15 Қазан, 13:22 508 0 Жаһан Анар ЛЕПЕСОВА

Алматылық студенттер Work and travel бағдарламасына берген қаржысын қайтара алмай жүр

Алматы қаласында бір топ студент Work and travel бағдарламасына берген қаржысын қайтара алмай жүр. Пандемияға байланысты саяхат кейінге қалған. Енді ақшаларын қайып алайын десе, жүгінген агенттіктері қомақты соманы бермей әуре-сарсаңға салуда, деп хабарлайды КТК арнасы.

Шетелге ұшу мәселесі насырға шабады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген 3-курс студенті Шыңғысхан Насыр 600 мың теңгесін ойланбай "Коламбас иксчейндж" агенттігіне санап берген. Енді не Америка, не ақшасы жоқ. Айтуынша, агенттік өкілдері жастарды қалай да АҚШ-қа ұшасыңдар деп сендірген. Және уәде бойынша Шыңғысхан Насыр биыл мамырдың 23-і Америкаға ұшуы керек болатын. АҚШ-ға жұмыс істеуге барғысы келген жастардың саны 100-ге жуық көрінеді. Агенттік жауапкершіліктен құтылу мақсатында 600 мың теңгенің жүз мыңын ғана қайтармақ болған. Бірақ онымен студенттер мүлде келіспейді. Сабыры сарқылған жастар адвокат жалдап, полиция департаментіне арыз жазды.

"Аталмыш дерек сот алды реестрде қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-тармағы бойынша тіркеліп, қазір арнайы тергеу тобы құрылды. Өндіріс аясында міндетті түрде оқиғаның толық мән-жайы және басқа да факторлар анықталады", – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Полиция департаменті: "Кінәлілер міндетті түрде жазасын арқалайды", – дейді. Ал үстінен арыз түскен агенттік әлеуметтік желіде басқа да студенттерді еш қымсынбастан бағдарламаға қатысуға шақыруын жалғастырып жатыр.

Соңғы жаңалықтар