15 Қазан, 12:18 1065 0 Атажұрт Бақытбек Қадыр

Қазақстан Қытай елшілігіне нота жолдайды

Халықаралық Túrkistan газеті көтерген қандас­тар мә­се­лесіне байланысты  Қа­зақстанның Сыртқы істер ми­нистр­лігі Қытай елшілігіне но­та жолдайтынын мәлімдеген болатын.

Осыған орай, газетімізге Сыртқы істер ми­нистр­лігінен келіп түскен хаттан кейін қандасымыз Қарақат Әбдеш­тің өзімен хабарласып, хал-жайын сұрадық. Сонымен қатар елі­мізге бел­гілі адвокат Абзал Құс­пан­нан бұл істі қалай оңтайлы ше­ш­уге бо­ла­тынын сұрап, кеңесіне жү­гіндік.

Қарақат ӘБДЕШ, Қытай елінде қалған жолдасының құқығын талап етуші қандасымыз:

– Қазір Сыртқы істер министр­лі­гіне күнде барып жүрмін. Еш­қан­дай жасаған қылмысы жоқ жолда­сым, балаларымның әкесі Қытай­дың лагерінде жазықсыз отыр. Өзім жұмыссызбын. Екі баламен үйде отыр­мын. Қазақстан азаматымын.  Сон­дықтан еліміздің құзырлы орын­дарынан екі жақта бөлініп қал­ған отбасымызды қосып бе­ріңіз­дер деп бармаған жер қалған жоқ. Сыртқы істер министрлігіне қан­шама рет хат жаздым. Сіздер де (Túrkistan газеті)  жазып жатыр­сыз­дар.

Сыртқы істер министрлігінде Болат Сырлыбаев деген қыз­мет­кермен кездесіп, сөйлестім. Ол кісінің айтуына қарағанда, Қытай елшілігінен оңды жауап болмай отыр. Бір жөні болып қалар деген үмітпен отырмын.

Өткен жылы қаңтар айында АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі маған хабарласып, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мырзамен де кездесіп, екі жақта бөлініп қалған отбасымыз жайлы сұрады. АҚШ тарапынан әзірге көмек болған жоқ. Бірақ ха­барласып, хал-жағдайымды біліп тұрады.

Біздің бөлініп қалған отба­сымызды біріктіріп беруге атсалысу барысында барынша ақпараттық және рухани қолдау көр­сеткен халықаралық Túrkistan газетінің ұжымына алғысымды айтамын.

Абзал ҚҰСПАН, заңгер:

– Бұл жерде біз Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Ба­ла құқықтары ту­ра­лы конвен­ция­сының 7,8,9,10-бап­тары­мен қоса осы заң­ның 18-бабындағы: «1. Қатысушы мемлекеттер ата-ана­­сының екеуінің де баланың тәр­бие­сі мен дамуы үшін ортақ және бір­дей жауапкершілігін тану қағи­дат­тар­ын қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін күш-жігерді қа­былдайды. Ата-анасы немесе тиісті жағдайлар­д­а заң­­ды қамқоршылары баланың тәрбиесі мен дамуы үшін негізгі жауапкершілікті мойнына алады. Баланың ең қажет мүдделері олар­дың негізгі қамқорлығының мәні. 2. Осы Конвенцияда баяндалған құ­қықтарды жү­зе­ге асыруға кепілдік беру және жәрдемдесу мақсатында қа­тысушы мемлекеттер ата-аналарға және заңды қам­қоршыларға балаларды тәрбиелеу жөніндегі олардың өз міндеттерін орындауына тиісті көмек көрсетеді және балалар мекемелерінің желісін дамытуды қамтамасыз етеді. 3. Қатысушы мемлекеттер ата-анасы жұмыс іс­тейтін балалардың оларға күтім жасайтын қызмет орын­дарын және ме­ке­мелерді пайдалану құқығын қам­­та­масыз ету үшін барлық қа­жетті шараларды қа­был­дай­ды» де­ген нормаларды басшылыққа (негізге) алу қажет. Өйткені бұл заң Қазақстан Республикасының Жо­ғарғы Кеңесінің қаулысымен Нью-Йоркте 1994 жыл­ғы 16 ақпанда Бала құқықтары туралы Конвен­ция­­да ратификацияланған. Дәл осы Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Кон­вен­циясына Қытай елі де қол қойып, рати­фи­кациялаған. Яғни, бұл заңға екі мемлекет те «қатысу­шы мемлекеттер» деген статусқа ие. Қатысушы мем­ле­кеттер балалар­дың өмірі үшін бөлініп қалған от­ба­сыларды бір мемлекетте өмір сүруіне мүмкіндік береді.

Бұл жерде әйел адамның ғана емес, балаларының құ­қығы бұ­зылып отыр. Яғни, әйел «менің күйеуімді қай­тарыңыздар» деп қана емес, балаларының атынан да арыз­дануға болады. Қазақстан тарапы өз аза­мат­тарының құқығын қорғау мақсатында – еліміз аума­ғын­да тәр­биеленіп жатқан балалардың құ­қығын қорғау деген мәселемен шы­ғуы қажет.

Өздеріңіз білесіздер, бұл ма­ған өте таныс іс. Сай­ра­гүл Сауытбайдың ісіне адвокат болған кезде ең алғаш осы халықаралық нормаларға жүгіндім. Басқа бірде-бір норма үйлеспейтін болды. Біткен іске сыншы көп қой, осы ха­лықаралық нормаларды тауып, елде қалдырдық. Және осы норма­ның негізінде басқа да елде қалған жә­не қайтарылған азаматтар болған. Сондықтан сіздер де осы норманы негізге ала отырып, тек қана Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрлігіне емес, Біріккен Ұлттар Ұйы­мының өзіне хат жазып, мәсе­лені батыл көтерсеңіздер. Одан бөлек, Human Rights Watch секілді  халықаралық ұйымдарға жазуға болады.  Сіздердің тараптарыңыз­дан бар­лық жұмыс істеліпті. Мұны Қазақстан Сыртқы істер ми­­нистр­лігі де барынша қолдап отыр екен. Бірақ енді осы тұрғыдан да көтер­сеңіздер қателеспейсіздер.

Соңғы жаңалықтар