Еліміздің автожолдарына датчиктер қойылуда

Еліміздің автожолдарына датчиктер қойылуда

Еліміздің автожолдарына датчиктер қойылуда
ашық дереккөзі
Еліміздің автожолдарында жол құрылымы мен топырақтың температурасын, ылғалдылығының деңгейін көрсететін датчиктер орнатылуда. «ҚазжолҒЗИ» АҚ мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бірлесіп, жол құрылымы мен оның топырақты табанының температурасы мен ылғалдылығы деңгейін анықтауға арналған датчиктерді орнату шараларына кірісті. Бұдан бөлек, жолдарды пайдалану кезінде орын алған көрсеткіштердің өзгерістерін бағалауға бағытталған зерттеулер жүргізіліп жатыр», – делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінде. Жолдарды пайдалану кезінде олардың сапасына көптеген факторлар әсер етеді. Жолдан өтетін көлік санының көптігі, жолға түсірілетін жүктеменің шамадан асуы, еліміздің климаттық жағдайы (әсіресе, температуралық-ылғалдық режим) жол құрылымының беріктігіне, түйіршікті құрамға, жол жамылғысы қабаттарының тығыздығына, жолдың жағдайына өз әсерін тигізеді. «Орнатылған арнайы датчиктер статистикалық мәліметтерді жинап, жол жабындысы сапасының өзгеруіне себеп болған жағдайларды анықтауға, жол құрылымының жағдайын толыққанды зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ғалымдарға еліміздің әр түрлі өңірлеріндегі климаттық жағдайлар мен жол учаскелеріне түсірілетін жүктемелерді есепке ала отырып, құрылыс, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстарының технологиясын түзетуге мүмкіндік бермек», – делінген ведомство мәліметінде. Қазіргі кезде «Петропавл – Қорған» және «Нұр-Сұлтан қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы» автомобиль жолдарының учаскелерін зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, алдағы уақытта мамандар «Омбы – Майқапшағай», «Құрты – Бурылбайтал» және «Ақтөбе – Атырау» тасжолдарының учаскелерін зерттейтін болады.