15 Қазан, 09:56 4714 0 Саясат Ахмет ӨМІРЗАҚ

"Түркілер Ұлы Тұран мемлекетін құрады!" – орыс саясаткерінің қаупі

Әлемдік саясаттағы мемлеке­тара­лық қарым-қатынаста этникалық не­гіз, діни сенім ортақтығы деген мә­селе назардан тыс қалған емес. Сондықтан Еуроодақ, Ислам конференциясы ұйы­мы секілді ірі халықаралық одақ­тар­дың құрылуына аймақтық, этника­лық, наным-сенімдік факторлардың әсері болғанын жоққа шығаруға бол­майды. Бұларды  негізінен, саяси-экономика­лық одақтар ретінде тануға болады. Ал әскери одақтардың құ­рылуы­на қатыс­ты жағдай мен келі­сімдер саяси-эконо­микалық одақтан өзгерек.

Түркілердің әскери одақтастығы туралы әңгіме неге қозғалып жүр?

Бір кездегі Антанта (бірінші дү­ние­жүзі­лік соғыс қарсаңында бас­тап­қыда Англия, Франция мен Ресей мем­ле­кеттерінің әскери одағы, кейін Германия коалициясына қарсы 20-дан астам мем­лекетті біріктірген), Бағдад шарты (құра­мында Ұлыбритания, Түркия, Ирак, Иран, Пәкістан елдері болған Таяу және Орта Шы­ғыстағы соғыс одағы), Үштік одақ (1882 ж. құрылған Германия, Австрия-Венгрия және Италия мемлекеттерінің әскери-саяси одағы), Варшава келісімі ұйымы (1955 жылы достық, әріптестік және өзара көмек жө­нінде Албания, Болгария, Венгрия, ГДР, Польша, Румыния, Чехословакия және КСРО арасында құрылған әскери-саяси одақ) секілді әскери одақтар құрылып, та­рады. Бірақ олардың құрылуына этникалық не діни сенім емес, әскери-саяси мақсаттың болғаны белгілі. Сондай-ақ бүгінде әрекет етіп тұрған  Солтүстік атлантикалық келі­сім ұйымы (НАТО, 30-дан аса мемлекеттер мүше), Ұжымдық қауіпсіздік келісімі (1992 жылы 15 мамырда құрылған Тәуелсіз мемлекеттер достастығының әскери-саяси ұйымы. Қазір оның құрамында Ресей, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Беларусь, Тәжікстан, Армения бар) әскери одақтар­дың негізінде саяси бірлік бар.  Ал таза этникалық тұрғыдан  әскери одақ құру мүм­кін бе? Қазірге дейін оның мысалында мы­надай одақ бар деп бірнеше туыстас мем­лекеттер құрған әскери одақты көрсету қиын. Бірақ уақыт талабы тудырған кейбір жайларға орай ондай біріккен әскери одақ құру идеясы да жоқ емес. Соның  бірі, кейін­гі кездері арагідік айтылып, құрылуы мүм­кін деп болжанып жүрген түркі мемлекет­те­рінің әскери одағы туралы әңгіме.

Шынын айту керек, түркі мем­ле­кет­терінің әскери бірлігі туралы әңгіме алдымен сол мемлекеттердің өзінен емес, олардың ынтымағын өздеріне қауіп ту­дыруы мүмкін деп санайтын елдерден шық­қан сыңайлы. Нақтырақ айтқанда, мұн­дай болжамдар өткен ғасырдың соңын­да КСРО күйреп, әлем картасында Қа­зақ­стан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қы­рғызстан секілді түркітілдес тәуелсіз мем­­лекеттер пайда болған соң жасала бас­та­ды. Сондықтан АҚШ, Қытай, Ресей секіл­ді державалар, әлемдік саясатта зор әсер етіп отырған Еуроодақ та бұл елдерге түрлі жолдармен әсер етіп, ықпалын күшейтуге ұмтылды. Өйткені олардың қай-қайсысы да түркі мемлекеттерінің бірлігі артса, ол әлем­дік саясатта санасуға тұратын күшке ай­налады дейтін секілді. Бірақ түр­кіт­ек­тес­тер мемлекеттері арасында жақынға дейін тек мәдени-экономикалық байланыс жүр­гені болмаса, әскери-саяси мақсатта, анау айтқандай үлкен бірігу, кірігу үдерісі жүре қойған жоқ. Тек кейінгі кездегі Әзербайжан мен Таулы Қарабақтың заңсыз билігі ара­сындағы соғыс қимылдары түркілер бірлігі жайында әңгіменің қайта қозғалуына себеп болғандай...

Түркия-Әзербайжан бірлігі нені ұқтырды?

ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында қы­зыл империя құлап, әзербайжан, қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен елдері өз алдына же­ке отау тіккенше әлемде жалғыз тәуелсіз түр­кі елі – Түркия. Сондықтан ол жо­ғарыда халықтар азат мемлекетін құрып, тәуел­сіздігін жариялағанда әлемде бірінші бо­лып солардың тәуелсіздігін танып, үлкен қол­дау көрсетті. Әсіресе, өзімен шекаралас Әзербайжанмен тығыз қарым-қатынас ор­натуды бастады.

Түркия-Әзірбайжан арасындағы ын­ты­мақты қарым-қатынас көпте­ген халық­аралық платформаларда, атап айт­қанда Бі­ріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мы, Еуропа Кеңесі, Қара теңіз Эконо­ми­ка­лық ынтымақтастық ұйымы, Түрік Кеңе­сі және Ислам ынтымақтастық ұйымында табысты түрде жалғасып келеді. Сондықтан Түр­кия Әзербайжанға қай жағынан да се­німді стратегиялық әріптес саналады. Сондықтан болар екі елдің қарулы күштері арасында әскери ынтымақтастық жетілдіру мақсатында әр кезде біріккен әскери жат­тығу ұйымдастырылып тұратын. Сондай әскери жаттығу биылғы жылдың мамыр айын­да Баку маңындағы әскери оқу баз­а­сында жүзеге асқан болатын. Оған екі елдің 1 000 әскері, 80 танк пен сауытты көлігі, 60 гау­бица, 12 Mи-35 және Mи-17 операциялық жүк тікұшақтары және әуе қорғаныс жүйе­лері қатысып, әскери саладағы шебер­лік­терін сынап, тәжірибе алмасқан еді.

Негізінде, мұндай біріккен әскери оқу-жаттығу шаралары көптеген ел­дерде өтіп жататыны белгілі. Бірақ неге еке­ні белгісіз, Түркия мен Әзербайжан бірі­гіп өткізген әскери жаттығудан секем алған Армения билігі бұған саяси астар беріп, бұл жат­тығудың Арменияға қауіп төндіретіні жайында айтқан болатын.

Әлемге белгілі жайт: Әзербайжанға қа­расты Таулы Қарабақ облысы КСРО кезінде басталған-ды. Оның себебі, 1985 жылдардан бастап КСРО-да басталған жа­риялылық пен демократия үрдісі кезінде Таулы Қарабақтағы халықтың 70 пайыздан астамын құрайтын армян диаспорасы өздерін Әзербайжаннан бөліп, Армения құ­ра­мына өткізуді талап ете бастады. Ақыры 1988 жылы жергілікті армяндар өз­дерінің көптігін және Армения тарапынан бол­ған әскери көмекке арқа сүйеп, Таулы Қарабақтан әзербайжан ұлтының өкілдерін қуып шықты. Нәтижесінде, 40 мыңға жуық әзербайжан азаматы қаза тауып, миллионға жуық халық босып кетті. Онымен қоймай, Армения Әзербайжан республикасына қа­райтын бірнеше ауданды басып алып, өз­дерін тәуелсіз республика деп жариялаған Таулы Қарабақты Арменияға қарайтын аумақ деп мәлімдеме жасады. Алайда Ар­ме­нияның басып алған жерлерін және Таулы Қарабақтың дербестігін әлемдік қауым­дас­тық мойындаған жоқ. Міне, 30 жылдан аса  осы даулы мәселе жөнінде Әзербай­жан республикасы мен Армения әлі күнге келісе алмай, бірнеше рет шекара маңында бір-біріне оқ жаудырып, қан төгілген-ді. Ақы­рын­да биылғы жылдың 27 қыркүйегінде Таулы Қарабақта қарулы қақтығыс болып, оған екі тарап та бірін-бірі кінәлады. Ал ертеңіне екі ел де соғыс жағдайына көшті. Со­дан бері екі ел арасында бір-біріне ірі ка­либрлі қарудан оқ жаудырып, зымы­ран­дар арқылы шабуыл жасалып жатыр. Әрине, бұл соғыста шыңдалған және жақсы қаруланған әскері бар Әзербайжан жа­ғы­ның басымдылығы айқын байқалуда. Көп­теген елдердің сарапшыларының ай­туынша, Әзербайжан жағының күштілігі Түркиядан келген қару-жараққа бай­ланыс­ты болып отырған көрінеді. Израил­дан, Ресейден және Түркиядан көптеген қару сатып алған Әзербайжанның армиясы – қазір Кавказдағы ең күшті армия саналады. Со­ғыс барысында Әзербайжан тарапы Түр­киядан сатып алған Bayraktar TB2 атты орта биіктіктен соққы беретін оперативті-тактикалық ұшқышсыз әуе кемесін сәтті пайдаланып жатыр. Ол Таулы Қарабақтағы қарсыластарының адам күшіне және әс­кери техникасына зор шығын келтіріп жа­тыр. Міне, осының бәрі түркітектес екі ел одағының жемісі деп бағалануда.

Рас, Түркия тарапы қандай жағдайда да Әзербайжанның сенімді одақтасы, әскери ынтымақтасы екенін жасырған емес. Бірақ қазіргі жағдайда екі елдің әс­кер­лері Арменияға қарсы бірігіп соғыс жүр­гізіп жатқан жоқ. Соның өзінде екі ел­дің одақтастығы талайдың үрейін ұшырып, ұйқысын бұзып жатқан секілді.

Жириновскийдің неге жан даусы шықты?

Түркітектестердің бірлігінен қауіпте­нетіндердің бірі солтүстіктегі көр­шіміз болуы мүмкін, бірақ БАҚ бет­терін­де кейбір ресейлік журналистер мен тәуелсіз сарапшылар болмаса, ол мәселеде мемлекет билігі аса бір жайсыз мәлімдеме жасап жат­қан жоқ. Алайда кейбір танымал ре­­сейлік тұл­ғалар «болашақта болуы мүмкін түркі­тек­тестердің одағын» өздеріне геосаяси қауіп төндіретін құбылыс көретіні әзер­бай­жан-армян қақтығысы басталғалы бері бел­гілі болып жатыр. Мәселен, Ресей Мем­лекеттік думасындағы федералды жи­налысының ЛДПР фракциясының жетек­ші­сі В.Жириновский өзінің соңғы мәлім­де­месінің бірінде былай депті:

«Түркия армиясы – НАТО блогындағы ең күшті армия, миллионнан асатын армия. Ал немістерде – 300 мың. Немістерді енді әс­кер деуге келмейді. НАТО-ның құрлық күштерінің негізі түрік армиясынан тұрады. Енді бір 30 жылдың ішінде түркілер 150 миллион болады ұзамай. Ал біз ше? Иран 150 миллион болады. Ауғанстан мен Пәкістанды қосқанда – 200 миллион. Бұл дін жағынан біріккен 500 миллиондық аса ірі исламдық мемлекет деген сөз! Кеңестік идеология емес, Ленин мен Маркстың портретін іліп қоятын, бұл – сан ғасырлық діни жақындық! Олар қазір мықты. Оларға Арменияны қылғыта салу түкке тұрмайды, керек болса Әзербайжанға қоса салады. Иран­мен бірге Орталық Азияға басып кіреді де Ұлы Тұран атты түркі мемлекетін құрады. Түсінесіздер ме, олар бізге қарсы болғандықтан қуана-қуана бірігеді. Өйткені біз христианбыз, олар мұсылмандар! Оларды біріктіретін нәрсе бар: оларды тіл­дері біріктіреді. Түрік тілі деген ол – әзер­байжандар, түрікмендер, өзбектер, қа­зақтар, татарлар, башқұрттар! Ол жақта кім орысша сөйлейді? Бұл – үлкен проблема! Оны түсіну керек!».

Әрине, қара аспанды түсіріп, ашық күнде төбесін бұлт шалып жүретін Жириновскийдің түркі халықтары жөнінде ылғи теріс пікір білдіретіні белгілі, бірақ осы жолы оның түрік-әзербайжан одағы­ның жеткен жетістігінен қатты сескеніп қалғаны байқалады.

Негізінде, Әзербайжан мемлекетінің Армениямен соғысының басты себебі – олардың әскери күшке мастануы емес, 32 жылдан бері өзгенің өктемдігінен жат қолында кеткен жерін қайтарып алуы жолында жасап жатқан әскери іс-қимылы. Оны халықаралық қауымдастық көріп, біліп отыр. Сондықтан Әзербайжан мен Армения арасындағы әскери іс-қимылдар діни не ұлттық өшпенділік себебінен емес, жауласушылардың біреуі екіншісінің жерін қа­сақана басып алғаны себепті туып отыр­ған жанжал.

P.S.

Үлкен державалардың қай жерде соғыс болса сол жерде өз мүддесін көрсетіп, дауды өз қалауына байланысты шешкісі келетіні талай көрінген. Мәселен, кезінде Таулы Қарабақ облысының Әзербайжан мемлекеті құрамынан шығамыз деп сепаратизмге баруы және оларды сол жанжалға итермелеген Арменияның қақ­тығысты пайдаланып, көрші елдің біраз жерін басып алуы олардың қандай да бір күштерге арқа сүйегенінен көрінеді. Ал 1992 жылы Таулы Қарабаққа байланыс­ты жанжалды тоқтату мақсатында құрылған «Минск тобы» да айтарлықтай жетістік­ке жеткен жоқ. ЕҚЫҰ құрған бұл ұйымды басқаруды мойнына алған АҚШ, Ресей мен Франция секілді елдер Арменияға Әзербайжаннан тартып алған жерін қайтару­ды, сондай-ақ Таулы Қарабақтағы сепаратистік топтың іс-әрекетін тежеп, Әзербай­жанның бөлшектенген жерін қайта қалпына келтіруге міндеттей алмады. Айналып келгенде, Әзербайжан мемлекеті өз проблемасымен жеке қалды. Сондықтан оның Түркиямен тығыз қарым-қатынаста болып күшеюі және өз жерін толығымен қайтаруға ұмтылысының нәтиже беріп жатқаны өзгелерге де ой салса керек. Демек, түркі мемлекеттері әскери салада ынтымақтастықты күшейтсе, әлемдік саясатта олардың мүдделері аяқасты болмайтыны байқалды деуге болады.

Түркі елдерінің әскери одағы құрылуы мүмкін бе?

Намазалы ОМАШОВ, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Негізі, әскери одақ бұдан біраз жыл бұрын құрылу мүмкін еді. Өйткені әлемде бір-бірімен қарым-қатынасы жақсы Түркия, Әзербайжан, Қа­зақстан, Өз­бекстан, Қырғызстан, Түрік­мен­стан секілді алты тәуел­сіз түркітекті мемлекет­тер бар ғой.
Шындығына келгенде, діни негізі бір арабтардың, славяндардың түрлі одақ­тары бар ғой. Бірақ бізбен шектесетін Ресей, Қытай секілді ірі елдер арғы дәуір­дегі Шыңғыс ханның шабуылынан қорқып қалған, әлі ұмыта алмаған. Сондықтан тарихында талай жеңімпаздық салтанатын құрған тарихы терең, ерекше мәдениетке ие елдердің бірігуі оларға қай жағынан да тиімсіз сезіледі. Десе де, дәуір, заман тудырған қажеттілік пен қарым-қатынас заңдылығындағы даму үрдісі оған қарай ма?
Әрине, түркітектестердің әскери-саяси жағынан бірігіп кеткен ештеңесі жоқ, дегенмен оларды мәдени-рухани жағынан жақындататын түрлі ұйымдар бар. Мәселен, Түркі кеңесі, Түркітілдес мемлекеттердің ақсақалдар кеңесі, Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы, Түрксой, Түркі академиясы секілді ұйымдар түркі халықтарын мәдени, әдеби, өнер, ғылым жағынан жақындатуға арналған, олар өз жұмыстарын лайықты жүргізіп жатыр. Бірақ қазірше саяси-әскери блок құрыла қойған жоқ. Оның түрлі объективті, субъективті жағдайы барын жоғарыда айттық, бірақ уақыты келгенде болмайтын нәрсенің өзі болмаса керек.
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған түркілер бірлігі, біріккен түркі қарулы күштері жайында үнемі айтып, соны құруға деген құлшынысын көрсетіп жүреді. Оның мұндай ұйым құруда қандай мақсаты бар екенін өзі білер, бірақ осындай күшті одақ құрсақ басымыз бірігіп, кез келген қиын­дыққа төтеп берер едік, үлкен державалардың ықпалында кетпей, әлемге өз мүддемізді көрсетіп, басқаларды өзімізбен санастырар едік дегенді ашық айтып жүреді. Ал мәселеге қазақстандық мүдде тұрғысынан қарасақ, Қа­зақстан Президенті әлемде болып жатқан барлық үдерістерді жақсы білетін ойы терең саясаткер, сондықтан ол жан-жақты ойланып, жалаңаш қолмен от көсеуге бармайды.
Жалпы, түркітектестердің әскери одағын құру керек пе, жоқ па деген мәселеде кейбір пікірлер сорабы қазіргі Әзербайжан мен Армения арасындағы текетіреске барып тірелетіні жалған емес. Кезінде Армения Таулы Қарабақ­тағы армян диаспорасының қолтығына су бүркіп, олардың бөлініп шығуына себеп болғанда және біраз жерін оккупациялап алғанда Әзербайжан ол проблемамен жалғыз алысты, ал Арменияның арқа сүйер мемлекеттері болды. Сон­дықтан осыларды саралай келгенде, түркітектес мемлекеттердің ара­сындағы әскери одақтың құрылуы да біраз оқиғаның алдын алып, кейбір қиын­дықтарды болдырмауға себі тиер еді деп ойлаймын.

Шәкір ЫБЫРАЕВ, профессор, түркітанушы:


– Түркі мемлекеттерінің әскери одағы туралы айт­сақ, мұндай одақ құрылуы әбден мүмкін. Бұл жағ­дайда, алдымен халықтың қалауы ескерілсе, содан мемлекеттердің билік жүйесі бір-бірімен келіссе, бір-бірінің құқығына нұқсан келтірмейтін, тек қана олардың түпкілікті мүддесіне қызмет ететін келісімшарттар негізінде одақ құруға болады. Әскери одақтың басты шарты түркі халықтарының мемлекет­тілігін, тәуелсіздігін, тұтастығын қорғау үшін бір-біріне жәрдемге келетіндей болуы керек. Ол – одақтасы өзге бір елмен сәл нәрсеге келіспей жанжал шығарып жатса, соны қорғап жабыла кету емес, келісімшарт негізінде одақтас елге түрлі жағдайда көмектесетін ұйым болуы керек. Бүгінгі таңда оған қандай да бір кедергі бар деп ойламаймын, тек оған мемлекеттердің арасында әбден талқылаудан өткен, пісіп жетілген келісімдер негізінде бару керек.
Қазіргі әлемдегі жағдайды бәріміз көріп отырмыз, уақыты келгенде түзеле ме десек, керісінше күн өткен сайын қиындауда. Неше түрлі кикілжің, соғыс көбейіп барады. Соғыс ашу, жаулап алулар алдымен Араб әлемінде басталды, одан шығысқа қарай көшті, енді міне ТМД аумағына да келді. Қарап отырсақ, халықаралық жағдайдағы түрлі оқиғалар көңіл көншітерліктей емес. Демек, осындай жағдайда жай бақылап, бейқам қарап отырғаннан гөрі шындыққа тіке қарап, мемлекеттің тұтастығына зиян келтірмеудің алдын алатын ша­ралар қабылдап, белгілі бір жағдайда өзіңе жақын, дос ниетті мемлекет­термен одақ құруға қол қойып, келісім жасаудың артығы жоқ.
Дегенмен мұндай келісімге көрші мемлекеттер қарсы болатыны, қауіптенетіні анық. Бірақ бұл бұрын-соңды болмаған нәрсе емес қой, әлемде не түрлі әскери одақтар бар. Бірақ соның қайсысына түркі мемлекеттері қар­сы шығып, бұларың не, кіммен соғысқалы жатырсыңдар деп қарсылық біл­діріп жатқан жоқ қой!
Әрине, түркітектестердің бірлігін қаламайтындардың бары анық және олар көп болуы мүмкін. Бірақ соған қарап түркі мемлекеттері өздерінің мүд­делерін қорғамауы керек пе? Ендеше империялық пиғылдағы державалардың да түркі мемлекеттерінің құқығын таптап, мүдделерін аяқасты етпеуі үшін, күштеп тақымға басып кетпеуі үшін олардың қарулы күштері арасында бірлік болуы, одақтас болуы керек деген пікірдің батыл айтылуын дұрыс деп есеп­теймін. Демек, біз айтып отырған мемлекеттер әскери, саяси одақтас болғысы келсе, ол қияли емес, реалды нәрсе. Тіпті, қажет!
Былайша қарағанда, егер сенің тәуелсіздігіңе қауіп төнбейтін болса, тұтастығыңа ешкім көз алартпаса, ішкі саясатыңа араласпаса іс жүзінде әскери одақтың қажеті де болмауы мүмкін. Бірақ тым қамсыз отыру, бірдеңе бола қалса кезінде көрерміз деген оймен отыра беруге болмайды. Себебі бүгінгі әлемде ештеңеге кепілдік жоқ, сондықтан бейқамдықты қойып, үнемі сергек, сақ қимылдауымыз керек. Әскери одақ құрғанда біз де, біздің айна­ла­мыздағы түркі мемлекеттері өзге елдерге күш көрсетіп, жерін тартып ала­тындай жағдайда жетуге ұмтылмайды, бірігу – бәріміздің өзгелерден қор­ғануы­мыз үшін қажет.
Қайсы мемлекет болса да, көршілермен шектен тыс санасып, шекаралас елдердің көңіліне қарай берсе, өз мүддесіне көлеңке түсіріп алуы мүмкін. Мемлекет өз позициясын айқын қорғай білсе ғана өзгелерді өзімен санасуға мәжбүрлейді. Сондықтан қайсы бір елде болып жатқан оқиғаға, жағдайға өз мүддесіне сай көзқарасын білдіріп отыруы тиіс. Ретті жерінде шындыққа тура қарап, өзіңе ниеттес елдерді қорғамасаң, күндердің күнінде сенің де ешкім сөзің­ді сөйлемейді. Сол үшін өзімізге дос, ниеттес елдерді көбейту керек. Сонда халықаралық деңгейде біздің де сөзімізді сөйлейтін, қолдау білдіретін елдер­дің қатары көбейеді. Айналып келгенде, түркітектестердің бірлігі бәрі­мізге пайдалы нәрсе болмақ. Бұл әрдайым естен шықпауы тиіс. Түркі мем­лекеттерінің әскері ортақ болып, алып бір мемлекетке айналады деген уто­пия, олар жеке-жеке тұрып та күшті. Бірақ араларында бірлік, достық болса, ол өте жақсы нәрсе.

Соңғы жаңалықтар