе­ріп, кеудесіне «Алтын жұлдыз» белгісін тақ­ты. Сонда сол кездегі Мемлекет бас­шы­сы­­ның ықыласымен үлкен марапатқа ие бол­ған Әбіш Кекілбай: «Жер бетінде қалам­гер еңбегінің қадірі азайып, қасиеті кеміп жат­қанда біздің елімізде ол бұрынғысынша ардақталып, бұрынғысынша ұлықталуда» деп толқып сөйлеп, президенттің қолынан сүйіп ризашылығын білдірді. Бар болғаны осы ғана. Ал енді содан кейін не болды деңіз... Бірен-саран әр нәрсені ақылға салып бағалайтын адамдар болмаса, былайғы жұрт­тың бәрі сұмдық іс көргендей Әбішті жерден алып, жерге салды. Дүниедегі ең жөн біл­мейтін де, жағымпаз да сол екен. Адам­ның қолынан сүюге болмайды екен! Әлеу­мет­тік желіде сандаған пост жарияланып, оған есепсіз пікір жазылып, жүздеген адам­дар ішінде бардың бәрін ақтарды десе болады. Ау, Мемлекет басшысына қаламгер бо­лар-болмас ілтипат білдірген екен, соны ел көрмеген сұмдық санап, тілі жеткенше ба­­ла­ғаттауға бола ма? Әрі-беріден кейін Әбе­кең­дікі дұшпанына құрмет көрсету емес қой... Қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов та еліне сіңірген еңбегі көп, бірақ жиі дауға ұрынып қалып жүретін тұл­ғалы азамат. Анау, қылышынан қан тамып тұрған қызыл империяның кезінде Мәс­кеуде үлкен мінберден үш минуттың ішін­де қазақтың рухын көтерем деп қан-жо­са болған Желтоқсан оқиғасында айып­талған қазақ жастарының тағдырына ара түсіп, оларды ақтау керек деген сөзді айт­қалы бері ақынның құлағына тыныштық бол­ған емес. Біреулер оны тіпті, «желтоқсан­шы­лардың жауы» дегенге дейін барды. Одан бері де Мұқаңды анда-мында тартып, өз мүдделеріне пайдаланғысы келгендер аз болған жоқ. Тіпті, қытайдағы қазақтар мәселесіне орай да оны арандатқысы келген сұр­қия біреулер айтқанына жүрмегесін ақын­ға арсыздықпен жала жауып, қорлай­тын сөздер айтты. Пасық істерін Шаханов­тың абыройы арқылы бітіріп алғысы келгендерге не дерсің? Құдайлығына келер болсақ, Шахановтың осы кезге дейін ұлты үшін жасағаны аз емес. Сүрінбейтін тұяқ бол­майды, оның да біреулердің алдау-арбауына түсіп қалған кезі аз емес шығар, бірақ ол ұлтының абыройына дақ болар іске бар­мағаны анық. Кейінгі ширек ғасырда қоғамда үлкен тұлғалар арасында болған кейбір ки­кілжіңдерден сенсация жасап, халыққа өзін көрсеткісі келгендердің кесірінен бү­гінде біреудің сыртынан біреудің ғайбат ай­тып, жала жабуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны рухани апатқа апара жатқан секілді... Атақты Мөңке биден қалған сөз төбе құй­қамызды шымырлатса да, оның айтқан­дары­ның бүгінде ақиқатқа айналып жатқа­нын жоққа шығара алмаймыз: Құрамалы, қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ Ай сайын бас қосқан жиын болады. Ішіне шынтақ айналмайтын Ежірей деген ұлың болады. Ақыл айтсаң ауырып қалатын Бедірей деген қызың болады. Алдыңнан кес-кестеп өтетін Кекірей деген келінің болады. Ішкенің сары су болады, Берсең итің ішпейді, Бірақ адам оған құмар болады. Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады. Ит пен мысықтай ырылдасқан, Еркек пен қатының болады, – депті өзінен кейінгі дәуірге қапысыз болжам жасаған би. Не­ліктен олай болды, неге осыдан үш ғасырдай бұрын айтылған сөз айна-қатесіз шын­дыққа айналды? Шамасы, үлкенді сый­лау, дұрыс сөзге тоқтау деген қасиеттердің сол заманда-ақ іргесі сетінегенін көрген би пенденің құлқы өзгермесе, жоғарыдағы айтқандарының өмірде қалыпты жағдайға айналатынын айтқан болса керек. Бірақ, өкініштісі сол, Мөңке би қателеспеді... Бір кезде «Ауылыңда қартың болса, жа­зып қойған хатпен тең» деп үл­кен­дер­ді қадірлесе, қазір білмегенін Googlе ақтарып тауып аламын дейтін ұрпаққа жа­сы үлкендердің қадірі бар ма? Шынына кел­генде, баяғының өмір көрген өнегелі ақ­сақалдарының заманы өтіп кетті ғой, бү­гінде кеңестік кезеңде өмір сүргендер бұ­­рын­ғының ақсақалдарының орнын баса алмай жатқаны байқалып жатады. Бірақ бұл тек қазақтың басында ғана бар жағдай ма? Кавказ дейсің бе, анау Түркия, мынау Өз­бек­с­тан дейсің бе, бізбен бір дәуірде өмір сү­ріп жатса да, ол елдерде үлкенді сыйлау, жа­сы үлкеннің бетінен алып салғыласу де­ген ұят саналады. Демек, бізге де халқы­мыз­дың баяғы үлкенді сыйлап, кішіге қамқор бо­латын ізгі дәстүрін оятпай болмайды. Егер осы күнгі жастардың бойында сондай қа­сиет қалыптастыра алмасақ, ертеңгі күні бүгін үлкендердің жағасынан алуды айып санамайтындардың ұрпағы оларды да қадірлемей, ұлт ретінде құрдымға кетуіміз мүмкін. Қазақ елі өркениет көшіне қосылған, әлемнің бар жаңалығына тосырқа­май­тын ел болғанымен, халықтық дәстүрін ұмытуға хақысы жоқ. Ұл-қызы өзгенің же­те­гінде кеткен, өнегесіз, дәстүрсіз,  ғұрпы тозған, құлқы азған елдің болашағы сенімсіз.